Сайтқа кіру Тіркелу

Дастарханға бата беру, ас қайыру

Қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан, тамаша салт - дәстүріміздің ішіне кіретін сөз өнерінің бірі – бата. Бұл дәстүр Шығыс халқында, соның ішінде қазақтарда кеңінен тараған. Бата беру – жақсы тілек тілеп, адал ниетті білдіру. Ақ бата адамға рухани қуат, күш сыйлайды да, халық жақсылыққа сеніп, шаттық, ынтымақ, береке болады деп ырымдайды.

Бата қандай жағдайда берілмесін адамды кісілікке, имандылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Бата беруді дәстүрге айналдырған ата - бабамыз «жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деп кейінгі ұрпаққа ықылас білдіріп, тілек тілеуді ұмытпаған. Әдетте, бата беру ауылдың үлкендерінің, қадірлі қариялардың, атақты батырлардың, ақындарының, би - шешендерінің, ақсақалдарының, жолы үлкен адамдардың, құдайы қонақтың үлесіне тиген.

Бата – арабшадан аударғанда «фатеке», мағынасы алғыс айту, ақ тілек тілеу. Қазақ баталары негізінен, намаздың соңында қол жайып айтылатын дұға. Батаның бірнеше түрлері - қысқасы, ұзыны болады. Мұның бәрі бата берушінің ақыл - ой, парасатының деңгейіне, шешендігіне байланысты. Егерде сөздері қадірлі, әрі ақ ниетпен айтылса қысқа батаның да, ұзын батаның да қасиеті, құдіреті, күші бірдей. Батаның қабыл болуын тек жалғыз ғана Жаратқаннан тілеген жөн.

Дастарханың бай болсын,
Қазан - аяққа май толсын.
Төрт түлігің сай болсын,
Көңілің толып жай болсын.

Ұлың қонып ұяға,
Қызың қонсын қияға.
Келінің «бибі» атансын,
Ұлың болсын «би аға»!

Бергеннен Алла танбасын,
Көбейе берсін мал басың,
Өсе берсін жан басың,
Арманың көкке самғасын.

Досыңнан көңілің қалмасын,
Жағаңнан дұшпан алмасын,
Жолың болып жортқанда,
Жолыңды Қыдыр жалғасын!


Қозыға толсын көгенің,
Тұлпар болсын көгенің.
Құтты болсын құрығың,
Сүтті болсын құдығың.
Қияқты болсын сұңқарың,
Тұяқты болсын тұлпарың.
Өрісті болсын жайлауың,
Ырысты болсын қыстауың.
Арыстандай болсын айбатың,
Аюдай болсын қайратың.
Гүлге толсын өңірің,
Көңілді өтсін өмірің.
Асқа толсын табағың,
Ашық болсын қабағың.

Пейіліңе қонақжай
Бата берем қолың жай:
Ақ жарылған жүрегің,
Қабыл болсын тілегің.
Бізге сойдың семіз тай,
Төрт түлігің болсын сай.
Өсіп-өніп ұрпағың,
Төрт қиырға қанат жай!
Бізге сойдың құлын,
Жақсыдан болсын жұғым.
Өміріңді ұзартып,
Өзіңнен өте тусын ұлың.
Бізге сойдың марқаны,
Алдыңнан тарқат арқаны.
Сыйлы болып еліңе,
Сыбағаңды ал тағы.
Бізге сойдың қой,
Үйіңнен кетпесін той.
Қызығына қанып,
Ішпей-жемей той.
Бізге сойдың тоқтыны,
Еліңнің бұл тоқтығы.
Абырой алып ұл-қызың,
Биік болсын шоқтығы.

Дастарханың бай болсын,
Қазан - ошағың май болсын.
Төрт түлігің сай болсын,
Көңілің толып жай болсын.
Құлындаған тай болсын!
Ұлың ұяға қонсын
Қызың бақытты болсын!
Бергеннен Алла танбасын,
Көбейе берсін мал - басың.
Қыдыр болсын жолдасың.
Досыңнан көңілің қалмасын.
Жағаңнан дұшпан алмасын.
Қастық қылған оңбасын,
Әруақтар қолдасын!
Дастархан байлығын берсін,
Деніңнің саулығын берсін!
Әумин!

Пышағың малдан кетпесін,
Қазаның оттан түспесін.
Маңдайға біткен ырысың
Босағадан кетпесін

Рахмет дәміңе,
Ризалық берсін бәріңе.
Аман болсын басыңыз,
Жүзге жетсін жасыңыз

Дастарханыңнан дәм кетпесін,
Көңіліңнен сән кетпесін.
Ұрпақ, ұлыс аман болып,
Өміріңнен мән кетпесін.
Әумин

Құдай жарылқасын,
Бай қылсын.
Бақ қарасын!
Қыдыр дарысын!
Аруақ жебесін!
Береке берсін!

Құдай берсін,
Кем қылмасын!
Отбасы аман болсын,
Денсаулық берсін!
Кетпес дәулет,
Кең пейіл берсін!

Ардақты үй иесі,
Әуелі бердің шай,
Көңілің болсын жай!
Екінші бердің ет,
Таппасын көңілің ешбір дерт!
Үшінші бердің сорпа,
Болмасын бағың орта!

Наурызда берілетін бата
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын
Қайда барсаң жолың болсын!
Жасың құтты болсын!
Өмір, жасың ұзақ болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Пәле - жала жерге енсін!

Бата - тілек: Дастархан, ас қайыру, тілек
Баталар жинағы
Бата беру, ас қайыру, дастархан басында айтылатын тілектер
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×