Ұлы Дала елі
ӨСИЕТ ӨРНЕКТЕРІ
Байлыққа мақтану ақылдының ісі емес.
Өтірік, өсек айтпа және оны айтушыларды тыңдама.
Кемтарларға, жетімге қамқорлық жаса, жәрдем бер, садақа бер.
Айтта, Наурызда, мереке күндерінде «құтты болсын» айтуды ұмытпа.
Танитын адамдарға қуанышына ортақтасуды немесе қайғысына көңіл айтуды ұмытпа.
Тәңірге, аруаққа, халыққа тіл тигізбе.
Ата - анаңа әдеппен сөйле, құрметпен қара, айтқанын сөзсіз орында һәм оларды әулие тұт.
Біреудің киімін (жақсы болса да) киюге әуестенбе.
Өнердің қай түрі болса да үйренуден жалықпа.
Туыс - туғандарыңды, нағашы - жиендеріңді, тағы басқа ілік, құда, жекжаттармен жиі қатынасып, араласып - құраласып жүр. Оларды өзіңе жақын тұт.
Туған жеріңді ұмытпа. Ол жерге жиі барып тұр. Бір уыс топырағын үйіңде қастерлеп сақта.
Ата - баба қорымдарына соғып, оларға дұға оқуды ұмытпа.
Біл - білме, бірақ жолдағы қорымдарға дұға оқып, бет сипауды есіңнен шығара көрме.
Көп адам жиналған жерге сәлемдеспей өтпе.
Сырқат адамның көңілін сұрауды ұмытпа. Бірақ кешке, түнде көңілін сұрауға болмайды. Науқас адамға қайғылы хабарды айтпа.
Лауазымы үлкенге жалпаңдама, лауазымы кішіге кекірейме.
Әр істе де әділ бол. Әділ болсаң, әлді боласың.
Абай өлеңдерін жатта. Абай өлеңі – білім, ғылым, үлгі, өнеге, тәлім, тәрбие, адамдық кілті.
Өзіңді кім сыйласа, оны сен де сыйла, құрмет көрсет.
Қаруың – білімің мен тілің; сүйенішің, тірегің – ақылың болсын.
Ерлі - зайыптылар бір - біріне жала жабуға һәм өте ауыр сөз айтуына болмайды.
Балаларыңның алдында ата - аналар өзін әділ, әдепті ұстауға тиіс.
Ұрлық, күш жұмсау, біреудің мүлкін, үйін өртеу, зорлық өте ауыр күнә.
Күнә мен кінә бірдей емес.
Тақыт пен бақыт бірдей емес.
Қызығу мен қызғану бірдей емес.
Мақтану мен мақтау бірдей емес.
Оқу мен тоқу бірдей емес.
Атақты адам болғың келсе, сондай адамдар туралы оқы да тоқы.
Құрметті адам болғың келсе – көптің сөзін сөйле, халық жағында бол.
Бақытты болғың келсе, ізгі істерге бойыңды үйрет, жаман әдеттен қаш.
Әр құралды өз орнына пайдаланатын бол. Айталық, күрекпен шеге қақпайды.
Пайдакүнемдік, айлакерлік, қулық жақсылыққа бастамайды.
Азғындаушының азығы – ішімдік. Одан өзің де, өзгені де сақтандыр.
Өнер адамдарын үлгі тұт. Өнерге сүйіспеншілікпен қара.
Ата - анаңа, ұстазыңа, жетекшіңе ажырайып қарама, қатты сөйлеме.
Жұрт алдында әдепсіз сөз сөйлеме, ерсі қимыл жасама.
Жұдырық жұмсау жігітке абырой емес.
Басқа қызға, басқа біреудің келіншегіне көп қарама.
Қыздар - ау, көп сықылықтамаңдар.
Жұрт жұмылып жатқан істен шет қалма.
Көмек сұрағандарға, апатқа ұшырағандарға қол ұшыңды бер.
Отан, халық алдындағы борыштарыңнан бас тартушы болма.
Өзіңе өзің сын көзіңмен қарап жүр.
Құран, намаз оқылып жатқанда сөйлеме, қозғалма, тұрып кетпе.
Жаназа оқылып жатқан жерден айналып кетпе. Адамды жерлеуге бара жатқандардан озба, жолын кеспе.
Көп алдында ұятқа қалмауды, ағайынға жеккөрінішті болмауды әрқашан ойлап жүр.
Көпке қарсы болма. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген мәтел бар.
Төсеккөрпенің тұйығын ірге жаққа қаратып төсейді.
Жас адам көлікке, атқа ең соңынан міну керек.
Үйде, дастарқанда адамдар жасына қарай үлкендер төрде, жастар төмен қарай отырады.
Жас адамдар үлкендер алдында, үлкендер жастар алдында өздерін әдепті ұстағандары жөн.
Біреудің байлығына, дүние - мүлкіне, ақшасына сұқтанба.
Бойыңды да, ойыңды да, арыңды да таза ұста.
Жүзің жарқын, жаның жомарт, мінезің жақсы болсын.
Көп ішінде жаныңдағы адаммен сыбырласып (құпия) сөйлеспе.
Сын сағатта әлсіздік, ұстамсыздық жасаған адамды халық жек көреді.
Қиын сәтте батыр болмасаң да батыл бол.
Халқым барда қарным ашады деп қамықпа.
«Миым ашиды» дегеннен гөрі «жаным ашиды» деген жөн.
Жақсы һәм жақсылық туралы айтуға әдеттен.
Халықтың «ақыл – жастан, асыл – тастан» деген керемет сөзіне ой жіберіп қарашы.
Ақ шашты атаны, ақ жаулықты ананы көрсең – ізет көрсет.
Жаман адамға да жақсы көзбен қара.
Аш болсаң да, тоқ болсаң да Құдайыңды ұмытпа.
Халыққа, аруаққа шет болма.
Біреудің намысына тимей сөйле.
Біреудің кемшілігі мен істегі мінін көп алдында айтпа.
Жарлы болсаң да жарамсақ болма.
Ер адамға әйел киімі жараспайтыны сияқты әйелдер мен қыздарға ер киімі де қонымсыз әрі Тәңірінің бұйрығында да жоқ нәрсе.
Баланы ойынмен, үлкенді шындықпен жеңесің.
Жазықсыз жәндікті өлтірме, малға зәбір көрсетпе.
Тәрбиеліден – тәлім, ғалымнан – ғибрат, өнерліден – өнеге ал.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Өсиет сөздер
- ramuk_b
- 28 сәуір 2017
- 3028
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Өсиет сөздер, қазақтың нақыл сөздері
Ұқсас жаңалықтар:
Азамат ерді бақытсыздыққа жетелейтін үш нәрсе
Азамат ерді бақытсыздыққа жетелейтін үш нәрсе. 1. Өзіңе ұнамаған, сенімсіз надан әйел. 2. Жүрмейтің, жолда қалдыратын көлік. 3. Күнде - күнде...Өсиет туралы ұлағатты сөздер
Өсиетке терең бол, Өсек сөзге керең бол. Есей би Алдамұратұлы Тайып бара жатқанға таяныш бол. Саиф Сараи...Қазақтың тиымдары
Қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі - тыйым сөздер. Бұл сөздер есі кірген балаларды жаман әдет, жат пиғыл, орынсыз қылық, теріс мінездерден...Қазақ халқының тыйым сөздері
Қазақ халқы ұл – қыздарының бойындағы кейбір оғаш қылықтарын бетіне басып, жүгенсіздікті тыйымдармен тәртіпке салып отырған...Өсиет өрнектері
Әлбетте, ата - бабалардан аманат - мирас болып қалған һәм ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнегелі өсиет, жаһандану мен өркениеттенудің...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.