Оқушылардың білімін бағалаудың әдіс-тәсілдері
I. Кіріспе
XXI ғасырда көтеріліп отырған «Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік білімінің түп-тамыры тереңде жатыр. Ол халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, рухани мұраларынан, ділінен, тағылымдық ой - толғауларынан бастау алады. «Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам, өзін-өзі қадағалап, сынап, өзін-өзі тәрбиелеуге, өмірден өз орнын, өз бақытын табуға ұмтылады. Өзін-өзі тану – адамның шындықты өзінше түсіну жағынан қарастыратын ғылым, ол өз бойындағы бірегейлікке сәйкес келетін өзінің жеке құндылықтар жүйесін жалпы адамзаттық құндылықтар жүйесімен біртұтас қарауға негізделеді.
«Өзін-өзі тану» пәні білім берудің басымдылықтары – рухани-адамгершілік білімді іске асыруға, ұлттық және жалпы адамзаттық мәдениетті үйренуге ықпал етеді. Бала әр түрлі мәселелерді адамгершілік нормаға сәйкес конструктивті шешуге үйренеді. Өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым-қатынас жасау, көмек беру, қамқорлық жасауға баулиды. Жасампаздық белсенділік, азаматтық және отансүйгіштікке тәрбиелейді.
Қоғам дамуында біздің қарапайым күнделікті тіршілігімізде сүйіспеншілік пен ізгілік, мейірімділік пен қайырымдылық, шыдамдылық пен имандылық, адалдық пен ибалық сынды асыл қасиеттер қажет-ақ.
Осы адами қасиеттерді жүзеге асыру идеясын елімізде тұңғыш рет «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева ұсынды. Сара Алпысқызының өркениетке өріс алған еліміздің дамуына деген зор сенімі, ертеңгі өскелең өрендерімізге деген шынайы сүйіспеншілігі мен қамқорлығы өмірге «Өзін-өзі тануды» алып келді.
«Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың бүгінгі заман талабынан туындап отырғанына көзіміз барған сайын жетуде. Себебі қазіргі кезеңнің ең басты қажеттілігі – адамдар арасындағы сыйластық, бірін-бірі қадірлеу, бірін-бірі құрметтей білу мен бағалай алуы, яғни адамдардың өзін-өзі, қоршаған ортаны, әлемді тани білуі. Сондықтан да оқу-тәрбие үрдісіне еніп отырған «Өзін-өзі тану» пәнінің әлеуметтік-рухани өмірде алатын орны ерекше.
Сонымен қатар «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту арқылы мектептегі басқа пәндердің әлеуетін күшейтеміз. Әрбір оқушының өзін-өзі тануы жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыруда ықпалы зор. Бұл пәннің тағы бір ең басты ерекшелігі – адамзат баласының ғасырлар бойы жинақтаған адами асыл қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, ата салт пен ұлттық ұлы дәстүрлеріміздің жиынтық тәрбиесін тамырына тағлым етіп дарыту.
Халқымыздың сан ғасырлық тыныс-тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерінен туындаған ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының дені қазіргі этика, педагогика, психология ғылымдары тұжырымдарымен қиюласа, астарласып жатады. Осы саладағы рухани мұрамызды осы күнгі ғылым деңгейіне, оның төңірегіне топтастырып, жүйе-жүйесімен талдауға алсақ, бұлардың өзіндік сыр-сипаты айқындалады. Халқымыз «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» дегендей, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуді арман еткен.
Мәселен, атасы немересін, алдымен, елінің құтты қонысымен таныстырған. Жылдың әр мезгіліне орай елдің қайда, қалай көшетінін, суды қайдан ішетінін, жеті атасын, олардың зираттарын, елдегі даңқты адамдардың ерлік хикаяларын, ауыл-аймақтағы жер-су атауларын ерінбей-жалықпай баласының санасына сіңіре білген.
Бала атаулының айналаны қабылдағыш, зейінді кезі – үш пен бес жас аралығы. Қазіргі педагогика мен психология ғылымдары бұл жайтқа айрықша назар аударып, бұларға «жүз мың сұрақ неліктен деп сауал қоятын кезең» деп айдар тағып жүр. Осы ерекшелікті әлімсақтан аңғарған ата-бабаларымыз төкпе ақындық пен сұңғыла жыршылық, айыр көмей шешендік пен төгілдірген күйшілік секілді киелі өнерлеріміздің ірге тасы бала санасында сәби шақта қаланатынын ерекше ескеріп, осынау балдәурен балалық кезеңге айрықша мән берген.
Сондықтан да бүлдіршін мен балдырғанға жоғарыда айтқанымыздай, елі, жері, суы туралы, ата тегі, төрт мүлік мал, жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, аспан денелері, табиғат құбылыстары, ауа райы, т.б. жөнінде оның түсінігіне лайық, қысқа да нұсқа, жүйелі мағлұматтарды әр түрлі әдіспен жеткізіп отырған.
Көшпенді ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне қатысты осындай жайларды топтастырғанда да ғылым үшін аса маңызды жүйелік принципке ерекше мән берген. «Тәрбие тал бесіктен басталады» да, бүкіл өміріне жалғасады.
Жыл соңында өтетін мониторинг қорытындысы бойынша және пәннен сабақ беретін ұстаздардың, балалары оқитын ата-аналардың, тіпті оқушылардың пікірлеріне сүйенсек, пәнге деген құштарлық жылдан-жылға артып келеді. «Өзін-өзі тану» пәні жастардың бойында махаббат, адамгершілік, мейірімділік сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастырып, рухани адамгершіліктің нәрімен сусындатады. Өзін-өзі тану арқылы жас ұрпақ өзіне терең мән беруді үйренеді. Ежелгі грек ойшылы Сократ: «Өзгені тану үшін өзіңді-өзің таны» деген болатын, қазіргі біздің «Өзін-өзі»тану пәні Сократ ілімінің үйлесімді жалғасы.
II Негізгі бөлім.
1. «Өзін-өзі тану» пәнінің мақсаты, өткізу ерекшелігі, қойылатын талаптар
«Өзін-өзі тану» пәнінің 2010-2011 оқу жылынан бастап, білім саласына енуіне және осы маңызды жұмысқа байланысты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің белгілеген іс-шарасын жүзеге асыруда және оқу-әдістемелік кешенінің жан-жақты әзірлік жұмысын ұйымдастыруда «Бөбек» ҰҒПББСО Бас директоры Т.У. Қарымсақов, «Адамды үйлесімді дамыту» институтының директоры Л.А. Саинова бастаған үлкен ұжым қарқынды еңбек атқаруда.
Еліміздің мектептерінде 2001 жылдан бері
«Өзін-өзі тану» бағдарламасы саралаудан өткізіліп, оқу жүйесіне енгізіліп келе жатқан еді. Бұл жоба жалпы адамзаттық және ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға негізделген мемлекеттік эксперименттік білім беру бағдарламасы ретінде еліміздің көптеген педагогтары, ғалымдары, әдіскер мұғалімдері мен тәрбиешілері, жалпы зиялы қауым тарапынан жан-жақты қолдау тапты. Ал өткен 2010-2011 оқу жылынан бастап бұл пән жалпы білім беретін мекемелердің барлығына жаппай енгізілді.
ХХ1 ғасырда көтеріліп отырған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімі – ұлттық құндылықтарды іске асыру мен таратудың маңызды механизмі болып табылады.
Қазақстан Республикасы «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызының балалар мен жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беруге арналған «Өзін-өзі тану» авторлық жобасы 2001 жылдан бастап еліміздің 184 білім беру ұйымдарында эксперимент ретінде жүргізіліп келеді. Экспериментке 84 жалпы орта білім беретін мектеп, 10 мектеп-интернат, 1 колледж, 30 жоғары оқу орны қатысады.
Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің 2006 жылғы 28 тамыздағы № 462 бұйрығына сәйкес «Адамның үйлесімді дамуы» институтының ғылыми қызметкерлері, педагог ұстаздары дайындаған «Өзін-өзі тану» пәнінің Қазақстан Республикасы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты пәнді оқытуға толықтай негіз бола алады. Аталған стандарттың негізгі қызметі мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру жүйесінде рухани - адамгершілік білім беруді ұйымдастырудың талаптарын жан-жақты айқындайды. Сонымен бірге, 2009 жылғы мектепке дейінгі кезең, бастауыш, негізгі орта және жоғары мектептерге арналған «Өзін-өзі тану» пәні бойынша бағдарламалар қайта өңделіп, Білім және Ғылым Министрлігіне бекітуге ұсынылды.
«Өзін-өзі тану» пәнінің мақсаттары мен міндеттері – балалар мен жасөспірімдер, жеткіншектердің бойына жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дарыту. Балалар жеткіншектерді біртіндеп (кезеңмен) адами қарым-қатынас нормаларымен, жалпы адамзаттық адамгершілік қағидаттармен таныстыру, олардың бойында азаматтық мәдениет пен имандылық қатынастарды қалыптастыру және дамыту.
«Өзін-өзі тану» пәні сабақтарының мақсат, міндетін ашуға, сабақта берілетін құндылықтарды түсінуге, талдауға, ұғынуға, балалардың шығармашылық жұмыстарын ұйымдастыруға, олардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға, берілген тапсырманы орындау арқылы ойлануға, өз ойын түйіндеуге, рухани адамгершілік білімді меңгеріп, оқушының жан-жақты қалыптасуына және оқушының сабақ барысында өзіндік құрал ретінде қолдану үшін оқулық, мұғалімге арналған әдістемелік құрал, оқушы дәптері, тағы басқа оқу құралдары болуы қарастырылған.
«Өзін-өзі тану» пәнінің басқа пәндерден өзіндік ерекшелігі, әдіс-тәсілдері, шартты белгілері бар. Оқулықтағы шартты белгілер балаларға түсінікті болуы үшін берілген.
Сабақтың барысы әр уақытта шаттық шеңберден басталады. Әрбір тапсырма баланың ішкі әлеуетін оятуға негізделеді.»Өзін-өзі тану» сабақтарын өткізудің әдістері мен нысандарының кең нұсқалығы, оларды арнайы кабинеттерден тысқары (концерт залында, мектеп алаңдарында, табиғат аясында, мұражайда, сурет галереясында, театрда және т.б.) орындарда ұйымдастыруды қарастырады.
Бұл пәннің ең басты құндылығы адам және адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына тәрбиелей отырып, баланы халқының адал ұлы, адам деген ардақты атқа лайық болуға жастайынан үйрету қоғам талабы болып отыр. Оқушының өзін-өзі тануы бойынша сабақтан тыс әрекеттер алған білімдерін күнделікті өмірде практикалық түрде қолдана білуді және қоғамға қызмет етуге белсене қатысуды қарастырады.
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес өзін-өзі тануға, өзін дамытуға бағытталған жұмыстар мектепте ғана емес, отбасында да ата-аналардың көмегімен жалғасын тауып, өзара ықпалдастық бағытта жүргізілуі тиіс. Пән жобасының авторы Сара Алпысқызы атап өткендей, «Әр баланың қабілетін ашуы, өзіне жол табуы, өзінің күш-жігеріне сенуі өзінің өмірдегі орнын анықтау үшін өте маңызды. Әлемде махаббат пен мейірімділік аурасын жасай отырып, қарапайымдылық пен махаббат жүректен жүрекке жетуі тиіс», яғни әрбір баланың, ата-ананың жүрегін жылылық нұрын ұялатуда әрқайсымыздың орнымыз ерекше.
Білімнің әрбір деңгейі үшін типтік бағдарлама, оқулық, оқу-әдістемелік құрал, хрестоматия, жұмыс дәптері, көрнекі - иллюстрациялық, дидактикалық және үнтаспа, бейнетаспа материалдарынан құралатын оқу-әдістемелік кешен пайдаланылады.
«Өзін-өзі тану» пәнін оқытуды ұйымдастыруда мұғалім пәннің Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беру мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын, барлық деңгейлерге арналған өзін-өзі тану пәні бойынша оқу бағдарламасын білуі қажет. Сонымен қатар, оқу-әдістемелік кешендерін негізге ала отырып, пәннің басты мақсат-міндеттерімен, осы міндеттерді жүзеге асыру мүмкіндіктерімен, оқу мазмұны және оның құрылымдық ерекшеліктерімен, қолданылатын әдіс-тәсілдері және технологияларымен, оқушылардың белсенділігі мен қызығушылығын арттыратын ойындар мен жаттығулар жүйесімен, оқушы білімін бағалаудың ерекшеліктерімен таныс болуы тиіс.
«Өзін-өзі тану» пәнін өткізетін мұғалім сыныптағы барлық оқушыға бір деңгейде қарамауды басты нысан етіп алуы тиіс. Олардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын ерекше тұлға екенін, әр баланың ақыл-парасатын, білімін, мінез-құлқын, қабілетін, қызығушылығын, дарыны мен талантын терең зерттей білуі қажет.
Өзін-өзі тануды жеке пән ретінде 1-11-сыныптардың әрқайсында аптасына 1 сағаттан оқыту белгіленген. Оқу материалдары жүйеленіп барлық сыныптарда 4(төрт) тарау бойынша беріледі.
Олар:
1. Адамның өзін-өзі тануына арналады.
2. Адам және қоғам қарым-қатынасы.
3. Адам және қоршаған орта қарым-қатынасы.
4. Адамзаттың рухани тәжірибесі.
Аталған тараулар өзін-өзі тану үдерісінің түйінді бағыты болып табылады, өйткені олар адам өмірінің логикасына, жалпы адамзаттық жүйеге толық сәйкес келеді және жеке тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытуға, өзін-өзі танып, өзін-өзі іс жүзінде мейлінше көрсете білуге айтарлықтай мүмкіндік береді.
2. «Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың ерекшеліктері
«Өзін-өзі тану» пәнінің мектепте өтілетін басқа пәндерден бірқатар өзгешеліктері бар. «Өзін-өзі тану» пәнінің ерекшелігі сабақ барысында мұғалім тақырыпты өткенде әр түрлі іскерлік ойындарды, психологиялық жағдаяттарды қолдана отырып, әр оқушы өз ойын еркін айта алатындай, жеке мені, өзіндік көзқарасы айқындалатын атмосфера туғызады.
Сабақ әдетте, шаттық шеңбері арқылы басталады. Оқушылар үлкен шеңберге жиналып, мәтін басында берілген ақындардың өлеңін бірге қосылып айтады. Бұл олардың біртұтас ұжым екендігін, бір-біріне деген сенім, ынтымақ қалыптастырады. Сабақ барысында өткізіліп отырған тарауға сәйкес іскерлік ойындар немесе жаттығулар орындалады.
«Өзін-өзі тану» бойынша жүргізілетін жаттығулар түрлеріне «Өзіңді бағалау», «Мен басқалардың көзімен», «Жаңа түрге ену», «Футболкадағы қолтаңба», «Өзіңді тексер» тесті т.б. жатады. Сонымен қатар, әрбір оқушының өзіне сенімділігін тудыру, оны қалыптастыру – «Өзін-өзі тану» пәнінен дәріс беретін мұғалімнің басты міндеті. Ол үшін оқушыларға мынадай ақыл-кеңестерді ұғындырып, үнемі қайталауды, іштей ойлап жүруді әдеттендіру қажет. Мысалы, «Өзің туралы жағымды ойлауға үйрену», «Өзің туралы жағымсыз ойлардан құтылу», «Өзіңді сүй», Өзіңді неғұрлым азырақ сынауға тырыс», «Өзіңнің жеткен биігіңді өзің теріске шығарма», «Өз бойыңнан жақсы қасиеттерді ізде», т.б.
Әр оқушының бойында өз-өзіне деген сенімділікті ұялатумен қатар, оны айналасындағы қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға да үйрету өте қажет. Бұл мақсатта қолданылатын қарым-қатынасты дамытуға арналған жаттығулар мен іскерлік ойындар түріне «Бет-әлпетті есте сақтау», «Ол қалай күледі», «Көңіл-күйге ортақтасу», «Қоштау», «Күлкі», «Саған аманшылық тілеймін», «Нажағай қаупі жоқ» секілді ойындар мен «Тыңдай білу іскерлігі», «Мен сізді тыңдап отырмын», т.б. жаттығуларды орындату арқылы оқушыларды өзара сыйластыққа, қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелейміз.
Оқушылар, сонымен бірге, сабақта шығармашылық жұмыстарды жиі орындайды. Өз бетінше ізденеді, берілген тапсырмаларға өмірден мысалдар келтіре отырып, алған білімдерін іс жүзінде қолдана білуге, ой түюге үйренеді. Бұл жұмыстардың олардың жеке «менін» ашуға, өзіндік бет-бейне, жеке тұлға ретінде қалыптасуына үлкен маңызы бар.
3. «Өзін-өзі тану» пәні бойынша оқушылардың білімін бағалау
Оқушылардың «Өзін-өзі тану» пәні бойынша білім сапасын бағалау бағдарламада белгіленген оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар негізінде жүргізіледі. Бұл талаптар оқушылардың өмірде жалпы адамзаттық құндылықтарға сүйенуге талпыну және қоғамға қызмет ету дағдыларын жетілдірудегі танымдық әрекеттерін дамытуды саралауға (мониторинг) қызмет етеді. Адамгершілік-рухани білім беру ерекшеліктеріне сай сандық емес, сапалық бағалау маңызды, сондықтан әр жартыжылдық қорытындыда «сынақ» деген баға қойылады.
Оқушы деңгейіне қойылатын талаптардың жалпы көлемінің кем дегенде 2/3 бөлігіне сай өз жетістігін көрсете алса, оған «сынақ» деген баға қойылады.
Оқушыға «сынақ/сынақ емес» деген баға қойыларда оның «Өзін-өзі тану» пәні бойынша шығармашылық-жобалау жұмыстарын көрсеткен портфолиосы назарға алынады. Портфолио сапасын сараптауда оқушының ұжымдық және топтық шығармашылық жұмыстарға қатысу белсенділігіне, сонымен қатар жеке шығармашылық іс-әрекетінде қойылған мәселені терең түсінуіне, оның мақсаты мен мазмұны жалпы адамзаттық құндылықтар басымдылығына бағдарлануына, сабақ барысында адамға және қоршаған әлемге деген сүйіспеншілік негізінде қойылған мәселелерді шешу жолдарын ізденуіне назар аударамыз.
«Өзін-өзі тану» пәні бойынша бала білімін бағалау олардың жалпы адамзаттық құндылықты игеру, оларды іс жүзінде қолдана алу, шығармашылық, ізденушілік жұмыстарды орындау барысында алған білімін тиімді пайдалану дағдылары ескеріледі. Бағалау олардың ұмтылысын, білімге құштарлығын, рухани-адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді.
Шығармашылық, ізденушілік жұмыстар, іскерлік ойын, жаттығулар кезіндегі белсенділік олардың өмірлік позициясын нығайтады, бағалау барысында осы мүмкіндіктері ескерілуі тиіс.
Әр оқушының пән бойынша портфолиосы болуы тиіс, ол портфолиода оқушының өзі жөніндегі мәлімет, жұмыстардың орындалуына байланысты тест сұрақтарының қорытындысы, сауалнама жауаптары, өзбетіндік жұмыстары болуы тиіс. Оқушы білімін бағалауда портфолионың мазмұны, сапасы, ұқыпты жүргізілуі де ескеріледі.
III. Қорытынды
«Өзін-өзі тану» сабақтарында баланың адамгершілік сезімдері, эмоциялары, өзара қарым-қатынас туралы түсініктері кеңейеді. Балалар үлкендермен және құрбыластарымен жағымды қарым-қатынас жасау мәдениетіне қол жеткізеді, адамгершілік құндылықтар мен адами қасиеттердің мәнін терең түсінеді, оның Отанына, отбасына, жақын адамдарына, қоршаған табиғатқа, жалпы өмірге деген сүйіспеншіліктері артады.
Сонымен бірге бала тәрбиесінде мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастық, тығыз байланыс орнатуда да бұл пән үлкен роль атқарады. Себебі, ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарды үйрету – ата-ананың да басты міндеті. Сондықтан әрбір ата-ана қолына «Өзін-өзі тану» оқулығын алып, онда айтылған тағылымдар мен өнегелі ой-ұғымдарды балаларының оқып үйренуіне ықпал етулері тиіс.
Ал ұстаз өз кезегінде халқымыздың рухани - интеллектуалды мұраларын, мәдени құндылықтарды жаңғыртып, тәрбиеге ұлттық сипат беруге ұмтылуы тиіс.
Нағыз ұстаз бейнесін Әбунасыр әл-Фараби сөзімен түйіндесек: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал болмауға да тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өз ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшымен тас тесетін бейнебір су тәрізді».
Рухани мұраға сүйенбеген елдің жұлдызы жанбайды демекші, заман ағымы талап етіп отырған ата-бабаларымыздан қалған әдеби мұраларымызды, халқымыздың өсиетін, өнегесін дәріптеп, дәстүрін, таңғажайып тапқырлығын, олардан қалған ескірмейтін көне сөздерді, мақалдар мен мәтелдерді бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай, келер ұрпаққа тәлім-тәрбие беретіндей ғасырлар қойнауынан сыр шерткен асыл мұраларымызды білім беруде тиімді қолдану – «Өзін-өзі тану» пәнінің басты міндеті болмақ.
Байқоңыр қаласы,
№2 К. Э. Циалковский атындағы жалпы білім беретін
орта мектептің I санатты бастауыш сынып мұғалімі
Жакупова Алмагуль Байдуллаевна
Оқушылардың білімін бағалаудың әдіс-тәсілдері
- Ляска
- 4 қараша 2012
- 38683
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Баяндама, оқушылардың білімін бағалаудың әдіс тәсілдері
Ұқсас жаңалықтар:
Рухани-адамгершілік тәрбиесі
«Өзін - өзі тану» пәнінің басты мақсаты - рухани - адамгершілік құндылықтарды негізге алатын, ойы, сөзі мен ісі бір жерден шығатын нағыз мінезді...Өзін - өзі тану: махаббат пен шығармашылық педагогикасы
Елбасымыз туралы кітаптар, өзін - өзі тану пәні муралы қанатты сөздер, өзін - өзі тануға арналған тренинг кітаптар мен журналдыр қойылды. Оқушылардың...Өзін – өзі тану пәні бойынша әдістемелік бірлестігінің жылдық жұмыс жоспары ...
Өзін өзі тану пәні бойынша әдістемелік бірлестігінің жылдық жұмыс жоспары 2017 - 2018 оқу жылы...Адамгершілік - рухани тәрбиенің маңыздылығы
Рухани - адамгершілік тәрбиесі өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен...Оқушылардың рухани - адамгершілік дамуына « Өзін - өзі тану» сабағының ықпа ...
Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы, №1 орта мектебінің психологы Үсенғазы Жанна Үсенғазықызы...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.