Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы («Ахметтану» элективті курс бағдарламасы бойынша өткізілген әдеби - танымдық кеш)
Сыныбы: 10 Б, 11 Б
Шараның мақсаты: Қазақ ақыны, мемлекет қайраткері, ұстаз, ағартушы, публицист, қазақ тілі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы, ұлттық мәдениет пен әдебиеттің бастауында тұрған рухани көсем, Алаш қозғалысы көшбасшыларының бірі болған Ахмет Байтұрсынұлының сан қырлы тұлғалық бейнесі мен шығармашылығын дәріптеу.
Шара барысы: Сынып бөлмесі тақырыпқа сай безендіріледі. А. Байтұрсынұлының портреті. Бір бұрышта ақынның жұмыс кабинетінің көрінісі: кітап сөресі, үстел, жазу машинкасы, шам және қолында қағазы мен қылқаламы бар Ахмет Байтұрсынұлы отырады. Баяу музыка ойналып тұрады. Сол сәтте А. Байтұрсынұлы қолына кітап ұстап тұрып, «Жазушының қанағаты» өлеңін оқиды:
– Бұл сөзді біреу алмас, біреу алар,
Құлағын біреу салмас, біреу салар.
Теп - тегіс көпке ұнау оңай емес,
Кейіне жарамаса, кейіне жарар.
Қайсысы ықыласын салып тыңдап,
Жаратпай қайсыбірі теріс қарар.
Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар,
Солардан аз да болса белгі қалар. (Ақын үлкен ой үстіндегі хәлімен сахнадан ақыры аяңдап шығып кетеді.)
Қарқынды әуен. Осы әуен үнімен сахнаға екі жүргізуші шығады.
1 - жүргізуші. Қайырлы күн, қадірменді қонақтар, еңбегі асыл, білімі зор, ғибраты мол ұстаздар, зейінді шәкірттер!
2 - жүргізуші. Бүгінгі тұтас буынның төл басы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан ұлыларымыз салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым, тілші, әдебиет зерттеушісі, дарынды ақын, аудармашы, педагог, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының сан қырлы тұлғалық бейнесі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы» атты әдеби - танымдық кешке қош келдіңіздер!
1 - жүргізуші.
Адамдық диқаншысы қырға шықтым, Көлi жоқ, көгалы жоқ - қорға шықтым. Тұқымын адамдықтың шаштым, ектiм, Көңiлiн көгертуге құл халықтың, — деп жырлаған ұлт ұстазына айналған Ахмет атамыздың қазақ халқы, елi үшiн еңбегi зор.
2 - жүргізуші. Шара жоспарымен таныстырады:
І. Ахмет Байтұрсынұлы өмірі, шығармашылығы
ІІ. Ахмет Байтұрсынұлы – ғалым.
ІІІ. Мысалмен айтқан көп ойлар.
ІҮ. Ахмет Байтұрсынов – ақын.
Ү. Қаламгерлер ақын хақында...
1 - жүргізуші. Олай болса, Ахмет Байтұрсынұлы өмірі туралы Алдаберген Мақсат, шығармашылығы жайлы Жұмағали Аружан дайындаған таныстырылымға назар аударайық. (Екі оқушы ақын өмірі мен шығармалары туралы слайд арқылы сөйлейді.)
2 - жүргізуші. Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми еңбектері, мақалары мен зерттеулері негізінде Қали Жансая, Сахи Рамазан, Тұрғанова Әсел таныстырылым жасайды.
1 - жүргізуші. Ахмет Байтұрсынұлы аудармалары туралы Болатбай Жансерік, мысалдары туралы Ақберді Сая баяндайды. Бұдан соң Оразбай Ернұр «Қара бұлт» аудармасын жатқа оқиды. 11 - сынып оқушылары «Егіннің бастары», 10 - сынып оқушылары «Қасқыр мен тырна» мысалдары бойынша көрініс қояды.
2 - жүргізуші. «Ахмет Байтұрсынов – ақын» айдары бойынша 10 - сынып оқушылары «Қазақ салты», «Достыма хат», «Анама хат», «Жұртыма» өлеңдерін жатқа оқиды.
1 - жүргізуші. «Қаламгерлер ақын хақында...» айдары бойынша 11 - сынып оқушылары Ахмет Байтұрсынұлы туралы жазылған қазақ қаламгерлерінің пікірлерін жатқа айтады.
«Екі жинақ — ”Қырық мысал”, “Маса” — қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектерімен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам - тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып әкететін болды». Рымғали Нұрғали
«Сан салалы Ахмет Байтұрсынов туған тілдің, туған мәдениеттің басында тұрды. Туған тілдің әдеби нормасын жасады. Бірде - бір бөгде тілдің сөзін қоспай, бірде - бір цитата келтірмей, таза, мөлдір тілмен өзі тапқан қисынды баламалармен “Әдебиет танытқышты” жазып шықты». Сырбай Мәуленов
«Біз бүгін Ахаңның “Әдебиет танытқышын” Аристотельдің “Поэтикасымен” салыстырар едік. Мұның мәнісі — екеуі де: “бірі грек әдебиетінің, екіншісі қазақ әдебиетінің алғашқы әліп - билері”. Асылы, үздік қасиеттер бір - бірінен неғұрлым ерекше болса, бір - біріне соғұрлым ұқсас болады». Зейнолла Қабдолов
«Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны — «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер - білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды». Мұхтар Әуезов
2 - жүргізуші. Ахмет Байтұрсынов өз халқының әндерін жақсы біледі және оларды тамаша орындайды, ол – жақсы домбырашы. Қазақ халқының тарихын, этнографиясын, тұрмысы мен әдет - ғұрыптарын терең білетіндіктен Ахмет Байтұрсынов Торғай, Ақтөбе, Бөкей ордасы, Қарқаралы өлкесінің әндерін жазғанда маған көп жәрдемдесті, тамаша екі күйді, тіпті, өзі орындады, — деген пікір білдірген екен музыка зерттеушісі Александр Затаевичтің өзі.
1 - жүргізуші. Иә, Ахмет атамыз – қазақ музыка өнерiне де терең көңiл бөлген ғалым. Әрi өзi композитор да болған. Оның «Аққұм», «Iңкәр» деген әндерi куә. Домбыра аспабында өте әдемі ойнай білген екен.
2 - жүргізуші. Абай атамыздың:
« Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй, – деген өлең жолында айтылғандай, сыныбымыздың күйші қыздарының өнерін тамашалайық. 10 - сынып оқушылары Смағұл Ақерке мен Сағымбай Айжан домбырамен күй ойнайды.
1 - жүргізуші. Қымбатты білім сүйер қауым, Сырбай Мәуленов ақынымыз айтқандай, «Ойшыл ақын, ғибратты ғұлама» Ахмет Байтұрсынов атамыздың сан қырлы тұлғалық бейнесі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы» атты әдеби - танымдық кешіміз өз мәресіне де келгендей.
2 - жүргізуші. Ахмет атамыздың өзі айтқан « Мойындағы борышты білу — білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі» деген сөзімен бүгінгі кешімізді түйіндей келе, баршаңызға амандық пен саулық тілейміз. Сіздерге бейбітке толы күндерде кездескенше демекпіз. Сау - саламатта болыңыздар!
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті Қ. И. Сәтбаев атындағы
№216 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Асаубаева Құралай Болатқызы
Әдеби кештің толық нұсқасын жүктеп алу
Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы
- ramuk_b
- 14 қыркүйек 2024
- 576
- 0
- 0
Ілмек сөздер: «Ахметтану» элективті курс бағдарламасы, Ахмет Байтұрсынұлы, әдеби кеш
Ұқсас жаңалықтар:
Ахмет Байтұрсынұлы 150 жыл баннер
2022 жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атамызға 150 жыл толып отыр. Осы мерекеге арналған PDF, JPG, CDR форматында баннер сіздерге ұсынып отырмыз....Ахмет Байтұрсынұлы 150 жыл эмблема
2022 жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атамызға 150 жыл толып отыр. Осы мерекеге арналған оның сапалы суретін PDF, JPG, CDR форматында логотипін...Борыш туралы ұлағатты сөздер
Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі. Ахмет Байтұрсынұлы...Кәсіп туралы ұлағатты сөздер
Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек. Ахмет Байтұрсынұлы...Ахмет Байтұрсынұлы«Екі шыбын»
Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Сарат орта мектебінің бастауыш класс мұғалімі Смайлова Гулсима Зауегалиевна...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.