— «Алқызыл көрінеді қашқан түлкі,
Жігіттің қайда қалмас жиған мүлкі.
Төменнен жоғарыға созамын қол,
Болсын деп көңіл шіркін көтеріңкі...»
Алдыңғы арбадағы шелек танау сарша жігіт осылайша әндетіп келеді. Темір белдікті, пұшық арбаның үстіндегі құрым киіз күркенің ішінде бүк түсіп жатқан кемпір, бетіне қонған шыбынды тырысқан саусақтарымен анда-санда бір жасқап қояды. Күркенің іші қапас - ыстық. Жігіт арбаның алдына таман жылжи отырып, кепкесін маңдайына түсіре киді. Күн, тас төбеден шаңқиып, шыжытып тұр. Сары күшік тілін салақтатып, бүйірін солқ-солқ соғады. Тек, тұяғын ғана қыбырлатып келе жатқан екі өгіздің де аузы көпіршіп, сілекейі шұбыра бастады.
Екінші арба ағаш-белдікті, қазақы рудан. Шиқылдаған даусы даланы басына көшіреді. Үстіндегі үрпе-шүрпе, қара қарғаның балапанындай бес баланың екеуі әкесінің бишігіне кезек-кезек жармасып, екеуі өзара жанжалдасып, бесіншісі — шешесінің емшегін болп -болп еміп отыр. Арбаның беті ашық шаң мен күнді бұлар елеген жоқ, жалғыз-ақ «нан» деп қыңқылдап қояды балалар.
— Тақалдық қарақтарым, нан да, киім де болады, әкең тірі болса дейді, күнге күйген қараша ана, балаларын маңдайынан сипап қойып.
Үшінші арба — торы атқа доғасыз жеге салған арысты, екі дөңгелекті тәрелке. Ішінде отырған ерлі-байлы екі жас шүңкілдесіп сөйлесіп келеді:
Шахтаның өзіне - ақ түсемін.
— Қой, құлап басып қалар, жер үстінен алайық жұмысты.
— Жер астының ақысы көп болады,— дейді...
— Көптігін қайтейін, шыққанда қазанның түп күйесіндей боп шығады,— дейді...
— Тәуекел, «көппен көрген ұлы той!»
Төртінші арба — ат жетекті бришка. Мұнда отырған бес-алты жігіт алысып-жұлысып отыр. Тәртедегі бақырауық сары атан руданның шиқылына ән қосып, маң-маң басып келеді.
Арбалар осылайша тізбектеліп кете барады, Қосағаш, Семіз қыз тауларын бөктерлеп, үлкен қара жолмен жылжып келе жатқан қалың керуен. Алды - алдарындағы белестен асып, етектегі көк майсаға жеткенде, арты - шұбалып, белестің арғы бетінде жатты.
— Көлік шалдырайық!
— Я, күн шыжып кетті!...— деп бір мезгілде дауыстасты біріне-бірі.
Ең алдағы сарша жігіт арбадан түсіп, өгізін жолдан, бұрды да, көк шалғынды бойлаңқырап барып, тасты бұлаққа маңдайын тірей тоқтады. Басқалары да жапа тармағай қона бастады. Тау бауырындағы көк орайға шаңқай түсте бауырын төсеген қалың керуен бәрі бір жолда келе жатса да, көпшілігі бірін бірі танымайтын сияқты. Бастарына көлеңке тұрғызып, тұс-тұстан көк түтін көтерілген кезде, сонау ортадағы қостан бір адам сыртқарырақ шығып, жан-жаққа көз жіберіп тұрды. Ол екі қолын артына ұстап, қара сақалын сипап қояды. Байыпты көзі неге қараса да үйіріле кетеді. «Ат баспаған жерін үш басады, ер көрмеген жерін үш көреді» деді отағасы жан-жақты болжап тұрып...
Кенеттен мылтық даусы күрс етті. Бұлақтың жалтырынан еңкейіп су алып жатқан талдырмаш қыз «ах!» деді де, күліп жіберді. Оның аржақ жанынан, шалғынның ішінен ұшып тұрып, бағанағы сарша жігіт тұра жүгірді. Ойы бөлінген отағасы да осылай қарай сабырмен аяңдап келеді. Жігіт шалғынның бір жеріне отыра қалғанда, қыз да жетті артынан. Келе жатқан отағасының биік шалғыннан олардың кеудесінен жоғары жағы ғана көрінген еді, жігіттің қолы қыздың кеудесіне барып қалды, қыз тағы да бір шаңқ етті де, бір қолында қасқалдақ үйрек, екінші қолын жігітке сермеп, дуылдаған бетін қырындата, шелегіне қарай жөнеле берді.
Әсия — деді жігіт,— биттей тоқташы, кешке мен күзетке...
Әсияның көзінің әуенімен қос жаққа қарап қалғанда, төмен қарап келе жатқан отағасыны көрді жігіт. Кепкесін көлденеңінен киіп, махоркасын орай бастады. Отағасы да келіп жетті.
— Ассалаумағалайкөм!
— Әликсәләм, балам. Майлана берсін!
— Айтқаныңыз келсін, ендігісі сізге болсын.
Отағасы көзін тоқыратып, жігітке бір қарап өтті.
— Шырағым, «жолаушының мұңы бір» жөн білісе отырайық,— деді содан кейін, шалғынды жапыра отырып жатып. Жігіт шылым түтінін аузы-мұрнынан бірден бұрқ еткізді де, жауап қайырды:
— Ұруым — Қаракесек болады, жұмысқа барамыз. Өздеріңіз ше?
— Қарқаралының бержағындағы Итболды боламыз. Біз де жұмысқа келеміз...— деді отағасы. Салмақпен сөйлеп, сөз желісін ұзарта түсті...
Қос жақтан біртіндеп келіп әңгіме тыңдаушылар да көбейе бастады. Іштерінде қала көрмегендері, ауылдан түстік жер шықпағандары толып жатыр. Бәрі бірдей суырылып сөйлемегенімен, ойындағысын бүгіп қалған кемде-кем. Әрқайсысының сыртқы кескінінде қандай өзгешелік болса, ішкі сарайында да, сөйлеген сөздерінде де сондай өзгешелік көрініп тұр.
— Жаным-ау, осынша халыққа нанды, үйді қайдан тауып береді!— деді, мысық мұртты жігіт әңгімені бөліп. Сарша жігіт дереу жауап қайырды оған:
— Договорың бар ғой, опық жеме. Үкімет қазынасы мол.
Жеке шаруа болу керек, шеткерірек отырған біреу жабырқай сөйледі:
— Онда, біздегілерге ештеме тимейді десеңші. Договор сендерде — колхоз кісілерінде ғана бар. Мұнысы обал екен.
— Сен де далада қалмассың. Кісі керек көрінеді. Әйтсе де, әуелі шартпен барғандарды орналастырады.
Бастапқы қара сақалды кісі қойнына қол тығып жатып, сарша жігітке:— шырағым, атың кім?— деді.— Көзің ашықтау бала көрінесің, тағы да бір оқытып алайыншы саған.
Атым Жанабіл. Өз атыңызды айтып қойыңызшы, «отағасы» дегізе бермей, әлі тұғырдан түсетін көрінбейсіз.
— Қалай көтермелесең де, біздің қолға алма енді түспес, - деп отағасы Жанабілдің жаңағы қызбен ойнағанын сездіріп өтті.— Атым Әубәкір, шырақ.
Әубәкірдің көрсеткен қағазын Жанабіл оқымай білді.
Ондай қағаздың бірі оның өз қалтасында да бар - біркелкі, коллективті шарттың көшірмесі ғой. Жанабіл шартта жазылған сөздің көбін жаттап алған, іркілмей айтып берді:
— Жол расходымызды береді. Барысымен жұмысқа орналастырады, жер үстінің жұмысы сегіз сағат, жер астыныкі алты сағат. Азық-түлікпен, үймен қамтамасыз етеді. Коммунальныйді тағы береді...
— «Коммунальный» не дегені?
Жанабіл мүдіріңкіреп, желкесін қасыды. «Коммунальный» деген сөзден кейін, жақшаның ішіне алған бірнеше сөз бар еді шартта мәнісі осы болар деген долбармен, сол сөздерді айтты:
— Отын, су, шам, пәтер... беріледі.
— Сөзінде тұрса бермегені кем екен.
— Әрине, тұрады, бұл закон, - деді, Жанабіл көтеріліңкіреп қойып.
Бұрын өндіріс көрмеген, қаладан қашық дала адамдары алдағы жаңа өмірді өздерінше талқылап жатты...
— Жұмысы жеңіл екен,— деді біреуі,— колхозда күн ұзын істейміз, мынаныкі немесе алты-сегіз сағат. Жұмыс па сол.
Екінші біреуі шаттанып қостай түсті:
— Тағы да отын, су, үй, шам... тегін. Азық-түлік дайын. Тіпті дүниенің қызығы осында екен ғой өзі!
Бұлардың ішіндегі жалақ ерін, көсе кісі ыстық күнде тымағының құлағын да қайырған жоқ. Қырындай беріп, насыбайын мұрнына иіскеп - иіскеп қалғанда, түшкіріп салды. Әңгіме оған ұнамаса керек, жабыңқы түрмен, тау жаққа қарап отырып сөйледі. Ол, өзіне-өзі айтып отырған сияқты еді:
— «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ...» деген кезде, жанындағылар естіп қалып, құшақтай бастады:
— Ендеше неге келе жатырмыз?! Қайтайық!
— Ел табаны көтерілген соң еріп кеттім, әйтпесе, күндіз мал ішінде болып, түнде жаман үйімде айран-шалабымды ішіп, құдай деп, кемпірімнің қасында тып-тыныш жатқанымның өзі неге тұрады.
— Ой, оның сөзін қойшы!—деді анау шеттен біреу қолын шошаң еткізіп. — Осы отырғандарыңның ішінде шахтаны көргендерің бар ма? Жердің астында болады, іші қап-қараңғы, төбесін тіреп қояды дейді ғой. Кісінің басы қалай айналмайды? Құлап кетпей ме екен өзі, соны айтсаңдаршы онан да.
Ешқайсысы жауап бере алмады. Бәрінің ойы шахтаға ауды. Егер, Қарағандының бір ескі шахтері осылардың ішінде болып, шахта жайын кешке дейін сөйлесе, бұлар ерінбей тыңдарлық еді. Әрқайсысы өзінше жорып жатты...
— Мен ойлаймын: кәдімгі осы құдық тәрізді қазатын шығар да, көмірді шелектеп тартып ала берер деп.
— Жоқ, жерді кеулеп, қуыстап кетсе керек...
— Онда қаппен арқалап шығамыз да, әйтпесе, кішкентай итарба жасап алайық...
— Ой жігіттер, ол жағын қоя тұрыңдар, барған соң көрерміз не болса да, менің тамашам: осы үкімет көмірге неге құмартады? Қараған, тезек, ағаш дегендер жеткілікті емес пе? Құдай біледі, орағым өткір болса, күніне екі арба караван жайма-жай орып берер едім.
— Чудак! — деді Жанабіл, күлгенде шелек мұрны делдие қалды. — Көмір — темір қорыту үшін керек. Темірден білемісін, машина жасалады, машина! Ешшо, екпінді болу керек. Вот, сонда нағыз жұмысшы дейді бізді.
Жанабілдің «екпінді» деген сөзіне ешқайсысы түсінбеді. Айтуын айтса да, бұл өндіріс тілін Жанабілдің өзі де жақсы білмейтін. Ол, адуындау, ақжарқын, коллективизация тұсында көтерілген, азырақ сауаты бар, бұрынғы жалшы еді. Көзі көріп, құлағы естіген жаңалықты бойына сіңіргенше асығатын, ойындағысын іркілмей айтатын бір бет, батыл жігіт. Байыпты Әубәкір оның осы райын байқай отырып, сұрақ қойды:
— «Екпінді» деген, сөзді қалай түсінуге болады, шырағым?
— Екпінді — екпінді деген сөз. Прәмі айтқанда — жақсы істейді, пәреткелі кісі деген сөз.
Қос жақта ойнап жүрген балалардың ішінен жалаң бұт, қара борбай бір бала жүгіріп келіп Әубәкірдің мойнына асылды. «Тамақ пісті» деп сыбырлады, Әубәкір қозғала қоймап еді, жеңінен ұстап, жүр-жүрлеп сүйрелей бастады.
— Жігіттер!— деді, бала маза бермегесін Әубәкір кетуге лайықтанып.— Колхоз малы көптің малы ғой, көліктің күйіне қарайық. Зауадқа түнде барғанмен ештеңе бітіре алмаспыз, одан да бүгін осы арада тынығып жатайық та, шолпан туа салқынмен аттанайық, сонда күн қызбай барып қаламыз.
— Дұрыс, дұрыс! Өзі бір жақсы жер екен, көлік тынықсын,—деді басқалары.
— Бірақ, сақ болыңдар,— деді тағы да Әубәкір,— осы маңның ұры - өтірігі көп болатын баяғыда. Мынау таудың қолтығында көрінген белгілі Батыраш балаларының қорасы, анау көрінген жазық Көктал жарық, екеуі де ұрының ордасы болған жер. Амандық жақсы, шырақтарым... Жоқ іздеп талай келген жер еді-ау бұл...
Әубәкір сақалын ширатып азырақ отырды да, Жанабілге қарап күңк ете түсті:
— Біздің қос жаққа барайық.
Барсақ барайық.
* * *
Түн. Ұйыса қонған көп керуен бұйығып тым-тырыс ұйықтап жатыр. Қайсыбір қостардың жаққан оты әлі де өшіп болған жоқ, қызыл шоқтар көрінеді. Жанабіл арбаға сүйеніп, оңтүстіктен батысқа қарай созылған «Семіз қыз» тауына қарап тұр. Таудың қаракөлеңкелі терең сайы, оның ойына әлденелерді келтіреді... Теңіздей аспанда жүзген алтын табақ айға қараса, көңілі жадырайды, айдың сырын білуге ынтығады... Мұның бәрі де оған уақыт өткізу үшін ермек сияқты. Ол, сонау бір жаппаға қарай береді. Ойын бөліп, жүрегін магнитше тартып тұрған сол жаппаға қарай әне, мысықша басып аяңдады енді. Бөрікше дөңгеленіп есік алдында жатқан қарала төбет бір маңқ етті де, «е, сен екенсің ғой» дегендей дымын өшірді... Арбаның үстіндегі төсектен ақ көйлек жарқ етіп, шолпы сылдыр етті. Жаппанның ішінен жөтеліп, қақырынып қойды біреу. Жанабіл еңбектеп келiп қалып еді, жанындағы итарқаның көлеңкесіне тығыла тұрды. Жүрегі дүрс-дүрс соғып, буындары қалтырайды. Демі кеудесіне симай, кернеп барады. Шолпы тағы бір сылдыр еткенде, жер бауырлап ілгерілей түсіп еді, жаппадан біреу тұрып жатқан сияқтанды. Шегініп келіп, көлеңкеге қайта тығылды Жанабіл.
Арба жаппаның қақ алдында, жаппаның есігі жоқ. Жарық ай бәрін көрсетіп тұр...
— Әсия, қарағым тоңып қалма, қасындағы бала ашылып қалмасын! — деді бір уақытта жаппадағы әкесі.
Жанабілдің мысы құрыды. «Қап, ұйықтамады–ау мына қақпас. Таң атып қалады енді» деп жаны шығып барады. Сонда да, осы уақыттың минутын ойламай, жерге жабысып, екі көзін арбаға қадап жатыр... Өзіне пана болып тұрған итарқаның ішінде не болып жатқанын көпке дейін сезбеді ол. Тек, шалдың даусын естіп, тоқыраңқыраған кезде ғана құлағы бір сыбысты шалып қалды:
— Әперем, әперем...
— Өкшесі биік болсын, көйлекке Мариям киген жапырақ гүлді қызыл шыттан...
— Олда-білдә, әперем:..
Жанабілдің құлағына шалынған сөздер осы ғана болды.
Итарқа Адырайдікі еді. Адырай жасы отыздан асқан томырықтау жігіт, одағай мінездері де көп болған соң, бірсыпыра жастар оны құрдас қып алған, әсіресе, Жанабіл кіші де болса қатты ойнайды, кейде ашуландырып та қояды. Әйелімен екеуінің мына сөзін естігеннен кейін, тағы да бір қызық істеуге көңілі ауды Жанабілдің. Адырай өзінше ырым көріп, итарқаның аузын күнбатысқа қаратқан екен, ұзын аяғы итарқадан шығыңқырай, ағарып жатты. Әңгімелері қойылған кезде, Жанабіл ауыз жаққа жылжып келіп, үстеріндегі көрпесін сыпырып ала жөнелді.
— Аттан, аттан!— деп тұра қуды Адырай. Бағанағы әңгімеде «бұл жердің ұрысы көп болатын» дегенді ойына сақтаған ол шын ұры екен деп қалды. Көйлекшең, жалаң бұт, жалаңаяқ қуып келеді. Етікшең, әрі күлкі буып қаша алмай келе жатқан Жанабілге, іле қуған жалаңаяқ Адырай жете алмады. «Аттанға» зорлай берді. Оның даусы бүкіл керуенді дүрліктірді. Жанабіл сонсоң тоқтады. Кейінгі жақтан қуғыншылар келгенде ғана, Адырайдың «ұрыны» ұстауға батылы жетті.
— Ұрып таста, ұрып таста!—деп лап келіп ұстай алды. Жанабіл екенін таныған соң «дорақ» деп бір қоңқ етті де, көрпесін бөксесіне орап тұра жөнелді. Қапелімде дүрліккенімен керуен күлкіге бір қарық болды. Осы бетінен олар ұйықтаған жоқ, жүруге қамдана бастады...
Шолпан найза бойы көтерілді. Әлемді басқан түннің етегі түріліп, белдеуленген таң сәулесі жоғарылап, жайылып келеді. Салқын жел дүниені желпіп, ұйқыдан оятып тұрған сияқты. Қалың керуен Көктал өзенін бойлаған қара жолмен жылжып барады,— алды кең жазық — «Жарықтың» жайқалып жатқан қалың шабыны. Одан әрі көрінген сонау белден асқанда Қарағандының тұрбасы «мен мұндалап» тұрды. Жол бойы таяқ тастам ел. Жол, елдің де, «Жарықтың» да ішіне енбей, жұлықтап келеді. Көгілдір сәуле, көк аспан, көкпеңбек жер-дүние көк торғынға оранып, жұпар исін аңқытып тұр. Осыны тек, аспанда шырылдаған бозторғай мен таң құланиекте қыбырлаған қалың керуен ғана көрген сияқты. Торғай әлі шырылдап тұр. Керуен жылжып барады... Сұлап жатқан сары жонның белінен аттанғанда шашырап күн де шықты, Қарағандының тұрбасы да көрінді.
— Тұрба!..
Зауад!.. деген дауыстар бүкіл керуеннің аузынан бірден шықты. Балалар орындарынан ұшып тұра сала санын шапалақтап, секіріп-секіріп қойды. Ең алдағы Жанабілдің көзі заводтың маңын бәрінен бұрын шолып өтті: анау ойда бірқатар киіз үйлер отыр. Күнге кеудесін төсеп жатқан боз қырқаның бетінде осындай тағы да бір қалың керуен келеді. Мына жақтағы жолдың үстінде қарауытқандар да осында келе жатқан сияқты. Заводтың өз іші мұнартып, оның үстіне бір белдің тұмсығы тасалап, мойнынан (тұрбасынан) өзге денесін көрсетпейді. Арғы бетінде не бары белгісіз.
— Ел құйылып жатыр ғой, бұл завод дүрілдейді екен!— деді Жанабіл, жан-жақты шолып отырып.
— Қарағым, көп жиналған жер, ауылдағыдай бай, пәлен... деп біреулермен шатаса көрме. «Тек жүрсең, тоқ жүрерсің» — деп қойды бәйбіше де басын көтеріп. Жанабіл аңдаған жоқ. Оның көзі де, ойы да тұрбада болды. Қыр басында адырайған жалғыз тұрба, елдің бәрін бауырына тартып, ұлы жиын жасап жатқан болып көрінеді оған...
Ылдидан құлаған арбаның екпінімен өгіздер қаттырақ аяңдады, мойынағаш лықсып келіп мүйіздеріне соқты. Жанабіл өзінің үйреншікті әнін тағы да бастады:
«Алқызыл көрінеді қашқан түлкі,
Жігіттің қайда қалмас жиған мүлкі.
Төменнен жоғарыға созамын қол,
Болсын деп көңіл шіркін көтеріңкі».
Ол осы өлеңмен жаңа заводқа келіп енді.
Керуен
- ramuk_b
- 23 желтоқсан 2019
- 1953
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Керуен, Керуен әңгімесі, Ғабиден Мұстафиннің шығармалары
Ұқсас жаңалықтар:
Ақталған еңбек
— Мына Дүйсенбай салық! — деп, ауылдың сырт жағында таяғына сүйеніп тұрған төрт кісінің біреуі, қожыр бет, шоқша сақалды кісі таяғымен ауылдың...Нан қайдан келеді? ертегі
Бір күні Тышқан нан дүкеніне кірді. Сөреге жаңа піскен сап - сары бөлкелер үйіліп түр екен. Піскен нан иісіне қызыққан Тышқан тұмсығын жыбыр - жыбыр...Сырттандар
Ертеде, бір байдың жалғыз баласы болыпты. Байдың қадірлі ұлы да, қызы да сол екен. Күндерде бір күн әлгі байдың баласы ұйықтап жатып, түс көреді....Қарлығаш
Ертеде бір бес ағайынды жігіт бар екен. Бесеуі бір байтеректің қасына жарты жер салған екен. Егіні піскен соң, түнде келіп біреу жеп кетеді екен....«Абай жолы» роман - эпопеясының қысқа мазмұны №1
Абайдың жасы 13 - ке тақалды. Орыс мектебінде 3 ай оқымай, ауылға қайтсын деп әкесі Байтас және Жұмабай деген кісілерді жібереді. Ауылға үш күндік...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.