Сабақтың тақырыбы: Ою - өрнек ой айтар.
Мақсаты: Ою - өрнек туралы түсінік беру.
Міндеттері:
1. Білімділік: Ою - өрнектің даму тарихымен, атауларымен және теориясымен таныстыру;
2. Тәрбиелік: Халқымыздың асыл мұрасын, сәндік өнерді құрметтеуге тәрбиелеу. Эстетикалық тәрбие беру;
3. Дамытушылық: Ою - өрнектің түрін түсіндіру, сырына мән беру арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту.
Сабақтың түрі: аралас сабақ.
Әдісі: сұрақ - жауап, түсіндіру, ой қозғау, шығармашылық ізденіс.
Сабақтың көрнекіліктері: шығармашылық жұмыстар, ою - өрнекпен безендірілген қолөнер бұйымдары, слайд.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі:
Психологиялық дайындық:
Үйіңе айтшы керегін
Ойыңның берші дерегін.
Оюмен - ақ сайратар,
Тұскиіз, сырмақ, кілемін.
Жаңа сабақ
Жарнама: Ою - өрнектің түрлерімен, даму тарихымен, атауларымен танысқың келсе, оюлар әлеміне бет ал. Онда сен әсемдік пен сұлулыққа тап боласың, көңіл - күйің көтеріліп өзіңді жақсы сезінесің.
Өнерді таудың бұлағынан,
Қойдың құлағынан,
Апамның киізінен,
Қошқардың мүйізінен үйрендім. (Ә. Қастеев).
1. Кіріспе.
- Ата - бабамыздан келе жатқан тарихы терең осы өнер дүниесі өзінше бір ғылым десек те болады.
Оймен, сөзбен жеткізе алмаған сезімді, табиғат әлемінің жұмбағын бір өрнекке сыйғыза білгеніне қайран қаласың!
- Қазақ ою - өрнегінің өзіне тән даму жолы мен тарихы бар. Тарихи ғылыми деректерге жүгінсек қазақ халқының ою - өрнек өнері ежелгі замандардан бастау алып, қазақ жерін мекен еткен көшпелі тайпалар өнерінің ықпал әсерімен сан ғасырлар бойы қалыптасып, өзіне тән белгілі бір жүйеге келгенін қапысыз таныр едік.
- Ою - өрнек өнерінің белгілі бір халыққа ғана тән тума ерекшеліктері сол халықтың бейнелеу, әсемдікті қабылдау мәдениетінің басты белгілерімен, ұлттық қолтаңбамен тікелей сабақтасып жатады. Қазақ қолөнерінің ертеректе пайда болғанын Досбай тауларында бейнеленген суреттер, Ұлытаудан табылған керамика ыдыстары дәлел бола алады.
- Қазақ ғалымдарының еңбектерінде ою - өрнектердің түрлері, атаулары, шығу тарихы туралы көптеген құнды еңбектер жазып, деректер келтіреді. Қазақтың ою - өрнегінің бірнеше ондаған ғасырлық тарихы бар, атадан балаға, ұрпақтан - ұрпаққа мұра болып, үнемі қолданыста болып, дамып келе жатқан өнер түрі. Оған мысал:
«Сырмақ шерткен сыр».
Ерте - ерте - ертеде бір әділ хан болыпты. Соның жарлығы бойынша қол астындағы елдің ою, өрнек, кесте, бастырма, тоқыма, оймыш, бәдіз, тігін, құйма өнерлерін меңгергені сонша, үйлерінің іші - сырты, киім - кешектері, жиһаздары мен бұйымдары, құрал - саймандары, қару - жарақтары түгелдей оюланған әрі өрнектелген әсем де көрікті екен. Және олар бір - бірімен ою тілінде де сөйлесе алатын болыпты. Сол себептен бұл ел басқарушысы – Ою хан аталып кетіпті. Жылдардың бір жылында бөтен елдің ханы соғыс ашып, Ою ханды орнынан алып, билікті өзі жүргізеді. Ол ескі салт, көне дәстүр, бұрынғы әдеп, ежелгі өнер, бұған дейінгі мәдениет белгілерінің бәрін жойып, жаңаша құрмақ болыпты.
– Уа, хан - ием! Мына райыңыздан қайтыңыз, теріс жолмен кетіп бара
жатырсыз, – деп жөн айтқанның бәрін, айтпақ болғанның да, тіпті ондай адамдармен сыбайлас екен дегендердің де көзін жоя беріпті. Сондықтан да оны халық Жою хан деп атапты.
Бір күні Жою ханның жалғыз ұлы аңға шығады. Жолындағы аң атаулы -
ны түгел қырып, еті мен терісіне қарық болмақ ниетпен ойына алғанын істеп
келе жатқанда, бір үкі мұның бетіне шапшиды. Бала жанталаса ажыратып үлгергенше, үкі оның екі көзін ойып жібереді. Ешнәрсе көре алмай келе жатып, бір жардың басынан құлап, көлге батып өледі.
Бұл кезде Жою хан баласына іздеу салып жатқан еді.
– “Кімде – кім баламның өлімін естіртер болса, соның басын аламын”–
деп жарлық берген соң ешкімнің батылы бармайды.
Мұны естіген Ою хан баланы іздеуге өзінің баратынын хабарлайды.
Ою хан жолында кезіккен жаралы аң - құстың бәрін емдейді. Ең соңында қанаты сынған үкіні дәрілеп: – Жою ханның баласын көрдің бе? – деп сұрайды.
– Жою хан баласы жолында кезіккен сұр тышқанды, арқарды, бұғыны,
қодасты, жолбарысты жаралап, балықты құрғаққа тастап, бәрін қайта айналып келіп сойып алмақ болғанда, мен оның екі көзін шығардым. Өйткені ол жаралағанның бәрі Ою хан еккен орманның ең соңғы аңдары еді. Хан
баласы қазір көл түбінде өліп жатыр, – дейді үкі.
Болған жайдың шындығына көзі жеткен Ою хан үйіне оралып,
оқиғаның желісін сырмақ бетіне түсіреді де, әлгі сырмақты Жою ханның алдына жайып тастайды... Жою хан сырмақтың оюына қарап ойланып ұзақ отырып, ондағы оқиғаны іштей былай тарқатады:
- “Балам биік - биік тауларды асып,
Терең - терең суларды өтіп,
Қалың орманды аралап,
Күндіз де, түнде де талмай жүрген екен.
Жүрген жолында ол
Ұшқан құстармен беттесіпті,
Бұғымен кездесіпті,
Тау тағысы арқар да жолығыпты.
Алдынан қодас шыққан көрінеді.
Жорғалаған тышқандар да қарсы келгенге ұқсайды.
Сорлы балам жолбарыспен де арпалысыпты...
Балыққа да ұшырасыпты...
Айдын көлге де түсіпті...
Қайран ұлым, алып күштің иесі екендігіңді аңдарға көрсеткенше, ел
ішіндегі дұшпандарыңа неге көрсетпедің?! Тірімісің, өлімісің?
Тоқта, мына ою не деп тұр? Балаң екіге бөлінді – жаны рухқа, тәні әруаққа айналды деп тұр ма?...”
Кенет Жою хан орнынан атып тұрып:
– О, жалған! Менің жалғыз ұлымның шынымен өлгені ме? Өлтірем!!! –
деп қылышын суырып алып, Ою ханға төнеді. Сонда Ою хан:
– Дат, тақсыр! Сенің:“Кім де кім баламның өлімін естіртсе, соның
басын аламын деген жарлығың бар емес пе еді, ”– дейді.
– Иә, бар! – дейді қаһарлы хан.
– Ендеше, балаңның өлгенін мен де, мына халық та сенің өз аузыңнан
естіп тұрмыз, “Ханның екі айтқаны – өлгені”. Алынса, сенің басың алынуы керек, – дейді. Ою хан саспай. Бүкіл халық оны қолпаштай жөнеледі. Сөйтіп, Жою ханның өз жарлығы өзінің басын алуға себепкер болыпты. Ою ханды ел жұрты қайта хан көтереді.
Әр оюдың тілі бар деген сөз осыдан қалған. Бұл ертегіден ою - өрнектердің барлығын қоршаған ортадан алғанын көреміз.
Қырғыз оюларының топтамасы:
Аспанда бұлт қаптап, мақта гүлдеген, жарқанаттар ұшып жүр, ал жайлауда арқарлар жайылып жүр. Киіз үйдің ішінде өрнектелген сырмақ пен текеметтер жайылған. Жайылған киіз үстінде былғарыдан шалбар киген адам қойдың етін жеп жатыр. Ал, жағалаудағы қайықты шөптің жапырағымен жауып қойған.
Жайлауда жайылып жүрген екі сиырды жеп жатқан жолбарыс.
- Ою - өрнек ой айтар деуіміз тегін емес екен.
- Ою - өрнектердің эволюциясын ( яғни, даму тарихын) тұңғыш зерттеген ғалым Төлеутай Басенов: «Айша - бибі кесенесін құрайтын алпыс түрлі ою - өрнек біздің тарихымызда ерекше орын алады», - дей келе, сол алпыс түрлі ою элементтері Айша - бибі кесенесінде ғана толық кездеседі.
- Академик Әлкей Марғұланның айтуынша, «Тоғызтөбе» ою - өрнегімен ғұндар мен сарматтар зергерлік бұйымдарын өрнектеген, сол сияқты бұл ою пазырық қорғанынан табылған былғарыдан жасалған затта және ағаш бұйымдарда бейнеленген.
- Қазақ ғалымы Төлеутай Басенов былай деген болатын: « Қазақ ою - өрнегін зерттеуде әр уақыттың, әр саланың ғалымдары көп еңбек етті. Бірақ, бұл зерттеушілер халық ою - өрнегінің жұмбақ тілін жете түсіне, шынайы сырына үңіле алмады. Олар өз ойларын халқымыздың өнер кілтін ашатын тума тілдей емес, жат тілде, өзге халыққа деген астамшылық көзқараспен саралады. Өнерін зерттеп отырған халықтың тілі мен зерттеушінің ойы мен тілінің үндестік таппауы көптеген бұрмалаушылықтарға, тіпті елеулі ағаттықтарға әкеп соқтырды.
- Ғалымдардың пайымдауынша, ою - өрнектің пайда болуының бірнеше себебі бар. Адамзат ғасырлар бойы әсемдікке, сұлулыққа ұмтылған, сондықтан сол сұлу нұсқаны тұрмыстық заттарды безендіру үшін пайдаланған. Ою - өрнек өнерінде белгілі бір халыққа ғана тән негізгі көркемдік ерекшеліктер сақталады, сондықтан ол халықтың бейнелеу, сұлулықты қабылдау мәдениетінің жоғарлылығымен, ұлттық қолтаңбамен тікелей сабақтасып жатады.
- Бүгінге дейін ою - өрнекке байланысты ашылмаған құпия да, сырлар да көп, соған қарамастан адамдар тұрмыс - тіршілікте, сәулет өнерінде ою - өрнекті ғасырлар бойы пайдаланып келді, пайдалана да береді. Қазақ ою өнері басқа халықтардан тайға таңба басқандай дара тұрады. 19 - 20 - ғасырларда қазақ ою - өрнегі шын мәнінде өнер деңгейіне жетті.
- Кезінде белгілі этнограф Садық Қасиманов екі жүздей ою - өрнектің атауы мен елуге жуық ою - өрнектің мазмұнын баян етсе, белгілі архитектор Төлеутай Басенов өсімдік тектес ою - өрнектің сұлбасын қағазға түсірген еді. Ал бүгінгі таңда білікті суретші - шебер, оюшы Сапар Төленбаев қазақтың төл ою нұсқасын сабақтастыру арқылы бірін - бірі қайталамайтын екі мыңға жуық ою - өрнек түрін дүниге әкелді.
1. Қазірде ою - өрнектерді композициялық құрылымына қарай бір жүйеге келтіру үшін ғалымдар ою - өрнекті төрт топқа бөледі:
1. Зооморфты 2. Өсімдік пішіндес 3. Геометриялық 4. Космогониялық.
Сонымен қазақтың ою және өрнек деген қос сөзі біріге келіп, латынша орнамент деген ұғымды білдіреді. Мағынасы әсемдеу, сәндеу. Ою дегеніміз - бұйымға түсірілген өрнекті пышақпен кесу арқылы өңдеу, бұйымды шабу кезіндегі ойып өңдеу жұмыстары. Өрнек дегеніміз - кез келген бұйымның сыртына түсірілетін біртұтас әшекей. Жалпы алғанда, ою – өрнек дегеніміз - әшекей ырғаққа арнаулы жүйемен құрылған өрнек бөлшектері.
Өткенді еске алып, ойға толам,
Сұрыптап теңге салып, көп ойланам.
Ой түйіне жете алмай титықтасам,
Қолыма қайшы алып, ою оям. (Б. Момышұлы).
Қазақ ою - өрнегінің ежелгі нұсқаулары мен атаулары.
Қошқар мүйіз
Түрін - ай текеметтің асыл қандай,
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.
Келе ғой, қошақаным өзіме деп,
Әжем кеп сыйлағандай шашымнан жай.
Күйімді кешсеңдер - ау сол беттегі,
Тұрғандай ана көңіл тербеп мені.
Жан бітіп жайраңдады жан - жағымнан,
Қазақтың қошқар мүйіз өрнектері. ( Ф. Оңғарсынова ).
2. Қолөнер - мол өнер
Қазақтың қолөнер бұйымдарын ою - өрнексіз елестете алмаймыз.
3. - Шебердің саусағы алтын.
- Оюды оя алмаған ойланбаған.
- Қолөнер - мол өнер.
- Көз көрерге тоймас,
Көңіл өнерге тоймас.
- Шеберлік - шегі жоқ байлық.
- Өнерлі қол пішуге жақсы,
Өткір қайшы кесуге жақсы.
- Өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде сызу сыза алмас.
- Ою ойсаң ойланып,
Өсер сенің өрісің.
- Ою ойғанның ойы ұшқыр.
- Өнерлінің он саусағы тең,
Өнерсіздің бір саусағы кем.
- Кестенің сыры түрінде,
Кілемнің сыры түгінде.
Қазақ халқы ою - өрнекті киелі санаған. Мәселен, қабырғаға тұтылған түскиіз бен кілемдегі кестелерге, өрнектерге біраз зер салып көріңіздер. Қараған сайын ой - қиялдарың оянып, сол ою - өрнектер, бейнелер мен сызықтар арқылы хас шеберлердің не айтқысы келгенін байқайсыздар. Дәлірек айтсақ: баяғыда алысқа ұзатылған қыз артында қалған ауылына кестеленген кішігірім беторамалды керуеншілерден сәлемдеме ретінде беріп жібереді. Орамалдың бетінде ұшқан құс пен жаңа бүршік атып кел жатқан гүл бейнеленіпті. Мұны көрген ата - анасы.
- Е - е, қызымыз әуедегі құстай емін - еркін, жайраңдап өмір сүріп жүр екен, - деп мәз болысады.
Көрдіңіздер ме, әр кестенің астарында алуан мағына бар екен.
5. Шығармашылық тапсырма:
1.« Ою - өрнекті сурет» тақырыбы бойынша ойдан сурет салу.
2. Ою - өрнек құрастыру.
6. Оқушылар шығармашылығымен таныстыру.
1. Өрендердің өрілгенде өрнектері.
2. Жас дизайнер - модельер.
Сабақты қорыту:
- Ою - өрнек дегеніміз - дәлдік, есеп, теңдік, теңдеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ақылдылық, ойлылық, зеректік, көңілге шабыт, шаттық ұялатады. Ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды, тәрбиелейді.
Марапаттау
Презентациясын жүктеу
Ою - өрнек ой айтар (сыныптан тыс жұмыс)
- ramuk_b
- 23 қыркүйек 2015
- 7085
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Ою - өрнек туралы сыныптан тыс жұмыс, ою, өрнек жайлы
Ұқсас жаңалықтар:
Ою – өрнек түрлері және дайындау реттілігі
Мақсаты: 1. Ою – өрнектің түрлерімен таныстырып, оның бүктеу және қию әдістерін үйрету; 2. Оқушыларды халқымыздың салт – дәстүріне, қолөнеріне терең...Ұлттық ою - өрнек сыры
Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы, № 2 К. Э. Циолковский атындағы мектеп мұғалімі Жұмағазиева Данасұлу Жүсіпқызы...Қазақ ою - өрнегінің ұлттық киімде орналасуы
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Амангелді атындағы орта мектебінің технология пән мұғалімі Аюбаев Жұмабай Қуанышбаевич...Ою ойғанның ойы ұшқыр
Мақсаты: Білімділік: Оқушыларды қазақтың ою – өрнегімен, оның тарихымен, мағынасымен таныстыру. Дамытушылық: Ою – өрнектің тілін түсіндіру, сырына...Ою-өрнек түрлері
Сабақтың мақсаты: - ою - өрнектің шығу тарихы жайында жалпы түсінік беру - ою - өрнек түрлерімен таныстыру - халқымыздың салт дәстүріне, қолөнеріне...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.