Ұлы Даланың рухани жауһары
Р. Тоқтаров / Абайдың жұмбағы
Рамазан Тоқтаров өз роман - хамсасында Абай мен Шоқанды кездестіреді. Бір емес, үш мәрте. Алғашында кадет корпусын бітірген жас офицер Шоқан әкесімен бірге Құнанбай ауылына келеді. Сонда алғыр дарыны мен зерек зейінін аңғарған он жасар Абайды ұнатып қалып, келесі жылы Семей медресесіне әдейі іздеп барады. Қасында досы Достоевский бар. Үшінші жолы Шоқан Атбасарда болыс сайлауына түсіп жатқанда Абай әкесіне еріп барып жүздеседі. Осының үшеуінде де Шоқанның Абайға аңқылдаған ақ көңілден айтқан ағалық ақылы мен ақ тілегі: оқы, ғылымға тереңдеп сүңгі, сонда өмірге көзің ашылады. Ақындық өнеріңді дамыта бер, әбден ойланып барып, қағазға түсіріп жаз, сонда өлмейтін өнерің ұрпақтарға қалады.
Оы ақыл Абайдың бүкіл өмір бойына көкейінде мәңгілік орнап қалған өсиет сөздері болады да, Шоқанның жарқын бейнесі мұның көз алдында асқан адамгершіліктің үлгісі ретінде үнемі елес беріп жүреді.
Өмірде кездеспесе де кездесуі әбден мүмкін адамдардың бір - біріне ыстық ықыласын осылай шындыққа айналдырған жазушы қиялы барынша құрметтеуге лайық деуге тұрарлық.
Жас Абайға осы үшеуінен кейін қатты әсер еткен бір адам – ел ішінде Шайхы атанып кеткен Дәулетбай қажы. Ол мұсылманша терең білімді, Шығыс ғұламалары мен ақындарының мұрасына жетік және сол білгенін халықтың игілігіне қалтқысыз жұмсап жүрген бір елгезек, жанкешті кісі.
Сол Шайхы ата Абайдың медреседе оқып жүргенде Шығыстың жеті жұлдызын өзіне пір санап, солардан медет тілеп жазған бір шумақ өлеңінен Шәмсиді ерекше бөліп алып, сол жайында Абайға көп - көп әңгіме айтады.
Толық ныспысы Шәмсиден Гебризи атанған бұл ғұлама кезінде Жәлелдин Ұрыми сынды әйгілі ақынды тәрбиелеп шығарғанын жырдай қылып баяндайды. Өлер алдында өзі Абайға дәл сондай ұстаз табуды, ондай адам кездесе қалса, ұлтына, нәсіліне, тіліне, дініне қарамай, шынайы жебеушім деп қабыл алуды өсиет етеді. Көп ұзамай, дәл сондай ғұлама ұстаз бұған нәсіп болатынын болжап айтады.
Айтқандай - ақ, Абайға ондай ұстаз кездеседі. Ол – кәдімгі өзіміз білетін қадірменді Евгений Михаэлис.
«Дүниеге көзімді ашқан Михаэлис» деп Абайдың өзі мойындаған бұл кісінің ақынға деген шынайы достық ықыласы мен білімдарлық ыждаһаты романда мейлінше сыпайы ізеттілікпен өте тартымды суреттеледі. Жалғыз Михаэлис емес, одан бұрын - соңды таныс - біліс болған орыстың зиялы адамдары, атап айтқанда, сол Михаэлиспен рухани туыс Долгополов, Гросс, Коншиндерден бастап, әртүрлі лауазымдағы интеллигент шенеуніктер: заңгер Лосовский, ояз бастығы Измаилов, генералдар Цеклинский, Колпаковский, белгілі ғалым Потаниндерге дейін әрқайсысы өз кезегімен Абайға иіліп ілтипат білдіреді. Соған орай, олармен араласа жүре, ой - пірік алыса жүре, Абай да өзінің табиғи даналығын, білім деңгейінің өскендігін көз алдарында танытып отырады. Солардың ерекше сый - құрметіне бөленеді.
Романда Абайдың азаматтық, адамгершілік бейнесінің ерекше жарқырап, жайнай көрінетін данышпандық тұлғасының, ақындық дарынының ерекше кемелденген тұстары көп - ақ. Оның Михаэлиске еріп, Ұлытауға баруы, сол жерде қазақ тарихынан терең тебірене сөз сөйлеуі, сол үшін әкімшілік орындарына сезікті көрініп, Омбыға апарылуы, онда губерниялық сот мәжілісінде небір маңғазданған қасқалар мен жайсаңдар алдында көсіле сөйлеп, бәрінен мойын оздыруы, сөйтіп, өзін ақтап шығу үстіне билік орнындағы әкімдерден құрметке бөленуі, Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» мен Шоқанның сот реформасы негізінде қазақ даласын басқарудың тұтас бір жүйесін жасап беруі, т. б. оқиғалар – ел алдында, жоғары әкімшілік орындары алдында Абай беделінің асқақтап көтерілуіне айқын айғақтар болып көрінеді.
Жинақтап айтқанда, Рамазан Тоқтаровтың бұл туындысы қазіргі қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес. Көркемдік дәрежесі жоғары, мазмұны бай, ұлы Абай бейнесін өз заманының мәнді оқиғаларымен, көкейкесті проблемаларымен табиғи байланыстыра отырып, шынайы суреткер шеберлігімен сомдаған бағалы туынды. Әсіресе, Рамазанның тіл байлығы, суреттеу шеберлігі, кейіпкер бейнесін сомдау машығы оқырманды ерекше тәнті етеді. Сондықтан бұл ірі шығармаға Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың берілуі өте орынды болды.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Р. Тоқтаров / Абайдың жұмбағы
- ramuk_b
- 6 қаңтар 2021
- 3124
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Рамазан Тоқтаров, Абай туралы романы, Абайдың өсиет сөздері
Ұқсас жаңалықтар:
«Абай жолы» роман - эпопеясының қысқа мазмұны №13
Он шақты күннен бері Абай Семейде Каталашкада (түрмеге дейінгі жазалау орны) отыр. Кошкин барып Абай үстінен үлкен акт жазған болатын. Абайдың...Абай жолы романындағы Абай бейнесі
Абай ұлы ақын, философ, ағартушы, демократ, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы, композитор, халық жақтаушысы....Абай – дана, Абай – дара қазақта
Халқымыздың ұлы ақыны А. Құнанбаев туралы білімдерін кеңейту. Абай мұрасына оқушылардың қызығушылығын арттыру, оқып – білуге, тани түсуге...Абай шығармашылығы
Қарағанды қаласы, № 101 мектеп - лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ахметова Гүлденсін Елубаевна...Бала Абай
Есиркепова Риммa Маңғыстау облысы,Жаңаөзен қаласы № 6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.