Сайтқа кіру Тіркелу

Наурызым – асыл айым

«Наурызым – асыл айым»

Мақсаты: Халықтық педагогикаға негіздей отырып, қазақ халқының ұлттық ойындарын, ұлттық тағамдарын, нақыл сөздерін қастерлей отырып, балаларға ұғындыру. Балаларға Наурыз мейрамы туралы түсінік беру арқылы қазақ халқының салт - дәстүрін көрсету және оны құрметтей білуге тәрбиелеу.
Жүргізуші: - Құрметті ата - аналар, бүгінгі мерекеге шақырылған қонақтар! Қош келіпсіздер! Бүгінгі ұлыстың ұлы күні – наурыз мерекесі – құтты болсын!

Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда ол жылы жол болар.
Үлкеннен ұлағат, кішіге аманат.
- Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы, Наурыздың 22 – інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп көктем келеді. Тіршілік басталады. Ол тіршілік арқауы – тамақ. Малының қыстан аман шығуы. Оның өсіп - өніп төлдеуі. Қазақ халқы үшін үлкен мейрам – жаңа жыл болып саналған. Жыл басы – Наурыз, Баба халқымыздың салтында, ойын – күлкінің көркімен сәні Жиренше, Қожанасыр, Алдаркөсе, Тазша бала болған. Міне, енді сол ауылда болып жатқан « Наурызым – асыл айым» атты тәрбие сағатын бастаймыз.

Нұрасыл: Көктем келді бүгін
Күн де төкті нұрын.
Наурыз тойын тойлап,
Жатырмыз ғой бүгін.

Шаттық: Көктемнің төкті нұры
Көңілдің кетті мұңы.
Кел, достар, ән шырқайық,
Ұлыстың ұлы күні.

Ән: «Біз өмірдің гүліміз»
Жүргізуші: Балабақшамызда түрлі іс - шараларға байланысты ойын - сауықтар өткізіліп жүр. Ал бүгін наурыз мерекесінде, қазақ халқының салт - дәстүрі бойынша «Ұлттық өнер», «Ұлттық жиһаз», «Нақыл сөздер», «Бесікке салу», «Айтыс» және «Наурыз көженің» қалай жасалатыны айтылып өтеді.

«Ұлттық өнер»
Домбыра туралы мағлұмат айту.
Домбыра – қазақ елі мақтан ететін киелі аспап. Оның үні барлық адамдарға таныс. Домбыраның құрылысы: басы, екі құлағы, мойны, беті, арқасы, тиек, ойық, ішек, пернесі болады.

Би: «Домбыра»

Жүргізуші: Жарайсың. Біздің ұлттық өнеріміздің бір түрі «Айтыс» деп аталады. Айтыстың түрлері өте көп, мысалы, «Қайым айтыс», «Бәдік айтыс», «Жұмбақ айтыс», және «Қыз бен жігіт айтысы». Соның ішінде «Қыз бен жігіт» айтысын ұсынамыз.

АЙТЫС. «Балапан» тобы бүлдіршіндерінің орындауында.
Жүргізуші: Балалар, біздің мерекеге алтын уақыттарын бөліп, сіздерді наурыз мерекесімен құттықтап, кішкентай бөбекті «Бесікке салу» рәсімімен таныстырайын деп әже келіп отыр.
(бесіктің жабдықтары, жөргегі, қол - аяғын байлайтын жаялығы, бас жастығы, екі жамбас жастығы, аяқ бауы, қол бауы, жапқышы, түбегі, шүмегімен таныстырады)
Жүргізуші: Әже сізге көп рақмет, балаларға біраз түсінік бердіңіз, деніңіз сау болсын, ауырмаңыз, осылай немере, шөбере көріп қызыққа бөленіп, ақ жаулықты ақ әже боп төрімізде отыра беріңіз. Орамал тон болмайды, жол болады демекші сый - құрметімізді қабыл алыңыз.
Жүргізуші: Балалар, біздің ұлттық жиһаздарымызға нелер жатады екен?
(Суреттерін көрсету. Киіз үй, сандық, тұрмыста қолданатын келі, келсап т. б жатады.
Жүргізуші: Наурыз тойында ұлттық ойындар да ойналған. Қане, кім қандай ұлттық ойындар біледі? ( Қыз қуу, бәйге, көкпар, күрес, теңге алу, асық ойнау).
- Олай болса, біз де бүгін тойымызда осы ойындарды ойнап көрейікші.
1. «Қыз қуу ойыны».
2. «Күш сынасу» ( білектесу ).
Жүргізуші: балалар, ұлыстың ұлы күні еліміздің басын қосып, еркіндікке жол салған бабаларымызды еске алмасақ болмас. Ол үшін біз «Нақыл сөздер» тыңдауға Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биді шақырайық.

Төле би: Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шың жетпейді.
Өзің білмесең, білгендерден үйрен
Үйренгеннен ештеңең кетпейді.

Қазыбек би: Адалдықты әрқашан жасырмаған елміз
Адал ниетті ақтай білген елміз.
Атаның өсиетін - балаға,
Баланың өнерін - атаға
Айтып, тарат білген елміз
Балаларым өнерлі болыңдар.

Әйтеке би: Ашу бар жерде ақыл тұрмайды
Ашу деген – ағын су.
Алдын ашсаң, арқырар,
Ақыл деген - дария.
Алдын тоссаң, тоқырар
Кісі бір - бірімен туыспау керек
Туысқан соң сөз қуыспау керек
Сөз қуған пәлеге жолығар
Жол қуған олжаға жолығар.

Жүргізуші: Даналарымыздың асыл сөздерін мұра етіп жанымызда сақтап, үлгі етіп алып жүрейік. Төрлеңіздер, төрден орын алыңыздар.

Көрініс. Күн мен Түн шығады ортаға.
Күн: Сәулесі мол Күнмін,
Түн: Жұлдызы көп Түнмін.
Екеуі бірігіп: Бүгін біздер бірдей боп,
Теңелеміз бүгін біз.
Түн: Ал ертең, күн ұзақ,
Күн: Түн қысқарар бірақ.
Екеуі бірігіп: Ұйқы қанбай қалып,
Жүрмеңдер тек бірақ.

Жүргізуші: Ендігі кезек ұлттық тағамдарымызға да жеткен сияқты. Балалар, қандай ұлттық тағамдар білесіздер?
Балалардың жауабы, толықтыру.

Әже бізге ұлттық тағамымыздың бірі «Наурыз көженің» қалай жасалатынын айтып беріңізші.
Әже айтып береді.

Жүргізуші: Балалар, құрметті қонақтар, біздің Отанымызда көп ұлтты халық мекен етеді. Біз барлығымыз тату - тәтті бір шаңырақтың астында тұрып жатырмыз. Олай болса, өзбек елінен келген қонақтарымыздың биін тамашалаңыздар.

Би. Өзбек биі.
Жүргізуші: Рақмет, қош келдіңіз. Төрлеңіз!
Балалар, Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы – Наурыз көже. Міне, бүгін аналарың сендерге наурыз көже пісіріп әкелген екен, ал біз аналарымызға арнап« Қазақтың дастарқаны» атты әнімізді айтып берейікші.
Хор: « Қазақтың дастарқаны».
Әжеден бата алу.
Жүргізуші: Әумин, айтқаныңыз келсін!

СОҢЫ
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×