12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДА ЖАҢА ТҰРПАТТЫ БАСТАУЫШ МЕКТЕП МҰҒАЛІМІН ДАЙЫНДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қызылорда облысы,Қазалы ауданы,Әйтеке би кенті
№170 мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Әбсұлтан Ұлдай Шынтемірқызы
Жас ұрпаққа сапалы білім мен ұлғатты тәрбие беру, өміріне жолдама алуына барлық жағдай жасау үшін білім беру ісін әлеуметтендірудің маңызы зор. Қазіргі уақытта мектеп реформасына көптеген бір жақты өзгерістер енгізіліп, мектеп ісінің ішкі – сыртқы жүйесі түгелімен өзгеріп келе жатқаны белгілі.
Қазақстан Республикасында 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасына сәйкес 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жағдайында жас ұрпаққа білім беру ісінде оның жеке даралық ерекшеліктеріне мейлінше мән бере отырып, оқушылардың мектепте алған білімдері олардың бүкіл өмірлік азығы болатындай етіп білім беру, оны өмірге дайындау, мамандық таңдауға бағыттау мәселесі бүгінгі жаңа қоғамның білім саласындағы кезек күттірмейтін ауқымды мәселелер қатарында тұр.
12 жылдық білім беруге көшу:
1. Қазақстандық білім жүйесін реформалауды;
2. Шығармашылықпен дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған жаңа ұлттық үлгіні жасауды;
3. Жалпыға арналған біліммен «білім әркімге өмір бойы» үлгісіне саналы түрде көшуді;
4. Әлемдік білім кеңістігіне жедел енуді қамтамасыз етеді.
Бүгінгі күн талабының мектеп реформасына 12 жылдық білім беруге көшу мәселелерінің ерекшелігі сол – 12 жылдық білім беру орталығы ғалымдарының зерттеулері бойынша жаңа қоғамдық формациядағы мектеп пен мұғалімдер алдында тұрған негізгі мәселелер. «Баланы оқуға қалай үйретеміз?», «Ойлауға қалай үйрету керек?» деген сұрақтарға жауап табатындай білім нәрін беруге бағытталып отыр.
Жаңа мазмұндағы білім жүйесін мектеп өміріне енгізуде мұғалім педагогикалық, психологиялық, философиялық, физиологиялық және т.б. ғылым салаларының тиімді зерттеу нәтижелері мен әлемдік озық тәжірибелердің алдыңғы қатарлы идеяларын басшылыққа алады. Жаңа кезеңдегі мұғалімнің шығармашылық іс - әрекетінің мазмұны зерттеушілік қызметтен, жаңа ізденістерден, оқушымен, ата – анамен тығыз ынтымақтастықтан тұрады.
Жеке тұлға қабілеттеріне бағытталған оқыту процесі әр педагогтің өзіне, өз ісіне және өзгеге деген жауапкершілігі артып, оқушымен қарым – қатынасын берік сенімге негіздегенде ғана игі нәтижесін байқатуы мүмкін.
А.К.Марковтың пікірі бойынша мұғалімнің кәсіптік зерттеушілік позициясы өз кәсібін шығармашылық деңгейде жетік меңгерген кезде ғана айқындала түседі.
12 жылдық білім беру жүйесіне көшу тұсында мұғалімнің кәсіптік жетілуі мен дамуы тұрғысында көп мәселелер қалыптастырылуы қалыпты жағдай. Өйткені, Ы.Алтынсариннің «Мұғалім – мектептің жүрегі», - деп айтқанындай, барлық күш мұғалімге түседі. Ойы жүйрік, ақылы жетік, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім жеке тұлғаны тек қана жаңа тұрпатты педагог қалыптастыра алады. Ахмет Байтұрсынов «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді» деген ғой.
Қазіргі таңдағы болашақ мұғалім тұлғасын қалыптастыруға жаңаша көзқараспен қарауға тиіспіз. Бұрынғы жоғарыдан берілетін бұйрық арқылы іс істеп, оның нәтижесі жайында есеп беру мәселесі мүлдем жойылды. Олай болса, білім беруді ізгіліктендіре отырып, болашақ маманның өз іс - әрекетіне өзі жауап беріп, оған ұқыптылықпен қарап, өз ойын, білімі мен білігін жалтақтамай жүзеге асыруына мүмкіндік туып отыр. Сондықтан да, педагогикалық практика кезінде неғұрлым шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік берілсе, соғұрлым болашақ маманның тұлға ретінде жетілуіне жағдай жасалады. Білім беруді игіліктендіру мұғалім мен оқушылардың қарым – қатынасына өзгеріс енгізіп, болашақ маманның адамгершілігі мол, икемді де инабатты, кішіпейіл, әдепті тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік тудырып отыр. Болашақ маман өзінің педагогикалық іс - әрекетінде бостандық шеңберінің кеңдігін сезінуге жағдай мол.
Білімді игіліктендірудің педагогтың тұлға ретінде қалыптасуына тигізетін әсерін Е.Н.Шияновтың еңбегінде өте орынды талдаған. Мұғалім тұлғасының қалыптасуына педагогикалық практика кезіндегі оқушылармен қарым – қатынас үлкен әсер етеді. Қазіргі оқушы тек мұғалімнің айтқанын тыңдаушы ғана емес, ол пікір айтушы, өзінің талабын орындауға, қызығушылығын қанағаттандыруға, білімін кеңейтуге талпынатын субъект ретінде қатыса түседі. Бұл талап, тілектерді қанағаттандыру мұғалімнен үлкен дайындықты, терең білім мен ұстамдылықты талап етеді. Болашақ мұғалім мектептегі игіліктендіру ісінің жүйесімен, ұжымның бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарының барысымен танысады. Осы арқылы болашақ мұғалімнің біліктілігімен қатар жалпы мәдени деңгейі көтеріледі. Білім беруді игіліктендіру мұғалім мен оқушы арасының қарым – қатынасына тікелей байланысты болса, білім мазмұнын игіліктендіру берілетін білім жүйесіне жалпы адами мәселелерді ендіру арқылы адам баласы жасаған құндылықтарды оқушылардың меңгеруіне жағдай жасау. Сол арқылы оқушылардың өткен тарихымызды, табиғи және мәдени байлықтарды біліп қана қоймай, оны сақтауға, қорғауға тәрбиелеу. Мұндай талаптарды жүзеге асыру да жаңа тұрпатты мұғалім тұлғасының сапасына енетін қасиет.
Бастауыш білім жоғары сыныптарда алатын жүйелі білім салаларының бастамасы ғана емес, оның негізі. Олай болса, бұл мұғалім тұлғасының осы мәселелерді түсінетіндей, оны жүзеге асыратындай білімділігімен қатар педагогикалық ой өрісінің болуын қажет етеді. Кез келген типтегі мектептерде жұмыс істеуге дайын болу – болашақ мұғалімдерге жүктелетін міндеттердің бірі.
Бастауыш сыныпта оқылатын әрбір пән орта мектепте оқылатын бірнеше пәннің бастамасын негіздейді. Мәселен, бір ғана дүниетану пәні келешектегі жүйелі ғылым салаларының бастамасы. Олай болса, мұғалім тұлғасының жан – жақты білімді болуы өзінен өзі туындайтын талап. Мұғалім тұлғасының қалыптасуына педагогикалық практика кезінде атқаратын жұмыстар мен сол жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу әдістері үлкен әсер етеді. Ондай жұмыстар қатарына мына төмендегі мәселелерді ендіруге болады:
1. Бастауыш сыныптарда оқытылатын пәндердің бағдарламалық талаптарын жете білу
2. Бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктерін меңгерту
3. Оқушылармен жұмыс істеу икемділігінің, білім, қарым – қатынас, адамгершілік сапаларының қалыптасуы
4. Ұйымдастырушылық шеберліктерінің болуы
5. Тәрбие мәселелерін оны ұйымдастырудың жолдарымен әдіс – тәсілдерін білу
6. Сабақты ұйымдастыру және оқыту әдістерін меңгеру. Оған көптеген икемдіктер енеді: сабақты жоспарлай білу; тиімді әдіс – тәсілдерді таңдау; жаңа технологияны қолдану шеберліктері; сабақ барысында оқушылардың өздігінен атқаратын жұмыстарды іріктей білу; оқушылардың шығармашылығына жағдай туғызу; оқушылардың тілін; ойлау қабілетін дамытуға көңіл бөлу; сабақ барысында оқушылар белсенділігін ұйымдастыру т.б.
Ұйымдастырушылық жеке бастың таланты, педагогикалық ойы, шешімділігі мен шапшаңдығы, кез – келген ситуация да тиімді шешім табуға икемдігі, мұның бірі мұғалім тұлғасының сапасына енеді. Ал, коммуникативтік – бұл тұлғаның адамгершілік, интелектуалдық деңгейінің нәтижесі. Сол арқылы кішіні де, үлкенді де сыйлаумен қатар, кез келген ортада өзін орынды ұстап, қарым – қатысқа өз деңгейінде түсе білуі. Бұл жағдай тұлғаның ерекше педагогикалық, психологиялық ой - өрісін көрсетеді.
Әр ғалым педагогикалық зерттеу барысында тұлға қалыптастырудағы педагогикалық практиканың мәніне тоқтала отырып, әр түрлі анықтама береді. Мәселен, А.И.Щербаков өз еңбегінде тұлға қалыптасуының психологиялық тұстарына үлкен мән беріп, оқу - әдістемелік әрекеттің мұғалімнің жеке тұлғасының қалыптасуына үлкен әсер ететіндігін айта келе, ол әдістемелік икемдіктерді бірнешеге бөледі: ақпараттық, ұйымдастырушылық, зерттеушілік деп.Егер, мұғалім тұлғасының қалыптасуындағы педагогикалық практиканың мәнін сөз ететін болсақ, бастауыш сынып мұғалімдері де ақпараттық қызметтің басым болуы керектігін естен шығармауға тиіспіз.
Себебі, оқушыларды күнделікті жаңалықтармен таныстыру бастауыш сыныптардағы сабақ барысында ғана емес, сабақтан тыс жұмыстар барысында да басым орын алады.
И.Я.Лернер еңбегінде мұғалімнің мақсатты түрде ұйымдастырған әрбір әрекеті оның нәтижесін алдын ала біліп отыруға жағдай жасауға тиіс деп көрсетеді. Ғалым – педагогтің пікірі бойынша мұғалім өзінің жұмысының нәтижесін алдын ала сезіп отыратын зерек, болжамы жетілген тұлға болуы тиіс. Мұғалім тұлғасын сөз еткенде қай ғалым болса да, оның кәсіптік шеберлікпен байланысты қалыптасатынын айтпай өте алмайды. И.Я. Лернер өзінің бұл пікірін оқу үрдісі және оның заңдылықтарын сөз еткенде тағы да қайталап, оқытудағы басты заңдылықтардың бірі ретінде мұғалім тұлғасының оқытып білім берудің барлық талаптарына сай келуін талап етеді.
Мұғалім тұлғасының сапасын айқындау қоғамның жеке тұлға дайындығына қойып отырған талаптарынан, қаулы – қаралар шешімінен туындайды. Олай болса, қазіргі қоғамда мұғалім тұлғасына қойылатын талап өте жоғары. Қазіргі мұғалім жоғары білімді, дене еңбегіне де, ой еңбегіне де дайын, ғылым мен мәдениет салаларынан хабардар, жаңа типті оқу орындарының кез – келген саласында қызмет етуге оңтайлы, ортамен қарым – қатысы, этикалық, адамгершілік сапалары жетілген тұлға болуға тиіс. Мұғалім тұлғасының қалыптасуында ең бірінші мәселе оның кәсіби дайындығының жоғарылығы, қу үрдісін ұйымдастыра білу шеберлігі.
Жоғарыда келтірілген мұғалім тұлғасына қойылатын талаптар бүкіл пәндер мұғаліміне тән деуге болады. Біздің зерттеуіміздің бағыты бойынша осылардың бәрін ескере отырып, бастауыш сыныптар мұғалімдерінің басты қасиеті бала жанын түсіну, 7 – 10 жастағы балалар әлі де ата – ана жылылығынан қол үзбеген, жылы сөйлеуді, еркін ұстай отырып, талап етуді, мадақтай отырып жұмыс орындатуды керек ететін ерекше жандар. Бастауыш сыныптар оқушыларының психологиялық ерекшеліктері олардың көзбен көргенді тез қабылдауына негізделеді.Бүгінгі қоғамдағы өзгерістер – ұрпақ тәрбиесіне деген көзқарас.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы адамзаттық қадір – қасиеттердің мән – маңызын түсінетін жаны да, тәні де таза, білімді, жан – жақты мәдениетті, патриот – азаматтар болуын тәрбиелеуге міндеттіміз», - деп атап айтты. Ендеше осындай ұлы істе жеке тұлғаның жан – жақты өсуіне бір кісідей ат салысайық.
Сонымен, қорыта айтқанда, 12 жылдық білім беру жағдайында педагог – бұл қай кезде де, ең алдымен, кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол – оқытудың жаңа технологияларын өмірге енгізуге дайын, оқу – тәрбие ісіне жанашырлық танытатын, қоғамның ең озық бөлігінің бірі. Оқу – тәрбие үрдісінің мазмұнына және ұйымдастырылуына комплексті тұрғыда қарайтын, зерттеушілік ыңғайға бейім, теория мен практика іс - әрекетін біріктіре білетін, өмірлік құндылық қағидалары – адамгершілік, ізгілік еңбекқорлық, парасатты мінез - құлық қасиеттерді бойына сіңірген ұстаз.
«Білекке сенген заманда – ешкімге есе бермедік,
Білімге сенер заманда,
Қапы қалып жүрмелік» - деген ұлы көреген Абылайханның ой – тұжырымы қазіргі уақыттағы еліміздің білім беру кеңістігіндегі көтеріліп отырған мәселелерді шешуге батыл кірісу қажет екендігіне әкеліп соғады.
12 жылдық білім беру жағдайында жаңа тұрпатты бастауыш мектеп мұғалімін дайындау мәселелері
- Айгул61
- 7 маусым 2012
- 24727
- 0
- 0
Ілмек сөздер: баяндама, бастауыш сынып, мұғалім, тұлға
Ұқсас жаңалықтар:
12 жылдық білім беру жүйесіне көшу
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, ММ "Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығының" мониторинг бойынша әдіскері Райымберді Әселжан Райымбердіқызы...Қазақ тілі сабағында ақпараттық технологияларды қолдану
Ақсу қаласының №4 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М. Қ. Теміржанова...12 жылдық білім беру жағдайындағы бастауыш сынып мұғалімінің моделі
Қызылорда облысы, Арал қаласы, № 220 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Қобыланова Айгүл Күлмашқызы...Жаңа формация мұғалімі
М. Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп – интернатының география пәні мұғалімі Нурбаева Мирамгуль...Жаңа тұрпатты мұғалім тұлғасы теориясы мен әдіснамасы
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Жалантөс ауылы Қ.Пірімов атындағы №103 орта мектеп информатика пәні мұғалімі Тажибаева Шолпанай Бибитовна «Ұстаз...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.