Сайтқа кіру Тіркелу

Түбір мен қосымшаның жазылуы

Сабақтың тақырыбы: Түбір мен қосымшаның жазылуы
Сабақтың мақсаты: 1) білімділік: оқушылардың түбір мен қосымша туралы білімдерін кеңейту. Сөздердің түбірін қосымшаларынан ажырата алуын дамыту.
2) дамытушылық: оқушылардың ой - өрісін дамыту, байланыстырып сөйлеу дағдыларын жетілдіру
3) тәрбиелік: сауатты, көркем жазуға тәрбиелеу
Сабақтың түрі: ертегі желісі бойынша құрылған сабақ
Сабақтың әдіс - тәсілдері: әңгімелеу, сұрақ - жауап, түсіндіру, баяндау
Сабақтың көрнекілігі: кестелер, суреттер, ойын, интерактивті тақта, оқулық, дәптер, тақта, бор, семантикалық карта
Сабақтың барысы: 1. а) ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды түгендеу, оқу құралдарын түгендеу, сабаққа назарларын аудару.
ә) Психологиялық дайындық: «Амандасу түрлері»
- Балалар, бүгінгі сабағымыздың басында барлығымыз ортаға шығып шеңбер құра қояйық. Енді осы үлкен шеңберден екі шеңбер жасай қояйық. Бір - бірімізге қарап тұрайық. Бір - бірімізбен қол беріп амандасайық, құшақтасып амандасайық, мұрындарымызбен түйістіре амандасайық, иықтарымызбен амандасайық.
(Оқушылардың көңіл - күйлері көтеріледі.)
2. Өткенді қайталау
- Балалар, бүгін бізде ерекше сабақ, біз бүгін қазақ тілі сабағынан ашық сабақты ертегі желісі түрінде өткіземіз. Сендер білесіңдер ертегі қалай басталатын еді?
- «Ерте, ерте, ертеде» деп басталатын. Сабағымызды бастайық!
Мұғалім: Ерте, ерте, ертеде «Қазақ тілі» елінде «Түбір» деген қария өмір сүріпті. Оның «Қосымша» деген баласы болыпты. Сол «Қосымшаның» соңынан ерген екі ұлы болыпты. Олардың біреуінің есімі «Жұрнақ», ал екіншісінің есімі «Жалғау» екен. «Жалғау» деген ұлы жүрген жерінде сөз бен сөзді жалғастырса, ал «Жұрнақ» болса жүрген жерінде жаңа сөздер жасап жүреді екен. Бүгінгі біздің сабағымызға «Түбір» ата тапсырмалар беріп жіберген екен, сол тапсырмаларды орындауымыз керек. Осы тапсырмаларды дұрыс орындаған оқушыға сыйлыққа «жұлдызша» үлестірілетін болады. Сонымен «Түбір» атаның тапсырмаларын орындаймыз ба?
- Орындаймыз.
3. «Жалғастыр» ойыны.
«Түбір» атаның 1 - тапсырмасы «Жалғастыр» ойыны арқылы ережелерді қайталап шығу.
Ойынның шарты: оқушылар өткен тақырыптар бойынша ережелерді еске түсіріп қайталап шығуы керек. Бір оқушы ережені қайталауды бастайды, ережені қайталау барысында кезкелген жерінен тоқтатылады, ал мұғалімнің белгісіне қарай келесі оқушы ережені қайталауды жалғастыруы керек.
(Дұрыс жауап берген оқушыларға жұлдызша беру)
4. «Шапалақ» ойыны.
«Түбір» атаның 2 - тапсырмасы «Шапалақ» ойыны арқылы түбір, жұрнақ жалғанған сөз, жалғау жалғанған сөздерді ажырата алу.
Ойынның шарты: егер мұғалім түбір сөз айтса оқушылар үндемей отырады, ал егер жұрнақ жалғанған сөз айтылса оқушылар шапалақты 1 рет соғуы керек, ал егер жалғау жалғанған сөз айтылса шапалақты 2 рет соғулары керек. Оқушылар мұғалімнің сөзін мұқият тыңдай отыра шапалақты дұрыс соғулары тиіс. 1) оқу, оқушы, оқушылар 2) дәптерлер, дәптер 3) кітапхана, кітап, кітаптар 4) гүлдер, гүл 5) мал, малшы, малдың 6) би, биші, бимен 7) қобыз, қобыздың, қобызшы
(Дұрыс шапалақтап отырған оқушыларға жұлдызша беру)
5. Жаңа сабақ.
- Балалар, бүгін біз түбір мен қосымшаның жазылуына назар аударамыз. Түбір сөзге жалғанатын қосымша түбір сөздің соңғы буынына қарай жуан немесе жіңішке буынды қосымша жалғанатынын білетін боламыз. Мысалдар келтіру. Оқулықтағы ережеге назар аудару:
1) Ереже: Түбір сөзге қосымша жалғанғанда көбіне сөздің түбірі өзгермейді. Түбір сөздің соңғы буыны жуан болса, оған жалғанатын қосымша да жуан болады. Ал түбір сөздің соңғы буыны жіңішке болса, оған жалғанатын қосымша да жіңішке болады.
2) кестемен жұмыс
Түбір сөз Жуан қосымшалы сөз Жіңішке қосымшалы сөз
домбыра лар
терезе нің
сабақ тан
күнделік ке
терезе ден
аспан ға
6. дәптермен жұмыс
- Ал енді «Түбір» атаның 3 - тапсырмасына назар аударайық.
а) дәптермен жұмыс
1 - жаттығу. Жуан буынды сөздерді бір бөлек, жіңішке буынды сөздерді бір бөлек жазыңыздар.
Жуан буынды сөздер: қуаныш, достар, тауға.
Жіңішке буынды сөздер: көршілер, теректер, үлгілі.
ә) Сергіту сәті: музыка әуенімен би қимылдарын жасау.
б) суреттермен жұмыс
Берілген сөздерден тиісті қосымшаны қосу арқылы жаңа сөздер жасау. Суреттерді интерактивті тақтадан көрсету. Оқушылар суретте берілген сөздерге қосымша жалғап айтады. (Дұрыс жауап берген оқушыларға жұлдызша беру)

балық – балықшы, балықшының,...............
дәрі – дәрігер, дәрігердің,....................
қақпа – қақпашы, қақпашыға,..............
ғарыш – ғарышкер, ғарышкердің,.........
домбыра – домбырашы, домбырашыдан,.......
қой – қойшы, қойшыда,.................
7. тақтамен жұмыс
«Түбір» атаның 4 - тапсырмасына назар аударайық:
1) тақтамен жұмыс
2 - жаттығу. Сөйлемдерді көшіріп жаз. Қарамен жазылған сөздердің қосымшасы қандай буынды екенін айту.(тақтада орындату)
(Дұрыс жауап берген оқушыларға жұлдызша беру)
2) оқулықпен жұмыс
3 - жаттығу. Мәтінді түсініп оқы. Мәтіннен жуан, жіңішке буынды сөздерді атап шығу. (Дұрыс жауап берген оқушыларға жұлдызша беру)
3) 5 - жаттығу. Өлеңді мәнерлеп оқу. Жуан буынды сөздерді атап шығу, түбірі мен қосымшасын анықтау. (Дұрыс жауап берген оқушыларға жұлдызша беру)
8. Қорытынды
1) Сабаққа қорытынды жасау:
- Балалар, бүгінгі біздің сабағымыз сендерге ұнады ма? Бүгін біз қандай тақырыппен таныстық?
- Түбір сөзге жалғанатын қосымша түбір сөздің соңғы буынына қарай жуан буынды немесе жіңішке буынды болатынын білдік.
- Енді «Түбір» атаның сендерге арнаған соңғы тапсырмасына назар аударайық:
2) Семантикалық кесте
Сөздерді бөліктері бойынша кестеге жаз: басшыға, өнерлінің, етіктер, партада, дәріханада
(Дұрыс жазған оқушыларға жұлдызша беру)
түбір жұрнақ жалғау
бас шы ға
- Балалар сендер бүгінгі сабаққа өте жақсы қатыстыңдар. Біздің «Түбір» атаның тапсырмаларын жақсы орындадыңдар. Сонымен бүгінгі сабағымыз аяқталады,
сау болыңдар.
3) Үйге тапсырма: 4 - жаттығу. Көп нүктенің орнына тиісті қосымшаларды қойып жаз, ереже 16 бет.
4) Бағалау: оқушылардың білімдерін жинаған жұлдызшалары бойынша бағалау.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×