Сайтқа кіру Тіркелу

Тектану қазақ білімінен

Тектану қазақ білімінен
«Жеті атасын білген ұл,
Жеті жұрттың қамын жер.
Өзін ғана білген ұл,
Құлағы мен жағын жер». Асан қайғы

Қазақ әр нәрсенің "арғы тегін", "шыққан тегін" білуге үлкен мән берген - ді. Көшпелі үшін тұтас нәрсе - құдіретті күш, қастерлі құбылыс, құпиялы тылсым дүние, әсерлі де әдемі әлем. Осыдан арғы текке деген - Тәңірге, Ұмайға, Жер - Суға табынушылық (культтық өмір сүру), олардың арақатынасына ритуалдық (ғұрыптық) рәсім - салттар қалыптасты. Көшпелі жер кезіп, ел кезіп жүріп, бұрынғымен бүгінгінің бөгде мен жаңаның кәрімен жастың, көргенмен ойдағының арақатынасын білуге тәнті болған. Неге? Өйткені ол дүниені тұтас қабылдаған. Өмірге тура жолды іздеген. Адам болмысында оның жан дүниесі мен рухының ықпалын жоғары қойған. Адамның қабілет - қасиетін жетілдіруді ашық арна ретінде қарастырған. Аруақ пен адам рухын тіршіліктің мәңгі, лаулап тұрған қос қайнар көзіндей қабылдаған. Содан қазақ табиғатпен әр түрлі үндестікте болды. Осыдан "қазақтың ата - тегінің болмыс шындығына тікелей жақын болуы - олардың бақылайтын, қабылданатын, дүниеге сезімдік тұрғыдан жақын болуы, бұл болмыспен тамырластығы уақытты, кеңістікті, адамның ішкі дүниесі, тіршілік етудің басқа да жақтарын, болмыс мәнін, ар - ождан бастауларын түсінуінен өз көрінісін тапты.

Мұның бәрінің нақты өмірде нақты түп тамыры бар, осыдан келіп басқа ешбір дүние түсінігімен шатыстыруға болмайтын дүниенің ұлттық образы, дүниетанымы пайда болады". (Т. Әбжанов, Ә. Нысанбаев, ) Ал, тектанудың пайда болуына, көне замандағы тайпа, топ, ата өз ішінен тұрмыс құрып, оның соңы олардың ұрпақтарының ортасында неше түрлі ауыру - сырқау, кем - кетік жандардың дүниеге келуі, тіптен кейбіреулерінің мүлдем құрып кетуге жетуі басты себеп болған.. Тек – адамның түп нәсілін, арғы атасын білдіретін тарихи ұғым. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «текті» сөзіне келесідей анықтамалар берілген: «1) шыққан тегі бір, тұқымдас, тектес; 2) тегі, шыққан жері жақсы. Текті жер – үлгілі, өнегелі ел, ауыл». Демек, қазақта тектің физиология - лық тұқым жалғаудан бөлек, адам ұрпағының сапалық белгілерін айқындайтын индикатор екендігін аңғаруға болады. Ежелден, ата - бабаларымыз тектіліктің деңгейлерін тұқым мен қан тектілігі, азаматтың өз басының тектілігі, халықтың тектілігі деп ажыратқан.

Міне, дала философиясының қайнар көзі! Ұлан - байтақ жерде туған көшпелі қазақ текті халық - мінезі кең, көреген, сезгіш, естігіш. Қазақ жұрты, тектану амалын тереңдетіп, жетілдіріп күні бүгінге дейін дұрыс пайдаланып келеді. Бұл құбылыс үш жағдаймен көрініс берді. Бірінші Қазақтар «Адамның күні адаммен» деген қарапайым қағиданы тіршілікте шынайы басшылық еткен. «Сүйек сүйкеніп, жекжат жұғысып, туыс демесіп» күн көретіндіктен адамдар бірін - бірі жатсынбай, біріне - бірі арқа сүйеп, өмір сүру қажет екенін ұлы дала табиғаты, ауа - райы, өмір салты қазақтың сүйегіне сіңіріп ұқтырған екен. Сондықтан да, туыстық - қандастық жүйені тарата білу, саралай алу, тарихын талдау атам қазақ үшін өмір талабы болған. Осы негізде әулет мектебінде оқытылатын негізгі пәннің бірі -«Шежіре - тарих» еді. Бұл пәннің негізгі мақсаты; ата - бабасының кім екенін, олардың кімдермен достасып, кімдермен жауласып, кімдермен қатар көрші тұрып, қандай қатынас жасап, байланыста болғанын жас ұрпаққа ұқтыру еді. Өткен өмір - бәрі сабақ. Ұрпақ үшін тарих пен ата - баба шежіресі өте маңызды оқу. «Жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі» дейтін қазақ туыстық барлық бағытын тәптіштеп түсіндіретін. Төрт құбыласын тең көрген қазақ, жастарға, өз жұртын, нағашы жұртын, жиендерін, өз ұрпақтарын толық білдіру үшін тамаша әдіс ойлап тапқан.

Мысалы, адамның төс сүйегінен бастап, санағанда қол ұшына дейін 7 буын болады. Осы жеті буынды әр атаға сәйкестіріп: иық буыны - әке; шынтақ буын - ата; білезік буынын – баба; алақанбуын – ұлы ата; саусақ буын – ұлы баба(еліката); саусақ орта буынын - әзата (құланат), саусақүшы буыны - әз баба(жуажат) кімдер болғанын, оны төрт жаққа таратып айтатын болған. Осы күнгі аға буынжас буын деу содан ұласқан. Ататек атулары:
*Әке, ата, баба, ұлы ата, ұлы баба, әз ата, әз баба:
*Әке, ата, баба, ұлы ата, елік ата, құланат, жуажат, жегжат:
*Әке; ата; баба; ұлы ата; ұлы баба; тек ата,(тектін); түп ата (тұқиян);(Кей этнографтар баланы атаға жатқызып жазып жүр. Ол - жаңсақтық.) Бұл ататек атаулары, әр өлкеде сәл бөлектеу болуы мүмкін. Қазақта, ататегімді бес саусағымдай жақсы білемін, олар алақанымда жазулы тұр деген мақтаныш сезімді білдіретін сөз тіркесі бар. Себебі ататектің көпшілігі алақан аумағында орналасқан. Ал, жеті атадан асқан соң, ағайының да жегжат болады, қыз алысып, қыз берісуге руқсат деген түсінік бар. Алайда, рулас қазақтар құда болысқан емес. Заузаттар атауы: *Бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жүрежат, жұрағат.
Бұл үрім бұтақ, ұрпақ жұрағат атаулары қазақтың барлық өлкесінде бірдей кездеседі. Қазақ, өзің мың жасамасаң да, ұрпақ жұрағаты - үрім бұтағың мың жасайды дейді.

Түп - тұқиянына дейін жатқа білетін қазақ атамыз, тегін таратқанда, олар кімдер болғанын ғана айтпаған. Әкесі ұлына кеудесін нұсқап; бұл - сен, оң қолын - өз жұртын, сол қолың - нағашы жұртың, сондықтан, әр буынға бір ата сәйкес келеді, баяндай бер дейтін. Баласына ата - бабасын айтып қана қоймай, олар қайда қоныстанғанын, нендей өнері, даңқы, атағы болғанын, дәулеті қалай болғанын, тіпті, немен шұғылданып, руына несімен қадірлі болғанын айтып беретін және қайырып айтқызатын. Бұлардың шаңырағы қазір қайда, кімдер басып отыр, олардан тараған ұл мен қыздар кімдер, олардың алдында – сенің міндетің, борышың қандай?» - дегенді де айтатынды. Әке айтқандарын, бала жадында жаңылмай сақтау үшін ағайындар үш шеңбер аумағында талданатын. Мұнда: бірге туғандар - бір әке балалары; немере ағайындар (бір атаның балалары,); жамағайындар (үш атадан қосылғандар, баба - балалары); қалыс ағайындар (әз ата, әз баба балалары). Осыларды толық тоқып үйренген ұл мен қыз - жеті рудың қамын жейтін халге жеткен. Рулар шежіресі жинақталып, қорытындала келе тайпа, халық тарихы да жазылған. Мұндай тарих - шежірелердің қолжазба түрінде сақталғандары мен қоса тасқа басылған, матаға жазылған, ағашқа ойылған, көнге шабылған түрлері де бар.

Туысқандық мейірім,«Туысы бірге түтпейді, түбі бірге кетпейді»,«Ағайынның азары болса да безері болмайды», «Қанды қалпақ кисе де, қиыспайды туысқан» деп, қазақ, туыстың ешқашан қиыспайтын нәзік сезімін көрсетеді. Ағайын арасында қандық, тектік қатынастың сырлы байланысы бар екенін байқай білген. Қазақ болашақ ұрпағын, үрім - бұтағын байланыстырған сүйек - жекжатына үлкен мән беріп, бірін - бірі сыйлап адамдардың бір - біріне құштарлығынан қуат алатын, жүректен көмектесіп, әдеттенуге тәрбиелеген. Туысқандық мейірім - отбасындағы, әулеттегі ынтымақтың, береке бірліктің қайнар көзі. Туыстық мейірімнің негізі адамның қоршаған ортаның сұлулығын сүю, оны аялай білу сезімінің жемісі болумен қатар содан шыққан асқақ көңіл Дұшпандарымыздың осы бір қазақтың бауыр - малдық. ағайындықтың, туысқандық қасиетін жою үшін, оған таптық рең беріп, қанаудың барлық түрі осының артында жасырылған деп жар салуы тегін емес. Қандастық қайырымның қандай болатындығы соңғы ширек ғасыр да дүние жүзіне жарқырап көрінгенде, пасық ойлы ондай антұрғандар аузына құм құйылды! «Өзіңдікі өзекке тепсең де кетпейді, басқаныкін басыңа көтерсең де оған жетпейді». «Қазақ сұраса келе, қарын бөле болып шығады», «Тегі бірдің - түбі бір», «еншісі бөлінбеген, барлығы - бір алаштың баласы», «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»(Абай) Бар қазақтың бір ата баласы екенін, бір - бірін жатсынудың еш негізсіз екенін Шәкәрім де, шегіне жеткізіп айтқан

Қазақ бала бойындағы ерекше қабілетті, ата тегі арқылы қонған табиғи дарынды өте жоғары бағалаған. «Атасына тартып ақын болыпты, нағашысына тартып әнші, әкесіне тартып күйші, анасына тартып биші болыпты» деп, баланың икемі мен талабына сүйсіне қараған. «Ата өнері - балаға мұра, ата кәсібі - бала нәсібі». Жас ұрпақтың тәлім алып, үлгі - өнеге үйреніп, өнер ұғатын - ұстаздық ортасын, ағайын туысын қадірлеп құрметтеу, олардың мейірім шапағатына бөлену бала үшін таптырмас табыс. М. Шаханов: «Өз туған жеріңе деген сүйіспеншілігіңді ең алдымен отбасыңа, ауылдастарыңа арнамай тұрып, барша әлемді сүю мүмкін емес». «Туған өкпеге қиса да, өлімге қимайды». «Тұрман құйысқандай болмайды, тумаң туысқандай болмайды». «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» Біздің текті әже, арлы, айбарлы да, ақылман әжелеріміз бен аналарымыз Жан иесі жатырда пайда болысысымен, оны аялау, ананы құрметтеу үшін өте ауқымды шаралар мен әрекеттер жасаған. Осының нәтижесінде құрсақтағы жан иесін шарана шағында тани білген. Бұл іс - әрекеттер: ырым - тыйым, рәсім - ұлағат аясында жүзеге асырылған. А. Байтұрсынов: «Ырым етсең адал ет, жамандықтан аман ет»- деген. Адал ниетпен жасалған ырымдар бізге жетті. «Аптасына бір рет монша көрмесең, тәнің кірлер. Күніне бір рет адаммен сөйлеспесең көңілді кір басар»- деген ұлағатты сөз бар. Адам көңілін жадыратып, сезіміне сыр ұялатып, шалқытып отырса ол адамда өмірге деген құлшыныс, тірлікке деген талпыныс туындайды. Әжелеріміз, аналарымыз осыны жақсы сезінгендіктен өмірге келе қоймаған шаранаға тумақ жерінің хош иісін, әсем үнін, таңғажайып тұлғасын таныта білген.
Мына ырымдар соның айғағы. Жүкті жас келінге ақ биенің кешкі саумалын ішкізіп, көбігін жалатады. Жас ананың «Көңілін көтеру» ырымын жасайды. Жастар келінге, салмақты, байсалды, ырғақты ән айтып, күй тартып береді. Майда құм не тұз үстімен жалаң аяқ жүргізеді. Айлы түнде суық суға шомылдырады. Бала ширақ болады. Жүкті келініне көлденең жатқан жіп, арқан, бауды аттатқызбаған. Баласының кіндігі мойнына оралып қалар деп ойлаған. Жүкті әйел шашын кеспейді. Бақ таяды, баласының бағы сөнеді, кемтар болып туады, ғұмыры қысқа болып туады дегенге сенген. Екі қабат әйел хайуанды теппейді, баласының арқасына жүн өседі, өзінің белі ауырады. Бала өмірге келісімен жылы суға тұз салып шомылдырған. Жусан салған жылы суға денесін батырып, хош иісті шөптермен сылап - сипап, денесін созып, шынықтырып отырған. Келіннің ұйықтайтын отауын, төсегін, сәбидің бесігін, құндағын арша түтінімен аластап тазалаған. Жусан мен аршаның иісі оның туған жерінің иісі, оның жадында, көңілінде мәңгілік сақталады. (Шетте жүргендер, сапардағылар туған жерінің тасы, топырағы мен арша, жусан ала кететін рәсім осы ырымның көрінісі.) Емшектегі баласы бар әйел жалаңбас отырып бала емізбейді, орамал салып алу керек. Жалаңбас болса, қайызғағын шайтан баланың аузына салып жібереді.

Бала есейгенде мәңгүрт болады, анадан безеді, басына шығып - кемітіп сыйламайды, сөзін тыңдамайды, қиянат жасайды. Қазақ анасы омырауын ашып бөгде тұр ғой ата - енесіне көрсетіп бала емізбеген. Бірге тұрғандар баласын шымылдық аржағында емізген. Бұл ырымдар жас ана мен баланы мәпелеу, қадірлеу, тәрбиелеудің мейрімді жолы. Бала есейе бастағанда туған жеріне апарып аунату, кіндік қаны тамған жерін көрсету, кіндік кескен жұртын таныту ырымы - оның туған жеріне деген сүйіспеншілігін ояту үшін жасалған.. Ертеден келе жатқан ырым бойынша белгілі батырлар мен билерге, ақындарға, әнші – күйшілерге, атақты адамдарға баласын ертіп апарып аузына түкіртіп алатын болған. Ондағы ойы баласының сондай болсын дегені. Осындай ниетпен солардың аттарын қоятын. Бұл ырым бүгін де кең етек алған Қазақ өте ырымшыл, нанымшыл болғандықтан. «Көз тиеді», «ібіліс - шайтан іліп әкетеді», «түсік тастап қояды» деп жүкті келінді жұрт көзінен қағаберіс, жасырын ұстауға тырысқан. «Бесікті үй берекелі» демекші, баласынан немере сүйіп, ұрпағын өсіруді армандаған аналар келіндері көп кешікпей екіқабат болса, оны ерекше қамқорлыққа алып аялайды. Келіннің жүкті кезінде мезгілімен дұрыс тамақтануына, үсті - басын таза ұстауына, дұрыс демалуына, бойжазуына, ерекше көңіл бөліп, осылардың орындалуына енесі, абысындары мұқият болатын - ды.

Дәлірек айтқанда, екіқабат келіннің тамақтану, демалу, жүріп - тұру, ережесі болған, оны бұлжытпай орындату әулет мектебі ұстаздарының негізгі міндеті болған. Екіқабат әйелдің ішкен асын сіңірмей лоқсу, шамалы құсу сияқты ағзасындағы өзгерістен болатын ерекше құбылысты жерік болу немесе жүрек айну дейді. Адамзат тарихынан белгілі болғандай, пайғамбарлардың, сахабалардың, даңқты патшалардың аналарының жеріктігі туралы аңыз әңгімелер тым мол. Қазақ ұғымы бойынша, ол айтылғандардың барлығы рас, шүбәсіз сенімді. Сондықтан да, апа - енелер, абысындар келіншектің неге жерік екенін, қашан оның нышаны байқалғанын дер кезінде білуге міндетті болған. Әйелдің жеріктігі әркімде әр кездерде әрқалай көрініс береді. Мәселен көруге жеріктік, естуге жеріктік, иіске жеріктік, ұйқыға жеріктік, асқа жеріктік. Осының ішінде асқа жеріктік барша халыққа тән. Асқа жерік болған келіншектің көңілі қалаған, тәбеті тартып тұрған нәрсесін зарықтырмай, барынша тез таттыру абзал. Сонда ғана ол қалағанынша жеп,«қанып» қанағат алады. Сонымен бірге әйелдер бойында үнемі тықыршытып маза бермейтін: белгілі бір табиғат суретін немесе оқыс оқиғаны бөлекшелеп көргісі келетін; құйқылжыған бір музыканы немесе найзағайдың сатыр - күтірін естігісі келетін; ыс пен түтіннің немесе гүлдің жұпар иісін жұтқысы келетін, жеріктіктер бар.

Қанағат тілеп тұрған әйел бойындағы мұндай жеріктік толық қанып, ішкі құмары толық басылғанда ғана оның денсаулығы күшейеді. Сөйтіп өзімен бірге баланың «тұғыры бекініп» денсаулығы оңалады. Алайда бір жерігі қанса да, екінші жерігі ашылып, жеріктің жаңалап ауысып отыратын да жағдай болады. Мұны айнымалы немесе ит жерік деп жатады. Жеріктіктің қанғаны дұрыс, нәресте нышанға оның кері әсері тимеуі керек. Жеріктіктің қанғаны дұрыс, нәресте нышанға оның кері әсері тимеуі керек. Жеріктікті ауызға алған себебім, көзі қарақты, көңілі алғыр әже - апаларымыз жеріктікке балап көп нәрсе түйген, Жан иесінің жағдайын түсінген, оның келешегін болжаған. Қазақ аналары қасқыр етіне жерік болса, одан туған бала өжет, батыр болады деген сенім бар. Мәселен: ХVІ ғасырдың белгілі батырлары Орақ пен Мамайдың анасы Қараүлек әже былайша толғайды:«... Мамайжан бойға біткенде, Арыстан, бөрі етін жеп, Қанып еді жерігім» (23 жоқтау) Аю етіне жерік болған анадан туған балалар:« Бір жұмысқа жұмсасаң, орнынан әзер қозғалады. Сараң сөзді келеді. Жүргенде екі жаққа ырғалып, балпаң - балпаң етіп, аспай - саспай жүреді. Есейе, ес біле келе, ешкімге де дес бермейді. Қаруы ақылына сай, арыстандай азамат болып ер жетеді. Көзі жұмықтау, құлағы шұнақтау келеді. Қол - аяғы балғадай, екі беті алмадай, шымыр денелі болып өседі. Атағы жеті жұртқа жеткен, жетелі азамат болады.

Бір кемшілігі – қорқақтау, табансыздау болады. Дүйім жұрт жиналған жерге көп байыздап тұрмайды. Үлкендерге, өзі теңдестеріне, тіпті өзінен кіші адамдарға да қарсы келмейді. Күші қаптал жетіп, ойы орап тұрса да, бір нәрсеге батылдық етпейді. Содан қарадай қашқақтап, шегіншектеп, бойын сыртқа тарта береді. Әсте алдыға түсіп, басқалардан қара озып жүгірмейді. Ал ашу - ызасы келсе, бәрін де тас - талқан етіп, апырып - жапырып кетеді. Таудан тас құлағандай қопал - қопал қылықтар көрсетеді. Жерді жарып, айқай салады. Әйтеуір бір жақсысы, ондай мінез ұзаққа бармайды. Өзі сыйлап, жақсы көріп жүрген әлдебір үлкен адам ақыл айтса болды, ашуын тежеп, айбарын жоғалтып, тоқырап, тоқтап қалады. Егер осындай аю етінің жерігінен туылған қыз бала болса, дене бітімі кесек, қол - аяғы ірі, жалпақ бетті, жалпақ алақанды, жалпақ табанды, қалың етжеңді ерінді, тана көзді, дана сөзді, дара мінезді еркекшора болады. Қару - қайраты ер адамдардан кем түспейді. Өзіне қарсы келген әйел болсын, ер болсын, белінен бүктеп, алып ұрады. Қолы жомарт, ақшелек, жарқын жағымды жүзді болады. Бір айыбы - қызғаншақ, ұрыншақ, қылжақ сөзді жындыбастау келеді. Махаббатқа жауапкерсіз, дала кезбелеу болады. Үй жұмысына сақ болғанымен жауапкершілігі аз болады. Тамақ істеу, бала бағуға мойын бұрғысы келмейді. Ыдыс - аяқ жаққа барса, салдыр - гүлдір еткізіп, бірін - біріне соғып, кемінде бір кесені сындырып кетеді. Киімді олпы - солпы киеді. Жарасса да, жараспаса да үстіне іліп алып, хан базарда, қонақта, тойда тартып жүреді. Басқалар өзіне қандай көзбен қарайды, қандай баға береді, онымен есептесіп жатпайды. Бәрі өзіне дұрыс болса болды. Өз сезімі қабылдамаған, басқалардың айтқан қандай да ақылын қабылдамайды. Әйел адамдардан көрі ер адамдармен сырласуды, әйел адамдардың жұмысынан көрі ер адамдардың жұмысын істеуді ұнатады.» ( Болат Бопайұлы Жота Қажы) Қазақта көкқұмай, аққу, арыстан, жылан, құлан, ұлар етіне жерік болған аналардың өмірге әкелген балалары туралы аңыз әпсана, ұғым - түйінлер мол - ақ. (жалғасы бар)

Қобдабай Қабдыразақұлы (жазушы).
Күннұр Қайратқызы (№8 мектеп мұғалімі)
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Жүктіліктің белгілерін анықтау

Жүктіліктің белгілерін анықтау

Әйел жүкті боп қалғанын, дәрігерге бармай - ақ, өзі біле ала ма? Әрине, біледі. Өйткені бала бітудің бірнеше айқын белгілері бар. Солардың бірі -...
Нағашы жұрт жайлы

Нағашы жұрт жайлы

Нағашы жұрт - туған ананың әке-шешелерінен бастап, барлық аталас ағайын-туыстары мен үрім-бұтақтары. Нағашы (ер, әйел) - ананың төркін жұрты. Нағашы...
Қазақтың туыстық атаулары

Қазақтың туыстық атаулары

Қазақ халқының туыстық атауларын біліп жүрейік. Көптеген жастар жиен мен жиеншарды ажырата алмай жатады. Сондықтан жастар туыстарыңызды қалай...
Текті білу тегін емес

Текті білу тегін емес

Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, №19 мектептің өзін - өзі тану мұғалімі Тілеубаева Алтын Ысқаққызы...
Текті білу тегін емес

Текті білу тегін емес

Тақырыбы: Текті білу тегін емес Мақсаты: «сыйластық», «туыстық» адамгершілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту Міндеттері: - ата тегі, жеті...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×