Сайтқа кіру Тіркелу

Кітап үзіндісі: Бір сүйген адамыңды мәңгі сүйіп өтуге болады

Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.
Әлқисса...

Жоқтың егіндігіне бір бидай еге алмасаң, барлық қырманнан жалғыз арпа да ала алмассың!
Шәкәрім Құдайбердіұлы "Шығармалары"

Күмбірлеген кең отаудың түбі қонақтан босамай, "Осы үйдің дастарханы таза, тамағы тəтті" деп саудырап қаланың қонағы түсіп жатса, "Апа, меймандарға мал алдырайық па?" деп қипақтап баласы келіп тұрса, "Ене, қонақ жүргелі жатыр, əйеліне қандай көйлек сыйлайын" деп келіні сызылып тұрса, "Əже, апама ұрысшы, кәмпит беймейді" деп өкіріп немересі иығына жабысып жатса, "иə, Құдай, бергеніңе шүкір" деп мамық көрпенің үстінде бұл отырса, одан артық бақыттың қажеті қанша?!
Əбіш Кекілбайұлы "Құс қанаты"

Ұрпаққа керекті тәлім - тәрбиені беріп, қоғамға пайдалы азамат өсіруден артық та абзал міндет жоқ. Міне, осы міндет те – тікелей ананың мойнынадағы қасиетті борыш. Әйел заты өз болмысына жарасымды міндетін ұмытып, еркекке ұқсауға тырысқан күннен бері ұрпақ саны азайып, тіпті сол аз ғана ұрпақтың өзі тәрбиеден алшақтап, қоғамда келеңсіз жайттар көптеп орын ала бастады.
Қайрат Жолдыбайұлы "Имани гүл"

Бір сүйген адамыңды мәңгі сүйіп өтуге болады. Бұл махаббаттың күшінен ғана емес, адамның мінез - құлқының тұрақтылығымен байланысты. Көрінген ұшқыннан жалт етіп тез тұтанатын жандар да аз кездеспейді. Бұнымен қатар, бір сүйген адамға деген сезімі бойына жазылған мәңгі жазылмас кесел тәрізді өмір - бақи өзімен бірге алып жүретін кісілер де көп. Өзі қартайса да, махаббаты қартаймайтындар. Мұндай адамдарды мен археологтарға ұқсатам. Бір кезде осындай көркем мүсіндер болғанын адамзат есіне сақтасын деп олар ешкімге керегі жоқ көне ескерткіштердің қалдығын музейлерге үнемі жинап жүреді ғой. Маған кей ғашықтар да осы археологтарға ұқсайды. Мүмкін оның бір кездегі ыстық жүрегі әлдеқашан сөнген де болар, мүмкін ол сүйген сұлу қыз да қазір көне бетін әжім басқан кемпірге айналған шығар, бірақ ол жүрегінде ең ақырғы сағатына дейін сол бір кездегі жалынды махаббаттың қызуын сақтауға тырысады. Өйткені өзі кәрі болғанмен махаббат қашан да болса жас. Ол адамзатқа сол жас қалпында мәңгі қалуы керек. Сөйткен күнде ғана болашақ ұрпаққа да ол ұлы дінге айналады. Адамзаттың бұзылуына жол бермейді.
Ілияс Есенберлин "Алтын құс"

Өмір деген – ғажап дейді, түк те ғажап емес, əншейін осындай автобусқа мініп, белгілі бір аялдамада түсіп қалу, біреудің тойып секіруі, біреудің тоңып секіруі. Əлдекімдер көрер таңды көзімен атқызып, ой қажап ұйықтамайды; əлдекімдер ішігіне тас бүркеніп, уайымсыз тоқұйқыға басады. Сайып келгенде, өмір дегеніміз – өзгенің бақытына қызығып өту ғана..
Оралхан Бөкей "Қасқыр ұлыған түнде"

Қайсымыздың болса да бұл жалған дүниеден ақырғы алар еншіміз — осы екі құлаш жер! Атақ, бақ ше? — Жәнібек ауыр күрсінді. — Атақ, бақ та қолға салған алтын сақина тәрізді, қанша асыл болғанмен түбі тозады. Әбілқайыр түгіл, кеше бүкіл Шығыс еліне үлгі болған Қошан патшалығының ұлы патшасы Қанышқаны кім біледі? Ал кезінде бұдан атақты, бұдан абыройлы қандай патша болып еді? Жоқ, атақ, бақ деген — қолға салған алтын сақина. Тек тірі кезімізде ғана өзгелер көрсін, қызықсын деп саусағымыздан алмауға тырысамыз. Ал өлгесін ше? Қай ұрпақты көрдің — бабамның мұрасы деп атам заманғы сақинаны көзінің қарашығындай сақтаған? Сақтаудың қажеті жоқ шығар. Әр заманның үлгісі өзіне қымбат қой.
Ілияс Есенберлин "Алмас қылыш"

«Қазақтар орысқа өш» дегендерің жалған сөз, оны осы даланы сан рет аралағанда көрдім. Мен де орыспын жəне үкіметтің дыңдай қызметкерімін. Маған неге тимейді қазақтар, егер «орыс» атаулыға өш болса? Талай рет жалғыз аралап та көрдім. Еш жерде маңдайыма шертпек түгілі қатты сөз де айтқан жоқ. Өйтудің орнына жылы қабақпен қарсы алады да, төріне отырғызып, бар дəмді асын аузыңа тосады. Өзі тимей, ешкімге тиген қазақты көрген емен. Біреу тисе, ол да тиеді, əрине. Ал, тие қалса, қамшысы сенен гөрі қаттырақ оның. Кенесарыны орыс əскері жеңген жоқ, одан қорлық көрген қазақтар жеңді. Шыңғыс та солай. Ретсіз жұмсаған таяғы ақырда өз басына соғылып жəне қаттырақ соғылып, міне енді, Омбыға есеңгіреген күйде аттанғалы отыр. Омбыдағы халі не болары əлі мəлімсіз. Əсіресе, сенің халің.
Сәбит Мұқанов "Аққан жұлдыз"

Құдайдан ойланбай ұзақ өмір тілейміз, сонымыз - қате. "Ә, құдай, бала - шағамның алдында ал!" - дегеннен артық тілек, тегі, жоқ шырағым.
Бексұлтан Нұржекеұлы "Жау жағадан алғанда"

Жасықтық пен әлсіздік жүрген жерде толқымалы тайғақ ойға да орын көп... Ағат кеттің бе жасырма шыныңды айт! Білмейсің бе, қолыңнан келмей ме, арланба, тура айт! Сонда оңасың, кері кетпей, сонда ілгері басасың өзіңе де, достарыңа да сонда ғана пайда келтіресің...
Мұқан Иманжанов "Алғашқы айлар"

ТӘУБЕ
Бақытжан Момышұлы:
– Мен де жастай мертігіп, көп азап шектім. Кейін бірде әкемнің: "Ежелгі ұғым бойынша ата - баба, әке - шешенің күнәсін ұрпағы көтеретін түсінік бар ғой. Сол, тегінде, рас нәрсе. Қазақ "зауал" дегенді бекер айтпайды. Әрбір теріс әрекетің алдыңнан шығатын сәт туады. Қанша жалтарсаң да жауаптан құтыла алмайсың. Мен де елімді қорғадым дегеніммен, көп қан төккенім анық. Сонда маған қарсы атылған оқ жазатайым саған тиіп кетпеді ме екен?!" деп толғанғаны есімде.
Құлтөлеу Мұқаш "Бір тамшы жас"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Кітап үзіндісі: Əйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді

Кітап үзіндісі: Əйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді

Əйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені əйел - өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Өйткені əйел - киелі...
Кітап үзіндісі

Кітап үзіндісі

Ал, музыка тыңда, кітап оқы, қиял кез. Түбі сен осы бөлмеден не данышпан боп шығасың, не ақылыңнан адасып шығасың. Дулат Исабеков «Қарғын»...
Кітап үзіндісі

Кітап үзіндісі

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау...
Кітап үзіндісі

Кітап үзіндісі

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау...
Кітап үзіндісі

Кітап үзіндісі

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×