Сайтқа кіру Тіркелу

Лұқпан хакімнің өсиеттері

Лұқпан хакім деген атты естімеген, білмейтін көзі ашық, көкірегі ояу қазақ баласы жоқ болар деп ойлаймын. Қазақ жыр - термешілері, әншілері жиі айтып, құлағымызға сіңісті болған Түркімен халқының ұлы ақыны Мақтымқұлының бір термесінеде:

Лұқмандай тапсаң дерттің дауасын,
Рүстемдей жыртсаң жаудың жағасын,
Іскендірдей алсаң дүние қаласын,

Сонда да бір жермен - жексен боларсың...- дейтін жолдар жадымызға жатталып қалыпты. Сондай - ақ Абай атамыздан бастап Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп қатарлы қазақ ойшылдарының мұраларында да «Лұқман хакім» аты жиі аталады. Жалпы Лұқман - шығыс әдебиетінде жиі кездесетін данышпан адам бейнесі. Яғни Лұқман - араб тілінде данышпан деген сөз. Бұл данышпан кісі жайында ислам діні шыққанша арабтарда да аңыз әңгімелер көп болыпты. Ал «хакім» сөз туралы википедияда былай жазылған: «Хакім (араб.: حكيم‎) — әр түрлі ғылымды меңгерген, сол ілімімен адамға ізгі қызмет қылуды мақсат еткен ғұлама. Орта ғасырларда «хакім» атауы даулы мәселені шешуші тәуелсіз төреші мағынасында қолданылды.»Абайдың «Хәкімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Әрбір ғалым – хаким емес, әрбір хаким – ғалым» деген ой тұжырымының астарлы мағынасы да осы. (Абай. «Қара сөздер». Алматы: «Арда», 2007. 57 - б)

Қасиетті Құран Кәрімдегі бүтін бір сүреге аты берілген Алланың сүйген құлы Лұқман хакім туралы деректер аз, сонымен қатар ол туралы әркімнің әртүрлі жазған мәліметтері де молынан кездеседі. Әңгіме басында кейбір деректерді келтіре кетер болсақ: «Лұқман хакім» - Азар әулетінен шыққан Аюб пайғамбардың (а. с.) нағашы апасынан туған, Алла Тағала мол ғылым, хикметберген діни нанымдар мен үкімдерге пәтуаайтатын, жолы тура, ойы терең адам. Дәуіт пайғамбардан тәрбие көріп, тағылым алған. Өзінен көп өнеге, үлгі, насихат қалған. Өз ұлына айтқан ақыл - насихаты Құрандабаяндалған. Пайғамбар емес, ұзақ жасаған. Есімі Құранда екі жерде аталады. (Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965 - 26 - 322 - 1) Лұқман Хакім Дәуіт а. с. пайғамбардың заманында Бәни Исраил қауымына қазы болып өткен деп айтылады.

Лұқман Хакімнің мазары Палестинада, Рамла қаласына жақын жердегі Сарфанд ауылында деп айтылады.

Құран Кәрімде Лұқман хакімнің атымен аталатын сүре бар. Аталмыш сүреде Алла Тағала Лұқман хакімді былайша сипаттайды: «Негізінде Лұқманға шүкірлік етуі үшін даналық бердік. Кім шүкірлік етсе өзі үшін шүкірлік етеді. Ал кім күпірлік етсе, Алла еш нәрсеге мұқтаж емес, Алла мұңсыз әрі мақтауға лайықты»(«Лұқман» сүресі, 12 - аят.)

Лұқмен хакім туралы деректерде Алла Тағала оған Пайғамбарлық емес, даналық берді, ол тігіншілікпен де айналысқан дейді. Сонымен қатар көп сөйлемейтін, көп ойланатын, зерек, күндіз ұйықтамайтын, ешкім оның түкіргенін көрген емес, күліп, ойын - сауық құрмайтын, даналық сөздерден басқа айтқан сөздерін қайталамайтын деп жазылған.

Оның Таран есімді ұлы иман келтірмегендерден болған екен. Осы себепті Лұқман ұлы иман келтіргенге дейін, оған үгіт - насихат етуді тоқтатпаған. Сонымен бірге Құран Кәрімде де Лұқман Хакімнің ұлына айтқан үгіт - насихаттары кездеседі. Әр бір әке өз ұлын жақсы көргендігі, жақсылықты қалағандығы себепті жақсылыққа үгіттеп отыратыны белгілі. (Ақпарат көзі: http://dinislam. kzсайтынан алынып өңделді.)

Ендеше Лұқман Хакімнің ұлына айтқан үгіт - насихаттарына бір сәт зер салайық: «Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: «Балақайым! Аллаһқа серік қосушы болма! Негізінде серік қосу үлкен зұлымдық» деді»(«Лұқман» сүресі, 13 - аят). Бұл жерде Лұқман біріншіден баласын серік қосудан сақтандырып отыр. Себебі серік қосу үлкен кешірілмес қателіктерден. Ең үлкен әділетсіздік ол Жаратушыны Өзінің жаратылыстарымен немесе бұттармен теңестіру. Бұл даналыққа жат нәрсе. «Балақайым! Тарының салмағандай болса да, бір жар тастың ішінде болса да, көктерде немесе жерде болса да Алла Тағала оны (қиямет күні) алдыңнан шығарады. Расында Алла Тағала өте жұмсақ әрі толық білуші» («Лұқман» сүресі, 16 - аят). Тарының салмағындай яғни, зәредей, өте кішкентай, елеусіз, көзге көрінбейтін деген мағынада. Көзге көрінбейтін, еленбейтін күнәлардың барлығы қияметте алдымыздан шығады.

«Балақайым! Намазыңды толық орында. Жақсылыққа шақырып жамандыққа тыйым сал. Басыңа түскен ауыртпашылыққа сабырлық ете біл. Негізінде бұлар маңызды істерден» («Лұқман» сүресі, 17 - аят). Лұқман Хакім серік қоспаудан кейін намаз оқуды үйретуде. Иманы жүрегіне толық орныққан адам Жаратушысына серік қоспайды әрі разылығын табу үшін оған бойсынып, бұйырғанын орындайды. Басын сәждеге жығып, намазды толық орындайды. Намаз орындаудан кейінгі насихаты адамдарды жақсылыққа шақыру жамандықтан тыю. Әдетте адамдар бірінші жамандыққа тыйым салып жатады. Көпшілік істеп жатқан ісіне тыйым салушыларды жақтыра бермейді. Егер біреудің ісінің бұрыстығын көрсеңіз оның орнын басатын істі тауып беруіңіз шарт екен. Керісінше жағдайда ол істен адамның бас тартуы қиын екен. Осы себепті болса керек Алла Тағала Лұқман Хакімнің сөздерімен жақсылыққа шақыруды бірінші орынға қойған.

«Адамдарды паңсып, менсінбеуші болма. Жер бетінде кербеңдеп жүруші болма. Шын мәнінде Аллаһ барлық даңдайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді» («Лұқман» сүресі, 18 - аят). Одан кейін барып жамандықтан тыю келеді. Енді жақсылыққа шақырған адамның басына қиыншылықтардың келетіндігі белгілі нәрсе. Аяттағы жақсылыққа шақырып жамандықтан тыюда астарлы мағыналар жатыр.

«Жүрісіңде орташа бол, дауысыңды қатты көтерме. Негізінде дауыстардың ең жаманы, ол есектің дауысы»(«Лұқман» сүресі, 19 - аят).

Жақсылыққа шақырушы адам еш уақытта өзін басқалардан жоғары қоймауы тиіс. Мен оларға тура жолды көрсеттім деп дандайсынбай, мінез - құлқында, іс - әрекетінде адамдарды менсінбеушілік болмау керек. Алла Тағала дандайсыған мақтаншақ, өзін басқа адамдардан жоғары қоятын адамдарды жақсы көрмейді. Әрбір адам өзінің жүріс - тұрысын қадағалай білу керек. Мұсылман мінезі мен жүрісін мұқият қадағалап жүруі керек. Дауысты қатты көтермеу – адамның ақылды, парасатты, өзіне, сөйлер сөзіне, әділдігіне сенімді, иманы берік екендігін білдіреді. Жаман дауысты аятта есекке теңеген. Аяттағы есек сөзі ақымақтық пен адамгершіліксіздіктің символы ретінде келіп тұр. Әрине бұл барлық уақытта жәй сөйлеу керек дегенді білдірмейді. Жаныңызда бір адам тұрса әрине сіз жәй дауыспен сөйлесесіз. Бір топ адамның ішінде немесе ұзақтағы адамға біршама дауысты көтеріңкі сөйлеуге тура келеді. Аталмыш ескерту өзін көрсету мақсатында жан даусын салып айқайлап сөйлейтіндерге арналады. Атың шықпаса жер өрте деген осыған байланысты айтылса керек.

Лұқман бір жолы бір дорба тарыны қасына алып, ұлына насихат айтқан кезде, әр сөйлемінде бір тары түйірін алып қасына қояды. Дорбадағы тары таусылғанда ұлына: «Әй ұлым! Саған айтқан насихатымның көптігі соншалық, бұл насихаттар бір тауға берілсе, тау жарылып, бөлшек - бөлшек болар еді» дейді.

Осы насихаттардың кейбіреулері мыналар:

- Адамдарға насихат айтқанда өзіңді ұмытпа. Балауызға ұқсама. Балауыз жарық шығарғанда өзін ерітіп, тауысады.

- Үнсіз қалған өкінбейді, сөз - күміс, үнсіздік - алтын.

- Қарыздың салмағында езілгенше, тас тасы.

- Істеген ісіңде бұрын мұны сынаған, тәжірибелі кісілерден ақыл сұра. Өйткені олар өздеріне қымбатқа түскен тура көзқарастарын саған ақысыз береді.

- Еңбек ет. Еңбектенбеген, табыс таппағанның діні мен ақылы олқы.

Міне, осылар даналық істер мен даналық сөздер болып табылады. Аз айтылған, алайда көп және терең мағынаны қамтыған сөздер.

Адам негізгі рухани азығын ұмытып, денелік азықтың соңына түсіп кеткендігінен бұзылатын көрінеді. Өзі тойғанмен көзі тоймай, қанағаттың не екенін білмей қалады. Дүниелік өмірдің азығы мен мәңгілік ақыреттің азығын ажырата алмайтын дәрежеге жетеді. Лұқман хакім: «Асқазан толғанда ойың ұйықтап қалады. Хикмет үндемей қалады және мүшелерің ғибадат жасай алмайды», – деген екен.

«Ей, ұлым! Ұлы Құдіретті жаратушыны таңы. Кімге ақыл насихат айтсаң, алдымен өзін жүзеге асыр. Сөйлеген сөзін қадіріңе лайық болсын. Адамдарды қадірлей біл. Көпшіліктің ақысын ойла, қиянат қылма. Өз сырыңды жасырын ұста. Досыңды басыңа күн туғанда сына. Надан мен опасыз адамға жолама. Дана және білгір адамдармен дос бол. Ақкөңіл және дана кісілермен ақылдас. Жақсы жұмысты тастама. Жаман жұмысты бастама. Ата - анаң үлкен дәулет. Қаражатты табысыңа қарай жұмса. Бір үйге барғанда көзің мен тіліңе абай бол. Аз сөйлеп аз тамақтануды әдет қыл. Адамдардың жақсылығына күншілдік қылма. Бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырма. Байлығыңды дос дұшпанға білдірме. Жақсы адамды жаман деме. Шын сөзді әзілге бұрма. Біреуді екінші адамның алдына ұялтпа. Айтқан сөзіңді екінші рет қайталама. Өзіңді және жақындарыңды бөтендердң алдына мақтама. Ескі ұрыс керісті есепке алушы болма. Барша адамдарды құрметтей біл. Күн шыққанға дейін ұйықтама. Екі адам сөйлессе сөзіне араласпа. Орынсыз жұмыстарға соқтығысып, абыройыңды төкпе. Адамдардың көре алмаушылығынан сақтан. Өзіңнің қор болмауыңды ойла. Мейрімді және кішіпейіл бол. Алладан қорық, халыққа ынсап қыл, ұлықтарға қызмет ет, кішілерге мейірім жаса, жастарға насихат айт, дұшпандарға ақкөңілділік көрсет және ғалымдарға еліктеумен өмір сүр.»

Лұқман өзінің баласына амалының тек Алла Тағала мен өз ұжданының ризалығы үшін болуды, тәкаппар адамдарды мадақтамауды және мін тағушылардың сөздеріне құлақ аспауды насихаттапты. Ұлына жастайынан илаһи тәрбие беруде барлық қажыр - қайратын жұмсаған дейді. Баласы әкесінен осы ақыл - кеңеске сәйкес амал еткен адамды көргісі келетінін айтады. Лұқман хакім: «Сапарға дайындал, аттарды да дайында. Сапар бойында осы сұрағыңның сырын ашамын», — дейді. Перзенті әкесін тыңдап, сапарға жиналып, аттарды дайындайды. Лұқман атқа мініп, баласына артынан еріп отыруды бұйырады. Олар далада жер жыртып жүрген адамдардың қасынан өтеді. Адамдар әкесі мен баласын көріп, наразылық білдіріп: «Мынау қандай рақымсыз және тасжүрек адам!… Өзі атқа мініп, кішкентай баласын жаяу жүргізіп қойыпты», — деседі. Сол кезде Лұқман баласын атқа мінгізіп, өзі ұлының соңынан жаяу еріп отырады. Сөйтіп алдарынан тағы басқа адамдар кездеседі. Бұл жолы адамдар: «Перзентін дұрыс тәрбиелемеген мына надан әкені қараңдар… Міне, енді жас, күш - қуатты баласы өзі атқа мініп алып, қарт әкесін салпаңдатып, жаяу жүргізіп қойыпты», — деп наразылық білдірді. Мұны естіп, Лұқман да баласымен атқа мінгесіп, жолдарын жалғастырып, келесі топқа жетеді. Олар атқа мінген екеуін көріп: «Қандай рақымсыз адамдар… Екеуі бірдей әлсіз хайуанға мінгендері аздай, жүктерін де артып қойыпты», — дейді. Осыдан кейін Лұқман мен ұлы аттан түсіп, сапарларын жалғастырып, басқа бір ауылға жетеді. Ауыл тұрғындары оларды көріп, таңғалып: «Мына қарт пен жас екеуінің аттары бола тұрып, жаяу жүріп, жолдың қиындықтарына төзіп келеді. Бұлар хайуанды жандарынан артық жақсы көреді екен», — деседі. Әкесі мен баласының сапары осы жерге жеткен кезде, Лұқман перзентіне: «Мен айтқан кеңестің көрінісі осы. Ақылды адам халықтың ризашылығына ие болудың орнына, ең әуелі Алла Тағала мен ұжданының ризалығына ие болып, өз мақсаттарына жетуге талпынуы керек» дейді.

«Осынша әдептілікті қайдан үйрендің?» дегенде «әдепсіздерден үйрендім. Олардың өзін - өзі ұстауына қарап, қайсысы көңіліме жақпаса, сол әдеттен бездім» депті Хакім Лұқпан.

Лұқман Хакім өзінің ұлына: «Адамның үштен бірі Алланікі, ол – рухы. Үштен бірі өзінікі, ол – амалы. Үштен бірі құрт - құмырсқанікі, ол – денесі» деп өсиет қалдырыпты. Сол сияқты, адам баласы төрт рет тоналады екен. Өлім періштесі – жанын тартып алады. Артында қалғандар – мал - мүлкін бөлісіп алады. Қабірде қалған денесін – құрт - құмырсқа жеп тонайды. Қиямет күні зияны тиген даугерлері – жақсылық амалдарын тонайды.

Лұқман Хакім баласына «Ұлым! Сенің ең әуелі қорғайтын нәрсең – нәпсің. Себебі, әрбір нәфстің тартылатын бір нәрсесі бар. Егер, нәпсіге бір рет ерік берсең, екіншісін талап етеді. Сіріңке шиінің астында лаулаған жалындай, нәпсі қалаулары жүрек ішінде жасырынған. Шақырып алсаң, лаулаған оттай өршиді. Ол нәпсіңе ермесең, бәрі жасырын қалады деген...» деген насихат айтыпты.

Тағы бір деректе былай дейді: Лұқман Хакім сөйлегенде даналықпен сөйлейтін, ой жүгірткенде де солай, іс - қимылды да даналықпен орындайтын. Мәселен, бір күні оның қожайыны оған мына қойды бауызда деді. Ол бауыздап болған кезде, қожайыны: «Қойдың ең жақсы деген екі кесек етін кесіп ал»,- деді. Лұқман Хакім қойдың тілі мен жүрегін кесіп алды. Кейін қожайыны: «Енді ең жаман екі жерін кесіп ал»,- деді. Лұқман тағы да тілі мен жүрегін ұсынды. Осы кезде қожайын Лұқманға қарап: «Ең жақсы жері дегенімде тілі мен жүрегін кесіп алдың, ең жаман жері дегенімде де тілі мен жүрегін кестің?!»,- деді. Сонда Лұқман Хакім былай деп жауап берді: «Егер осы екеуі адал болса бұлардан жақсы жер жоқ, ал егер бұл екеуі бұзылса бұлардан жаманы жоқ».

Лұқман хакім өз өсиетінде былай деген мысал келтірген дейді: Бір күні хал үстінде жатқан бір кісі екі қызын шақырып алып былай дейді. Бір қызына үлкен тас әкел, екіншісіне дәл сол үлкен тастың салмағындай майда тастарды жинап алып кел дейді. Екі қызы әкелерінің айтқанын орындап келеді. Келген қыздарына әкесі: енді тастарыңды алған орындарыңа қайта апарыңдар дейді. Үлкен тасты әкелген қызы орнына қояды. Дегенмен екінші қызы майда тастарды әр жерден теріп алғандығы себепті, орындарын ұмытып қалғандығын айтады. Сол кезде әкесі кіші күнәлар осы майда тастар секілді естен шығып қалады. Сол себепті кіші күнәлардан сақ болыңдар деген екен.

Тағы бір күні бір адам Лұқман Хакімді сөзін мұқият тыңдап отырған адамдардың ортасынан көреді. Сырттан қарап тұрған кісі Лұқманға қарап: сен бұрын менімен қой баққан адам емессің бе деп сұрады. Лұқман: ия, ол менмін деп жауап берді. Сен мына дәрежеге қалай жеттің деп сұрағанда, Лұқман Хакім: шыншылдық әрі маған қатысы болмаған нәрсеге араласпау арқылы деп жауап берді.

Хазреті Лұқманға замандастарының бірі: «Пайғамбарлардан үйренген іліміңізді қорытындылап, нәпсі тәрбиесі жөнінде бізге қысқаша түсіндіріп беріңізші?» деп өтініш жасапты. Хәкім Лұқман: «Екі дүниедеде пайдасы тиетін бір сөз айтайын. Өткендердің және кейінгілердің ілімдерін дұрыс түсініп, оларды пайдаға асыру үшін сегіз нәрсеге мән беру керек. Олар: төрт уақытта төрт нәрсені қорғау, екі нәрсені ұмытпау, екі нәрсені мүлде жадынан шығару.

Қорғайтын нәрселер:

1. Намазда ықыласты.
2. Халық арасында тілді.
3. Жеп - ішуде ауызды.
4. Біреудің үйіне барғанда көзді.

Ұмытпайтын екі нәрсе:

1. Аллаһтың ұлылығы.
2. Өлімнің бары.

Ұмытатын екі нәрсе:

1. Біреуге істеген жақсылығың.
2. Басқаның өзіңе істеген жамандығы.

Адамдардың істеген жақсылықтарын ұмытпау, менменсіп кетуден сақтап, жақсылық істеуге құлшынысты арттырады. Өзіңе істелген жамандықты ұмытпау, кектену және өш алу сезімдерін оятады. Міне, осылар Пайғамбарлар ілімдерінен қорытындылағаным» деп жауап берген екен.

Алла Тағала баршамызға даналық пен хикметті дұрыс ұғынып, амал жасауға нәсіп етсін!
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×