«Ар - намысым, қасіретім, қуанышым – Желтоқсан!»
Мақсаты: білімділігі: оқушыларға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының болу себептерін және тәуелсіздіктің қадір - қасиетін түсіну.
дамытушылығы: оқушының ойын жеткізе білуі мен тіл байлығын дамыту, өлеңді мәнерлеп оқу, әр сөздің айтылуына көңіл бөлу, дикциясы мен интонациясын дамыту.
тәрбиелігі: Отан - Ананы құрметтеу, тәуелсіздікті бағалай білуге, ұлтжанды, елжанды болуға, елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ерлердің қаһармандығы мен күрескерлік ерліктерін әрдайым есте ұстауға, үлгі ете білуге үйрету.
Көрнекілігі: Желтоқсан қаһармандарының суреттері (Қайрат, Лаззат, Сәбира, Ербол), интерактивті тақта, тақырып желісі бойынша слайдтар, шарлар, нақыл сөздер, кітап көрмесі.
Барысы:
1 - жүргізуші: Ассалаумағалейкум, халқым менің!
Ардақта дәстүріңді салтыңды елім.
Мереке басы болсын берекенің,
Игі еңбек жемісінің бәрін жегін
2 - жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, ата - аналар және Тәуелсіз еліміздің ұлағатты ұрпағы.
1 - жүргізуші: Тарихымызда ерекше орны бар, халқымыздың қасіреті мен ар - намысына, сонымен бірге мақтанышына айналған оқиға — бұл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.
Әр дәуірдің еркіне сай
Нарқы өзгерген алтынның.
Айналайын, алтын әнім,
Жас өркені халқымның.
Желтоқсанда шындық жырын
Шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді,
Ел болсақ деп талпындың.
2 - жүргізуші: 1986 жылы 17 — желтоқсанда Алматы қаласында мыңдаған қазақ жастары наразылын білдіріп, шеруге шықты. Олар «қазақ елінің өз көсемі сайлансын» деген тілек білдірді.
1 - жүргізуші: Сол кездегі үкімет басшыларының бұйрығымен күш көрсетілді. Көптеген жастар түрмеге қамалды. Оларға желтоқсанның ызғарлы күнінде зәбір көрсетілді. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға «бұзақылар», «ұлтшылдар», «нашақорлар» деген кінә тағылды.
Іңкәр:
Нашақор деп, ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн
Базары кетіп бір күнде
Қайғыға халық батқан күн
Әділдікпен шындықты
Өтірік жала жапқан күн.
Санжар:
Надан жасаған сұмдықтан
Адамдар азап шеккен күн,
Қасқалдақ ұшып көлінен
Шүрегей келіп қонған күн.
Қырандар қуып көгінен
Қарғалар билік алған күн.
Ерасыл:
Шектеліп ана тіліміз,
Оқылмай өлең - жырымыз
Жабылып жатса мектептер
Жадырар қалай күніміз?
Аружан:
Тарылып жатса даламыз
Қайтіп біз тыныс аламыз?
Қақымыз да жоқ айтуға
Әділет қайдан табамыз?
Төрехан:
Бұрқ етті қазақ баласы
Кеудеге өршіп наласы
Алаңға қарай ағылды
Таусылып барлық шарасы
Жанымыз жомарт қазақпыз
Мәңгүрт боп кете жаздаппыз
Қосайық басты, бауырлар,
Жанайық жансақ маздап біз.
Гүлім:
Желкеге тиді сілтеген күрек, қамшылар,
Соққыға мұндай, қасапқа қандай жан шыдар?
Жастарға шашқан мұз судан мұз шашырап,
Ауылда жатқан маған да тиді тамшылар.
Әділет:
Жас арудың жанарында – Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында – Желтоқсан
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында – Желтоқсан.
Жауыздықты жасаған да - Желтоқсан
Жаңа ғұмыр бастаған да – Желтоқсан
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да - Желтоқсан
2 - жүргізуші: Хор: «Желтоқсан желі»
1 - жүргізуші: Иә, бұл күнге жету үшін ата - бабамыз қан төкті, жанын берді, бүкіл жеріміздің тұтастығын сақтап, ұрпақтан - ұрпаққа табыс етті.
2 - жүргізуші: Бірақ қазақтың өр ұлдары мен ер қыздары көбеймесе азаймады. Оның айғағы — 23 жыл бұрынғы ел намысы үшін жанын құрбандыққа қиған желтоқсандықтар болатын.
1 - жүргізуші: Оның айғағы – дүниені дүр сілкіндіріп, әлемге қазақ деген атты паш еткен Желтоқсан оқиғасы.
Жасмин:
Желтоқсан – тарихымда әйгілі күн,
Ерттеп мініп ар – ождан сәйгүлігін
Ерлерім елдік үшін атой салып,
Еншілер қайтарған бәйгелі күн.
Әлнұр:
Желтоқсан тағдырларға азалы күн,
Қайраған намыстарын мазалы мұң.
Қыршынынан қиылған боздақтары
Қалар мәңгі есінде Қазағымның.
Томирис:
Тарихым жатыр тасымда,
Тіл қатып келер ғасырға.
Азаттық деген ұғымның
Желтоқсан тұрар басында!
2 - жүргізуші: Ән: «Алға, қазақ жігіттері»
1 - жүргізуші: Күндік кешпей, мұз кешпей,
Ат артында міңгеспей,
Мұңдық болып мұңаймай.
Тәкаппар нағыз құдайдай
Қасқайып қарап тұратын
Ағасы өлсе іні боп,
Жауына қарсы шығатын,
Арыстандай алысып,
Жолбарыстай жұлысқан
Қыздары көп қазақтың – демекші өзінің жас өмірін қиып кете берген Сабира Мұхаметжанова өмір жолымен танысып өтейік.
Жұлдыз: (Сабираның өмір жолы туралы слайдтар жүріп жатады)
Сабира Мұхаметжанова 1985 жылы сегіз жылдық мектепті үздік бітіріп, бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлайтын оқу орнына студент болып қабылданды. Ол Алматыдағы жастар шеруін жұдырықтай жүрегімен қолдап, Өскемен қаласының көңілі ашық, көкірегі ояу студенттерімен бірге Ушанов алаңына қарай өлең айтып, шеру тартты. Өскемен жиналысында Сабираны айыптап, тәртіпсіз деп бағалаған. Сөйтіп, албырт жас жатақхананың өзі тұратын бөлмесінің терезесінен секіріп қаза тапты.
2 - жүргізуші: Желтоқсанның қазаққа
Ызғары көп тастаған
Намыстан өлген ұлтымның
Қыздары көп, қарағым
Өр намыс иесі, қайсар, жас қыз Лаззат Асанова жайлы айтып өтсек.
Жазира:
(Ләззаттың өмір жолы туралы слайдтар жүріп жатады) Ләззат Асанова Алматы облысы, Панфилов ауданы, Ақжазық ауылында дүниеге келген. Алматының Чайковский атындағы музыкалық училищесінде қобызшы мамандығы бойынша оқып жүрген Ләззат Асанованың он алты жылдық қысқа ғұмыры арта үзілді. Ләззатты жерлеудің алдында денесін ақ жауып, арулаған кезде оның екі білегіне салынған темір бұғаудың қалдырған көкпеңбек іздерін, бас сүйегінің шүйдесі ойылып кеткені анықталды. Осыған қарағанда ол жазалаушылардың қорлығынан қаза тапқан. Ләззат әпкемізді мәңгі есімізде қалдырамыз. Аруағына бас иеміз. 2 - жүргізуші: Тарихта «Құйын» операциясы деген атпен мәңгі қалатын жойқын шабуыл демонстрацияны қуып тарату операциясы жоспардағыдай аяқталды. Қанға бөккен қала көшелері мен алаңдар қаңырап бос қалды. Қазақтың әр үйіне үрей кірді, әр қазаққа «ұлтшыл», «нашақор», «маскүнем» деген айып тағылды. Алаңға жиналған қазақтың, әрбір жас өркенінің артына шам алып түскен қуғындау, қудалау басталды. Оның ішінде ату жазасынан бастап жиырмадан бір жылға бас бостандығынан айырған жазаларды ұлттық қаһармандарымыз арқалап кете барды.
Соның бірі – Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков еді. Томирис: (Қайраттың өмір жолы туралы слайдтар жүріп жатады) Қайрат Рысқұлбеков Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында, Бірлік аулында дүниеге келген. 1982 жылы ол Алматы Сәулет құрылыс институтына түседі. Сол Желтоқсан оқиғасынан кейін оны «Савицкийді өлтірген қылмыскер» деп жала жауып «Аса қауіпті қылмыскерлер изоляторында» ұстады.
1 - жүргізуші: Осыдан кейін жастайынан қыршын кеткен Қайрат сияқты ағамызда 21 жасында қаза тапты.
2 - жүргізуші: Міне, осы тәуелсіздіктің туын желбіреткен ұлтжанды аға - апаларымыздың арқасында егеменді ел болуға қол жеткіздік. 1 - жүргізуші: Қазақ биі «Адай» 2 - жүргізуші: Хор: «Атамекен»
1 - жүргізуші: Осымен Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Ар намысым, қасіретім, қуанышым – Желтоқсан!» — атты ашық тәрбие сағатымыз аяқталды. Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көптен - көп рахмет!
Ар - намысым, қасіретім, қуанышым – Желтоқсан!
- ramuk_b
- 11 қаңтар 2014
- 10025
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Ар намысым, қасіретім, қуанышым Желтоқсан
Ұқсас жаңалықтар:
Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік
Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 31 жылдығына арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер! Тәуелсіздік – ең...Желтоқсан шежіресі – елімнің мәртебесі
Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы, № 2 К. Э. Циолковский атындағы мектеп мұғалімі Жұмағазиева Данасұлу Жүсіпқызы...Тәуелсіздік тұғырым
Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Сарат орта мектебінің бастауыш класс мұғалімі Смайлова Гулсима Зауегалиевна...Ол ақын болар ма еді?
Оқушыларға мәтін мазмұнын меңгерту, желтоқсан оқиғасы жайлы түсінік беру. Қ. Рысқұлбековтың ерлігімен таныстыру. Оқушылардың ой-өрісін, тіл байлығын...Желтоқсанда үзілген жауқазындар (тәрбие сағаты)
БҚО, Тасқала ауданы, «Ақбөпе» балабақшасы топ тәрбиешісі Айшуакова Райса Адиловна...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.