Сайтқа кіру Тіркелу

Бауырсақпен бірге көктемді қарсы алайық

Білім беру саласы: «Қатынас»
Бөлімі: «Тіл дамыту»
Тақырыбы: «Бауырсақпен бірге көктемді қарсы алайық»
Мақсаты: Балаларға көктем, көктемнің алғашқы гүлі - бәйшешек туралы түсінік бере отыра, көктем белгілерімен таныстыру. Ойлау қабілеттерін дамыту. Сөздік қорларын молайту. Көктем мезгіліндегі маусымдық өзгерістер туралы айта отыра, табиғатты аялауға баулу.
Барысы:
Тәрбиеші: - Балалар, бүгінгі күн бәріміз үшін ерекше, өйткені бізге қаншама қонақтар келіп отыр, қане, бәріміз амандасайықшы!
(Балалар амандасады).
- Ал, енді балалар, қуаныш шеңберіне тұрайық!
Қуаныш шеңбері:
Кел, балалар, күлейік,
Күлкіменен түлейік.
Күлкімізді күн қылып,
Гүл өссін деп тілейік.
(Қуаныш шеңберіне тұрып, тәрбиешімен амандасады, бір - біріне қуаныш гүлін сыйлап, күнге сәттілік тілейді).
Балалармен көктем мезгілі туралы әңгіме жүргізу.
- Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
(жыл мезгілі - көктем).
- Ал, балалар, көктем мезгілінде табиғатта қандай өзгерістер болады?
(күн жылынады, қар ериді, адамдар жеңіл киінеді, жаңбыр жауады).
- Жарайсыңдар! Ал енді қолдарыңдағы гүлдерің туралы не білесіңдер?
(бұл – бәйшешек гүлі, ол көктемнің алғашқы гүлі).
- Бәйшешек гүлінің түсі қандай, атап беріңдерші?
(өзі ақ, шеттері сары, сабағы жасыл).
- Дұрыс айтасыңдар! Ал енді гүлдерімізді мына вазаға салып қояйық та, әрі қарай жалғастырайық!
(балалар қолдарындағы бәйшешек гүлдерін вазаға салып қояды).
- Өте жақсы, балалар, ал көктем мезгілінде біз қандай мерекелерді тойлаймыз?
(8 - наурыз және Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлаймыз).
- Бәрекелді, жарайсыңдар! Ал енді балалар, кім маған көктем туралы тақпақ айтып береді?
(көктем туралы тақпақ айтып береді).
Жасыл көктем келеді
Самал беттен өбеді.
Көкте бұлттар көбейсе
Мөлдір тамшы төгеді.
***
Дала гүлге толыпты,
Аққу көлге қоныпты
Алақай - ау, алақай!
Көктем қандай, көктем қандай көрікті!
- Рақмет, балалар! Жарайсыңдар!
Күтпеген сәт: Музыка ойнайды. (Ә. Қалаубаева «Ертегілер» әні) «Бауырсақ» ертегісінің бас кейіпкері - Бауырсақ кіріп келеді. Өте көңілді көңіл - күйде болады.
Бауырсақ: - Балалар, сәлеметсіңдер ме?
Балалар: - Сәлеметсіз бе?
Бауырсақ: - Балалар, ал сендер мені таныдыңдар ма?
Балалар: - Иә, сен бауырсақсың!
Тәрбиеші: - Балалар, бауырсақтан сұрайықшы, ол қайда бара жатыр екен.
Балалар: - Бауырсақ, сен қайда бара жатырсың?
Бауырсақ: - Мен ертегілер елінен келе жатырмын. Апам мен атамнан қашып кеттім, көктемді жайлауда қарсы алғым келеді.
Тәрбиеші: - Балалар, бауырсаққа біздің көмегіміз керек! Ол көктемді өз көзімен көру үшін, біз оны жолында кездесетін жануарлардан құтқарып қалуымыз керек! Ол үшін ертегіні есімізге түсірейік!
4. Үстел үсті театры. «Бауырсақ» ертегісі кейіпкерлері жайлы сергіту сәттерін еске түсіру. Апасы мен атасына қашып кеткен бауырсаққа бірінші болып қоян кездеседі, ол бауырсақты жеп қоймақшы болады.
- Қане, балалар, бауырсақты қоян жеп қоймауы үшін оған қоян туралы білетінімізді айтайық! («Ұзын құлақ, сұр қоян» сергіту сәтін орындайды).
Ұзын құлақ сұр қоян,
Естіп қалып сыбдырды.
Ойлы - қырлы жерлермен,
Ытқып - ытқып жүгірді.
Бауырсақты қояннан құтқарып қалдық, ал енді оған қасқыр кездеседі. Қасқыр туралы не білеміз? («Қасқыр» сергіту сәті)
Қасқыр орманда жортады,
Аяздан ол қорқады
Аспанға қарап ұлиды,
Малды ауылды ториды.
Ал енді бауырсақ қасқырдан да құтылды, оған аю жолықты, ол да бауырсақты жемекші, аю туралы не білеміз?
Қорбаңдаған аюдың
Құлпынайы көп екен
Теріп-теріп алайық
Қалтамызға салайық.
Жарайсыңдар, балалар! Ал енді бауырсақты ең соңғы түлкіден құтқарайық. («Түлкішек» сергіту сәті).
Түлкі, түлкі, түлкішек,
Түнде қайда барасың?
Апам үйіне барамын.
Апаң саған не береді?
Ешкі сауып сүт береді.
Оны қайда қоясың?
Тау басына қоямын.
Ит ішіп кетсе қайтесің?
Жылап - жылап қоямын.
Бәрекелді, балалар! Ал, Бауырсақ, енді жайлауға сенімен бірге көктемді қарсы алуға барсақ бола ма?
Бауырсақ: - Әрине, болады. Сендерге көп рақмет, білімдеріңнің арқасында мені құтқардыңдар! Енді мен де жылдың керемет мезгілі – көктемді қарсы ала аламын!
Тәрбиеші: - Ендеше, балалар, тұрмайық! Бәріміз бірге жайлауға барып көктемді қарсы алайық!
5. Жайлау көрінісі. (Тәрбиеші балалармен, бауырсақпен бірге жайлауға барады, қар еріп жатқандықтан, тасты жолмен жүру керектігі айтылады. Балалар бірінің соңынан бірі тасты жолмен жүріп, жайлауға келеді. Оларды Көктем қарсы алады). Көктем туралы музыка ойналып тұрады.
Көктем: - Сәлеметсіңдер ме, балалар?
Балалар: - Сәлеметсіз бе? Ал сіз кім боласыз?
Көктем: - Мен – Көктеммін. Менің мезгілім жеткен соң, жайлауға келдім. Айнала қар еріп, күн жылынды. Барлық тіршілік атаулы қысқы ұйқыдан оянды, көктемді қарсы алуда! Ал сендер кімсіңдер? Қайдан жүрсіңдер?
Тәрбиеші: - Сәлеметсіз бе, Көктем! Біз балалармен Бауырсақты қиындықтардан құтқарып, өзіңізді көзімен көріп қарсы алғысы келген Бауырсақты сізге алып келдік!
Бауырсақ: - Иә, мен ертегілер елінен сізбен жолығу үшін қашып кеттім, ал мына ақылды балалар, мен қоян, қасқыр, аю және түлкіден құтқарып қалды. Енді міне, мен де өз көзіммен көктемді көріп, қарсы алдым! Рақмет сендерге, балалар!
Көктем: - Ендеше, төрлетіңіздер, барлығыңызды дастархан басына шақырамын! (Көктем төрге шақырып, балаларды, бауырсақты үстелге шақырады, үстел басында балалармен ойын ойнайды).
- Балалар, мен мына келген қонақтарға сыйлыққа бәйшешек сыйлағым келіп еді, тек олар мына көп гүлдің ішіне араласып кетті, оларды ажыратып бере аласыңдар ма?
Тәрбиеші: - Балалар, біз бәйшешектерді бөліп алмас бұрын, саусақ жаттығуын жасап алайық!
6. «Қане, қане, кім келді?» саусақ жаттығуы.
Қане, қане кім келді?
Біз, біз, біз!
Апа, апа, бұл сіз бе?
Иә, иә, иә!
Ата, ата, бұл сіз бе?
Иә, иә, иә!
Ағатайым, бұл сіз бе?
Иә, иә, иә!
7. Ойын. «Бәйшешектерді бөліп ал»
(Балаларға көптеген гүлдер беріледі солардың ішінен балалар бәйшешектерді ажыратулары тиіс)
Көктем: - Жарайсыңдар, сендер өте ақылды балалар екендеріңді дәлелдедіңдер! Енді мына гүлдерімізді келген қонақтарға табыс етейікші! (балалармен бірге қолдарындағы бәйшешек гүлдерін қонақтарға табыс етеді). Менің де сендерге дайындаған азын - аулақ сыйлығым бар, қабыл алыңдар! (балаларға сыйлық береді, балалармен қоштасады).
8. Қорытынды. Балалардың жеке және топтық жауаптары.
Тәрбиеші: - Балалар, жарайсыңдар! Ал енді бүгін біз сендермен не істедік, қане, есімізге түсірейікші!
Қазір жылдың қай мезгілі?
Бізге ертегілер елінен не қашып келді?
Біз оған қалай көмектестік?
Содан соң біз қайда бардық?
Бізді онда кім қарсы алды?
Бізге ол сыйлықты не үшін берді?
Жарайсыңдар, балалар! Бүгін сендерге мен риза болдым! Сендерге осы көктем тек жақсылық әкелсін деп тілеймін. Балалар, осымен біздің ашық ұйымдасқан оқу қызметіміз аяқталды, қане, қонақтармен қоштасайық!
(Балалар келген қонақтармен қоштасады).

Біледі: Көктем мезгілі туралы әңгімелеуді;
Үйренеді: Бәйшешек гүлін басқа гүлдерден ажыратуды;
Игереді: Көктемдегі маусымдық өзгерістерді.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×