Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы,
Бисен ауылы, «Салтанат» МКҚК ясли – бақшасы ересектер
тобының тәрбиешісі Курмашева Арайлым Бибулатовна
Ертеңгілік «Наурыз – думан!»
Мақсаты: Балалардың Наурыз мейрамы туралы түсініктерін арттыру, ой - өрісін дамыту. Халқымыздың салтын, әдет – ғұрпын құрметтеп, өнегелі, өнерлі азамат пен азаматша болуға, бірлікке, достыққа тәрбиелеу.
Мерекеге сай безендірілген залдың ортасына әже шығады.
Наурыз келсе құт келгені халайық,
Тамашамен ел көңілін табайық.
Ұлыстың ұлы күнін сағындырған,
Есік ашып, шашу шашып,
Ел боп қарсы алайық! (шашу шашып, шығып кетеді).
Залға атпен шауып екі бала кіреді.
1 - Бала: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Той дабылын қағып тұрған мына біз бар!
2 - Бала: Естімеген естіңіздер!
Тыңдамаған тыңдаңыздар!
Ауылда той басталды!
1 - Бала: О, ағайын, туысқан
Наурыз күн туды шығыстан.
Сол тойға келдім шақырып,
Ат терлетіп алыстан!
2 - Бала: Ақ түйе қарны жарылды,
Наурызды елім сағынды.
Асыққын сен де сол тойға,
Атам менен ақ әжем,
Күтеді бүгін бәріңді!
Екі бала билердің жанына барып бата сұрайды.
Билерге сөз беріледі.
Төле би:
Жаңбыр жаумаса, жер жетім.
Басшы болмаса ел жетім.
Ақылсызға айтқан сөз жетім,- демекші балалар, сөзге тұра біліңдер, үлкенді сыйлаңдар. Наурыз тойы құтты болсын халайық!
Қаз дауысты Қазыбек би:
Кекшіл болма,
Кесепаты тиер еліңе.
Елім өссін десең,
Өршіл болма.
Атаның өсиетін балаға,
Баланың өнерін атаға,
Айтып тарата білген елміз.
Балаларым, өнерлі болыңдар.
Наурыз тойы құтты болсын!
Әйтеке би: Бөбектерім, еш уақытта ашуға берілмеңдер, сабырлы болыңдар, ашу бар жерде, ақыл тұрмайды.
Сөз қуған бәлеге жолығар,
Жол қуған олжаға жолығар.
Балаларым, жолдарың болсын!
Наурыз тойларың құтты болсын!
Балалар ата мен әженің жанына барып отырады.
Ата: Бүгін Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі. Наурыз деген сөзді қазақшаға аударатын болсақ «Жаңа күн» деген ұғымды білдіреді. Жаңа күн, яғни жаңа жылдың алғашқы күні. Күн мен түннің теңеліп, табиғаттың оянған күні.
Әже: Ал, құрметті қонақтар, төрге шығыңыздар! Ұлыстың ұлы күні әзірленген наурыз көжеден ауыз тиіңдер. (Ыдысқа құйылып үлкендерге ұсынылады).
Әже:
Ішілетін, жейтінің
Бұл көжеде бәрі бар.
Ошақта шоқ көп әлі,
Астың ауыр обалы,
Астан үлкен ешкім жоқ,
Қазан аузы жоғары.
«Наурыз көжені тоя ішсең - жыл бойы тоқ жүресің»- деген ырым сөз бар, көже ішіңіздер.
Осы кезде залға атпен шауып бір бала кіреді.
Бала: Сүйінші, сүйінші!
Келін тұрып алдынан шығады.(Бір бала келіп атты алып кетеді)
Келін: Есенбісің, құда бала? Құда - құдағи аман ба? Еркежан мен күйеу баланың халі қалай? Не қуаныш алып келдің?
Құда бала: Бәріміз де аманбыз. Мен сүйінші сұрап келдім. Жеңешем бөпелі болды. Ағамның атқа мінері бар.
Келін: Қане, үйге кір, дәмнен ауыз ти.
Құда бала: Ассалаумағалейкум армысыздар! Наурыз құтты болсын! Ағам мен жеңешем ер балалы болды. Сүйінші сұрап келдім.
Әже: Қалағаныңды ал айналайын. Келінжан құда балаға наурыз көже құй.
Ата: төрге шық балам.
Құда бала: рұқсат болса мен жүрейін. Біздің ауылға шілдехана тойына келіңіздер.
Әже: Екі дүниең абат болсын, екі тойың қабат болсын деген, ал, енді құданың ауылына шілдехана тойына барайық.
Құданың ауылы. Келген қонақтарды шашу шашып қарсы алады. Екі жақ бір - біріне тілектерін айтып, екі құда төс түйістіріп құшақтасады.
Құда: Осы отырған халайықтан рұқсат болса, немереме ат қойдырсам деп едім. Немеремнің атын елге сыйлы, аузы дауалы құрдасыма қойдырғым келеді.
Немереге ат қою рәсімін жасайды.
Ат қою рәсімі.
Абай, Жамбыл, Сәкендей
Ақын болар ма екенсің?
Қажымұқан атаңдай,
Батыр болар ма екенсің?
Тағы саған не дейін,
Үмітіме сенейін,
Үстем болсын мерейің!
Еліңе ардақты Бауыржандай болсын деп,
Атыңды қоям Бауыржан, сенің атың Бауыржан,
Бауыржан, Бауыржан!
Бәрі: Құтты болсын! Құтты болсын!
Әжесі: Ал, құрдас, тілегің қабыл болсын, мына шапанды иығыңа жабайын.
Әже: Ал, ағайын, немереме ат қойып бір қуанышқа кенелдік, енді бесікке салсақ деймін. Ауылдың қадірлі қариясы едіңіз немеремді бесікке салып беріңіз?
Әже: Жарайды салайын. Әуелі бесікті аластап алайын. (бесікті аластайды)
Ал, енді тыштымасын жасап, бесікке салайын.
Қолдарыңды жазайын.
Аяғыңды созайын.
Бесігіңе жата ғой
Тәтті ұйқыға бата ғой.
Әже: Рахмет, әжесі. Орамал тон болмайды, жол болады деген мына орамалды тойдан шашу деп қабылдаңыз.
Әже: Рахмет.
Жігіт: Уа, жігіттер енді ойын ойнайық.
Ұлттық ойындар: «Қазақша күрес»
(Музыка ырғағымен Қыдыр ата келеді)
Қыдыр ата: Амансыңдар ма қарақтарым! Наурыз тойы құтты болсын. Ақ мол болсын.
Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!
Төрт түлік ақты болсын,
Ұлыстың ұлы күнінде
Ұлыс оңға қонсын.
Менің берген бұл батам,
Алланың құлағына салынсын! Әумин!
1 - Жүргізуші:
Армысыңдар халайық!
Бармысыңдар халайық!
Наурыз тойын жұп жазбай,
Жылда қарсы алайық!
Мереке Наурыз жыл басы.
Наурыз тойы құтты болсын!
Жауын жауып, жер бетіне көк толсын!
Даламызға бұл жаңа жыл құт болсын!
Құрметті ата - аналар, әріптестер, бүлдіршіндер сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, дұшпанымыз жоқ болсын! Жаңа жыл тек жақсылығы мен жаңалығын әкелсін. Ақ мол болсын, халқымыз тоқ болсын! Баршаңызға бақ қонсын!
2 - Жүргізуші:
Ілесіп Наурызбен көктем жетсін,
Көңілін үлкен – кіші көкке өрлетсін,
Еңсесі көтеріліп ер – азамат.
Ескі жылмен реніш, өкпең бірге кетсін! – деп, Наурыз жыл басы құтты болсын!
Құттықтау сөз: Балабақша директоры Айша Мусақызына беріледі.
1 - Жүргізуші: Қадірменді халайық, кішкентай бүлдіршіндеріміздің де тілегіне құлақ салайық.
Тақпақтар.
2 - Жүргізуші:
Домбырадай мұраны,
Қастерлеуге тұрады.
Сонда жатыр даламның,
Үні менен бар әні.
Би «Домбыра»
Орындайтындар: «Балбөбек» тобының қыздары.
1 - Жүргізуші:
Жаңғыртқан дәстүрімді рахмет елім,
Тербетсін шаттық әні қазақ жерін.
Той бастаған қадамың құтты болсын,
Жалғайтын дәстүрімді бөбектерім.
2 - Жүргізуші:
Наурыз шаттық әніміз,
Салтанатты сәніміз.
Ән салып жас кәріміз,
Би билейік бәріміз.
Би: «Жұмыр қылыш»
1 - Жүргізуші:
Жиналдық наурыз тойға бәрімізде,
Үлкен - кіші жасымыз кәрімізде
Ән мен күйді, жыр мен биді шалқытып,
Өнерден інжу маржан шашайық - деп бүгінгі ертеңгілігімізді тақпақтармен жалғастырайық.
2 - Жүргізуші:
Сәулесі бар Наурызда таңғы үміттің,
Басын қосқан сан адам сан ғұрыптың,
Ұлыстың ұлы күнін паш етейік.
Белгісін достықпенен мәңгіліктің.
Жалғайтын дәстүрімді бөбектерім,
Алаңсыз өсіңдерші бейбіт күнде.
Дәстүрім тамыр алып, өркен жайсын,
Жалғасып ғасырларға бізбен бірге – дей келе, мерекелік кешіміздің соңында Наурыз тойының Наурыз көжесінен дәм татыңыздар. Ләйім Наурыз көже дәмі бұйырсын сіздерге. Келер Наурызға дейін аман – есен, уайым – қайғысыз, тоқшылықпен жетейік ағайын! Мерекелік кешке уақыт бөліп келгендеріңізге көп – көп рахмет! Мерекелік дастарханнан дәм татыңыз.
Наурыз - думан
- Інжу
- 28 наурыз 2016
- 2888
- 0
- 0
Ілмек сөздер: наурыз мерекесіне сценарий қазақша
Ұқсас жаңалықтар:
Қош келдін, Наурыз!
Мақсаты: Балаларға ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру; Балаларды елін, Отанын сүюге, ұлттық салт - дәстүрін дәріптеуге тәрбиелеу;...Армысың, әз Наурыз!
Наурыз көктемнің ең көркем айларының бірі. Наурыз айын қазақ халқы ерекше құрметтейді. Себебі, наурыз қыстан шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды...Қош келдің, Әз Наурыз
Жүргізуші: Армысыздар, халайық! Бармысыздар, халайық! Наурыз тойын жұп жазбай, Жылда қарсы алайық!-...Ұлыстың ұлы күні (мектеп пен бала бақша сахнасына)
Авторы: Ақылбек Шаяхмет Ұлыстың ұлы күні (мектеп пен бала бақша сахнасына)...Наурыз
Наурыз тойын тойлап жатыр адамдар, Пісірілді тәтті дәмді тағамдар. Қазан толы наурыз көже жасалған, Наурыз айын " Мырзалы ай"- деп санаңдар....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.