Тақырыбы: Тігінші болғым келеді.
Аннотация
Құрманбаева Розаның бұл зерттеу жұмысында қолөнер түрлерімен айналысу мақсатында тігіс тігудің ерекшелігін көрсеткісі келген. Тігіс тігу өнеріне деген махаббат, сұлулыққа деген құштарлық жиынтығы. Ою ойған адамның жүрегі жылы, нәзік болады. Бұл тақырыпты таңдауының бірден - бір себебі өскелең ұрпақты батыс еуропа мен күншығыс елдерінің стилі мен мәдениеттеріне халқымыздың ентелеп енуіне тоқталуы. Өз ұлтының өзіндік қолөнерімен, әдеп - ғұрпының жас ұрпаққа берер тәрбиесінің орасан зор екендігін насихаттауда.
Зерттеу жұмысына жалпы сипаттама:
Өркениетті қоғам мен құқықтық мемлекеттің гүлдене түсуі өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қабілеті мен шығармашылығын, кәсіби біліктілігі мен білімділігін талап етеді.
Осыған орай Қазақстан Республикасының білім беру мен тәрбиелеу саласының түбегейлі жаңару жағдайы бүгінгі таңда халықтың дәстүрлі өнер түрлерін жинақтап, зерделеудің, оның айналасындағы тәлім тәрбие, мол тәжірибе негізінде жас өспірімдерді тәрбиелеу қажеттігін тудырады.
Сондай қажеттіліктің бірі - халықтың қолөнері. Оның ішінде тігіс өнерінің тәлім - тәрбиелік мүмкіндіктерін қазіргі ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдалана білу болып табылады. Қазақ ұлттық тігіс тігу әдісінің бай тарихы, терең мазмұны мен эстетикалық тұрғыда әсер етіп оның сапалық қасиеттерін дамыта түсетіні сөзсіз.
Зерттеу мақсаты:
Тігіншілік өнердің ерекшеліктерін тиімді пайдалану және насихаттау.
Тігіс тігу ерекшелігін пайдалану арқылы ұрпаққа мұра болып қалатын дүниенің сырын ашып, оны келешек ұрпаққа аманат етіп қалдыру болады.
Зерттеу жұмыстың өзектілігі:
Тігіс түрлері символдық мәнге ие болуы, оның ұлттық болмысымызды бейнелейтін заттарда көрініс табуы. Сондай - ақ тігістің түрлі танымдық нышандарының болуы қазіргі зерттеушілердің көптеп көңіл бөлуін қажет етіп отыр. Қазақтың ұлттық тігіс өрнектерінің мәнін ұлттық дүниетанымымен байланыстыру жұмыстың өзектілігін көрсетеді.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:
Тігістің танымдық мәнін аша отырып біз төмендегіше қорытындыға келдік. Ежелгі ата - бабамыздың күнделікті тұрмыс тіршілігі табиғат пен мал шаруашылығымен байланысты болғандықтан өздерінің қолдан жасаған бұйымдарына көбінесе жан - жануарлар, құстарға табиғат құбылыстарына байланысты элементтеріне көбірек пайдаланған. Біз бұл жұмысымызда көбірек тігістің әр түрлі әдістеріне тоқталамыз. Және сол тігіс түрлерін пайдаланып өз туындымды тігу үшін пайдаланамын.
Мақсатыма жету үшін қолданған әдіс - тәсілдерім:
1. Сұрақ - жауап.
2. Сұхбаттасу.
3. Пікірлесу.
4. Талдау - жинақтау.
Жоспары
І. Кіріспе
1. 1. Қазақтың ұлттық ою - өрнектері туралы мағлұмат.
ІІ. Негізгі бөлім
2. 1. Қазақтың ұлттық ою - өрнектерінің танымдық мәні.
2. 2. Қазақтың ұлттық бұйымдарындағы ою – өрнек үлгілері.
2. 3. Қазақы киіз бұйымдарындағы ою - өрнектердің жасалу
технологиясы.
2. 4. Кесте және көркемдеп тігу әдістері.
ІІІ. Қорытынды
Ұсыныстар
Нәтижелерге сараптама
ІҮ. Пайдаланылған әдебиеттер
І. Кіріспе
1. 1 Қазақтың ұлттық ою - өрнектері туралы мағлұмат.
Ою - өрнек, орнамент (лат. орнаментум – әсемдеу, сәндеу) – әр түрлі заттарды (үй - іші мүліктері, тоқыма бұйымдар, еңбек құралдары, қару - жарақ), архитектуралық ғимараттарды әшекейлеуге арналған, жүйелі ырғақпен қайталанып отыратын әрі үйлесімділікке құрылған өрнек - нақыштар. Қазақстан аумағында Ою - өрнектің ең қарапайым элементтері Андронов дәуірінен жеткен көзе әшекейлерінен байқалады. Мұндай әшекейлер “жал”, нүкте, ирек тәріздес болып келеді. Ою - өрнек түрлі геометриялық пішіндерден құралып, зерлеу, дәнекерлеу, оймалау, кестелеу, құйма - жапсыру әдістері арқылы жасалады. Ұлттық Ою - өрнек көбіне өзіне тән белгілерінің жүйелерін қазақ халқының қалыптасуымен әрі республиканың қазіргі аумағын мекендеген Азияның басқа да халықтары мәдениетімен тығыз байланыста дамыды. Бұл ортағасырлық архитектуралық ғимараттардағы көгеріс және геометриялық ою - өрнектерден (Бабажы қатын күмбезі. 10 - 11 ғасырлар Айша - Бибі кесенесі, 11 - 12 ғасырлар, Ахмет Иасауи кесенесі, 13 - 14 ғасырлар т. б.) айқын көрінеді.
Ата - бабамыздың бай мәдени мұрасының тарихын білмей, жаңа өмiрдiң талабына лайық жауап беретiн туынды жасау мүмкiн емес. Жаңа туындының тамыры көне дүние тарихымен неғұрлым терең астасқан сайын оның өрбiп, жапырақтың бұтақтары да жаңа заманның рухынан нәр алып, сол ортаның идеологиялық және рухани ата - бабадан қалған мәдени мол мұраларынан нәр алып, жаңа өмiрдiң жаңа талабына сай жаңаша жырлауы керек. Қай мамандықтың зерттеушiсi болмасын, ескi тарихи мұралардың негiзiне сүйенбесе, оның еңбегi де, туындылары iргетассыз салынған үймен тең, ондай туындының өмiрi ұзақ болуы мүмкiн емес. Бұл жағдай мамандықтың қай саласы болмасын, барлығына бiрдей қойылатын қатаң да заңды талап. Бұл талапты мүлтiксiз орындау – мамандарымыздың баршасының қасиеттi борышы болса керек.
Қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнерінің түрлері де, атаулары да жетерлік. Солардың ішінде халық арасына көбірек тарағаны - ою - өрнек. Ою - өрнек ісі тым ерте заманнан бастап - ақ қолөнердің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді.
Ою деген сөз бен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшкейлердің ортақ атауы іспеттес. Сондықтан көбінесе ою - өрнек деп қосарланып айтыла береді.
Ою - өрнектің біздің заманымыздың мыңдаған жылдар бұрынғы халықтарда да соншалық ескі дәуірден бері келе жатқан халықтық өнердің бір түрі болып саналады. Қазіргі шеберлердің іс үлгілерін зерттеу нәтижесінде анықталған ою - өрнектердің 200 - ден астам түрі бар. Өрнектердің шығу тарихы, адам өмірімен, тұрмысымен байланысты екенін көрсете келе олардың даму ерекшелігін, дәуірдің, адам баласының сана - сезіміне қарай өрнектің таңба, элементтердің дамуы мен өркендеу ерекшелігін байқауға болады.
Ою - өрнектің дамуы, сонымен қатар дәуірдің даму тарихына қарай сәулет өнеріндегі стильдік сипатқа ие болды. Архитектура - дағы өрнектердің сипаты дәуірге байланысты сипат алса, барлық сол кездегі бейнелеу өнерінің түрлері соған байланысты дамып, стильдік бағытта орын алады.
Өрнектік элементтердің түрленуі оның тарихи дамуға байланысты екенін, өрнектік сипатқа талдау барысында анықталды. Ою - өрнек элементтерінің айырмашылықтары олардың адам өміріндегі тарихи дамуына, кәсібіне, ортасына байланысты.
Қазақ ою - өрнектерінде кейде түзу, қисық, кейде доға сызықтар көптеп кездеседі. Бұл топқа жататын оюлар мен өрнектер киім безендіруде молынан кездеседі. Кейде өзен, аққан су сияқты ирек кестелер кездеседі. Оны қазақтар тоқтаусыз, қозғалыстағы үзілмес өмір белгісіндей қабылдайды. Мұндай өрнектер көрнекі жерге - киім өңірлеріне түсіріледі. Толқын тәріздес таусылмас өрнектер күрделі жануарлар немесе аспан әлемінен алынған өрнектердің екі шетін қаусырып тұру үшін таптырмайды. Сондай - ақ “сүйір”, “ирек”, “балдақ”, “қармақ”, “тұмарша” тәрізді атаулар оюларды киім безендіруге пайдаланбаған. Олар алаша, ши, басқұр, текемет және басқа тұрмыстық заттар үшін таптырмас безендіру үлгілері.
Әр халықтың өнерінде бояу түсі әр қалай бағаланады. Қазақ ою - өрнек өнерінде ақ түс көбірек қолданылады. “Ақ” түс – шындық, қуаныш, бақыттың нышаны. Сол сияқты қазақтардың ұғымында басқа бояу түстерінің де орны айрықша. Мысалы, “көк” - аспанның, аспанға табынудың, “қызыл”- оттың, “сары” - айырылысудың, “қара” - жердің, “жасыл” - көктемнің, жастықтың, символы. Бұдан, түр - түс ою - өрнек өнеріңде күрделі рол атқаратын, ондағы ойды бейнелеу арқылы болмыс пен шындықты көрсетуде өзіндік шешім табатынын байқаймыз.
Көне түркілердің түсінігі бойынша, құс - көктің, балық - судың, ағаш - жердің белгісі. Сол қазақ ою - өрнегінің мақұлық аты, нәубет аты, ғарыш аты, тіке сызықты нышандық, танымдық т. б. сарындарының мазмұнын байыта түсті. Халқымыздың ғысырлар бойы мұра болып келе жатқан мәліметтерге сүйенсек, шеберлер өздерінің қолөнер туындыларына табиғаттан алынған бейнені дәлме - дәл түсіруге ұмтылған.
ІІ. Негізгі бөлім
2. 1. Қазақ ұлттық ою - өрнектерінің танымдық мәні.
Ел әдетін, этнографиясын білген адамға мұндай өрнектердің бұйымдық ұғымын және олардың неліктен бұлай аталатындығын пайымдау қиын емес. Халқымыздың шиге, алашаға, кілемге салатын «омыртқа» өрнегі Ғ. Иляевтің кілем, түскиіз, терме - алашаға арнап жасаған өрнегі. Өрнек кілең «сынық мүйіз» өрнегінің элементтерінен құрылған. Сонымен қатар, өрнекте ұлы жүз қазақтардың рулық белгісі болған «тарақтаңба» да көрініп тұрады. «Омыртқа» өрнегін малдың кепкен жалпақ омыртқасының сүресін есіне түсіре алмаған кісінің түсінуі қиын. Сол сияқты жалпы атауы мүйіз (қойдың, арқардың, бұғының) ұғымынан алынған әр түрлі және көп тармақты өрнектер де неше иіріліп, әр түрлі тармақталып, бір сюжетті тұспалдап тұрады. Мысалы, «қошқар мүйіз» өрнегі ерте заманда бір түрде жасалып, бара - бара әдеміленіп келіп, екінші түрге ауысқан. Бірақ оның бастапқы затқа ұқсастығынан гөрі әдемілігі, әшекейлігі басымдана түскен. Мысал ретінде көне заманның айбалталарын алайық. Айбалтадағы екі мүйіз тек әдемілік үшін ғана жасалған өрнек. Ал балта жүзінің өзі де жарты ай бейнесін меңзеп тұр. Айта кетерлік бір жай осы сияқты мүйіздеп әшекейлеу арқылы жасалатын өрнектер қазақтан басқа елдерде де көп кездесе береді. Қырғыз, өзбек, армян, әзербайжан, түрікмен, украин, молдавандарда және тағы басқа елдерде кездеседі. Әрине әр елдің салттық ұғымдарына, дәстүрлеріне байланысты олар әр алуан болып келеді. Демек, халықтар арасында бірінен бірі үлгі алу, өнеге ауысу ертеден – ақ жақсы дәстүр болған деген ойымызды бұл жайлар тағы да дәлелдей түседі. Ал шырмауық, шытырман, гүл, жапырақ және геометриялық фигуралар тектес өрнектер барлық халықтарға ортақ. Мүйіз ою - мүйіз тәрізді өрнектелгендіктен мүйіз аталуы сөзсіз. Түскиіздің шетіне көбінесе қолтықшасына өрнектеледі. Жерге төселетін текеметке ұдайы осы ою салынып қолтық деп аталады. Мұнысы, хош келдіңіз, өз үйіңіздей көріп, жантая отырып дем алыңыз деген қонақжайлық белгісі. Омыртқа - мал шаруашылығымен тығыз байланысты туған, малдың дене мүшесіне қатысты өрнек. Бұл ою - қайраттылықтың ерліктің белгісі. Ер адамның, батырдың киімінің, кейде құрлардың шетіне салынады.
Тау оюы - қолөнер бұйымдарының жиектеріне салынады, мәңгіліктің, күш құдіреттің символы. Қариялардың деп бата беруі де тектен тек емес.
Гүл оюларының өзінде де халықтың дана ойы жататынын мынадан байқаймыз: гүл мен гүл түйнегінің айқаса бірігіп салынуы - бірлікті, елдің ынтымақты болуын мегзейді.
“Тасбақа оюы”- мәңгіліктің символы. Бейіт басындағы сынтастар көбнесе тасбақа бейнесіндегі тасқа қашап орнатылады. Бұл оюбатырдың, ханның киіміне, жауырынына, қалқанына салынатын болған.
Халықтың рухани өмірі: ұлттық салт - дәстүрлер, наным - сенімдерге байланысты оюлар - Мысалы, қазақ халқының ерте кезден бергі әдет - ғұрпы, салты бойынша, бөтен жерге, алыс ауылға күйеуге ұзатылатын қыз баланың белгілі бір уақыттан кейін төркін жағына сәлемдеме жіберу дәстүрі болған. Сәлемдемеге жас келіншек өзінің күйеуге шыққаннан кейінгі тұрмыс жағдайын ою - өрнекпен бейнелеп жіберуі шарт. Осы салт бойынша тұрмысқа шыққан қыздың үйіне жіберген сәлемдемесінде алақандай жарғақ, оның бетіне бойы сорайған ұзын және өте жіңішке, әрі арық адам бейнесі кестеленіп салынған және оның жанында тұрған дөп - дөңгелек адам тұрпаты бейнеленген. Бұл сәлемдемеде қыздың ата - анасы жат - жұртқа ұзатылған баласының “отырса опақ, тұрса сопақ” болған мүшкіл халін түсінген. Ал басқа ретте күйеуге ұзатылған қыздан “құсмұрын” бейнесі салынған сәлемдеме келсе, ата - анасы одан баласының барған жерінде құстай ерікті, басы бостандықта, жағдайы жақсы екенін ұғатын болған.
Итқұйрық - иттің құйрығы тәрізді ою. Бұл өрнек ауыларалық белгісі (символы). Кебеже, қоржын бетіне, тақыр кілемге салынады.
Түйетабан оюы - алыс сапар нышаны(символы). Көштегі түие жабуына, жібек жол сауда заманында саудагерлердің шапанына салынған.
Қазақ халқының қолөнер шебері ою - өрнек өнерінде нағыз сынға түседі, яғни қолөнер шеберінің таразысы - ою - өрнек өнері.
Қазіргі заман талабына сай сәндік қолданбалы өнер саласында ою - өрнектің алатын орны мен маңызы ерекше. Көркемдік өнер заттары мен бұйымдарының барлығы ою - өрнекпен әшекейленіп, өзінің сәндік, көркемдік мағынасына, түріне, сипатына ие бола алады.
Өсiмдiк тектес ою - өрнектерінде көне жергiлiктi дәстүрлерi жоқ. Оның басты - басты әуендерi қатарында лотостың түйiндерi мен гүлдерi шырмауық өсiмдiктерiнiң өрмесi, гүл тiзбегi үш салалы жапырақтар түрiнде болды. Кейбiр ою - өрнек әуендерi, мәселен лотос Ежелгi Шығыс өнерiнiң ықпалынан туған.
Символдық ою - өрнектiң негiзгi табиғат күштерi мен аспан шырақтарына сыйынушылықтан туды. Шеңбер, бұрама, айқыш - ұйқыш сызық үлгiсiндегi фигуралар күннiң эмблемасы болды; бұйра толқындар сарыны бұрама ирек түрiндегi қисық сызық белгiлерiмен, S - тәрiздес фигуралармен берiлдi.
Қазақтың ою - өрнек өнерiнде кездесетiн әртүрлi саздағы (мотивтегi) элементтер көп ғасырлар бойы сұрыпталудан өтiп, әр шебердiң өзiнше өзгерiс ендiрудiң арқасында бiр түрден екiншi түрге ауысып отырған. Ою жасаушылардың шығармашылық еңбегiнiң арқасында зооморфты саз өсiмдiктер тектес сазға, геометриялық саздағы элементтер – зооморфты, немесе өсiмдiктер тектес сазға т. с. с. ауысып отырған. Бұл жағдай қазақ ою - өрнек өнерiнде бiрнеше элементтермен - ақ шахматтағыдай мыңдаған түрлi композициялық варианттарды жасауға болатындығының дәлелi.
Қазақ оюларының өрiсi кең, болашағы мол. Ою - өрнектердi шеберлердiң шығармашылық жұмыстарынан, тоқыма бұйымдардан, киiм жиынтықтарынан және т. б. кездестiруге болады. Қазақтың ою - өрнек өнерiн ғылыми негiзде зерттеу iсiмен мамандар көптен берi шұғылданып келедi. Елiмiздiң этнограф - тарихшылары мен өнер зерттеушiлерi дайындаған еңбектерiнде ою - өрнектiң түрлерi, атаулары, шығу тарихы туралы көптеген құнды деректер жинады. Тарихи мұраларды қарастыру нәтижесiнде қазақ оюларының негiзiн құрайтын 200 - ден астам ою - элементтерiнiң атаулары анықталған. Көп жағдайда ою элементтерiнiң аты материалдық дүниедегi жан - жануарлардың дене мүсiндерiне қарай, өсiмдiктердiң сабақтары мен жапырақтарының сыртқы бейнелерiне қарай немесе геометриялық фигуралардың жаратылу ерекшелiктерiне қарай аталып келген. Тiптi, олардың арасында аңыз ертегiлерде айтылып жүрген аждаћалардың бейнесiнен бастап бүгiнгi күнгi космосты игеру тақырыбына дейiнгi атаулар мен элементтер де кездеседi.
Сонымен қатар қазақтың ою - өрнек элементтерiнiң керемет икемдiлiк ерекшелiгi де бар. Бiр композицияның iшiнде әртүрлi саздағы бiрнеше элементтер бiр - бiрiмен тұтаса бiрiгiп, бiр бүтiн аяқталған ою композициясын құрайды. Мұндай жағдайда ою сүйегi бiр түстi бояумен боялады да, оюдың элементтерiн бiр - бiрiнен жақсы анықтау үшiн фонды түрлi - түстi бояумен бояйды.
2. 2. Қазақ ұлттық бұйымдарындағы ою – өрнек үлгілері. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан эстетикалық талғамының куәсі болуымен бірге, әлеуметтік тарихи және кәсіби дамуынан мағлұматтар берді. Қазақ халқы өзінің ұзақ даму тарихында бірсыпыра елдермен араласып, әр кезеңде түрлі карым - қатынаста болғандығы мәлім, ғасырлар бойы өзбек, ұйғыр, қырғыз, ноғай, қалмақ халықтарымен, араб, парсы елдерімен, сондай - ақ бүгінге дейін орыс халқымен ұдайы мәдени байланыста. Соңдықтан қазақ халқының негізін құрайтын ою - өрнектерді көршілес елдердің қолөнерінен де кездестіруге болады. Жалпы қазақ пен қырғыз халықтарының оюларының ұқсастықпен қатар айырмашылықтары да бар. Қазақ ою - өрнегін зерттеген Еуропа, орыс ғалымдары қате пікірлер айтып, осы өнердің дамуына, мәліметтердің қағазға түсіруіне кедергі туғызды. Қазақ қолөнерін зерттей келе ою - өрнек өнерін жоғары деңгейде дамып қана қоймай көршілес елдердің қолөнерінде үлкен әсер еткізгеніне көз жеткіздік. Қазақ ғалымдары ою - өрнекті орыс, еуропа ғалымдары сияқты терең зерттеген жоқ, яғни бұл тақырып бүгінге дейін арнайы зерттеу объектісі болмай отыр. Ғасырлар бойы қазақ қолөнерінде ою - өрнек тек қосалқы рөл атқарып қана қоймай, олардың ежелден тотемдік және символдық мәні болғанын қазақ ою - өрнегін алғаш зерттеген қазақ ғалымы Т. Бәсенов қазақ мәдениетінің мәдени шежіресі болып табылатын ою - өрнекті түбегейлі зерттеп көптеген құнды пікірлер қалдырды. Қазақ оюларының араб, иран, византия оюларынан басты айырмашылығы - ою - өрнектің әрбір элементі жеке дара күйінде бейнеленіп, оның әрбір элементі дара тұрады. Кеңес дәуіріне дейін қазақ қолөнер туындыларын қырғыз ою - өрнектері деп атап келген. Қазақ ғалымдары тәуелсіздік алғанға дейін бұл мәселенің шыңдық негізін айта алмады. Төлеубай Бейсенов негізінен ел арасынан жиналған қолөнер туындыларын альбом етіп шығарып, әсемдік тектес ою - өрнектердің даму тарихын және оншақты ою нұсқасын қалдырды. Қазіргі кезде ел арасында қол өнерінің ең негізі болып табылатын ою атаулары мен үлгісі ұмыт бола бастаған. Бүгінгі әшекейлеудің басты құралы ретіңде, біз қолданып жүрген ою - өрнектер руға біріккен адамдар тобының белгісі, рәміздері ретінде саяси - әлеуметтік қызмет атқарғаны белгілі. Туымыздан орын алған ою - өрнек те осының айғағы. Рухани қайнарымыздың бірі болған осынау құндылық бүгінде азаттығымыздың нышаны — көк байрағымызды да көріктендіріп тұрған ою. Көп жағдайда халықтың тілін, мәдениетін білмесек те қолөнерде бейнеленген оюларға қарап, қай халықтың қазынасы екенін танып білеміз, өйткені ою - өрнек әр халықтың таңбасы, сол елдің қолөнерінің көнеден келе жатқан мәдениеті. Кеңес үкіметі кезінде ертеден жеткен қолөнер туыңдылары мұражайларда ғана сақталды. Көбінесе бұл өнер туындыларына ескінің сарқыншағы ретінде қарады. Қазір егемен елдің қолөнер туындылары басқа қырынан жаңаша көрініс тапты, ол жаңа түрге, жаңа мазмұнға ие болды.
Қоғамның дамуы адамдардың ой - санасының, мінез - құлқынын өзгеруімен қоса сыртқы сымбат, келбетінің де жаңаруына ықпал етуде. Қазір киім, бұйымдарда ою - өрнектерді шығармашылықпен қолдану заман талаптарынан туындап отырған мәселелердің бірі деуге болады.
Ежелден келе жатқан кәсіп қол өнер халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан - ұрпаққа беріліп отырады. Қолөнер шеберлері оюмен танылады. Орнамент - әсемдеу, сәндеу деген ұғымды білдіретін латын сөзі қазақ тіліңде ою - өрнек болып алынып жүр. Бұл сөздің ұғымы бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағынаны білдіреді. Ою - өрнек, әшекей жасау шеберлігі бейнелеу өнерінің бір түрі. Ою - өрнектің бір түрі — ою, белгілі бір затты ою ( тас, темір, ағаш) кесу (ағаш, сүйек) тілу (былғары, тері) қию (қағаз, мата) тәсілдері арқылы жүзеге асады. Ою - өрнек түрлері бүгінгі күнге дейін түбегейлі жүйеленген жоқ. Қол - өнер шеберлері ертеден ою - өрнек атауларын екі топқа бөліп қарастырады, бірінші топ ою - өрнектердің тікелей өзіне, түріне катысты негізгі атаулар, екінші топқа жалпы ою - өрнекті теориялық жағынан негіздеу. Ою - өрнек тарихы, халық тарихымен бірге жасасып келе жатқаны белгілі.
2. 3. Қазақ киіз бұйымдарындағы ою - өрнектерді жасау технологиясы.
Қазіргі кездегі жүннен жасалған киіз бұйымдар икемделгіш және пластикалық қасиеті бар материал, олар іс - жүзінде бүкіл әлемге танымал. Қазіргі шеберлер көркем бұйым жасауда өте кең ауқымда киізді пайдаланады. Ол жиһаз бен интерьер заттарынан, пуфиктер мен орындықтардың сәнді кілемшелерінен, перделер мен жастықтардан, үстелге қойылатын сәндік жаймалар мен мата салфеткаларға арналған сақиналардан, ыстық ыдыстардың астына қоятын төсеніштерден және оларды ұстайтын тұтқыштардан, ыстық жұмыртқаларға арналған қорапшалардан және жылытқыштардың қаптамаларынан, шамдардың абажурларынан және перделердің безендірмелерінен, сәнді панно мен еденге төсейтін кілемдерден тиісті орын алған. Қазіргі заманғы әртүрлі технологияларды пайдалана отырып, сан түрлі фактуралар мен маталарды – жібек, мақта, кендір, тоқыма заттарды үйлестіре отырып, нағыз өнер жауһарларын жасауға болады. Киімге арналған киіз бижутерия мен аксессуарларды да кездестіруге болады. Олардың ішінде – моншақ, сәнді түйме, шаш қыстырғыш, бөкебай, мен білезіктер, белдіктер мен сөмкелер, әмияндар мен ұялы телефондарға арналған қаптамалар, жеңіл аяқкиім, тіпті етіктер, бөріктер мен береттер, косметика қалталары мен құжаттар үшін мұқабалар, бизнес - папка мен пеналдар бар. Студенттер бір - біріне сый етіп тартуға ыңғайлы өнімдерді, шыршаны безендіретін ойыншықтарды ықыластана жасайды..
Киізден жасалынатын бұйымдар қолмен тігіліп те құрастырылған. Қол тігіс түрлері көктеу, тепшу, жөрмеу, қаю, қабу, торлау арқылы жасалады. Қол тігіс түрлері арқылы түрлі - түсті жіптермен безендіріп, әрлеуге де болады. Бұйым шетін қос қабатты түсті жіппен инені көлденеңінен түйреп, жіпті орап түсіріп тігілетін тігістік жөрмеу дейді.
Киіздің бетіне үлгі арқылы өрнегі түсіріліп, соның үстіне боялған жіптермен кестелеуге болады. Түр жіптер киіздің өңіне қарай таңдалады. Мысалы: күлгінге көк, жасылға қызыл, қызылға жасыл түсті, сарыға қызыл түсті жіптерді қолдануға болады.
Жасалынатын бұйымның өрнегіне орай зергерлік бұйымдармен және түрлі - түсті моншақтармен әрлеп безендіріледі. Бұл студенттердің талғамына байланысты орындалады. Бірінші жүндерімізді реттеп, қажетті құрал - жабдықтарымызды, ыстық суымызды дайындап аламыз. Жасалынатын бұйым өлшеміне орай жүн басылады. Салынатын өрнектеріне байланысты жүннің бетіне түсті жүннен өрнек түсіріп дайындауға да болады. Мысалы көзілдірік салынатын қап. Бізге 0, 5 м. мақтаның бетіне түтіліп дайындалған жүнді ретімен қолдың ыңғайымен жайып салынады, бетіне түсірілетін өрнегін де салынады да, жүннің үстіне сабын суға тор матаны батырып үстінен жабылады. Оның үстінен қайта - қайта қолдың ырғақ бағытымен сабынды сумен үйкей бойына сабынды суды сіңіреді. Қолданылатын суымыз ыстық болуы қажет. Суымыз мұздаса, жүніміз бір - біріне жабыспайды. Сондықтан, жүннің киізделіп өңделуі барысында t ыстық күйінде орындалуында. Жүннің үстіндегі мата бетіндегі жабысып тұрған сабын су матамен бірге жүнді аударады, бетіне ыстық су бүркіп шетіндегі жалбырап тұрған жүнді ортасына қарай жинайды. Қайта - қайта столға ұрылып пысытылады. Соңынан сабынын кетіре таза суға жуылып, кептіріледі.
Дәл осы реттілікпен түстері бойынша бөлек - бөлек басылып, құрастырылады.
Алдыңғы сабақтарда дайындалған эскизіміз бойынша үлгі дайындалады. Сол үлгі бойынша дайындалып, киіз бетіне үлгі өрнегінің ыңғайына қарай қойылып сызылып, сызық үстінен қырқылып бұйым бөліктері жұқа болып басылуы мүмкін. Сондықтан қалың киізді сызылған сызық бойынша өткір ұшты пышақпен киізді жылжытпай табанмен басып тұрып, сызықтары бойынша ойып шығады. Жұқа киізді өткір үлкен қайшымен сызық бойымен қырқуға болады.
2. 4. Кесте және көркемдеп тігу әдістері.
Кесте және көркемдеп тігу ою - өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Кесте өнері нағыз халықтық, алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, айқас тігу, айқыш - ұйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар.
Біз кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген ою - өрнек бойынша қарамақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді.
Шым кесте деп тігілетін материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестелеген шымқай кестені айтады.
Әредік кестеде материалдың әр жері әшекейленіп, бөлек - бөлек өрнек салынады.
Шым кесте, тұс киіз, сандыққап, мақпал шапан, орамалдың алақаны, жастық жапқыш, кежім, сәукеле сияқты басқа да көптеген заттарға төгіледі немесе бөлек материалға төгіп қондырылады. Әредік кесте тақия, балақ, өңір, жаға, етекке және кең қоныш етіктердің бұрыш - бұрышы, перделердің шеттері сияқты заттарға төгіледі немесе бөлек төгіп қондырады.
Айқас (крестеп) тігу де инемен тігілетін кестенің ең көп тараған түрі. Мұнда өрнек ізімен біркелкі төрт бұрышты етіп, бір жіптің үстінен екінші жіпті крест түрінде айқастыра бастырып отырады. Бұл қазір кесте тігудің ең қолайлы түрі деп танылып жүр.
Тесіп торлап тігуде өрнектелетін материалды өрнек мәнеріне қарай тесіп алады да, оны торлай және ортасын кереге көздеп, санап отырып шалу арқылы түрлі өрнек салады. Тесік аралығын кереге көздеу әдісінде кестенің тесік аралығындағы жіптерін өрмелеп шалып тоқу түрі де қолданылады. Мұндай тесіп, торлап өрнектеу әдісімен көбінесе жастық тысының беті, жастық жапқыштар, төсек жапқыштар әйелдердің іш көйлектерінің кеудесі, етегі, гүл қойғыш төсеніштер, дастарқандар мен диван жапқыштар, үйдің қабырғасына керіп қоятын маталар кестеленеді.
Кестені бедерлеп тіккенде кестеленген материалда әр түрлі ою - өрнек, мәнерлі бұдырлар өрнектеледі. Мұндай тігу түрін орындағанда әуелі үлгі бойынша сызылып алынған өрнектердің үстіне мақта, мата қиындылары, қағаз, картон салынып, кестенің жіптерін, сол заттарды бастыра шалып тігеді. Соның нәтижесінде матаның бетіндегі өрнектер бұдырланып бедерленеді. Бедерлеп тігу әдісіне де өрнектің мәнері мен шебердің шешіміне қарай бірнеше түсті жіптер қолданылады. Бедерлеп тіккен кестені көп жуа беруге болмайды.
Кестелеп тігу ісіндегі әдемілік пен көрнектілік жағынан ерекше көзге түсетін түрлерінің бірі көпіртіп тігу. Көпіртіп тігу кестесі де әзірленген өрнек үлгісінің ізімен тігіледі. Мұнда материалдың үстіңгі бетіне бүлдіргеленген жіп селпеулері қалдырылып отырады. Кестенің жібі бірнеше түсті болуы мүмкін. Бедерлеп тігу әдісімен алма, жүзім, бүлдірген, қарақат, қауын - қарбыз түйнектері сияқты түрлі жемістерді салуға болады. Көпіртіп кестеленген бұйымдар жуыла да өтектеле де береді, бірақ өтектен шыққан соң оларды қағып, сілкіп бүртіктерін тірілту керек.
Кестені түктеп тіккенде бізбен шалынған жіптің үстіңгі жағында (өң бетінде) кейде 1, кейде 2 сантиметрдей бүлдіргі қалып отырады. Шебер кестені тігіп болғаннан кейін әлгі қалған бүлдіргілерді тегістеп қырқады. Жиі шаншылып, қалың түсірілген бүлдірге жіптері қырқылып тегістелген соң, кәдімгі кілемнің түгі сияқты түрлі түсті болып құлпырып тұрады (түкті кілем). Кейде бүлдіргілердің астына ширатқан жуан жіпті ширатқан шүберекті, жұмсақ металл шыбықтарын мүйіздеп, ою өрнегіне келтіріп салып тігеді де, тігіп болған әлгі тігіс астына салынған заттарды үстінен тіліп алып тастайды. Мұндай әдіспен түктеп тігілген өрнектер мінсіз және түгінің биіктігі біркелкі шығады.
Алтындап, күмістеп тігу сән - салтанат бұйымдарына тән. Бұл үшін көбінесе барқыт, плюш, атлас, қырмызы сияқты бағалы материалдар пайдаланылады. Мұндай тігістерге, әсіресе, өзіне арналып жасалған алтын және күміс жіптер қолданылады. Кейде алтын, күміс түстес жіңішке жиек саулары (зер) пайдаланылады. Бағалы затты ысырапсыз пайдалану үшін оның өрнегі мен тігіс жіптерін санап білу керек. Өйткені бұл жұмыс өзге тігістерден гөрі ауыр келеді.
Алтындап тігуге көбінесе бедерлі, бедерсіз басып тігу әдісін қолданады. Алтындап тігу кестесіне маржандап тігуді де аралас жүргізеді. Мысалы, қыздардың қамзолдарының омыраулары, өңірлері және тағы да сол сияқтылар осылай тігіледі.
Алтын кестелі тон, шапан, айыр қалпақ, кемер белбеу, сал шалбар, сәукеле әдемілік әшекейінің ең асылы және бағалысы болып есептеледі.
Мал өрісінің жаздық, күздік жайылымы жағдайына қарай қоныс қуалап, көшпелі өмір сүрген қазақ ауылы өнеркәсіп орталығынан қашық жатты. Олар күнбе - күнгі тұрмыс қажеттерін өздерінде бар мүмкіншіліктермен ғана өтеді. Сондықтан матадан, теріден, өрмек өнімінен жасалатын киім - кешектерді, саба, торсық, үйге жабатын киіз сияқты заттардың барлығын да қол инемен тікті. Қолмен тігу семья мұқтажын өтеумен қатар, заттарды көркемдеп тігуде де тиімді әдіс саналды. Соған қарағанда киімдерді төсек - орын жабдықтарын қол инемен кестелеп тігудің алуан түрлері туды.
Қолмен тігуде негізінен жуалдыз (тебен ине), жуан ине, жуантық (жөндем) ине, бәсең ине, жіңішке ине қолданылды. Жуалдызбен түйенің жабуы, қалың сырмақ, былғары тоқым сияқты заттарды сыриды. Жуан инемен сырмақтың жиегін, үйдің киіздерін, тері киімдерді және киіз байпақтарды тігеді. Жуантық инемен қап, шекпен, күпі, тымақ сияқты заттарды, ал бәсең инемен түйме, ілгек қадайды, матадан жасалған жұқа киімдерді тігеді.
Жіңішке инемен жібек, торғын сияқты жұқа материалдарды, оларға салынатын кестелерді тігеді. Осыларға керекті жуан, жіңішке жіптерді де халық шеберлері суыртпақтай отырып өздері дайындайды. Ол үшін керекті жіптің түсіне ұқсас матаның шетінен жалпақтығы 3 — 4 см, ұзындығы — 30 — 40 см кенересін жыртып алады. Осындай жіп суыруға арналған бір бөлек жыртынды матаны шеберлер суыртпақ деп атайды. Суыртпақтан жіп суырып алудың да әдісі бар. Әуелгі жіпті сетінетіп суырады да, суыртпақтың шеті шашақтанған соң оны ептеп саумалап отырып тура тартып суырады. Өйткені шет шашағы молайған сайын суыртпақ тез сетінемей, суыратын жіптер шашақтарға оралып үзіле береді. Суырып алынған жалаң қабат жіптерді керегіне қарай екіден, үштен, төрттен қабаттап ширатады. Ол үшін жіптің бір ұшын тістеп тұрып, екінші ұшын бармақ пен сұқ қолдың басымен, не екі алақанның арасына салып ширықтыра бұрап еседі. Мұны жіп ширату деп атайды. Суыртпаққа көбінесе сирек тоқылған, түксіз маталар пайдаланылады. Жіпті шудадан, жүннен, мақтадан, торқадан, кендірден қолмен иіріп алып пайдалану тәсілі де көп қолданылады.
Қазақ халқының қол тігістері өзінің тігілу әдісі мен мәнеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді де, олардың әрқайсысы өз атауларымен аталады.
Батырып тігу. Бұл былғары, киіз, көрпе сияқты қалың заттарға ғана қолданылады. Оның үстіңгі өң жағы өте жиі шаншылып, ал астыңғы жібі қатты тартылып алыс шаншу арқылы үстіңгі жіпті сіңіріп отырып тігіледі. Шебер неғұрлым жіптің өң бетте көрінбей тұруын қарастырады.
«Бұзау тіс», тұмарша орындалу жағынан қарапайым, жүрдек тігістер. Бұзау тіс екі жапсарды қосатын тігіс. Бұл әдіспен көбінесе қалың киіз, жабағы сияқты заттарды шеттестіріп тігеді. «Бұзау тіс» тігісі заттың шетін кезек түйреп алып, жапсардан өткізіп отыру арқылы орындалады. Тұмарша тігісін көбінесе орамалдың шетін жинауға қолданады. Бұл тігіс матаның шетін бекітіп, соның ізімен қайта жөрмеу арқылы орындалады.
Бүрме тігіс әр түрлі желбірлерді, қос етектерді бүре жапсырғанда, бүрмелі жағаларға, етіктің басын қалыпқа салып ұлтарақшаға жапсырғанда, бір заттың шетін жинай тіккенде қолданылады. Бүрме тігістер көбінесе екі қатар жүргізіледі. Мұнда иненің әрбір шаншымы сиректеу келеді де, жіптің бүре тартылуымен жиырыла тігіледі. Бүрмелердің қатпар жасалып, тізбелей жиырыла тігілуі мүмкін.
Есіп жөрмеу — көбінесе су таситын қарын, мес, матадан, кенептен тіккен сондай ыдыс қапшықтардың шеттерін тіккенде, кейде орамалдың шетін бүге тіккенде қолданылады. Ондай заттардың құсырындысын, шеттерін сол қолдың көмегімен ширата бүктемелеп отырып жөрмеп тігеді. Сонда шет бүктесін тігісі ескен сияқты болып өз - өзіне кіріге жұмырланып түседі.
Жапсырма тігу — бір заттың бетіне жамау салып жапсырғанда, әдіптердің шетін тіккенде, әдіп орнына лента сияқты кенерелі заттарды бастырғанда қолданылатын әдіс. Мұндайда жапсырылатын материалдың шетін түйреп шыққан ине астыңғы материалдың үстінен (жапсырмаға, жамауға соқпай, тек оның іргесінен ғана) төмен шаншылады да, үстіне қарай жапсырманы қоса түйреп шығып, алғашқы бағытын қайталай береді. Бұлай етіп тіккенде жапсырылған заттың шеті жинала басылып отырады.
«Қабырға» тігіс қол инемен көркемдеп тігу әдісінің бір түрі. «Қабырға» тігісімен ұзынды - қысқалы жарыса тігілген ұзын сызықтар арқылы ендірме, бастырма, қабырға өрнектері тігіледі. Қабырға тігісі екі сызықтың арасымен немесе матаның бетіндегі тоқыманың белгілі бір жолағымен үнемі біркелкі етіп көлденең орай шаншып отыру әдісі арқылы тігіледі.
Киімнің бойын, шалбардың балағын, жеңді, олардың екі шетін жалғастыра тігу ісін қусыру деп атайды. Мұндай тігістерде жөрмеу, тепшу, қаю, өбістіру, тебе тігу сияқты тігіс әдістерінің түрлері қолданылады.
Қайып тігу әрі беріктік, әрі әдемілік үшін қолданылады. Бұл тігістің бет жағы кәдімгі тігін машинасының тігісі тәрізді тізіліп түседі. Сондықтан қаю киімдердің етек - жеңін, жағасын, тақияны, кимешек - жаулықтарды, аяқ киімдердің күлшіндерін, кебістің шажамайын тігуге қолданылады. Қайып тігу әдісінде астына шаншып алған инені ілгері шаншып үстіне шығарған соң, оны шегіндіре әкеліп манағы шанышқан ізбен қайтадан астына түсіреді де, тағы ілгері шаншып, үстіне шығарады. Осылай орындалған тігістің бет жағында жіпсіз босаралық қалмайды.
Тон, шалбар, тымақ сияқты теріден тігілген киімдерді тігуде тебе тігу тәсілі қолданылады. Тігістің жалпы көрінісі тепшуге ұқсас. Бірақ тепшу сияқты түйреп алып тігуге келмейтін тұтқыр материалдарды сол қолмен шымшып ұстай отырып, оң қолдағы инені екі саусақпен әрлі - берлі өткермелеп отырады. Тігіс жібі тепшуге қарағанда жиірек түседі.
Тепшу де ең көп қолданылатын тігістің бірі. Мұны киімнің шеттері мен қоспаларын, жұқа маталардың бүгістерін тігуде қолданады. Тепшуді материалдың қалың - жұқалығына, ширақтылығына қарай инемен 3 — 4 рет түйреп алып бірақ тартады.
Киімнің бойын, шалбардың балағын, жеңді, олардың екі шетін жалғастыра тігу ісін қусыру деп атайды. Мұндай тігістерде жөрмеу, тепшу, қаю, өбістіру, тебе тігу сияқты тігіс әдістерінің түрлері қолданылады.
«Таңдай» тігіс — бұл да көркемдеп тігу істерінде қолданылатын әдіс. Оны үш сызықтың үстімен, үнемі қиғаш шаншып тігілетін «қос қабырға» мәнерімен орындайды. Мұндай кестелі тігістермен кимешектің жақтарын, жаға - қақпаларды, жеңнің аузын, кестеленген материалдардың шеттерін өрнектеген.
«Тышқан із» тігісі үш сызық арасымен, не шаршы сызықтар арасымен тігіледі. Алғашқы шаншымында инені төменгі сызықтан жоғары көтеріп үстіңгі сызықтан шаншып матаның астына түсіреді. Бұл кезде сол қолдың бармағымен ине жібін өзіне қарай тарта басып, іркінді ілмек жасайды да, инені босаңдау тартады. Ине үшінші шаншымында орталық сызық бойымен екі шаншым ілгері аттап іркіліп тұрған ілмек арасынан шығады. Инені келесі кезекте тартқанда ілмек ортасында сопақтау үш бұрыш жасалады. Тігіс осылайша қайталана береді.
Сөйтіп, қазақтың әр алуан әдістермен, неше түрлі мәні бар қол тігістерінің көптеген түрлерінің ішінде көркем тігіс үлгілерінің көрдік.
ІІІ. Қорытынды.
Қорыта айтқанда тігінші болу дегеніміз - дәлдік, есеп, тендік, теңдеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, көңілге шабыт, шаттық ұялатады, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды, тәрбиелейді. Ұлттық қолөнердің танымдық мәнін аша отырып біз төмендегіше қорытындыға келдік.
1. Ежелгі ата - бабамыздың күнделікті тұрмыс тіршілігі табиғат пен мал шаруашылығымен байланысты болғандықтан өздерінің ою - өрнектерінде көбінесе жан - жануар, құстарға табиғат құбылыстарына байланысты элементтерін көбірек пайдаланған.
2. Ежелгі ою - өрнектер ақпарат құралдарының ролін атқарған.
3. Ою - өрнектердің танымдық мәні жағымды эмоцияға негізделген. Мұндай ою - өрнектердің тәрбиелік мәні өте күшті.
4. Ою - өрнектер рухани эстетикалық қызмет атқарады.
Тігіс тігу өнеріне деген махаббат, сұлулыққа деген құштарлық жиынтығы. Ою ойған адамның жүрегі жылы, нәзік болады.
Менің бұл тақырыпты таңдауымның бірден - бір себебі өскелең ұрпақты батыс еуропа мен күншығыс елдерінің стилі мен мәдениеттеріне халқымыздың ентелеп енуінен тоқтату. Өз ұлтымыздың өзіндік қол - өнерімен, әдеп - ғұрпының жас ұрпаққа берер тәрбиесі шексіз.
Мен қазақ боп туғаныма мақтанам,
Тәуелсізбіз, егеменбіз енді кімнен жасқанам.
Елім үшін шыбын жанды күйдіріп,
Жүректегі қайғыменен арманымды ақтарам.
Біздерде бар бабалар салған сара жол,
Ою - өрнек, қол өнерді ойға түйген дана бол,
Қандағы бар әдеп - ғұрып, қол өнеріміз санадан еш өшпесін.
Тігінші болғым келеді
- Нуршат
- 2 қараша 2013
- 27835
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Тігінші болғым келеді, технология
Ұқсас жаңалықтар:
Кесте тігу
Кесте – қазақ халқының көнеден келе жатқан қолөнерінің бір түрі. Ол сан ғасырлар бойына халқымыздың көркем қиялы мен шеберлік құдіреті бейнеленген...Кесте тігістерінің түрлері
Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы, № 1 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Мұздыбаева Раушан Хасенқызы...Кесте тігістерін тігу
Жезқазған қаласының жалпы білім беретін №9 орта мектебінің технология пәні мұғалімі Кадырова Асем Дулатқызы...Киіз үйдің ішкі көрінісі, өрнектердің түстері мен бояулары
Қостанй облысы, Рудный қаласы, "№7 орта мектеі"ММ бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Өміржанов Сарсенбек Қаукенұлы...Кестелеу – қазақтың қолөнерінің негізгі өнері
Жезқазған қаласындағы, Жалпы білім беретін №21 орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі Ардак БАЛАБИЕВА...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.