Жырлайды жүрек
Кештің мақсаты: Ғасырлар тоғысында М. Мақатаевтың ақындық талантын оқушы жүрегіне ұялату, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру
Тәрбиелілік: Оқушыларды поэзияны сүюге, ақын жырларын, әндерін айта отырып, өз елін, ұлтын сүюге тәрбиелеу.
Дамытушылық: Мәнерлеп оқу қабілетімен рухани танымдарын дамыту.
Көрнекілік:
Дәйек сөз:
Жоспар:
1) Ақын жырларын мәнерлеп оқу
2) Балаларына арналған өлеңдері
3) Ақын жырларына жазылған әндерді орындау
4) Сұхбат
Көрініс: 1976 жыл. Аурухана. Мұқағали аурухана халатын киіп дәлізде ойланып жүр. Бір кезде жақындап «Өзімнің есебімше» атты өлеңін оқиды.
Өзімнің есебімде,
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі...
Қалған өмір,
Неше жылға жетерін,
Неше күнге
Ұмыт болып есебің де, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде.
Адал едім,
Артынан «арам» болдым,
Адам едім «надан» болдым,
Жиылып бұл жалғанның жамандығы,
Ақыры маған қонды.
Жаман болды...
Айтыңдар,
Қайсысың бар ардақтаған?
Таразыға тең қойып, салмақтаған.
Басылған маңдайыма қарғыс таңба,
Қарауға жан батпаған.
Жапалақ емеспін мен жалбақтаған,
Қыранмын екі көзін қан қаптаған!
Оқып болған соң ойлана басып шығып кетеді.
Мұқағалиді құтқарған оқушы қыз сахнаға шығып:
«Кім ұрлап кетті, кім ұрлап кетті ауамды?»
... Бардым да жұттым ашылып қалған жанарды.
Мен де айтып тұрмын ол беріп кеткен сауалды,
Кім алып кетті жаңағы тірі адамды?
Ән: «Есіңе мені алғайсың»
1 - жүргізуші: Қуат алып Абайдың тіл - күшінен
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге
Абай болып түңілем бір кісіден.
2 - жүргізуші: Өлмеу үшін, құлқынды жемдеу үшін,
Мен - дағы өлең жазбаймын ермек үшін.
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін, - деп Абайды үлгі тұтып, сөз құдіретін, сөз сарасын ақындық сезіммен қабылдап, өзі қазақ поэзиясында Абай салған соны соқпақ жолды жалғастырған Мұқағали Мақатаев қазақтың қара өлеңін ой мен сезімге байытып, оның құдіреттілігін таныта білді.
1 - жүргізуші: Мұқағали... бүгінде бұл есім әркімнің көңілінде күллі қазақ даласының образын оятып, оның ұланғайыр кеңдігін, көкмұнар таулары мен жан баспаған жапандағы қара орманының, түпсіз терең тұңғиық көлдерінің көрінісін көз алдына әкеледі.
2 - жүргізуші: Ол 9 ақпанда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келді. Азан шақырып қойылған аты Мұхаметқали. Бірақ «пайғамбар атын алып жүру жас балаға ауырлық етеді» деп есептеген ата - анасы оны кішкентай кезінен Мұқағали деп атап кеткен.
1 - жүргізуші: Тұңғыштары Мұқағалидың ізін ала туылған бір қызы мен бір ұлы ерте шетінеген Сүлеймен әкей мен Нағиман шешей олардан кейін Тоқтарбай, Көрпеш атты екі ұл сүйеді.
2 - жүргізуші: Мұқағалидың әкесі колхозда сушы, шалғышы болып істеген қарапайым шаруа адамы болыпты. Нағиман апаның айтуынша, үйдің тұңғышы болғасын ба, Мұқағали Тиын әжесіне табиғи болып, анасын жеңге есебінде санаған.
1 - жүргізуші: Мұқағали Тиын әжесінің бауырында өсті. Тиын әжесі мейірлі, кісілігі мол, адуынды бола білетін адам еді. Әжесіне арнап ақын өлең жазды да, Нұрғиса Тілендиевтен ән жазуды сұрады. Ән тамаша болып шықты.
Өлең «Сөнбейді, әже, шырағың» Арман.
2 - жүргізуші: Мұқағалидың әкесі Сүлеймен 1941 жылы соғысқа аттанғанда Мұқағали небары 10 жаста еді. Оның алғашқы алғашқы өлеңі сол соғысқа кеткен әкесіне деген сағыныштан туған екен.
Өлең «Әке, әкеме» Камшат
1 - жүргізуші: Әдебиетке құштарлығының қайнар көзі Қарасаздан бастау алған Мұқағали орта мектепті Нарынқолдағы мектеп - интернатта бітіреді. Одан кейінгі жылдарда жоғары оқу орындарының бірнешеуіне еш қиындықсыз - ақ түсіп, әуелі ҚазМУ - дың филология факультетіне, одан кейін шет тілдер институтына, сосын қайтадан ҚазМУ - дың заң факультетіне қабылданды.
2 - жүргізуші: 1973 жылы Мәскеудің М. Горький атындағы Әдебиет институтының студенті атанды. Бірақ анасы айтқандай «Оны да тауысқан жоқ... олардың білетінін өзім де біледі екем. Алматымды сағындым. Балаларымның қасында болайын деп, кеттім де қалдым...» - деп бір жылдан соң елге қайта оралды.
1 - жүргізуші: 1949 жылы Мұқағали шаңырақ көтерді. Ол кезде Мұқағали 18, ал сүйген жары Лашын 21 жаста болды. Бастапқыда ақын туған жерінде ауылдық кеңес хатшысы, Қарасаздағы бастауыш мектепте орыс тілінің мұғалімі, ауылдық газеттің тілшісі болып қызмет етеді. 1962 жылы Алматыға қоныс аударды.
1 - жүргізуші: Алматыға табан тірегеніне көп ұзамай жатып - ақ ақын атақ - абыройдың да, түрлі сын - сынақтардың да дәмін сезіне бастайды. Одан соң дүниеге Алмагүл, Шолпан атты екі қызы, Айбар, Жұлдыз атты ұлдары келеді. Ұлы Жұлдыз әкесіне арнап мынадай өлең жолдарын шығарады. Тамашалаңыздар.
Өлең «Тұршы, әке, жетер енді жатқаның...» Дамир
2 - жүргізуші: Алматыға келген соң ақынның үлкен қызы Майгүл он бір жасында мотоцикл қағып жазым болады, Мұқағали ағамыздың қабырғасын қайыстырады.
Өлең «Майгүлге» Дана
1 - жүргізуші: Мұқағали балаларын көргенде майдай еритін. Ол баланы ұстауға да, күтуге де шебер болды. Мұқағали балаларын жанынан бетер жақсы көрді. Төрт перзентінің маңдайынан шертпей өтті. Балалары десе ішкен асын жерге қойды. Ендеше, Мұқағалидың балаларына арналған жыр жолдарына кезек берейік.
Өлең «Шолпаным» Аружан
Өлең «Ұлыма» Нұрсұлтан
Өлең «Тоқта балам» Қуаныш
2 - жүргізуші: Ендеше тамашалаңыздар алдарыңызда ақынның балаларымен жүргізілген сұхбат.
Сұхбат:
Диктор: Дана
Жұлдыз: Сағиден
Алмагүл: Рамазанова
Диктор: Жұлдыз аға, ақын Мұқағали жақсы білеміз. Ал ол кісі қандай әке еді?
Жұлдыз: Балаларға өте мейірбан болатын. Көшеден өтіп бара жатырған балалардың да мұрнынан бір қысып қоятын. «бізде балалық болған жоқ, балалығымызды соғыс жалмады. Ересек өмірге тез араласып кеткен ұрпақпыз»- деп айтып отыратын. Бала десе, жанын беруге даяр болатын.
Диктор: әкеңіз неше ағайынды болған?
Жұлдыз: әкем үш ағайынды болыпты. Ең үлкені – әкеміз, одан кейін кәзір көзі тірі Тоқтарбай ағамыз. Сосын Көрпеш деген інілері болған. Ол кісі де жақында, жасы алпысқа келіп, қайтыс болды.
Диктор: ал сіздер үйде қанша баласыздар?
Жұлдыз: Ата – анамыздың тұңғышы Ляззат деген әпкеміз болған. Ол менің есімде жоқ. Біз тумай тұрып қайтыс болып кеткен. 1951 жылы Майгүл туылған. Ол Алматыда көлік апатынан қайтыс болды. 1953 жылы мен дүниеге келдім, содан соң Алмагүл, Айбар, Шолпан туылды. Қазіргі кезде әкеміздің төрт немересі бар.
Диктор: араларыңызда өлең жазатындар барма?
Жұлдыз: Қанның әсері ме, менің ептеп жазатыным бар.
Диктор: Әкеңіздің жүрегіңізде сақталған бейнесі қандай?
Алмагүл: Әкем өмірден өткенде мен 17 жаста болатынмын. Ол кісі бізге әке ғана емес, жақсы дос та бола білді. Ол кісінің сөзі, әр іс - қимылы бізге тәрбие болатын. Тазалыққа жаны құмар еді. Әкеміз көңілді кезінде бізге дәмді тамақтар істеп беретін. Бізді еркелеткенді, қуантқанды жақсы көретін. Көп қаламақы алған уақытында барлығымызға сыйлық жасағанды ұнататын.
Диктор: Әкеңізден алған қандай сыйлығыңыз есіңізде?
Алмагүл: Папамның өлеңдері жарияланбай, жағдайымыз болмай тжүрген кезі болатын. Менің туған күнім келе жатты. Ол әкемнің Мәскеуден келген кезі. Сол жақтан киіп келген ерекше, әдемі шляпасы бар еді. Таңертең шляпамен кеткен әкем кешке бір құшақ гүлмен оралды. Мен «папа - ау, шляпаң қайда?» десем, «Шляпаны не істейсің? Менің қызымның туған күні күнде болып жатқан жоқ қой. Бас аман болса шляпа табылар» - деді.
Диктор: Әкеңіздің қандай киімдері есіңізде қалды?
Алмагүл: Сол уақытта не сәнді болса, соны киюге тырысатын. Басына ешқашан шапка киген емес. Оның орнына шляпа, берет кигенді ұнататын. Өзі де келбетті кісі ғой. Шашын өсіріп, иығына түсіріп қоятын. Қай жағынан алсақта әкемізбен мақтанамыз. Ол да бізді қатты жақсы көретін. Әкем егер ақын болмағанда жақсы актер шығатын еді. Талантты адам барлық жағынан да талантты. Үйімізге жөндеу жүргізетін де әкеміз еді.
Диктор: сізді әкеңіз «Менің кішкентай поэзиям» деген екен. Ал сіз әкеңізді қалай сипаттар едіңіз?
Шолпан: мен әкем қайтқан жылы 3 - сыныпта едім. 9 - 10 жас шамасында болсам да әкем есімде қалды. Балаларды қатты жақсы көретін, әсіресе қыздарды ерекше әлпештеп, алақанында аялап ұстады. Ол өте қамқор әке болатын. Қаламақы алғанда қорап - қорабымен алма, апельсин әкелетін.
Диктор: анаңызбен әкеңіздің арасы қандай еді?
Шолпан: анам мен әкемнің арасы жақсы болған. Анам әкемнен 4 жас үлкен еді, бірақ жас айырмашылықтары екеуінің отбасы болуына еш кедергі болған жоқ. Анам жақсы жар, жақсы ана бола алды. Әкем дүниеден өткеннен кейін де оның жазған өлеңдерін, тіпті шешкен кроссвордтарын қастерлеп жинап жүрді. Оларды баспаларға ұсынды. Бізді де осы күнге жеткізген – анамыз.
Диктор: не себепті ол кісіні жанындағылар, кейбір әріптестері ұнатпады деп ойлайсыз?
Шолпан: әкем мінезі тік, тек әділін айтатын адам еді. Сондықтан да ортасына жақпаған болуы керек. Жағымпаздану, қулық дегенді білмейтін. Ондай адамдарды ұнатпайтын. Таудай ақын болғанына қарамастан, жаны сондай нәзік болатын. Басқа жерлерде қиналған адамдарды көрсе, жаны қатты ауыратын...
1 - жүргізуші: Қазаққа тән қара өлеңмен табынды,
Ата - баба дәстүрінен ап үлгі.
Ұшан - теңіз ұлылықты паш еткен
Мұқағали - поэзия алыбы, деп Мұқағалидың поэзиямен қалай сырласқанын тыңдап көрейік.
Өлең «Поэзия» Арайлым
Өлең «Қара өлең» Данагүл
2 - жүргізуші: Мұқағалидың 1974 жылы сырқаттанып ауруханаға жатып қалған кезінде жары жанына барып шыдай алмай күрсініп жібереді. Мұқағали мұны сезіп қалды. Ертесі кешкілік тағы ауруханаға барғанда дәптеріне «Күрсінбеші» деген тақырыпта жарына өлең шығарған екен.
Өлең «Күрсінбеші» Нұрболат
1 - жүргізуші: Ақын түс көрді. Түсінде «Шешем басында ақ жаулығы бар, Абай атамыздың қасынан қуана басып маған күліп келе жатыр. Ояна келсем түсім екен. Анам бақытты болады екен деп, ұзақ толғаныстан соң «Шеше, сен бақыттысың» деген өлең жолдары дүниеге келеді.
Өлең «Шеше, сен бақыттысың» Гүлсімай
Өлең «Қайран жеңгем» Ержан
2 - жүргізуші: Ұлы ақын жөніндегі естеліктерді оқи отырып, бірде қуанасың, бірде мұңаясың. Мұқағали өмірдің қыр - сырын білген, аса бақытты жан. Ол «Жазылар естеліктер мен туралы» деп өз өлеңінде тектен тек айтылмаған. Олай болса, ақынның «Жазылар естеліктер мен туралы» өлеңіне кезек берейік.
Өлең «Жазылар естеліктер мен туралы» Дәулет
1 - жүргізуші: Мұқағали поэзиясында тереңдік, сұлулық, қарапайымдылық, асқақтық бар оның көңіл - күй сезімі табиғат мезгілдерімен үндесіп жатады.
Өлең «Өмір сүрейік алмасып» Сұлтанбек
Өлең «Анау – аспан, мынау – бақ» Ақмоншақ
Өлең «Япырай, неткен көктем!»Гүлмарал
Өлең «Қайырлы таң» Айгүл
2 - жүргізуші: Аққулар аңыз көп қой олар жайлы, көзіңмен көргеніңдей бола алмайды... тек қана тыныштықта ұйықтайды олар, шошыса, екінші рет оралмайды».
Би «Аққу». Өлең «Аққулар қош болыңдар» Алтынай
1 - жүргізуші: Ақын жүрегі нәзік, сезімтал. Кейде өмірден безініп, ол да өзіне сүйеніш, тірек болар адамды іздейді. Кез - келген адам ақын жанын түсіне бермейді. Сондай уақытта Мұқағали Фаризаны тапты. Ақын ағамыз қазақтың ақын қызына арнап өлең шығарды.
Өлең « Фаризаға» Айдана
2 - жүргізуші: Ақын жалындап өткен 45 жыл ғұмырында алдындағы арманда өткен Ахмет, Мағжан, Ілияс, Қасым сынды қазақ тілі үшін күресіп, қара топырақ қойнына кіргенше ана тілі үшін айқасып қазақ тілінің қайтадан алып жұлдыз – Алтын Күнге айналуына өз үлесін қосқан ақын Халқы мен Отанынан әсте кем санамай, осы өмірдегі бірегей үш Бақытының біріне балайды.
Өлең
«Үш бақытым» Ахмет
1 - жүргізуші: Қазақ ақындарының ішінде туған жерін жыр қылып айтпаған ақын жоқ шығар. Мұқағалидың да өзінің туған жеріне арналған өлеңі
Өлең «Қарасаз» Әлихан
Өлең «Менің Қазақстаным» Рахат
1 - жүргізуші: Нұрғиса Тілендиев ақынның ауылы Қарасазға Мұқағалимен бірге демалуға барады. Екеуі жайлау төрінде отырады. Неге мына жасыл жайлау туралы ән шырқамасқа. Нағыз Саржайлау дегеніміз мына жатқан Шаркөлденің төсі емеспе?- деп таң қалған. Содан ағамыз лезде «Саржайлауға» арнап, егілдіріп, төгілдіріп, құлпыртып өлең жазды. Сөйтіп «Саржайлау» әні өмірге келді.
Хор «Саржайлау»
2 - жүргізуші: Ақынның «Аманат» жыр жинағы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бүгінде ақынның 13 кітабы бойынша 1834 өлең, 19 поэмасы бар екені анықталып отыр. Мұқағалидың өлеңдерін жыр сүйер қауым іздеп жүріп оқитын болды. Ақын өлеңдеріне 100 - ден астам әндер жазылды. Бұл әндер бүгінде барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды. Олай болса, ақынның әніне кезек берейік
Ән «Күрең күз»
1 - жүргізуші: қазақ ақындарының әр қайсысы шын мәніндегі дарын, қайталанбас шығармашылық тұлға ретінде дара. Сондай жеке дараларының бәрі, Мұзарт таудың мұзбалағы – Мұқағали Мақатаев.
Өлең «Мен таулықпын» Еркебұлан
2 - жүргізуші: ұлы Абайға, ер жүрек ерен талант Махамбетке табына, оларды үлгі тұта отырып, өз намысын қайрап, ширыға түседі. Абай мен Махамбеттің асыл сөздерінен қуат алып, өнерге, өлеңге деген, өзіне қоятын талап пен талғамы биіктей береді. Мұқағали поэзия құдіретін адамдық асыл сезіммен байланыстыра қабылдайды. Өмірдегі жақсылық, махаббат атаулының негізі де осы аяулы сезім күшінде жатыр деп түсінеді, сезіне біледі.
Өлең « Махамбеттер, Абайлар» Арғын
Қорытынды
Жырлайды жүрек
- Шугыла
- 16 сәуір 2014
- 11652
- 0
- 100
Ілмек сөздер: Жырлайды жүрек, ақын Мұқағали Мақатаев жайлы сабақ жоспары
Ұқсас жаңалықтар:
Мұқағали - мәңгілік ғұмыр
Қош келіпсіздер, өлеңсүйер, өнерсүйер қауым! Ақпан айы – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың дүниеге келген айы. Тума талант бұл күнде өмірден өтсе де,...Бүгін менің туған күнім!
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Бөрте ортп мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жакенова Айнур Базарбаевна...Мәңгі өлмес жырымен із қалдырған
Ақтөбе облысы, Алға ауданы № 1 Алға мектеп-бақшаның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тилеуберди Айжан...«ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК»
Алматы облысы, Сарқан ауданы, Қойлық ауылы Мараимова Шарбану Укметовна...Мәңгі өлмес жырыменен із қалдырған
Ғасырлар тоғысында Мұқағали Мақатаевтың ақындық талантын оқушы жүрегіне ұялату, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.