Домбыра аспабында ойнаудың әдіс - тәсілдері
Әр ұлттың өзіндік болмысын ерекшелейтін тұстары салт - дәстүрі, тұрмыс тіршілігі – осыған орай бедерленетін мәдениеті, өнері. Қазақ халқы тарихта да, танып білуімізде де көшпенділер қатарында. Өнері аттың жалында, түйенің қомында, қарияларымыздың көкірек жан сарайында, найзаның ұшында, көсеудің сабында, ауыздан ауызға, қолдан қолға құлақтан құлаққа жетті деп ұғындырды. Ұлы Абай айтқандай дүниеге өлеңмен кіріп, өлеңмен жер қойнына еніп, тал бесіктен, жер бесікке дейін әнге бөленіп, күйге тербеліп саналы ғұмыр кешкен дана халық.
Екі ішектің бірін қатты,
Бірін сәл - сәл кем бұра.
Қазақ нағыз қазақ емес
Нағыз қазақ домбыра, - деген Қадыр ақын өлең жолдары осы ойымызды дәлелдей түспей ме? Домбырадай тұңғиық, домбырадай шежіре, домбырадай абыз құдірет қайда бар? Домбыра қазақ халқын, тарихын оның өнерін дүние жүзіне танытты. Ұлттық өнеріміз оның ішінде аспаптық музыка – қасиетті күйлеріміз. Домбыра өзінің қарапайым құрылымымен кең тараған аспап, әр қазақ баласының өмірлік серігі, өнер тарихының шежіресі – ұлтымыздың төл құжаты. Домбыра үйрету әдісі арнайы пән ретінде1980 жылдардан оқытыла басталды. Бұған дейін музыка мектептерінде, колледждерде дәріс берілді.
Домбыра өнерінің, оны үйрену, үйретудің ұзақ ғұмырнамалық тарихы бар. Ол сонадан жеткен дәстүрлі құйма - құлақ әдісі. Кәсіби домбырашы болу бәріне міндет емес, бірақ домбыраны білу бар қазаққа қажеттілік деп санаймыз. Олай болса енді сабағымызға нақты тоқталып өтейік.
Домбырашының отырысы және аспаптың орналасуы
Дыбыстың таза әрі құлаққа жағымды шығуы домбырашының отырысына және аспаптың дұрыс орналасуына тығыз байланысты. Домбыра үйренушілеріне орындықта дұрыс отыру мен аспапты дұрыс ұстауды үйрету өте мән берелік жұмыс. Домбырашыны орындықтың алдыңғы жартысына, оң аяқты сол аяқтың үстіне қойып (ұлдар үшін: сол аятың тізесінің үстіне оң аяқ тобығының сәл жоғарғы тұсы орналасуы керек) отырып ойнайды.
Қыз балалардың отырысының ұлдарға қарағанда сәл өзгешелігі бар, бұл ұлдар мен қыздардың киім ерекшелігіне байланысты. Үйренуші аспапты қысылмай, қымтырылмай меңгеруі үшін киімі денеге тар болмай, емін - еркін отыруы қажет. Әсіресе екі иықты түсіріп, еңкеймей, тік отыруға жаттыққан жөн. Орындықта дұрыс отырмау, мысалы, еңкіш отыру, шалқақ отыру немесе қырын отыру домбырашыға ыңғайсыздық тудырып, сол қолдың дұрыс орналаспауына, оң қолдың білезік буынының дұрыс қалыптасуына, шынтақтың денеге қысылып, иықтың бір - бірінен жоғары болуына әкеп соқтырады. Домбырашының сол аяғы еденге нық басылып, денесін тік ұстауы керек. Алғашқы үйрену кезінде басын аздап алға қарай еңкейткені жөн, өйткені орындаушы домбыра пернелерін және өз отырысының дұрыс немесе терістігін қадағалап отыруы керек.
Домбыраның басы сол иықтың деңгейіне дейін көтеріліп, шанақтың төменгі бүйірі оң аяқтың үстіне орналасады да, ал жоғарғы бүйірі кеудеге тақалып тұруы керек. Оң қолдың шынтағы қақпақтың ішекке дейінгі бөлігіне тиектің сыртқы жағынан орналасады. Домбыраның сабы (гриф) сол қолдағы сұқ саусақтың үшінші буыны мен бас бармақтың екінші буынының аралығында ұсталып, бас бармақ екінші (ортаңғы) саусақтың тұсына дәл келіп тұруы керек. Бұл жағдай домбырашының негізгі отырысы болып есептелінеді. Кейде отырыстың биік немесе аласалығына байланысты негізгі отырыстың өзгеріп кетпеуі үшін, домбырашының, орындығы бойына лайық (төмен немесе жоғары) болуы шарт. Оң және сол қолдардың жеңіл де әрі жылдам қозғалыстары аспапты дұрыс ұстауға тығыз байланысты.
Оң және сол қолды аспапта орналастыру тәртібі
Оң қолдың шынтақ буыны домбыраның жоғары бүйіріне, ішекке дейінгі жерге қақпақтың бетіне орналасады. Оң қолдың білек буыны сәл иіліп 60 градус шамасында бұрыш жасап орналасады. Бас бармақ сұқ саусақпен ұштасып, бос ұсталады да, қалған саусақтар сұқ саусақтың бағытымен бір - біріне бос жалғасып жатады.
Саусақтар мен алақанның арасында сәл қуыс қалуы керек. Саусақтарды бытыратып немесе бір - бірінен алшақ ұстағанда дыбыс өте әлсіз шығады. Себебі қағыс қағуға тек бармақ пен сұқ саусақтың күші жеткіліксіз, сондықтан қалған саусақтар сұқ саусақпен жалғасып, қосымша күш беруі керек. Оң қолдың бұлай орналасуын қос ішекті бір мезгілде ойнағанда пайдаланады (3 - сурет), ал әрбір ішекте жеке - жеке ойнағанда оң қол сәл басқаша орналасады (4, 5 - суреттер). Оң қолдың басынан шынтақ буынына дейінгі бөлігі қақпақтың бойынан ішектің үстіне орналасады да, ал шынтақ буыны қақпақ пен шанақтың қырына таяу орналасады. Бас бармақ үстіңгі көлбеу орналасып, ал сұқ саусақ сәл бүгілген цкүйінде орналасады.
Шертпе дәстүріндегі күйлерді орындағанда оң қолдың жоғарыда айтылған позициялық қалпы сәл өзгеріп, сұқ саусақпен қағыс қаққанда алақан жазылып кетеді. Мұнда саусақтардың шашырамай, бірге жүргенін қадағалау қажет. Сол қол шынтақ буынынан бүгіліп, сол қолдың басынан иыққа дейінгі аралықта 60 градус шамасында бұрыш жасап, домбыраның сабына (грифке) орналасады. Домбыраның сабы сұқ саусақпен бас бармақтың ұсталып, ал қалған саусақтар сұқ саусақтың бағытымен қос ішектің үстіне бос орналасады. Жалпы оң қолдың саусақтары қалай жиналып тұратын болса, сол қолдың саусақтары да солай орналасуы керек.
Айырмашылығы: оң қолдың саусақтары төмен, ал сол қолдың саусақтары жоғары қарай бағытталған (суреттерге қараңыз)
Домбыраның сабы сол қолдың алақанына тимеуге тиіс, домбыра сабымен алақанның арасы қуыс болуы шарт. Егер домбыраның сабы алақанға тиіп тұрса, сол қолдың білезік буыны қысылып қалады да, саусақтардың қозғалысына кедергі жасайды. Пернелерді басқанда сол қолдың саусақтарының тырнаққа жақын жеріндегі жұмсақ етімен және перненің дәл үстінен баспай, пернеден сәл төмендеу жерінен дәл басу керек 6 - шы және 7 - ші суреттер).
Бұл дыбыстың таза, әрі сапалы шығуын қамтамасыз етеді.
Оқушының отырысындағы жиі кездесетін кемшіліктер
1. Домбыра пернесіне алдынан қарау.
2. Домбыраның мойынын кейін тарту.
3. Сол қолдың шынтағын көтеру.
4. Сол иықты көтеру
5. Білезік буын көтеріледі.
6. Саусақтар домбыраға толық қойылмайды, кейін ысырылады.
7. Төменгі ішектегі әлсіз дыбыстар осыдан шығады.
8. Бармақтың пернеден аса бүгілуі.
9. Оң аяқ төмен түседі.
10. Оң қолдың шынтағы домбыра түймесіне тіреп төмен ұстайды.
11. Оң қол білезік буыны көтеріледі.
12. Салмақтың бәрі оң шынтақта қалады.
13. Домбыраның басы сол иықтан жоғары көтеріледі.
14. Оқушының оң жаққа қисаюы омыртқа жүйесі, дене бітімі бұзылуына әкеліп соғады.
Ырғақтық суреттерді меңгеру тәсілдері
Ырғақтың музыкада алатын орны ерекше. Домбырадан сабақ беру барысында ырғақты түсіндіруге өте көп көңіл бөлінуі қажет.
Оқушыны ырғаққа тәрбиелеу – жалпы шығарма екпінін сезінуді жетілдіру, тактідегі ұзақтықты тез қабылдауды қамтиды. Оқушыны сабақ кезінде біртіндеп жаңа ырғақтық суреттерді меңгере беруі керек. Мысалы, бірінен кейін бірі келіп отыратын ширектік, сегіздік, он алтылық ноталарды, затакт, пунктирлі ырғақ, синкопалықырғақ т. с. с. түсініп ойнау қажет. Осымен оқушы өзінің ырғақ жөніндегі түсінігін қалыптастырады. Оқу жоспарын жасау барысында оқытушы бұл жұмысқа сабақтың көпшілік уақытын бөлуі керек. Бастапқы оқыту барысында оқушының дәлме - дәл санап ойнауын қадағалап отырған жөн. Ырғақты қалыптастыру кезеңінде оқытушы оқушының қандай кезде дұрыс санамай отырғанын ескеріп оны тез түзетуге шара қолдануы керек. Оқушының әсіресе пауза санамауы, нота ұзақтығын қысқартып ойнауы, дуоль, триоль, т. с. с динамикалық тәсілдерді пайдаланбауы, шығарманы ойнау кезінде жылдамдатып немесе жәйлатып қалуы, синкопада немесе шығарманың қиындау жерлерінде мүдіріп қалуы, шығарманың әрбір фразаларын аяқтауды жылдамдатып кетуі – міне осылардың барлығы ырғақты дұрыс меңгере алмауынан болады. Сондықтан ән - күйді алғаш талдағанда өте жәй екпінде, бір қалыпты санатып үйреткен жөн. Сондай - ақ, оқушының орындаушылық тәсілдерді меңгеру барысында сан түрлі ырғақпен жаттыққаны жөн. Мысалы, тремоло, пицикако т. с. с. штрихтары бар шығармалар екпіні жағынан да жәй, жылдам немесе орташа болып дамуы керек. Қорыта айтқанда, домбырашының техникалық өсуі дегенді - әртүрлі штрих, ырғақ, екпінді еркін меңгерген шеберлік жиынтық деп түсіну керек.
Домбырада қолданылатын негізгі қағыстардың түрлері
Домбырада қолданылатын қандай қағыстың түрі болмасын, бәрі дерлік дыбыс шығарудың тәсілдері болып есептелінеді. Домбырадағы қағыстардың өзіндік атаулары бар. Мысалы: төмен және жоғары қағылатын қағыс «алма кезек» (немесе «қара қағыс») қағыс, тұтып ойнайтын қағыс «тұтпа қағыс» деп аталады. Қағылу мінезіне байланысты қағыстардың көптеген аттары кезігеді. Мысалы, «ілме қағыс», «сипай қағыс», «түйдек қағыс», «түрікпен қағыс», «бөгеме қағыс»т. с. с
Домбырада қағыстарды қағылу бағытына қарай белгілейді.
Төмен бағыттағы П – белгісімен,
ал жоғары қағылғаны V – деп белгіленеді
Қағыстардың сан түрі осы екі белгі арқылы белгіленіп, әр күйдің басында көрсетіледі. Мысалы: пvv; ппv; ппvv; пvvv....
Домбырада күрделі шығармаларды орындауға байланысты классикалық аспаптардан алынған қағыс түрлері де қолданылады. Олар жалпы «штрихтар» деп аталынып, бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, пицикато, тремоло, қос тремоло т. с. с.
Дара ішекте сұқ саусақпен төмен - жоғары бағытта немесе бас бармақпен төмен қағылатын әдісті «пицикато» деп атайды.
Осы өте жиі алынған түрін «тремоло» деп атайды, ал ноталарды үзбей, жалғастырып орындау үшін қолданылады. Бұл әдіс білезік буынның көмегімен қос ішекте де орындалады.
Шығармадағы әр нотаны бөліп - бөліп қысқа тремоломен орындалуы – деташе штрихы деп атайды. Домбырада қолданылатын әдістердің ішінде акцент, глиссандо, стаккато, портаменто сияқты штрихтар да бар.
Акцент – көрсетілген дыбысты жеке, бөліп (салмақ түсіре) орындауды берілсе, глиссандо – екі нотаның арасын тремоло арқылы жалғастыра, домбыра сабымен жылжыта ойнауды көрсетеді. Стаккато – дыбысты өте қысқа, бөліп - бөліп орындауды көрсетсе, ал, портаменто – дыбыстардың арасын үзбей, сол қолды көтермей орындау керек екенін білдіреді.
Домбырашының оң қол шеберлігі осы әдістерді меңгеруге байланысты болады. Оңай қағыстан күрделі қағыстарға қарай біртіндеп жаттығу керек. Оң қол шеберлігін арттыру үшін арнайы жаттығу, этюдтер қолданған жөн. Домбыра үнінің сапасы, дыбыс көркемдігі тікелей оң қол шеберлігіне де байланысты, сондықтан оқушы бұл әдістерге мұқият дайындалуы керек.
Оқушы шеберлігінің өсіп, даму жолдары
Ең жауапты да, қиын жұмыстың бірі оқушының сол қол саусақтарының шеберлік жылдамдығын өсіру. Бұл үшін күнбе - күнгі сабақта гамма, этюд, әртүрлі жаттығуларды пайдалану керек. Әр музыкант үшін қол жүгірту, жаттығу күнделікті әдетке айналуы тиіс.
Жаттығулармен дайындық. Оқудың алғашқы кезеңінде арнаулы жаттығулармен міндетті түрде дайындалу керек, себебі, бұл жаттығуларсыз оқушы дұрыс дыбыс шығара білуді, қолдың буындарының дұрыс қозғалысын қалыптастыруды жақсы меңгере алмайды. Бір ескертетін жәй: оқушының сол қол буындарының бір қалыпты жылжып, ретпен қозғалысын қадағалау, гамма, арпеджиомен жаттығу техникалық өсудің бірден – бір жолы. Гамма және арпеджиомен жұмыс жасағында дыбыстың тазалығына, құндылығына, ритмикалық дәлдігіне үлкен көңіл бөлген жөн.
Мұғалімнің негізгі міндетінің бірі әрбір оқушының жеке оқу жоспарын жасау. ол баланың қабілет ерекшеліктеріне сәйкес күйлері мен пьесаларды дұрыс таңдап алуға негізделеді. Домбыраны ойнаудың осы күні екі орындаушылық дәстүрі бар: 1. күй орындау дәстүрі. 2. фортепианоның сүйемелдеуімен ойналатын көркем шығармаларды ойнау дәстүрі. Оқушылардың орындау шеберліктерін арттыруға күй сипаты жаттығулардың, әр түрлі қағыстарға, гаммалар және арпеджиолар ойнаудың әсері мол. Оқушының үлгерімі, көбінесе, оның үйдегі дайындық жұмысының дұрыс ұйымдастыруына тікелей байланысты.
Бағдарламада оқу жоспарында көрсетілген көркем шығармалардың мазмұны, орындау әдістері әрдайым тиянақты талданып отырады, шеберлікті жетілдіретін түрлі жаттығулар гаммалар, т. б техникалық шығармалар біртіндеп, сатылап үйретіледі. Музыкалық сауатын кеңейтіп теориялық білімімен орындау мәдениетін қалыптастыра түседі. Оқушы орындайтын шығармаларды бірте - бірте күрделендіріп оларды кідіріс жасамай ойнайтындай дәрежеге жетуі керек.
Домбыра аспабында ойнаудың әдіс-тәсілдері
- ramuk_b
- 14 қазан 2019
- 7933
- 0
- 100
Ілмек сөздер: Домбыра аспабында ойнаудың әдіс-тәсілдері, музыка пәнінен сабақ жоспары
Ұқсас жаңалықтар:
Төкпе дәстүрінде күй тартып үйрену. Сейтек. «Той бастар» талдау
Дәстүрлі күйшілік өнерді, күйшілік мектептерді түсіндіру, соның ішіндегі төкпе дәстүрінде күй тартуды үйрену және буындарды меңгеру....Шығармада кездесетін штрихтармен жұмыс жасау әдістері
Тәрбиелік мақсаты: Шығармаларды орындау арқылы музыкалық білімін жетілдіру. Дамытушылығы: Гамма, жаттығуларды түрлендіре орындату әдісі бойынша...Нағыз қазақ, қазақ емес. Нағыз қазақ – домбыра!
Жезқазған қаласы, «№21 Жалпы білім беретін орта мектебі» КММ Ғылыми - зерттеу жұмысымен айналысушы: 1«В» сынып оқушысы Әшір Балжан Жамбылқызы Ғылыми...Қол қойылымы, фортепианода ойнаудың еркін жолдарымен үйрету
Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Балалар саз мектебінің фортепиано класының мұғалімі Жармаганбетова Зауреш Ерболовна...Волейбол (10 сынып)
Ақмола облысы, Жарқайын ауданы, Тассуат орта мектебі, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Оспанов Асқарбек Зекенұлы...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.