Сайтқа кіру Тіркелу

Алдашы мен Бабай Түкті Шашты Әзиз

Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар
Алдашы мен Бабай Түкті Шашты Әзиз
Бұрынғы заманда бір үлкен өзеннің бойында шөп күркені мекен етіп, балық қақтап, су сақтаған кедей кемпір болыпты. Оның бар медеуі, көз қуанышы әкесінен жастай айырылып, жетім қалған жалғыз ұлы екен. Ұлы енді ержетіп, ес жиып, ел қатарына қосылды ма дей бергенінде, аяқ астынан Алдашы жетіп келіп, қанды қармағын сол кемпірдің жалғыз баласының жанына салыпты.
Жан ұшырған кемпір жылап - еңіреп Бабай Түкті Шашты әзиз әулиеге келіп: «Әлгі қарғыс атқыр Алдашы деген жалғыз баламның жанын шырылдатып әкетіп барады, қолдар болсаң, енді қолда, ара түсіп, жалғызымның жанын алып қал, айналайын бабам! – деп аяғын құшып жалыныпты.
Бабай Түкті Шашты Әзиз желден жүйрік арғымағына міне салып, Алдашының соңынан шаба жөнеліпті. Көзді ашып - жұмғанша қуып жетіп: «Сен мына сорлы кемпірдің жалғыз баласының жанын неге аласың? Тастап кет! – деп айқайлапты.
Алдашы оған ажырая қарап: «Мен оның жанын Жасағанның жазмыш - жарлығы бойынша алдым. Сондықтан ажалға ара түсуге кім - кімнің де қақысы жоқ, - деп жүре беріпті. Ашу қысқан Бабай Түкті Шашты Әзиз қатыгез жаналғышты шапалақпен бетке тартып жіберіпті. Қатты тиген соққыдан Алдашы теңселіп тәлтіректегенде, оның қолынан бұлқынып шыққан баланың жаны қайта ұшып барып, өзінің бойына еніпті.
Алдашы сол қашқаннан қашып отырып, құдіретті Құдайдың алдына барыпты.
«Жер бетінде Бабай Түкті Шашты Әзиз деген бір тентек бар екен, құдіретті Құдайға, Сіздің әміріңізге қарсы келіп, ажалға ара түсті, ал маған, Сіздің құлыңызға қол тигізді», - деп арыз етіпті. Құдай оған:
«Сен оның адамдардың әулиесі екенін білмеуші ме едің? Ол не істеймін десе, еркі өзінде. Оның тілін алмаған өз обалың өзіңе!» - депті.
Құдай аққа жақтығын, әділдігін осылай дәлелдеді.
Ал Алдашы болса, Шашты Әзиздің шапалағы қатты тигені соншалық, содан бері көзі шапыраш болып қалған екен.

жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×