Жетпіске келді бұл жасың,
Дүние болды жолдасың.
Әндіжандық сарт едің,
Қай жеріңнен қожасың?
Қаратауда туылдың
Пәленше деген мырзасың.
Сарыарқаға келген соң
Төрт аяқты жорғасың.
Жәдігөй жауғыш атанып
Осынша жиған мүліктен
Не көреді қу басың?
Талабың бар жалғанда
Әлі де болса аспаққа,
Дүниенің боғы үшін
Күнде түсіп аптықпа.
Әуелден күнә жанға қас,
Қазаққа келіп болдық мас.
Менің тегім сарт еді,
Сенің тегің қызылбас.
Екеумізді пір тұтып
Жәдігөй жауғьш болмаңыз
Ақирет қамын ойлаңыз.
Жасың жетті жетпіске,
Иман бер деп сұраңыз.
Аталас туған жақыным
Қиямет күн кез болса
Пайдасы болмас қапыңның.
Арттағы құдай басыңды -
Өлшеп берген жасыңды.
Уай, уай, менің басым-ай,
Келе көр, Жәке, қасыма-ай.
Амалым нешік құдайға
Жүгірмек болған жасым-ай!
Қолыңнан сусын бере алмай,
Өлгенін әке көре алмай,
Дұға сәлем айтыңыз
Жетім бір қалған жас ұлға-ай!
Бұл сөзімді айтыңыз
Менен қалған балаға.
Бұ дүниенің боғы үшін
Қаңғырмасын далаға.
Тіріде көзім тоймайды
Тәңірінің бергені - қараға.
Жалған деген осы ғой,
Маған да еріп бара ма?
Білсін бір сүннет, парызды -
Қазақтан алдым қарызды.
Өлеріме таянып,
Жұртыма айттым арызды.
Үш қайтара сәлем де
Ағайын мен туғанға
Дүние шіркін ермеді,
Бейнетпен жиған қу жанға...
Енді есен бол, елдерім!
Құсымды салған көлдерім!
Замандас құрбы, теңдерім!
Ғибрат менен алыңдар
Өлгенімді көргенің...
Өлгенде көрі қараңғы,
Бір күнгідей болмайды,
Мың күн тірі жүргенім.
Мынау менің өлгенім,
Қасықтап жиған дүниеден
Кәне, пайда көргенім?
Өлуі болмай қалмайды
Туғаннан соң пенденің.
Жұртты жеген тауық ем,
Жалғанның ебін тауып ем.
Қаратауда жүргенде
Сарыарқаның наны үшін,
Шалқып жатқан малы үшін.
Бері таман ауып ем,
Бозбалаға сауық ем.
Сауығым кетіп, күл сөнді,
Жұрттан асқан көсемді,
Алмай ма құдай шешенді!
Өлеріне келгенде
Жан мұндар енді сескенді.
Ескендір өткен дүниеден
Жиырма тоғыз жасында,
Перзент қалмай артында.
Шариғатқа сыймайды
Екі тілек тілеген.
Ғаріп пәнде басына,
Ғаріп пен нашар сүйенген,
Он сегіз мың ғаламға
Патша болған Сүлеймен,
Олар да өткен дүниеден...
Жалғызыма сәлем де,
Алладан бұйрық жеткен соң,
Асқар тауы құлады,
Ағар бұлақ суалды.
Жетім-жесір сүйетін
Ағайын-туған жоғалды.
Ей, пенделер, мүһминдер,
Мен не деген есермін
Дүниеден қашпаған,
Қорқыныш қылып құдайдан
Қарызды ойлап саспаған...
Тіріде қорықпай осындай
Күнә іздедім шошынбай.
Кеудемді дерт қамады,
Хамалда кетіп барады.
Есендікте бол, Жәке,
Қияметтік досым-ай!
Және сізге тапсырдым
Бала менен қатынды.
Жалғанда досым, сіз едің,
Аяй көрме ақылды!..
Таяндық енді өлерге,
Күн қанша дүр көрерге.
Дұға сәлем елдерге,
Елдегі жақсы билерге.
Жақсыдан дұға жетер ме,
Өлді деп бізді білген жұрт
Дұға да қылсын ерлерге.
Жасымнан қылдым мастықты,
Жаныма қылдым қастықты.
Жан жарға таянды, Қоя көр,
Жәке, жастықты.
Алпыс үштен асырмай
Өлім бір келіп асықты.
Аралап келіп түсуші ем,
Алтай менен Қарпықты.
Ыңғайы жаман аурудың
Жаманнан көңлім қорықты.
Артқңі қалған жалғызға
Бір қасірет жолықты.
Мен өттім арманда,
Көре алмадым артымда
Ағайын мен туғанды.
Жантәсілімге таянды,
Айта көр, Жәке, иманды?!
Бір тәңірге аян-ды,
Он екі құйрық, қырық шалғы,
Қияда сұңқар таранды.
Достығыңды қастық дер,
Ойламай ескі жаманды.
Пірлерден кетіп керемет,
Алайын деп қай куні
Аманат малдай бағып тұр.
Бір пәндеге ұл бермей,
Біреуін малға зар ғып тұр.
Жөнсіз оқтай қаңғып тұр.
Жан шіркін-ақ берік екен,
Үзіліп кетпей не ғып тұр?!
Құдайға мақұл ісің жоқ:
Біреудікін іздедің,
Өзіңдікін көздедің.
Күшің жеткен адамды
Мұнша неге тездедің?
Ұрлық пенен зорлықтан
Үмітіңді үзбедің.
Алмаған неме қоймадың,
Еш нәрсеге тоймадың.
Аузы қарыс алаштың
Айтқанына болмадың.
Болмағанның белгісі:
Бұлғақтап едің асаудай
Бойыңа жанды теңгермей.
Басыңа бір тас тиіп тұр.
Не қылайын дүниені,
Би қалмады шүйделі,
Шұнақ бидің тұсында
Ағаш атты тізгіндеп,
Шананы міндік күймелі.
Ақылыңды алып тұр,
Саумалы бар биелі.
Көш-қоныңды билейді,
Қомы да сыйған түйелі.
Біз айтқандай не қалды
Қай ғақыл бар жүйелі?
Әзелде жазған іс болса
Несіне мұның күйеді.
Күйіп бір күймей немене,
Құр қызады делебе.
Сақтасын жалғыз қайғыдан,
Көппенен көрген - селебе.
Халқы менен баланы
Бір алған соң аузына
«Алмайды» деген немене!?
Үзын аққан Сарысу,
Аға бер жайылып құйыла,
Айдамай тұрып солдатқа,
Зар қылмай тұрып жалды атқа,
Жүйрік пенен жорғаңды
Өзің бір мініп жебеле.
Жалаңаш болып жауға шап,
Ажалдан бұрын өлер ме?
Ноқталы басқа бір өлім,
Өлмей де адам жүре ме?
Қатын-бала қамы үшін
Қарсы шап та, мылтық құш,
Құр жабырқап жүдеме.
Аламын деп талпынды,
Жаудан да зорлық көрілген
Өлтіріп ерлер алқынды.
Мың-мың жылқы айдаған,
Сары қазы шайнаған,
Қымызын судай сапырған,
Оны ішкен соң мас болып,
Аюдайын ақырған...
Күннен күнге тартылып,
Заманақыр кезінде
Ұл сыйламас атасын.
Арам сідік болған соң,
Атасы бермес батасын.
Қазы, болыс қойыпты
Некесіз туған шатасын.
Өзі қылған өкінбес
Күнінде содан тартарсың,
Абақтыға жатарсың.
Қыз сыйламас енесін,
Арттым деп егесін.
Салыстырар денесін,
Пысықсыған немесі,
Көзіңді ойып барады,
Күнде тесіп төбесін.
Ақсақалдан әл кетті,
Болмаса тәңірім демесін.
Азаматтар, әлеумет,
Мұның да несін сөгесің?!
Жас сыйламас ағасын,
Алып жыртты-ау жағасын!
Бірі-біріне көпсініп
Қуат қылар баласын.
Шыдай алмай ызаға,
«Қой!» деп айтса тіл алмас,
Ақсақалдан ұялмас.
Жүгірісер қалаға.
Қаныққан соң жалаға,
Алып бір шығар далаға.
«Дұшпаның кім?» деп сұраса,
Алып бір келер ауылына -
Өзінің туған бауырына.
Келген соң кімді аясын,
Жығып салар дүреге
Қызыққан соң параға.
Екі үлкен есесіп,
Қошқардай басын теңесіп,
Сол жерде заман оңалмас,
Оңалар заман дер едім,
Жауға алдырдың әуел бас.
Іс асқынды болмастан,
Мейір сөз кетті сырластан,
Ойын кетті құрдастан,
Жастар үміт үзіпті
Жұрт тосынған жолдастан.
Қатыным қолы тоңар деп,
Қар жауғанда үй қақтың
Балам адам болсын деп,
Ұйқыдан безіп мал бақтың.
Асыраймын деп баланы,
Желіп бір жортып аулақтьщ
Балаң халал болмаса
Азаматтар, жігіттер,
Пайдасы жоқ шырақтың...
Ертістің басы қара дең,
Еңкейе біткен қара адыр.
Арқа деген құба жон,
Аядай біткен көл екен
Атты кердең естірген
Арқаның тарал шөбі екен
Жігітті кердең өсірген
Ат пенен малдың демі екен
Ұрлық қылып мал жидың,
Өтірік сөйлеп жан жидың,
Ойлап тұрсам, жігіттер,
Не қылса құдай еп екен.
Жетпіске келді бұл жасың
- ramuk_b
- 9 қазан 2018
- 1651
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Жетпіске келді бұл жасың өлеңі, Шортанбай Қанайұлы өлеңдері
Ұқсас жаңалықтар:
Қыз жібек жыры
Мен сөйлеймін, жарандар, Тыңдап құлақ салыңыз. Аз әңгіме қозғайын Келгенінше қалымыз, Зекетсіз болса пайда жоқ, Қасықтап жиған малыңыз....Гүлшат-Шеризат дастаны
Жігітке құдай берген қиын емес, Болғаным менің ақын биыл емес. Бетіне ақ қағаздың салып шимай, Қиссасын "Гүлшат - Шеризат" қылдым кеңес....Ай, Абылай, Абылай
Ай, Абылай, Абылай, Жеңбеген жауың қалмады-ау, Алмаған жерін аз қалды-ау....Атамыз - Адам пайғамбар
Атамыз - Адам пайғамбар, Топырақтан жаралды... Сол адамнан таралды, Ұрлық пенен қорлықтан, Өтірік, ғайбат, зорлықтан Бойыңды тартып тек жүрсең, ...Дария құйсаң толар ма
Дария құйсаң толар ма?.. Сүмбіле туып күн болмай, Көкрай шалғын болар ма?.. Кәрілік пенен мінезге Білсеңіз, бағым болар ма?...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.