Жазушы Баққожа Мұқай білгір саясаттанушы да болатын.
Жұмабай Шаштайұлы
Соңғы жылдары мен оқыған қазақ романдарының ішінен ең алдымен, маған ой салып, жүрегімді тебіренткен Баққожа Мұқайдың «Өмірзаясын» атар едім. Бұл роман көш құлаш мақала жазуға негіз бола алады. Бірер ауыз сөзбен қысқа қайырсақ, бұл – тынысы кең, идеялық жүгі ауыр, шым-шытырық оқиғаға құрылған, болмыс-бітімі жан-жақты, заман ағысын, ұлттық тарихтың жауапты
кезеңін терең бажайлап, баяндайтын, кім-кімді де ойсыз қалдырмайтын сүбелі, соны туынды.
Герольд Бельгер
Білгенге маржан. Күрескерлік сарын, рухани сабақтастық бір шығармадан бір шығармаға
көшкен сайын үзілмей үндесіп, жалғасып жатады. «Өмірзая» романындағы Аяған бейнесі
арқылы жиырмасыншы ғасырдағы қазақ халқының басынан өткен ұлттық трагедия суреткерлік шеберлікпен көрініс тапқан. Тұяғынан қан сорғалаған жыртқыш, зымиян қоғамның отаршылдық сұрқия саясатының астарын батыл әшкерелейді. Аяғанның басынан өткен оқиғаларды суреттей отырып, сол кездегі қоғамдық ортаны, тағдыры тәлкекке түскен ұлт қасіретін, халықтың аянышты жағдайын жайып салады.
Аяғанның қасіреті – ұлт қасіреті. Лажсыздық, басыңды тауға ұрсаң да, түк шығара алмайтын шарасыздық ұлт басына түскен ауыр бұғаудың бұлжытпас, мойын бұрғызбас салмағынан еді. Сол зілмауыр бұғауды сілкіп тастай алмай, кешегі Алаш арыстары да мынау жарық жалғанның есігін соңғы рет ышқына бір теуіп, жан қиып кете барған болатын. Аяған да сол кепті киіп, фәни дүние қорлығына еріксіз мойынсұнып, бақилыққа аттанады. Міне, «Өмірзая» романы – кеше ғана басымыздан өткен күрделі өмірдің айнасы. Романды оқу үстінде сол Аяған ғұмыр кешкен қоғамда өзің де бірге жүргеніңді сезінгенде жаның түршігеді. Ойға қаласың, өзіңе-өзің сұрақ қоясың. Жазушы оқырманын толғандырғанда ғана, ой салғанда ғана өз мақсатына жетеді. Бұл тұрғыдан алғанда, Баққожа – өз мақсатына да, мұратына да жеткен жазушы. Өйткені Баққожа – өз заманының жазушысы. Қаламгердің ең үлкен бақыты да сонда. Артында өлмес мұрасы барда, қалың ел, өсер ұрпақ барда Баққожаның есігі мәңгі жабылмайды. Ол халқымен бірге жасай береді. Баққожадай асыл ердің рухы қашанда көптің жүрегінде, көңілдің төрінде, өмірдің өрінде!
Несіпбек Айтұлы
1917 – 1990 жылдар аралығы Кеңес өкіметінің өмір сүрген кезеңі ретінде тарихта қалды. Бұл кезеңде коммунистік партия деп аталған бір ғана партия болды. Осы партия бүкіл жауапкершілікті, билікті өз қолына алып, халықты уысынан шығармай ұстады. Кеңес өкіметіне, партияның ұстанған саяси бағытына қарсы келген бірде - бір шығарма жарыққа шықпайтын, ал қарсы тұрған адам аяусыз жазаланып, құлдық сананың құрбанына айналып отырған.
Сондықтан ешкім бел шешіп, бұл жүйеге қарсы тұра алмайтын. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл кезең «тоталитарлық дәуір» деп атала бастады. Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романы сол кезеңдегі ұлттық мұрамызды тарихи шындық тұрғысынан қорғауға бар күш - жігерін аямаған екі адамның ауыр тағдыры арқылы дәуір шындығын танытады. Роман «Өмірзая» деп тегін аталып тұрған жоқ.
Өмірзая – босқа өткен уақыт, ал сол уақыт ішінде құрбандық ғұмыр деген астарлы мағына жатыр. Шығарма сюжеті Кеңес өкіметінің таптаурын жүйесі мен ондағы құлдық санаға қарсы тұрған бас кейіпкер – тарих ғылымының кандидаты 35 жастағы Аяған Қуатов пен оның ұстазы – профессор Алдияр Ақпанұлы айналасында өрбиді. Оқиға мың тоғыз жүз сексенінші жылдарды қамтиды. Алдияр Ақпанұлы Кеңес өкіметі кезінде тыйым салынған тақырып Кенесары хан туралы еңбек жазады. Оның шәкірті Аяған да осы жолды әрі жалғап, Кенесары ұлы Сыздық төре туралы көлемді зерттеу жұмысын жүргізеді.
Ал коммунистік партия хандық билік пен би - болыстарды теріске шығарып, ал байларды «халық жауы» ретінде жер бетінен жойып жіберген. Бұл туралы жазбақ тұрмақ, айтуға да тыйым салған, сондықтан да профессор Алдиярдың Кенесары туралы, ал Аяғанның XIX ғасырдың 2 - жартысындағы ұлт - азаттық қозғалысының қайраткері Сыздық төре Кенесарыұлы (1837 – 1910) туралы еңбек жазып шығуы үлкен қылмыс болып саналды. Сюжет тартысына арқау болып тұрған себеп – осы.
Аяған – ұстазы сияқты адал тарихшы ғана емес, адамды бағалай білетін мейірімді, адамгершілігі мол, ақылды жан, тағы қыры – қызбалығы. Ғалым әділетсіздікке шыдамайды, шындық жолынан тайқымай өмір сүргісі келеді. Оның қайырымы мол адам екенін роман басталған беттен - ақ көруге болады. Аяған – профессор туралы ойлайтын да, жаны ашитын да, іздейтін де жалғыз адам. Алдиярдың ұлы Сыздық ішімдікке салынып кеткендіктен, әкесіне мүлде қарамайды.
Профессордың ресми саясатқа қайшы Кенесары туралы зерттеу еңбегі халыққа жат деп жарияланып, жала жабылып, қудалауға ұшырап, психологиялық орасан зор қысым көрген атақты ғалым сал ауруына ұшырайды. Ал оның шәкіртіне жабылған жала романда былай суреттеледі: «Аяған Қуатов мемлекетке қарсы, өмір бойы орыс халқын ұнатпаған, оларды аяусыз қырған Сыздық Кенесарин туралы мадақ мақала жазған. Ол орыс пен қазақ халқының арасына от жағу үшін Сыздық сұлтан туралы мақаласын орысшаға аудартып, көбейтіп, жасырын таратқан. Пиғылы жат, ойы бөтен адам. «Кеңес үкіметінің Ауғанстанға әскер апаруы – үлкен қателік. Бұл ерікті елді күшпен басып алу» деген. Ауғанстандағы соғысқа қарсы үнқағаз таратқан. Мағжан Жұмабаев сияқты халық жауының өлеңдерін студенттер арасында насихаттаған.
Кеңес үкіметі басшыларының беделіне нұқсан келтіретін анекдоттар құрастырған. Сібір аймағын бағындырған атақты батыр Ермакты студенттерге қанқұйлы қарақшы деп дәлелдеуге тырысқан. Ұлтшыл, сенімсіз адам. Жоғарғы оқу орнында қызмет істеуіне болмайды» т. б. Осылайша, Аяған тып - тыныш істеп жүрген қызметінен қуылып кетті. Алдияр Ақпанұлынан іргесін аулақ салып, ректордың ыңғайына көніп, сол кісінің дегенімен қимылдаса, ұрттап ішіп, шайқап төгіп жүрмес пе еді. Бастаған ісінің арты жақсы аяқталмасын біле тұра, сүйекке бітті қыңырлығына басып, ағысқа қарсы жүзді. Жоғарыдан келген тапсырманы әдейі қисайта салды. Шындықты іздеп, ең ақыры сол адамның алдына баратынын білсе, емтихан тапсырған қызына жақсы баға қойып, жақсы атқа ие болар ма еді?!
Шындық үшін жаным пида дейтін Аяған ол қызға әкесінің беделіне бола жақсы баға қоймасына сенімді. Сол кезде қыздың әкесінің кім екені Аяғанға алдын ала айтылды. Бұл соны біліп, қырсықты. Ақыры, міне, өзі шалқасынан түсті. Іздеп барған үлкен шындығы шын мықтының бір сілкігенінен қалмай жалп етіп құлады да, қайтып бас көтере алмады, шыбын жаны шырқырап, өтіріктің өртіне түсіп өртенген жігітке көмекке келмеді», – дейді.
Аяғанның аңғалдығы – заң күшіне сенуі. Сондықтан жоғарғы жаққа, лауазымды мекемелерге әділдік іздеп, арыз жаза бастайды. Нәтижесінде жоғары жақтың бұйрығымен түрмеге де, жындыханаға да түседі, ақыр аяғында көз жұмады.
Романдағы Мұса, Жақия, Мақсұт, Алмас – құлдық сананың қолшоқпарына айналған – сол кезеңнің типтік бейнелері. Сірескен қоғамдық жүйеге қарсылық білдірген Алдияр мен Аяған тарихи шындық үшін құлдық сананың құрбаны болады.
Б. Мұқайдың «Өмірзая» романында Кеңес кезеңінде жағымпаздар ғана жақсы өмір сүре алғандығы, ал шындықты бетке айтып, ұлттық құндылықтарымызды түгендеуге ұмтылған жандарға саяси жағдайдың тосқауыл болғандығы нақтылы кейіпкерлер арқылы ашылған. Алдияр мен Аяған – ұлттық мүдде жолында күрескен типтік образдар.
Баққожа Мұқай «Өмірзая» романы үшін 2000 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Жанр тұрғысынан бұл шығарма қара сөзбен жазылған саяси - тарихи романға жатады.
Дереккөз: Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 11 - сыныбының
жаратылыстану - математикалық бағытына арналған оқулық.
Р. Зайкенова, Р. Сакенова, Л. Н. Нұрланова
«Өмірзая» романының сюжеті туралы
- ramuk_b
- 26 наурыз 2024
- 9947
- 0
- 100
Ілмек сөздер: «Өмірзая» романы, Аяғанның қасіреті ұлт қасіреті
Ұқсас жаңалықтар:
«Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» повесі басты мәселені образ арқылы астарлап жеткізетін аллегориялық стильде жазылған. Шығармаға «Бесатар» деген атау...«Дала, сенің ұлыңмын» поэмасының тілдік ерекшелігі
«Дала, сенің ұлыңмын» – Жарасқан Әбдірашевтің 1975 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген жыр жинағының және поэмасының атауы....Биыл қазақ халқының «Алаш» ұлттық - патриоттық қозғалысына тура 105 жыл!
2022 жылы Алаш қозғалысына 105 жыл толады. ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлттық - патриоттық қозғалысының пайда болуы тарихи заңды және...Сталин және кеңестік тарих ғылымы
Ленин қайтыс болғаннан кейін және Сталиннің кеңестік саяси Олимпінде көтерілуімен КСРО тарих ғылымы үшін саясат шешуші рөл атқара бастады. Енді...Абай жолы романы туралы
Әуезов өзінің роман - эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энцик. деңгейде жан - жақты ашып көрсеткен. Қазақтың дана ұлы...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.