Әбілбайдың үйі абыр - сабыр болды да қалды: Әбекеңнің өзі тұрып төр алдындағы тері көрпесін сілкіп салды. Қатыны Жамал есік жақтағы шылапшын - құманын, аяқ - табағын жинастырды. Қызы Сақып шағырдан буған қауқиған сыпырғышпен үйдің ішін сыпыра бастады. Үй ішінің әзірлігі бітер - бітпесте қамшысын сүйретіп шоқша сақалды, қараторы жігіт үйге кіріп келді. Бұл — Байбол еді.
Әбекең де, қатыны да жалпылдап амандық сұрап жатыр. Сақып әйел бала ғой, я отырарын, я сыпырарын білмей сыпырғышты ұстаған күйі аңтарылып тұрып қалды.
— Келін - кепшіктің дені сау ма? — деп Әбекең амандық сұрауды ұзата берді.
— Екі қабат деп еді, әзір босанған жоқ па? — деп Жамал да қосарланып қалмайды.
Байбол маңызды кісі секілденіп, алғашқы әзірде «шүкір» деп ерін жыбырлатудан алысқа бармайды. Беліндегі белбеуін шешіп жерге қояйын деп еді, Әбекең жалма - жан ала салып, жүктің үстіне қойды. Аяғын көсіліп жіберіп қалтасындағы былғары сауытты алдына қойып махоркадан шылым орай бастады. Шылымды тартып арқасын жүкке тірей отырған соң көзі бірден Сақыпқа түсті.
Сақып ажар жағынан бірсыпыра қыздың тәуірі еді, орта бойлы, аққұба келген, талдырмаш қана. Кісіге тура қарамайды. Жасы он бес - он алтының шамасында. Бірақ жасы жас болғанмен ұялшақ екені көрініп тұр; Байбол қарағанда Сақып қып - қызыл болып төмен қарап кетті. Ұялып қызарғаны, сызылып төмен қарағаны бір түрлі жарасып тұрған секілді еді.
— Қатын, тұр, мал алдыр, — деп Әбекең Жамалды жұмсады.
Малды Жамал барып әкелмейді ғой. Әбекеңнің бұл жұмсауы — мал соятындығын қонаққа білдіру үшін секілді еді.
Әшейінде қалай болса солай жүретін Жамал бұл жолы сызылған секілді болып, маңайындағы шөпті қолымен теріп, от басына лақтырып, маңызданып есікке барды. Төмен қарап ұялып, сызылып тұрған Сақыпқа:
— Қарағым, су тасы, әкең қонақ жанында отырсын, мен мал алдырайын, — деді.
Жамалдың бұл сөзінен «байымнан сұрамай - ақ қандай тоқтыны соятынды білем» деген мағына аңғарарлық еді, бірақ ол қалпында тұра алмады, далада кішкене тұрды да есікке келіп:
— Әй, мұнда келіп кетесің бе? — деді.
Бұл — «қандай тоқтыны сойдыратыныңды мен қайдан білейін, өзің алдырсайшы» дегені еді. Әбекең тысқа шығып, қолы бос Жақынбайды шақыртып алып, тоқтыға жұмсады. Жамал жерошағының күлін аршып тезегін қалай бастады. Сақып екі шелекпен ерсілі - қарсылы құдыққа қатынап, су тасыды. Ұзамай тоқты да сойылып, үйткен бастың, сирақтың иісі мұрынды жара бастады.
***
Байбол осы елдегі епті жігіттердің бірі. Азырақ орысша оқығаны да бар. Оны - мұны көріп ысылған жігіт. Бірақ ел арасында қадірі шамалы. Сөзінде тұрлау, ісінде береке жоқ. Өз құлқыны үшін нені болса да сатып кете беретін жігіт. Дұрыстықтан көрі «бармақ басы байды» сүйетін қалпы бар. Осының бәрін көріп - біліп отырған соң елдің қаны ұйымайды. Әйтсе де бірер істі болып қалғандар, не қыларға білмей сасқандар Байболды іздеп табудан тайсалмайды. Өйткені Байбол орысша білгеннің үстіне уезде тұрған әкімдердің кейбіреуімен жақындығы бар екен деген сыбыс бар. «Сот мекемесінде отырған бір азаматпен әкей - үкей олжаны бөлісіп алады екен», — деген лақап елге көптен тараған. Сондықтан, әсіресе сотты болған адамдар Байболды іздейді.
Биыл жоқ жерден Әбекең сотты болды. «Құдайдан сұрап алған» жалғыз қызын керей Тәжен дегенге құда болып беріп еді, әлдекім газетке жазып, сот шақырып жауап алды. Жазалы болатын түрін байқаған соң, Әбекең шауып Байболға барған. Тәженнен киітке мінген құла атты беріп, ісін жаптырмақшы болған.
Міне, содан бері Әбекең Байболды жаныңдай көреді.
Байбол туралы бұрыннан айтылып жүрген өсектің бәрін де өтірікке шығарады:
«Күндегендердің айтып жүрген өсегі ғой. Алтынның қолда барда қадірі жоқ болғанмен, орыс төрелеріне қадірі бар көрінеді; соттың бастығы ұшып тұрып қолын алды», — деп Әбекең аспанға шығара мақтайды.
Әбекенді жоқ жерден құтқарып жіберген соң, бұл ауылдың басқа адамдары да Байболға көзқарасты өзгерте бастап еді, бұл ауыл түгіл дұшпан болып сырттан жамандап жүретін кісілер де, Байболға бетпе - бет келгенде, жайдары сөйлесіп, ойында не барын сездірмеуге тырысатын еді. Оған себеп: бірер жұмысқа керек болып қалар деп бір ойласа, екінші жағынан «құдайдан қорықпағаннан қорық» дегендей, жоқтан пәле тауып басымызды сотқа байлар деп ойлайтын еді.
Кешкі салқында, көлеңкеге төселген кілемнің үстінде, шынтағында жастық, Байбол жатыр. Ауыл адамдарының бәрі алқа - қотан отырып сөз тыңдап отыр. Әбекең бәйек болып Байбол сөйлеген сайын «солай, солай» деп қояды. Жұрт тыңдаған сайын Байбол сөзді өрлетті, өміріне газет оқымаса да «германда пәлен болып жатыр, Қытайда төлен болып жатыр...» — деп, болуы мүмкін емес әңгімелерді де жіберіп жатыр. Ел жайы өзіне мәлім, мынауы теріс дейтін адам жоқ екенін біледі, сонан соң несіне тайынсын.
Бір кезде басын көтеріп алып, жұмық көзін бұрынғыдан гөрі де қыса түсіп, мұртының жебесін қолымен бірер бұрап қойып, жанындағы шалға:
— Қарт! Бұл сұрап отырғаныңыз үкіметтің сыры ғой, мұны білсек те біз ашып айта алмаймыз. Егер айтсақ ол жұртқа жарияланып кетсе, қылмыс заңының 232 - 233 статьясымен сотқа тартыламыз, — деді.
Жанындағы шал да, басқа отырғандар да «сотқа» деген сөзді есіткен соң үрпиісіп қалды.
— Әй, Сөке - ау, қайдағы сөзді қозғайсың - ау, сондайдың не керегі бар, — деп Әбекең кейіп қалды.
Шал азырақ апалақтаса да:
— Мен айтсам, Байболды өзімсініп айтып отырмын, басқа адамның алдында аузымды ашам ба екен? — деп, жұбауратқан болды.
Шынында шалдың сұрағаны, қылмысты іс емес еді, шал — былтырғы болыс болатын Күрлеуіттің бір жолсыз ісін айтып еді, Күрлеуіт сол ауылдағы Ызыңбай дегендікіне түсіп отырса, Ызыңбай қауқылдап сөйлеп отырып, бір ретте: «осы, болыс шырағым, үкімет басына отырғанда бітіргендерің қайда? Товар әлі арзандаған жоқ, нәлөк көп. Ең арғысы темір жолдарың да баяғы Николайдың салған жолы. Себеп болғанда істеген бір, істерің жоқ...» дейді. Күрлеуіт әбден тыңдап болып, сөмкесінен қағаз алып, шалға протокол істей бастайды. Алпысқа келген шалды түрмеге жіберу оңай ма? Ауылы болып жалынып, аздап айып беріп, шалды зорға құтқарып алады... Міне, осыны айтып келіп, Байболға басқа адамның бұра басқанын үкімет көргіш - ақ, іс басындағылардың бұзықтығын үкімет тергей ме, әлде баса тоқып жүре бере ме?! Күрлеуіттің былтырғы бізге істегені қиянат - ақ қой... — деп сұрау қойып еді. Бұл сұрау Байболға ауыр соқты. Іс басындағы адамдар да сотқа тартылды десе, өзінің толып жатқан қылмысын ашып, жұрттың жабылып кетуі мүмкін. Сондықтан, бүл сөзге жұрттың ауызын үйір қылмайын деген оймен, «үкіметтің сыры» деп шошындырып, жатқаны еді. Қылмыс заңының басқа статьясын білмесе де, қалың мал туралы сотты болғандарға жеңге болып жүріп құлағына шалынған 232 статьяны шалдың алдына тартып, ондай сөзді екіншілей қозғамайтын қылып қойды. Статьяны айтқан соң қорықпайтын ел ме, бәрі де жым болды. «Жұрттың сөзі шығар, мынауың оңай жау емес, қай - қайдағы статьяны біледі ғой», — деп, тыңдағандар қанағат қылған секілденді.
Толық нұсқасын жүктеу
Әдет құшағында
- ramuk_b
- 26 қараша 2019
- 1614
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Әдет құшағында, Әдет құшағында әңгімесі, Бейімбет Майлин шығармалары
Ұқсас жаңалықтар:
Баймолда
Баймолда болыс болғанда жұртта, жұрт болғанда "еті тірі пысықтарда" екі түрлі көзқарас болды. Бірсыпырасы — көксе ақсақалдар, бір кезде жұртты бір...Әбділдә төре
Ағай! Сізге айтатын өтінішім бар еді: үй іші кедей, әке - шешем кәрі, жұмысқа жарайтын адамдары жоқ, маған телмірумен отырады... Бірер ай демалысқа...Ақталған еңбек
— Мына Дүйсенбай салық! — деп, ауылдың сырт жағында таяғына сүйеніп тұрған төрт кісінің біреуі, қожыр бет, шоқша сақалды кісі таяғымен ауылдың...Айымкүл
Ыбырай қызын ұзатайын деп жатыр деген соң тойына бардық. Айымкүл өзі теңдес қыздардың ішіндегі көрікті, ақылды, салмақтысы еді....Айранбай
Айранбайдың үйіне кіріп келгенде - ақ нендей кәсіппен айналысатыны беп - белгілі. Ол басында кірлі қара тақтай, маңайы толған былғары, қайыстың...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.