Сабақтың тақырыбы: Ұлы Абай - нар тұлға
Мақсаты:
Білімділік: Ұлы ақынның даналық сөздерін талдап, мағынасына көңіл бөліп, есте сақтап, парасатты ақын екендігін дәлелдей отырып насихаттау.
Дамытушылық: Шәкірттерге бабамыздың ел бірлігі, ұрпақ келешегі, адам жанының рухани тазалығы жайлы ой - толғауларын сезіндіре отырып, оларды Отан сүйгіштікке, ұлтжандылыққа және адамдық асыл қасиеттерге тәрбиелеу.
Тәрбиелік: Шәкірттердің ақыл - ойын, белсенділігін, еске түсіру, есте сақтау қабілеттерін жетілдіру, жүйелі шешен сөйлеуге дағдыландыру.
Сабақтың түрі: сайыс сабақ
Көрнекілігі: Абай суреті, шығармалары, «Абай - ұлы тұлға» газет,
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңдер жинағы, өмірінен мәлімет беретін альбом, «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе», «Абай жаққан сәуле» буклет.
Сабақтың эпиграфы: Адамның адамшылығы - ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, құрбы, жақсы ұстаздан болады.
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.
Баяу күй орындалып тұрады, оқушылар орындарынан тұрып сәлемдескеннен соң сабақ басталады.
Мұғалім: Құрметті қонақтар, ұстаздар, шәкірттер!
«Ұлы Абай – нар тұлға» атты бүгінгі сабағымызға қош келдіңіздер.
Көп адамдар өмірге бой алдырған,
Бой алдырған аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған.
Абай бүкіл жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге жасасып келеді.
1 - жүргізуші: Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?
Жырымен жан сусынын қандырған кім?
Қастерлеп сөз асылын өлеңменен
Мұра ғып кейінгіге қалдырған кім?
2 - жүргізуші: Ерте оянып, ойланып, ер жеткен кім?
Талабын тас қияға өрлеткен кім?
Құба жон, құбақан құм, құла қырды,
Өлеңнің бесігінде тербеткен кім?
Абай: Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма.
1 - жүргізуші: Қазақ жерінің ақыны, данышпаны көп болғанымен Абай біреу - ақ.
Абайы бар елдің мерейі үстем.
2 - жүргізуші: Ақын тұлғасы дараланған сайын қазақ та биіктей бермек. Сол
шыңнан көз жазбау - біздің парызымыз да қарызымыз.
( Жүргізушілер Абай суретінің алдына келіп тағзым етеді).
Абай ата! Өзіңнің үміт еткен ұрпағын сіз туралы толғап, сыр шертпек.
Қабыл ал, жас өрендеріңізді, ақ батаңды бер біздің талабымызға. Жатқан
жеріңнен тұрып, бір сәт болса да бізге орал, ортамызда бол!
1 - жүргізуші: Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ - барды ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін – деп атамыздың өзі
айтқандай оның данышпандық көзқараста жазылған сөздеріне шолу жасайық.
2 - жүргізуші: Абай өз заманының биік парасат иесі ғана емес, бүгінгі заман
қайшылықтарын шешуге дұрыс бағыт берген биік тұлға. Ұлы ақынның
даналық сөздері бүкіл шығармаларынан жылы лебін сездіріп тұрады. Сөзіміз
дәлелді болу үшін кезекті оқушылардың өзіне берейік.
(Сынып екі топқа бөлінеді. Әділ қазылар алқасы сайланады.)
І топ «Желсіз түнде жарық ай»
ІІ топ «Сегіз аяқ»
(Әр топтың ұрандары, әндері, төс белгілері, қабырға газеттері бар.)
І топ. Ұраны: Аспаса ақыл қайраттан,
Тереңге бармас үстірттер.
Әні: «Желсіз түнде жарық ай»
Төсбелгісі: Ай, тау, су бейнесі.
ІІ топ. Ұраны: Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын.
Әні: «Сегіз аяқ»
Төсбелгісі: кітап, орақ, кетпен.
1 - тапсырма. Өздерін таныстыру, сәлем беру.
І топ: «Желсіз түнде жарық ай»
Сәлем бердік қарсылас топ «Сегіз аяқ»
Данышпандар сендермісің некен - саяқ.
Парасат жарысына келіп тұрмыз,
Бар өнерді қалмандар көптен аяп.
Айт деген соң іркіліп қаламыз ба?
Ұлы ақынның шәкірті көп арамызда.
Абай айтқан асыл сөздер тізіліп тұр,
Мына біздің пәк, таза санамызда.
ІІ топ: «Сегіз аяқ»
«Желсіз түнде жарық ай» қабыл алдық сәлемінді,
Ортаға сал, жасырма бойдағы бар өнеріңді.
Абай айтқан асылдар, жыр - маржандар төгілсін
Отырғандар таңданып, бас шайқасын, қол ұрсын.
Ұлы Абайдың жырынан құр қаласың ба,
Сөз маржанын тер дария жағасында.
Парасат, ақыл - ойдан сыр шертелік,
Құрма мектебі Сарыарқа даласында.
2 - тапсырма. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе!»
І топ.
1 - оқушы: Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл, артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный қызмет іздеме
Оқалы киім киюге,
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
2 - оқушы: Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін шын күлерлік
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат.
3 - оқушы: Жастықта бір күлгенің бір қаралық,
Күлкі баққан бір көрер бишаралық.
Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,
Ең болмаса еңбекпен мал табалық.
4 - оқушы: Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,
Шошимын кейінгі жас балалардан.
Терін сатпай, телміріп көзін сатып,
Теп - тегіс жұрттың бәрі болды аларман.
5 - оқушы: Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріндікін, бірің жеткіз!
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақшы естен кеткіз!
6 - оқушы: Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар.
ІІ топ «Сегіз аяқ» Абайдың қара сөздеріне саяхат.
1 - оқушы: 6 - қарасөз. Көкірегі, көңілі тірі болса, тірлік деп соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.
Кеселді жалқау, қылжақбас,
Әзір тамақ, әзір ас,
Сыртың - пысық, ішің - нас,
Артын ойлап ұялмас, - болып жүріп, тірімін деме, онан да
Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық.
2 - оқушы: 8 - қарасөзі. Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды? Біреу - болыс, біреу - би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Байлар өзінде жоқты малымен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, арамдық, ақыл, ғылым, білім - ешнәрсе малдан қымбат демейді.
Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшақ басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі де кесел асқанға.
3 - оқушы: 10 - қарасөзі. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Хош сөйтіп жүріп - ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ.
4 - оқушы: 13 - қарасөзі. Иман деген - ұлы тәңірі Алланың барлығына, бірлігіне илану, иман - шын көңілмен Аллаға сену. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де соған айнып көңілі қозғалмастай берік боларға керек. Бұл иманды шын иман таклиди – дейміз. Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз.
5 - оқушы: 15 - қарасөзі. Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше бір белгілі парқын көрдім. Әуелі пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен - дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен. Есер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен - дағы, күнінде өкінген пайда болмайды екен.
6 - оқушы: 19 - қарасөзі. Адам ата - анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы - жаманды таниды - дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады.
Ақыл бітпес дәулетке,
Дәулет бітпес келбетке.
7 - оқушы. 31 - қарасөзі. Естіген нәрсені ұмытпасқа төрт түрлі себеп бар: әуелі көкірегі байлаулы, берік болмақ керек;
екіншісі - сол нәрсені естігенде, я көргенде үлгі алу керек, көңілденіп, тұшынып ынтамен ұғу керек;
үшінші - сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып, ойланып, көңілге бекіту керек;
төртіншісі - ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер ой кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері уайымсыз салғырттық, ойыншы - күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмар болу. Бұл төрт нәрсе - күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.
8 - оқушы: 37 - қарасөзі.
1. Әкесінің баласы - адамның дұшпаны, Адамның баласы - бауырың.
2. Өзің үшін еңбек қылсаң,... Алланың сүйген құлының бірі боласың.
3. Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық; сақалын сатқан кәріден
еңбегін сатқан бала артық.
3 - тапсырма. Сұрақ - жауап.
Ұлы философ Аристотельдің қандай сөзінен кейін Ескендір қаланы шаппай, әскерін алып кетеді?
Бұл Абайдың қай шығармасынан үзінді?
Жауап: Әлемді түгел көрсе де,
Қызығын қолмен бөлсе де.
Қайғылы күні қабірі,
Қазалы күйге түссе де,
Өмірге тоймас азамат! - деп Аристотель адам тіршілікте алуға тоймақ еместігін, ажал жеткенде, кісіні топырақ жапқанда ғана ештеменің қажеті болмайтындығын айтады.
Осыдан кейін Ескендір ойланып, әскерін алып кетеді.
Бұл Абайдың «Ескендір» поэмасынан.
«Жалғасын тап» ойыны.
(Екінші топ бір шумақ өлең оқып, қалғандары өлеңнің атын айтады.)
4 - тапсырма.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Екі топ өнерлерін көрсетеді.
І топ «Ескендір» поэмасынан үзінді.
ІІ топ «Болыс болдым, мінеки» үзінді.
5 - тапсырма. «Әнді сүйсең менше сүй» (Абай әндері)
6 - тапсырма. «Ойшыл туралы ойлар».
Ақын - жазушылардың ұлы ақын туралы жазған пікірлері.
І топтың оқушысы:
Абай қазақ тарихының биік шыңына жалғыз дара шыққан тау ағашы сияқты.
(М. Әуезов)
ІІ топтың оқушысы:
Әрбір ұлы ақын тәрізді Абайдың ұлылығы сол - ол қай әдебиеттен үйренсе де жалаң шәкірт болып қалмай, данышпан ұлттық ақын болды. (З. Ахметов)
І топтың оқушысы:
Абайдың қасиеті - ол өткен заманның ақыны емес, бүгінгі заманның ақыны, бүгінгі қазақ ақындарымен іргелес, бағыттас ақын. Абайдың әдебиеттегі өсиеті - шындық, шеберлік, адам баласына ортақ гуманизм, Отанды сүю...
(Ғ. Мүсірепов)
ІІ топтың оқушысы:
Абай - әлемдік әдебиеттен белгілі орын алған кемеңгер, ойшыл, адам баласын шындыққа, игілік іске, еркіндікке шақырған ұлы ақын (Ә. Марғұлан)
7 - тапсырма. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз».
(Абай туралы өлеңдер оқиды).
8 - тапсырма. «Абайды іздеу».
Абайға арналған ақын - жазушылардың өлеңдерін оқу.
1 - жүргізуші:
Қазақтың ұлы ақыны, терең ойшыл, үлкен ғалымы, қоғам қайраткері – Абайды оқып білу, әсіресе, оның пікірлерін, ғылым, өнер, еңбек туралы айтқан асыл сөздерін аялай біліп, ардақтау – біздің міндетіміз.
2 - жүргізуші:
Абай өмірін оқытуда өнегелі тәрбие беретін жақтары өте көп. Халқымыздың маңдайындағы жарық жұлдызы Абай бабаны біз осылайша құрметпен еске аламыз.
Мұғалім:
Абайдың асыл сөздерін жете үйреніп, бойға нәр, ойға қуат алып, қазіргі педагогикамен байланыстыра отырып, қажетімізге жарату, тәлім - тәрбие жұмысына қолдана білу ұстаздардың басты міндеті болып саналады.
Қорытынды сөз. (Сөз әділқазылар алқасына беріледі).
Сабақтың тақырыбы: Ұлы Абай - нар тұлға
- Manat
- 1 ақпан 2014
- 11542
- 0
- 0
Ілмек сөздер: бастауыш сынып, Абай, қара сөздер
Ұқсас жаңалықтар:
Қара сөздер. Абайдың отыз бірінші қара сөзі
Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі - көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану...Қара сөздер. Абайдың он бесінші қара сөзі
Әуелі - пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты...Қара сөздер. Абайдың алтыншы қара сөзі
Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды - бірлік, ырыс алды - тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады - білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік...Абай бүлдіршіндер жүрегінде
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Ы. Алтынсарин орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Қайыржанова Жұмагүл...Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы
Ұлы ақын Абай өмірі мен шығармашылығы туралы білетіндерін еске түсіре отырып, шығармаларына талдау жасайды, ойшыл көтерген проблемалар тағылымынан...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.