Менің атым — Қожа
(үзінді)
Жұпар атқан кең жазықтың төсіне жұмсақ қара жолмен жүрдек машина барынша зырлап келе жатқанда, ұшқыр қиял шіркін де тығырында тоқырап қала алмайды - ау. Қанатын қағып - қағып жіберіп, дауылпаздай шарқ ұрып, ол да самғап ұшады. О атамекенім, қазақ жері! Сенің шет - шегіңе қиялдан өзге не жетіп үлгереді. Сол алып өлкеңнің бір пұшпағын ыстық көзбен, бар адал сезіміммен аймалап, елеусіз бір перзентің келе жатырмын. Мынау асқар тау. Жасыл жазық, мөлдір өзен, қалықтаған анау ақша бұлттар, тұнық аспан — осының бәр - бәрін егер құшағым жетсе, ең қымбат, аяулы анамдай аймалап құшар едім. Япыр - ай, неге сонша ыстық болдың, туған жер! (93 сөз)
(Б. Соқпақбаев)
Тіршілік
Дән! Ол өнеді, өседі, піседі, жерге түскен соң, тағы да өнеді, тағы да өседі, тағы да піседі, тағы да жерге түседі. Оның өмір бойғы әдеті осылай.
Көгеріп есу, гүлденіп кемелге келу, жер бетіне тағы - тағы өсетін тұқым себу. Сөйтіп, жерді, өмірді молшылыққа, сұлулыққа, сән - салтанат, қуанышқа бөлеу. Осыдан игі, осыдан асыл арманды бұл дүниеден тапшы! Дәнге біткен дағды, мінез - құлық, қасиет, міне, осындай.
Ал тастың аты — тас. Оның өзімен қоса жаралған қасиеті — мәңгі - бақи қатып жату. Өсу, өну - оған жат нәрсе. Қозғалу, өзгеру дегенді ол жек көреді. Оның мінезі өте тоң, майысу орнына сынады, иілу орнына құлайды. Тас сазаруды – сәндік, тоңдықты — паңдық деп біледі. (104 сөз)
Қозыкүрең
Бұл кезде шығыстан құлан иектен таң атып келе жатқан. Саяқбай белбеуін алып, айғырдың мойнына салды да, ауылға қарай жетеледі. Түн де ұзақ, суыт жүрістен кейін ісініп тұрған кезінде аңғармаған екенбіз. Таңертең тұрып қарасақ, Қозыкүреңнің, шынында да, ыңыршағы айналған құр сүлдері ғана қалыпты. «Ер арыса - аруақ, ат арыса - тулақ» дегенді бұрынғылар осындай деп айтқан болар, есіл жануар жал құйрығының өзін ауырсынғандай, қабырғасы ырсиып, тірсегі майысып зорға тұр. Құндыздай жылтырап тұратын қан жирен түсі де әбден күн қақты болып, оңып, ұйпа - тұйпа бірдеңеге айналып кеткен. Төрт аяғындағы болат тағалар тозып бітіп, жұқанасы ғана қалған. (90 сөз)
(Қабдеш Жұмаділов)
Бозторғай
Бозторғай өзінің туысы қараторғаймен көрші тұрады. Ертелі - кеш ән салып, көңілін көтеретін - ді. Торғайдың да шықылдап бірсыдырғы ыңылдайтын «әндері» болатын. Бозторғайдың әнінен кейін, торғайдың шиқылы аяқ асты болып ескерусіз қалды.
Өзін әншілердің санатына қосып жүрген қараторғайды күншілдік жеңді. Бозторғай әндете бастаса, қабағын түйіп, ашуын шақырып:
— Сен - ақ шиқылдауға жалықпайды екенсің? Не дауыс, не әуен жоқ, сенің әнінді кім тыңдасын,- деп жақтырмайтын.
Енді бозторғай жазық далаға кетіп, әндететінді шығарды. Оның әнін жалпақ дала мен ондағы тіршілік тыңдады.
Кең аспанда салған ән бұрынғыдан да әуенді естілетін.
— Тым биік көтерілмесеңші. Мерт боларсың, — деп аяған болады торғай.
«Жақыннан тістескенше, алыстан кісінескен артық» деген емес пе, алыстан әуендірек естіледі, — деді бозторғай. (105 сөз)
Үмені көргенім
Қалқай — қартайған адам. Ержеткен балалары жоқ. Пішен мезгілі еді. Жұртпен қатар Қалқай да пішенін шаба бастады. Қайраты кеміген адам. Өзі шауып өндіре алмады. «Үме салып өндіріп алмасам болмайды екен» — деді. Өзі ауылға, өзге маңайындағы ауылдарға барып, бір күнге қолдарын сұрады.
Ертеңіне Қалқай арбаға қойын салып, екі мес сусын алып, пішен басына барды. Мақашпен екеуміз де үмені көруге бардық. Шабатын жерін келген адамдарға Қалқай көрсетіп берді.
Көп адам қатар түзеп шыққанда шыдатпайды екен. Әрқайсысы қатардан қалмасқа тырысып, жарысқан сияқты болады екен. Бесінге дейін бар шөбін шауып берді. Бір қойдың етін жеп, екі мес сусын ішіп, орақшылар ауылдарына тарады. Қалқай бәріне алғыс айтып, ырза болып, үйіне қайтты. (98 сөз)
Қыс
Жаз өтті. Жауындатып, қара желдетіп, шөпті қуартып, жапырақты сарғайтып, елді әбігер қылып, ала сапырандатып күз өтті. Үсті - басы қырауытып, қылышын сүйретіп, шықыр - шықыр етіп қыс келді.
Биылғы қыс қатаң болды. Боқырау болды, боқ қатты. Қарашаның қарын қаңтарға қосты. Боран ашылса, шартылдаған сар шұнақ аяз қысты. Жер сіреу қар. Жылымық болса, жаңбыр жауды. Жер көк сең, малдың аяғын қызыл жосын қылып, қиып тастады. Күн құлақтанып, шаңытқан ақ пердеге жасырынып, жаңа түскен келіндей ақ дидарын көрсетпеді. Қас қараяр - қараймастан, күн батыстан шатынап шыққан, жалғыз көзді жаналғыштай жаман жарық жұлдыз шығады да, күннен күнге шарықтап, көкке өрлейді, жел қасарып, Темірқазықтан таймай, ызғырады да тұрады. (104 сөз)
(«Қартқожа». Ж. Аймауытов)
Алып күш
Әлгі келе жатқан кеме болып шықты. Темір сауыты күн нұрына шағылысып, төбесіндегі дөңгелек темірден қара түтіні будақтап, өрге қарай жүзіп барады. Оның бас жағында дүрбі салып, бері қарап тұр. Үстіңгі жақта әрі - бері жүгіріп жүрген кісілер көзге шалынды. Мына қалпында кеме дарияның қатты ағысын, шығуы қиын өрін мүлік дері жоқ. Осы өрлегенім өрлеген дегендей тартып барады.
Кеме ілгері қарай өте берді. Сәлден кейін бұрылыстан, көрінбей кетті. Жәнібек дариядан аттарын жалдап өтті. Жаңағы жағдай қайта - қайта ойға орала берді. Мынадай кемесі, сайлы қару - жарағы бар Қоқан мен Хиуа хандарының сарбаздары кез келген жауға қарсы тұра алады деген ойға келді. (96 сөз)
(Бекділдә Алдамжар)
Көк тал
Оянып кеттім. Жел есік - терезені сабалап тұр екен. Ішін тартып екілене соққанда, бейне үйдің шатырын көтеріп, не есік - терезені жұлып әкететіндей. Уілдеген үніне құлақ түріп, елегізіп, біраз жаттым. Көзім ілініп кеткен екен, қайта ояндым. Тағы да сол желдің әлегі, басылар емес.
Таңертең орнымнан тұрып тысқа шықтым. Айнала төңірек тым - тырыс. Жынын алған бақсыдай мең - зең, алқа - салқа. Түндегі жел емес, кәдімгідей дауыл екен. Түнімен емін - еркін ойнақ салып, ойранын шығарып, қирататынын қиратып, бүлдірерін бүлдіріп кетіпті. Бір жамбастан қисайған бағана, жерде шұбатылған сым, жапырақтар мен бұтақтарды үйіріп - үйіріп тастаған шөп - шаламдар. Қысқасы, дала көшкен жұрттың орнындай. Алғаш көзіме түскені көк тал болды. Тамыры төңкеріліп, жел сабалап, сұлап жатыр. (98 сөз)
Жолда туған ойлар
Жері мол, пейілі мол меймандос елді біз бір сыпыра аралаған соң, Алматыға бет бұрдық. Кең далаға көз салып, тар жолмен келеміз. Айналамызда құртша қыбырлаған қойлар қалып барады. Алдымызды ерегісе кесіп, киіктер орғып барады. Көп жауындардан кейін ашылған күн нұрын аямастан құйып тұр. Нұрға, суға тойған жер гүл жайнай күлімдеп тұр. Зымыраған машинадан жан - жаққа қызыға қараймыз. Көргенімізді өзімізше ойға салып екшейміз.
Осынау ұсақ колхоздарды ірі совхозға айналдырса, бір «Алғабастың» жеріне екі үлкен совхоз еркін сияр еді. Егін жайы, шабыны, суы қандай тамаша! Қарағандыға баратын темір жол Шұбартауға соға жүрсе, мынау бай өлкені баурау оңайланар еді. Ақшатау кенін де өркендетер еді деген ойларға малти бердік. (102 сөз)
(Ғ. Мұстафин)
Толық нұсқасын қарау
Қазақ тілінен диктанттар жинағы №2
- aiboll
- 5 қазан 2016
- 9113
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Диктанттар жинағы, қазақ тілі, қазақ тілінен диктанттар жинағы
Ұқсас жаңалықтар:
Нан қайдан келеді? ертегі
Бір күні Тышқан нан дүкеніне кірді. Сөреге жаңа піскен сап - сары бөлкелер үйіліп түр екен. Піскен нан иісіне қызыққан Тышқан тұмсығын жыбыр - жыбыр...Қара қойдың өкпесімен емдеу
Бала кезімде ойнап жүріп ағаштан құлап, шынтағымды шығарып алған болатынмын. Содан бері сол шыққан жер ойнамалы болып қалды....Жас алып
Бір шаруаның бойы шынашақтай ғана баласы болса керек. Жыл артынан жыл өткенмен, баланың бойы өспей, сол құртақандай қалпында қала береді....«Абай жолы» роман - эпопеясының қысқа мазмұны №1
Абайдың жасы 13 - ке тақалды. Орыс мектебінде 3 ай оқымай, ауылға қайтсын деп әкесі Байтас және Жұмабай деген кісілерді жібереді. Ауылға үш күндік...Қазақ тілінен диктанттар жинағы №8
Өмір деген не? Жаңа туған адам дүниенің есігін қағып, бірінші баспалдаққа шығады. Оның алдында — бұраңы көп, мехнаты көп ұзақ жол — өмір жолы. Адам...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.