Міржақып, неге отырсың қалам тартпай,
Бәйге алмас болғанменен жүйрік шаппай.
Шамаңды кәдәри хал1 көрсетсеңші,
Байғұс-ау, оянсаңшы қарап жатпай.
He файда бір орыннан қозғалмайтын,
Тазармас қарасу да жатқан ақпай.
Артықтан тағлым алып, кемпе үйретпей,
Жүруің лайық па ғақыл таппай.
Сен неге бой көрсетпей жасқанасың?
Тастаса көзің көрсін халық ұнатпай.
Бұл шайда сөз базары көтерінкі,
Сынаспай бақытыңды сен де баптай.
Бірде алып, бірде қалып жүрмес пе едің,
Сөзіңді біреу сөгіп, біреу мақтап.
Бой тежеп жүрексіну дұрыс емес,
Шашылған рыйзықты жүріп татпай.
һиммәт тау кеседі деп мысалда бар
Жігітке һүнер қайда зейін артпай.
Талапты жаңа өспірім бағландар
Жүруге лайықты ғой атын ақтай.
Жігіттің несі жігіт босқа жүрген,
Қызметпен файда беріп халыққа жақпай.
Бәсең бол әсем болсаң деген жөнмен,
һүнерін мұхтаждарға2 жүрсе сатпай.
Жан-фида3 малың тәрік4 болсын, жігіт,
Дін, милләт5 деген сөзді тұр жәһидлай6
Мен кепіл сонда жаман болмасыңа,
Тұрмасам қолыңды әкел айтқан шартта-ай.
Адасып қараңғыда сорлы қазақ,
Ай тумай күн һәм шықпай тұр таң атпай.
Сөндірмей жанған өртті көрген адам,
Қалайша тұру мүмкін жанға батпай.
Бір кеңес түсті хиял7 бастарыма,
Дәфтер хат ғибрат8 үшін тастарыма.
Хсуса арнап жаздым халық үшін,
Жиырманшы ғасырдың жастарына.
Аз жасап өмірімде көрдім көп іс,
Ретін шамаладым халықтың тегіс
Қаралас һәр қайсысы көрінеді,
Бірі артық, біреуі кем дейтін емес.
Қазақтың қай нәсілден тарағанын
Білерсің шежіреден қарағаның.
Бұл жерге соның үшін тоқтамаймын,
Жазайын басқа сөздің жарағанын.
Адамзат неше түрлі жиһан9 толған
һәр дінде, һәр мәзһәпте10 және болған.
Соның көбі шәһәрден орын алып,
Сахарада11 біздің қазақ көшіп қонған.
Ол заман үш жүз бірге араласқан,
Бағынып еш падишаһқа қарамастан.
Хан шығып өз ішінен халықты билеп,
Билері һүкім12 айтып, өрнек шашқан.
Көшсе де мың шақырым жері жайлы
Аққан бұлақ, шалғыны көк орайлы.
Тоқты қоздап жүріпті, тай құлындап,
Жер тар болып көрмеді-ау уайымды.
Сол кезде біздің қазақ ала болған,
Көлденең дұшпандары және болған.
Күштісі нашарларын шауып алып,
Бұрынғыдай болмаған бәлә болған.
Ел шауып, кісі өлтірсе батыр деген,
Батырлар фақилердің13 хақын жеген.
Біз мұндай бұл уақытта болар ма едік,
Істесе халық файдасын ғақылменен.
Кетіпті фітнәнің14 жолы ашылып,
Бірінен дұшмандығын бірі асырып.
Айрылып берекеден қарап жүріп,
Тұрыпты басқаларға құр бас ұрып.
Кетіпті араздасып бір туысқан,
Барымта ұрлық қылып мал қуысқан.
Сыя алмай кең дүниеге таласушы ед,
Таршылық енді көріп сығылысқан.
Мазасы кеткен бірдей іштен, сырттан,
Аз ата көрген хорлық күшті жұрттан.
Екі сұңқар таласса құзғынға жем,
Берекесін бұл қазақ сүйтіп құртқан.
Сол күнде жауға қарсы қорған құрса,
Құтылып надандықтан ғылым тапса,
Ғайратын бойындағы шетке жұмсап,
Келтірмей жәбіршілік қарындаска.
Өзді өзі тату болып тұрған күнде,
Қалар ма еді һәр нәрседен мұндай босқа.
Мініки, бұл уакытта тұрмыз енді,
Дұшманға таба болып, күлкі досқа.
Жүрмеген кең жайылып ол халінде,
Үнемі тұру қайда хан тағында.
Руссия мемлекетіне бағыныпты,
Әбілхайыр төренің хан шағында.
Патша айтқан: «Ғаділдікпен билеймін» - деп,
«Дініңе һәм жеріңе тимеймін» - деп,
«Оқ атпай, қылыш тартпай бағынған сен,
Қалайша қадіріңді білмеймін», - деп.
Алмасқа уәғдә15 еткен бізден солдат,
Орнына түндік басы салған рамат16.
«Қазақ та Руссияның бір ұғылы17,
Бар болса беремін» - деп нендей хәжәт18;
Қазақты ең әулі билеген хан,
Правителі, десятичный, аға сұлтан.
Қалдырып осылардың һәммесін де,
Шығып тұр біздің тұста бүгінгі заң.
Қызығып қызарғанға кеткендер көп,
Шен алып дәрежеге жекендей боп.
Ойлады өз файдасын халықты сатып,
Қазақты ең керексіз еткендей боп.
Тұманға кірді қалың біздің қазақ,
Арты жар, алды тұйық - бұл не ғажап.
Адасқан ағайынға басшы болып,
ішінде жол көрсетер адам аз-ақ.
Бас қосып киргизский интеллигент,
Біздерге халықтың қамын ойлау міндет.
Культура деген сөзді не практике,
Етпейміз не себепті осуществлять?
Милләтлар дивилизованный озып кетті
Оянбай енді жату не следует.
Ұйқысы ғафилдіктің басып кетті
Қазақты ояталық етіп һүммәт.
Міржақып Дулатұлы
1 кәдәри хал - әлің жеткенше
2 мұхтаж - ділгер
3 фида - құрбан
4 тәрік - безу
5 милләт - ұлт
6 жәһид - ынта
7 хиял - арман
8 ғибрат - өнеге
9 жиһан - әлем, дүние жүзі
10 мәзһәп - дін тармағы
11 сахара - байтақ дала
12 хүкім - шешім, үкім.
13 фәкир - кедей
14 фітнә - сұмдық, қулық
15 уәғдә - уәде
16 рамат - салық
17 ұғылы - ұлы,перзенті
18 хәжәт - керек
Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі
- ramuk_b
- 11 қазан 2018
- 1565
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі, Міржақып Дулатұлы өлеңдері
Ұқсас жаңалықтар:
Жатыр өлеңі
Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр, Кілтін өнер-білім ашып жатыр. Бірі - ай, бірі - жұлдыз, бірі күн боп, Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр....Қара сөздер. Абайдың қырықыншы қара сөзі
Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өзді - өзі көп құрбыдан айрылып азайып отырса да, біріменен бірінің бітім қылмайтұғыны қалай?...Қара сөздер. Абайдың отыз алтыншы қара сөзі
Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да...Һүнерменен хасыл болған нәрселер
Һүнердың афзалдығын еттім зікір, Мұхтәрәм оқушылар, жібер пікір. Ғылыммен хасыл болған нәрселерді Жазайын баян етіп, тыңдап отыр. Ат жетпес алты...Арқалық батыр
Ел еді егіз жатқан керей, найман, Шығады сөз болмаса мизан қайдан. Қазақтың хан билеген заманында Жау бопты қазақ, қалмақ барымта алған. Батырға...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.