Сайтқа кіру Тіркелу

Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ

Сабақтың тақырыбы: Абай Құнанбаев «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ»
Білімділік: Өлеңдердегі ат сыны, ақынның суреттеу шеберлігі, көркемдік әдіс - тәсілдер
Дамытушылық: Өлеңдердегі көркемдік тәсіл арқылы таным - түсініктерін дамыту.
Тәрбиелік мақсаты: Жылқы малын қадірлей білу, әсемдікті сыйлауға тәрбиелеу
Сабақтың барысы: а) ұйымдастыру
ә) үй - жұмысын сұрау
Жаңа сабақ: Кіріспе.
«Ат – ер қанаты» демекші сонау ерте заманда ата - бабамыз аттың сауырында өмір сүріп, аттың жалында ойнаған. Белдеуінде аты, тігулі найзасы тұрмай, елін қорғауға бармаса, оны әр жігіт өзіне ар санаған. халықтың кейбір салт ырымы, ақ тілеу жылқымен байланыстырылады. Ел қорғаған батырлар мен ер азаматтардың сенімді серігі қанаты болғаны, ішсе сүті (қымызы)- жанға шипа, тәтті сусын, жесе еті, жал - жаясы аса қадірлі екені даусыз.
Бүгінгі сабағымызда Абайдың «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» өлеңінде осы тақырыпта ой өрбітеміз. (Өлеңді мәнерлеп екі – үш оқушыға оқытамын )
Өлеңмен жұмыс (Слайд 1)

Салынған ат суреті бойынша түсінік. Ат мүшелері, олардың қасиеті, белгісі, сыны оқушыларға қиындау болғандықтан, олардың мағынасын ашып түсіндіремін.
Қамыс құлақ: жел соққанда, қамыстың ұлпа басының ыққа қарай иілетені секілді, шапқан кезде жүйрік ат құлағын желкесіне қарай жатқызып алады. Сонда құлағына алдан соққан екпінді жел кірмейді, оның түбі ауырмайды, өзге дыбысты жақсы естиді.
Қой мойынды: Қой мойнына ұқсас жұмырлана біткен ат мойыны алыс жолға шапқанда талмайды. Аттық мойыны талса, өзге мүшелері де ауырлайды, шаршайды.
Қоян жақ: Етсіз, тақыр басын алдына созса шапқанда ат мойыны талмайды, бүкіл денесін алға қарай жетектеп отырады, - ат басының жеңіл болуының белгісі.
Үңірейген сағақ: Жүйрік аттың алқымының, тыныс жолдарының кеңдігінің белгісі. Ағызып шауып келе жатып, ат дұрыс дем алып отырса, өкпесі алқынбайды.
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ: Шынтақ аттың қабырғасын, кеудесін, қолтығын қыспайтындай кең бітсе, онда еркін тыныстап, ұзаққа шабады.
Салқы төсті: Омырауы алға шығыңқы біткен.
Бота тірсек: Аттың ботаның тірсегіндей майыса біткен артқы аяғы шапқанда, алға қарай серпінді, екпінді, жер тірегіш, адымдағыш келеді.
Жауырыны жалпақ: Ұзақ жолға мінгенде, бәйгіге шапқанда, адамға үстінің жайлы, тыныш болуының белгісі.
Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, жұмыр тұяқ, тақыр бақай: Бәйге атының мықтылығының, төзімділігінің, жүйріктілігінің, әсемділігінің белгілері.
Оқушылар өлең мәтінін мәнерлеп оқып, үнтаспадан тыңдайды. Өлең мазмұнынан, ат суретінен түсінгенін байқау үшін мынадай сұрақтар қойылады.
1. Ақын ат суретін қандай ретпен бейнелейді? Суреттеуді оның қай мүшесінен бастап, қай мүшелерінен аяқтаған.
Оқушы жауабы: Абай өлеңінде ат суретін жасауда қатаң жүйе ұстанған. Аттың маңдайындағы кекілінен, құлағынан бастап, рет - ретімен оның денесінің жеке мүшелерін, сындық белгілерін жеке сөздермен, сөз тіркестерімен бейнелеп, шідерлігін, тірсегін, тұяғын сипаттаумен аяқтаған.
2. Аттың дене құрылысын мұндай жүйемен суреттеудегі ақынның мақсаты не? Сұлу, көрікті аттың мүсіні осылай ғана сомдалса, оның әсем суреті тұтас, бүтін табиғи тұлға ретінде елестейді. Ақын мұны жете түсінген, әсемдікті нәзік сезінген шебер ақын.
3. Сұлу жүйрік аттың белгілері қандай?
4. Абай суреттеген тұлпардың мінезі қандай?
Сұрақтарға жауап алынған соң, осы жұмыстың нәтижесінде өлеңнің мынадай жоспарын жасатамын.
Жоспар: а) Көркем сөзбен сомдалған ат суреті
ә) Ат мінезі
б) Ақынның тұлпар атқа қатынасы
жылқы туралы ұғымдарын кеңейтуге ықпал ететін атаулармен таныстыру, оларға мағыналық түсінік берілу қажет. Мысалы: 1) Жирен, қылаң, бурыл, торы, шабдар, кер, қара кер – жылқы түсін білдіретін атаулар.
2) Құлын, жабағы, тай, құнан, дөнен, байтал, бесті, бие, айғыр, ат - жылқының жасы мен жынысына қатысты атаулар
3) Тұлпар, сәйгүлік, арғымақ, дүлдүл, саңлақ, пырақ тұлпар ат атаулары.
4) Жарыс түрлері: тай, құнан, дөнен, ат жарыс
5) Бәйге, аламан, бәйге - жүдеген, мыңдаған адам қатысқан бәйге түрлері
6) жылқыға, ат әбзелдеріне, тұрмыс - салтқа байланысты ұғымдар: ат жалын тартып міну – ер жету, азамат болу, ат құлағында ойнау - ат мінезін жақсы білу, іске епті; құлын - тайдай тебіскен - жұбын жазбай бірге өскен.
Сабақты бекіту: Халқымыз жылқы малын қадірлеген, қасиет тұтқан. Жылқы малының адам үшін үлкен маңызы бар, мінсе көлік, ішсе сусын, жесе ет. Сондықтан адам денсаулығына өте қажет екендігін бүгінгі күнде көзіміз жетін отыр.
Үйге тапсырма: Өлеңді жаттау, жылқы малына байланысты мақал - мәтел жинақтау
Оқушы білімін бағалау.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×