Сайтқа кіру Тіркелу

Мектеп пен отбасы арасындағы байланыс

Байқоңыр қаласы,
№2 К. Э. Циалковский атындағы жалпы білім беретін
орта мектептің I санатты бастауыш сынып мұғалімі
Жакупова Алмагуль Байдуллаевна

Мектеп пен отбасы арасындағы байланыс
Кіріспе
Қайырлы күн, құрметті ата-аналар, ұстаздар! Бүгінгі ата-аналар жиналысы өзгеше өткелі отыр. Орайы келген басқосуды пайдалана отырып, мен өзім жүргізіп жүрген «Өзін-өзі» тану пәнінің ерекшелігі, бала тәрбиесіндегі үлкен пайдасы, ата-аналарға да, балалардың өздерін өздері танып білуіне де және ата-аналардың өз балаларының мінез-құлық ерекшелігі, арман-мақсатын түсіне білуде тигізетін орасан зор көмегі жөнінде айтқалы тұрмын.

«Өзін-өзі тану» пәні біздің мектепте 2010-2011 оқу жылынан бастап эксперимент түрінде жүргізіле бастады. Идеяның авторы – республиканың бірінші ханымы Сара Алпысқызы Назарбаева. «Бөбек қорының» төрайымы Сара Алпысқызының бастамасымен өмірге келіп, 2001-2002 оқу жылынан Алматы қаласындағы балабақшалар мен мектептерде жеке сабақ ретінде өткізіле бастаған болатын. Ал 2002-2003 оқу жылынан бастап бұл пәнді Қазақстанның барлық аймақтарында эксперименталдық аймақтарда жүргізу қолға алынды.

Қазіргі кезеңде көтеріліп отырған «Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік білімінің түп-тамыры тереңде жатыр. Ол халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, рухани мұраларынан, ділінен, тағылымдық ой-толғауларынан бастау алады. Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам, өзін-өзі қадағалап, сынап, өзін-өзі тәрбиелеуге, өмірден өз орнын, өз бақытын табуға ұмтылады. Өзін-өзі тану – адамның шындықты өзінше түсіну жағынан қарастыратын ғылым, ол өз бойындағы бірегейлікке сәйкес келетін өзінің жеке құндылықтар жүйесін жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесімен біртұтас қарауға негізделеді.

Қоғам дамуында біздің қарапайым күнделікті тіршілігімізде сүйіспеншілік пен ізгілік, мейірімділік пен қайырымдылық, шыдамдылық пен имандылық, адалдық пен ибалық сынды асыл қасиеттер қажет-ақ.
«Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың бүгінгі заман талабынан туындап отырғанына көзіміз барған сайын жетуде. Себебі қазіргі кезеңнің ең басты қажеттілігі – адамдар арасындағы сыйластық, бірін-бірі қадірлеу, бірін-бірі құрметтей білу мен бағалай алуы, яғни адамдардың өзін-өзі, қоршаған ортаны, әлемді тани білуі.

II Негізгі бөлім
Ата-ананың қайсысы болса да, өз балалары қабілетті, тапқыр, талантты болып өссе, басқа балалардан оқ бойы озық болса деп армандайды. Дұрыс, ата-ананың өмірдегі басты мұраты - өзінің ізін жалғастыратын ұрпағының ерекше болуы, оның бақытты болуы. Бірақ, ең бастысы, балам жақсы Адам болса екен деп армандау керек. Ол ержеткенде адамдарға пайдалы болып, қоғамға зардап келтірмейтіндей болып өсуі қажет. Өзінің биік «Меніне» ешқашан да кір келтірмей, қайта оны жаңа білімдермен толықтырып, өмір тәжірибесін жетілдіріп, өзін Махаббаттың құдіретті күшімен үнемі байытып отыруы аса маңызды қасиеттер болып есептеледі. (Сара Алпысқызының «Өмір әдебі» кітабынан).

Құрметті ата-аналар! Бүгінгі жиналысымыз ерекше болмақ, себебі мен Сіздермен «Өзін-өзі тану» пәнінің бір сабағын тәжірибе ретінде өткелі отырмын.
Өткізілетін сабағымыздың тақырыбы «Өмір дегеніміз не?» деп аталады.
Сабақта алға қойылатын мақсаттар: ата-ананың өмірге деген сүйіспеншілігін арттыру, сол арқылы баланың көзқарасын қалыптастыру.

Сабақтың көрнекілігі: қанатты сөздер жазылған плакаттар, суреттер, слайд, музыка әуені, ойын түрлеріне қолданылатын үлестірмелі парақшалар.
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі. «Шаттық шеңбері» атты тренинг өткізу.
Мақсаты: ата-аналардың бір-біріне жақсы қарым-қатынасын қалыптастыру, жағымды көңіл-күй туғызу.
Шарты: ата-аналар бір-бірінің қолынан ұстап, шеңбер құрап тұрады, шеңбер күн тәрізді, бір-біріне жылу сыйлайды.

Құрметті ата-аналар! Мен сіздермен танысқаныма өте қуаныштымын. Қане, бәріміз бір-біріміздің қолымыздан ұстап, шеңбер құрап дөңгелене тұрайық. Осы дөңгелек шеңберді шаттық, жылулық шеңбері деп атаймыз. Қалай ойлайсыздар? Шеңберге тұрудың үлкен бір қасиеті бар. Шеңберіміз - көктегі жылу беретін күн тәрізді дөңгелек. Шеңберге тұрып бір-бірімізді жақсы көре аламыз, жақсылық пен жылулығымызды бір-бірімізге сыйлай білуге үйренеміз. Міне, сондықтан да бұл шеңберді жылулық, шаттық шеңбері деп атаймыз. Енді бәріміз жақсылық тілеп, шаттана қуанып, күлкімізді сыйлайық.

Бала – кең әлемдегі ең пәк, ең таза асыл жан. Оның ойының тазалығы, арының тазалығы оны қоршаған ортаға байланысты болмақ. Бала осы ортаны қалай қабылдап, танып білсе, оның алдынан кең әлемнің есігі де солай ашылмақ. «Өзін-өзі тану» сабақтарында ұйымдастырылатын «Шаттық шеңбері» әрбір балада өзі өзгелерге сенетін және өзі де сенімге ие болатын үлкен достық шеңберіне қабылдануы ретінде түйінделеді. Шеңберге тұрып Жер-Анаға, Аспан Атаға өз мейірімін төккені үшін ризашылығын білдірумен бірге, бір-біріне деген риясыз шын жүрегінен шыққан тілектерін айтуы, жылы лебіздерін білдіруі рухани дамудың негізін қалауға ықпал ететінін байқадық.

Келесі тренинг «Шаңырақ құру».
Мақсаты: бір-біріне иіліп сәлем беру, бірігіп жұмыс істеудің артықшылығын түсіну, бір-бірін жағымды көңіл-күй сыйлау.
Шарты: дөңгеленіп тұрып, уық көтеріп, шаңырақ құрып, керегені бекіткендей қимылдар жасап, иіліп бір-біріне сәлемдесу.
Шаңырақ - бірлік пен ынтымақтастық, бауырмалдық белгісі. Біз бір ұжым ішінде балаларымыздың жақсы оқуы, тәртіпті болуы, бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болуына мүдделіміз, сондықтан да бір-бірімізге жағымды көңіл-күй, ой көзқарас сыйлауға тырысайық.

Ата-аналардың бір-біріне деген жылы қарым-қатынасын орнату арқылы бірлесе жұмыс істеуге, бір-бірінің пікірін тыңдауға, сыйластыққа, өзін және өзгені құрметтеуге қолайлы жағдай қалыптастыруда «Танысу» кезеңі де үлкен роль атқарады.

«Танысу» тренингі – ата-аналар бір-біріне өз есімдерін, оның алдына бір сын есім қосып айтып танысулары керек. Мысалы: айдай сұлу Айсұлумын, керім Күләшпін, т.б. Барлығымыз дөңгеленіп отырамыз. Танысып болған соң, өмірге байланысты слайдтар, бейнетаспа көрсету арқылы олардың пікірін білу, өмірде кездесетін жағдаяттарды көріп, бірге талқылауға шақырамын. Бейнетаспаны көріп болған соң ата-аналарға сұрақтар қою арқылы пікірлесу өткіземін.
Сұрақтар: 1. Өмірде нені құнттайсыз?
2. Сіздің өміріңіздегі ең маңызды қадамыңыз?
3. Осы өмірдегі ең бақытты сәтіңіз?
4. Өмірде нені қатты бағалайсыз?
5. «Өмір-өзен» дегенді қалай түсінесіз?
6. Неге өмірді өзенге теңейміз?
7. Әр адам не үшін өмір сүреді?

Сабақ барысында «Танысу» кезеңінде оқушылардың өздері туралы жағымды пікір, ой айтуы олардың өздеріне деген сенімділік, күш-жігер, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды, ертеңіне зор үмітпен қарайтын жеке тұлғалар қалыптаса бастайды. Ата-аналар да отбасында балалардың өзіне деген сенімділік, өзіндік «менін» тудыратын жағымды есім, жылы сөздерді барынша мол қолдануы керек.

Келесі тренинг бойынша ата-аналарға түрлі-түсті фигураларды беру.
Құрметті ата-аналар! Қазір сіздерге тапсырмалар беріледі. Әр қайсысыңыз түрлі-түсті бір фигураны алып, сол түстегі столға барып отырасыздар. Столдағы тапсырмаларды орындауларыңыз керек.
1. Мектепке деген махаббатыңызды білдіріп гүл шоғын жасаңыз.
2. Балаға деген махаббатыңызды білдіріп гүлге жазып жапсыру.
3. Ата-ананың бір-біріне деген махаббатын білдіріп күн шуағына жазу.
Тапсырмаларды орындап болған соң, пікірлерін сұрау, қорытынды жасау, пікірлері балаларының пікірімен сәйкес келе ме, жоқ па, талдау жасалатыны ескертіледі.
Сіздерге ұсынылатын келесі ойын-жаттығуы – «Тыныштық сәті». Әуен ойналады, көздеріңізді жұмып отырып тыңдайсыздар, әуенді тыңдап болған соң, қандай сезімде болдыңыздар, сол жөнінде пікірімізді ортаға салайық.

Балалармен жүргізілетін «Тыныштық сәті» оларға жағымды ойларға берілуге мүмкіндік жасайды. Олардың ойларына тіпті ересек адамдар ойламайтын қызықты бейнелер елестейтінін айта кетейін. Тыныштық сәті аяқталғаннан кейін балалар өздерінің санасында, қиялында ойлап тапқандары жайлы әңгімелеп, суреттейді. Оларды тыңдап отырып, бала қиялының қаншалықты бай екенін көреміз. Сіздер де үйде балаларыңызбен бірге қиялдап, ертегі құрастырып, өлең шығарып көріңіз. Жан-дүниесі таза, қиялға бай, білімге ынтық азаматтың қалыптасары сөзсіз. «Өзін-өзі тану» сабағында көзделген мақсат әрбір баланың өз бойындағы шығармашылық әлеуетін тани және аша білуге, өзінің эмоциялық көңіл күйі мен мінез-құлық мотивтерін ұғына білуге, бағалай білуге мүмкіндік туғызу болып табылады.

Сіздерге ұсынылатын келесі ойын жаттығуы – «Жүректен-жүрекке».
Бұл кезеңде мен Сіздерге «Ғажайып сандық» туралы шағын әңгіме айтып беремін. Бұл әңгіме атасы мен немересі жайында. Сіздер әңгімені тыңдап болғаннан кейін, менің қолымдағы ғажайып сандықты осы өмірде балаларыңызға арнайтын, ұстазға деген тілектермен, жылы сөздермен толтырасыздар. Бұл кезеңде балалар сабақ үстінде алған білімдерін, жаңа ақпараттарын қорытындылай келе ой бөлісіп, жылы тілектер жүректен-жүрекке ұштасып жатады.
«Өзін-өзі тану» сабақтарында ұсынылатын ойындардың басым көпшілігі балаларды мейірімділікке, достыққа, сүйіспеншілікке, сыйластыққа үйретуді көздейді, бұндай ойындардың өзі бала бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды сіңіруді көздейді. Ата-аналардың баламен жүргізілетін ойындар мен жаттығуларды осылай жасауы олардың бала психологиясын тереңірек түсінуге, оларға сеніммен қарауға, балалардың ойымен, көзқарасымен санасуына мүмкіндік береді.

Адамзат – табиғаттың ажырамас бір бөлшегі, адам табиғатта тіршілік етеді, оның мөлдіреген суын, биік тауларын, әсем бұлттарын, ерекше, өзіндік әсемдігі мол жыл мезгілдерін тамашалай отырып, осы кең байтақ жерімізді аялауға, кәусардай мөлдір суын ластамауға, әр табиғат жаратылысын қорғауға баулуымыз керек деген тәрбиенің қайнар көзі осы «Өзін-өзі тану» пәнінде жатыр десек, қателеспейміз.

Бала – кең әлемдегі ең пәк, ең таза, асыл жан. Оның ойының тазалығы, арының тазалығы оны қоршаған ортаға байланысты болмақ. Бала осы ортаны қалай қабылдап, танып білсе, оның алдынан кең әлемнің есігі де солай ашылмақ.
Сондықтан, қымбатты ата-аналар, баланың өзіндік «Менін» қалыптастыру, адамгершілік-рухани әлеуетін көтеру, қазіргі заман талабына сай өзіндік ой-көзқарасы қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеп шығару мектеп пен отбасының тәрбиесі ұштасып, ортақ бір мүддеге бағытталғанда ғана жан-жақты, толыққанды жүзеге асады.

Сонымен бірге бала тәрбиесінде мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастық, тығыз байланыс орнатуда да бұл пән үлкен роль атқарады. Себебі, ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарды үйрету – ата-ананың да басты міндеті. Сондықтан әрбір ата-ана қолына «Өзін-өзі тану» оқулығын алып, онда айтылған тағылымдар мен өнегелі ой-ұғымдарды балаларының оқып үйренуіне ықпал етулері тиіс.

Ал ұстаз өз кезегінде халқымыздың рухани-интеллектуалды мұраларын, мәдени құндылықтарды жаңғыртып, тәрбиеге ұлттық сипат беруге ұмтылуы тиіс.
Қорытынды. Өзін-өзі тану – кез келген адамның қолынан келе бермейтін, қиындықпен жүзеге асатын үрдіс. Мұғалім «Өзін-өзі тану» сабақтарында әр оқушымен жеке тұлға ретінде қарым-қатынасқа түсе отырып, баланың мінез-құлқын, сезімін, әдет-дағдысын бақылай білуге, басқара білуге, сонымен бірге жанындағы адамдарды табиғи болмысымен қабылдау, ізгі ниет, ыстық ықылас таныта білуге үйретеді. Ата-ана да отбасында осы мақсаттардың жүзеге асуына бағытталған тәрбие беруі тиіс.

Сонда ғана болашақ ұрпақтың бойына рухани адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыра аламыз. Жас ұрпақтың қабілеті мен мүмкіншілігін жан-жақты ашып, адамгершіліктің биігіне көтеретін, ізгілік пен сұлулықтың шын мағынасын түсінуге, шынайы мейірімділік пен ақиқатқа ұмтылуға, өз өмірін жоғары мәнмен өткізуге тәрбиелейміз.

Әр баланы рухани керемет күш иесі деп қарап, оның шетсіз шексіздікті үйренсем деген ұмтылысына уақтылы көңіл бөліп, демеу жасасақ, қуаттандырсақ, жүрегі нұрға толы, жан-жағына шуағын шашып тұратын, мейірімді, адамгершілігі мол, үнемі талпынып тұратын, өз елін, жерін, тілін отбасын сүйетін, еңбекқор адал адам тәрбиелеп шығарамыз деп сенемін. Ондай бала басқаға жан жылуын жеткізе алады, барын ортаға с алады, өзін танытады, өзгені де бар күйінде мойындайды, кешірімді болады. Бала тәрбиелеуде ата-ананың ықпалы зор, барлық жасыл желектер күн көзіне қарап бой түзейді. Олар көлеңкені сүймейді. Артық бұтақтар мен арам шөптерді қырқып, отап отырсаңыздар еккендеріңіз түзу, алқабыңыз жайнап тұрары сөзсіз.
Бала да сол. Оған ақыл-кеңес, өнегелі әңгіме, мейірім керек. Олай болса, ағайын, бала тәрбиесі тек отбасында ата-аналық парымыз ғана емес, Отан алдындағы борышымыз екенін естен шығармайық!

Бүгінгі кештен алған әсерімізден әрқайсымыз өз ойымызбен түйін түйейік. Олай болса, кеш соңында мектепке жиі келіңіздер. Атақты педагог В. Сухомлинскийдің «Жанұя мен мектеп тәрбиесі біріккенде ғана толық тәрбие болады» деген сөзін ұмытпаңыздар дегіміз келеді.
Міне, осындай үйлесімділік болған жағдайда бүгінгісін ғана емес, болашағын сәулелі күйде елестетіп, алға ұмтылатын, арманшыл, қиялы асқақ, рухы биік азамат тәрбиелейміз деп сіздерді сендіруге болады.
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Рухани-адамгершілік тәрбиесі

Рухани-адамгершілік тәрбиесі

«Өзін - өзі тану» пәнінің басты мақсаты - рухани - адамгершілік құндылықтарды негізге алатын, ойы, сөзі мен ісі бір жерден шығатын нағыз мінезді...
Рухани тәрбиенің қайнар көзі

Рухани тәрбиенің қайнар көзі

Пәні: Өзін - өзі тану Тақырыбы: Рухани тәрбиенің қайнар көзі Мақсаты: Ата – ана мен баласының арасындағы қарым - қатынасты бақылау, пәнге деген...
Адамгершілік - рухани тәрбиенің маңыздылығы

Адамгершілік - рухани тәрбиенің маңыздылығы

Рухани - адамгершілік тәрбиесі өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен...
Оқушылардың білімін бағалаудың әдіс-тәсілдері

Оқушылардың білімін бағалаудың әдіс-тәсілдері

XXI ғасырда көтеріліп отырған «Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік білімінің түп-тамыры тереңде жатыр. Ол халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, рухани...
ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫҢ АДАМГЕРШІЛІК-РУХАНИ ҚАСИЕТТЕРІНІҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ІЗГІЛІ ...

ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫҢ АДАМГЕРШІЛІК-РУХАНИ ҚАСИЕТТЕРІНІҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ІЗГІЛІ ...

Жезқазған қаласындағы №10 жалпы білім беретін орта мектептің директоры Жолдыбаева Куляш Рахымқызы...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×