қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Сейтенова Ақкүн Жамбылқызы
Сабақтың тақырыбы: Б. Майлин «Түйебай» әңгімесі
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Жазушы өмірінен, шығармашылығынан мағлұмат бере отырып, «Түйебай» әңгімесінің тақырыбын, идеясын ашу. Әңгіме арқылы сол кездегі молдадан сауат ашудың және оның шынайы көрінісімен таныстырып, мәтіннің мазмұнын меңгерту.
Дамытушылық: Тіл көркемдігін таныта отырып, оқушыларды өз бетінше ізденуге, кейіпкер бейнесін талдай білуге дағдыландыру.
Тәрбиелік: Оқушыларды білімге, еңбекке, адамгершілік ізгі қасиеттерге баулу.
Сабақтың түрі: жаңа сабақ
Сабақтың әдісі: сұрақ - жауап, түсіндірмелі, проблемалық, Венн диаграммасы
Сабақтың көрнекілігі: Б. Майлиннің кітаптары, буклет, слайд
Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, тарих
Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу.
Кезекші мәлімдемесі.
Жаңа сабаққа назар аударту.
II. Үй тапсырмасын сұрау
а) С. Сейфуллиннің «Далада» өлеңін мәнерлеп оқып келу.
ә) Өткен тақырыпты талдау сұрақтары:
1. Ақын асау тұлпардың шабысын қалай суреттейді? Көз алдарыңа кең даланы, жасыл жайлауды елестете отырып, қандай әсер алуға болады?
2. Шабандоз баланың ән салғандағы көңіл күйі қалай берілген?
3. Ақын өлеңін кімдерге арнаған? Ол жастарға қандай тілек айтады?
4. Мақсатқа, арманға жетер жолда кездесетін қиыншылықтарды қалай жеңуге болады?
III. Жаңа сабақ
1. Жазушы өмірі мен шығармашылығы.
Б. Майлин 1894 жылы қазіргі Қостанай облысында дүниеге келген. Жастайынан ата анасынан айырылып, жетімдік зардабын шегіп, байларға жалданған. Алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, кейін сол кездегі белгілі оқу орындары болып саналатын Троицк қаласындағы «Уәзифа» медресесінде, Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып білім алған.
1916 - 1919 жылдары мұғалімдік қызмет атқара жүріп, жазушылықпен де айналысады. Сол кездерде шығатын «Ауыл» газеттері мен «Айқап» журналдарында еңбектерін жариялап тұрды.
Бейімбет - поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбек еткен қаламгер.
Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Оның «Байдың қызы», «Рәзия қызы», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Хан күйеуі» «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» поэмалары тақырыбының әр алуандығымен, оқиғалық тартымдылығымен, өзіндік тіл стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады.
Бейімбет Майлин дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген. Әсіресе, қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер.
Б. Майлин әңгімелері сол тұстағы аумалы төкпелі кезеңнің жаманы мен жақсысын, пайдасы мен залалын дәл танып көрсете білуімен құнды. Оның «Шұғаның белгісі» повесі, «Күлпаш», «Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры» т. б. айтулы әңгімелері өте көп. Жазушының сондай әңгімелерінің бірі «Түйебай».
1938 жылы жазықсыз тұтқындалып, қызыл қырғын саяси репрессияның құрбаны болды.
2. Жоспар бойынша әңгімені түсіндіру.
1. Қоржынтомар жайлауы.
2. Түйебайдың ауыл молдасында оқуы.
3. Түйебайдың молдадан таяқ жеуі.
4. Молдамен қоштасуы.
5. Қойшы Түйебай
6. Кездесу.
3. Жоспарға сүйене отырып, сұрақтар қою.
1. Б. Майлин әңгімесі неге «Түйебай» деп аталған, қалай ойлайсыңдар?
2. Осы әңгіме арқылы жазушының айтайын деген ойы не?
3. Түйебайдың молдадан білім алған жағдайы қандай еді?
4. Неге «Шоқынып кетсем де, молданың алдын көрмеймін» деп айтты?
5. Түйебайдың ата - анасының тұрмыс тіршілігі қандай болды?
6. «Аштан өлсем де, байдың қойын бақпаймын деп» деп неге айта алмады?
7. Досымен кездескенде досы «Сен бақыттысың ғой» деген сөзді айтпаса да, көзқарасынан қалай байқады?
4. Сөздікпен жұмыс.
шүрегей үйректер - ең кішкентай жабайы үйрек
сүрме - кірпік, қасты бояйтын, қынадан жасалған бояу
бақыр - бұл жерде мыстан жасалған ұсақ тиын
жат - бұл жерде мәтінді мұғалімнің айтуымен жазатын жазба жұмысы
екінді - бесін мен ақшам арасындағы мезгіл
бесін - түс ауып күн еңкейген кез
имандық - адамгершілік және адамгершілік ережелері
доңыз - шошқа
5. Оқулықпен жұмыс. «Түйебай» әңгімесі бойынша кейіпкер бейнесін талдау.
6. Әңгімені композициялық құрылысына қарай талдау.
Әңгіменің басталуы - Қоржынтомар жайлауы
Әңгіменің байланысы - Молдадағы оқу
Әңгіменің шиеленісуі - Молданың Түйебайды жиі сабауы
Әңгіменің шарықтау шегі - Түйебайдың оқуды тастауы
Әңгіменің шешімі - Түйебайдың қой бағуы
Әңгіменің тақырыбы - оқушыларды оқу - білімге шақыру.
Идеясы - Түйебай образы арқылы сол дәуірдегі кедей балаларының тағдыры.
Мәтіннен көркемдегіш құралдарды табу. (Портрет, пейзаж)
IV. Сабақты бекіту.
Оқушылар пікірін тыңдау.
Кеңес дәуіріндегі молдадан сабақ алу мен қазіргі білім алудың айырмашылығы. «Венн диаграммасы»
V. Сабақты қорыту.
Бейімбет Майлиннің шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады
VI. Бағалау.
VII. Үйге тапсырма. Б. Майлин туралы деректер жинап, әңгімедегі тұрақты тіркестерді тауып жазу. Әңгімені оқы, мазмұндау.
Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.