Сайтқа кіру Тіркелу
загрузка...

8 наурыз мерекесіне арналған сценарий

Қазақша сценарий: 8 наурыз мерекесіне арналған сценарий
Ардақты да аяулы аруларымыздың, аналарымыздың мерекесі 8 наурызда жоғары сынып оқушыларының мектеп оқушылары мен ұстаздарына, аналарына арналған «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» атты кештің сценарийін ұсынамыз:
Мақсаты: Анаға деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, ананы құрметтеу, сыйлай білуге, оқушылар бойындағы жеке қабілеттері мен таланттарын дамыту, адамгершілікке, ізгілікке, достықты қастерлей білуге тәрбиелеу.
1 - жүргізуші:
Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар.
Аналардан туған небір даналар.
Ана деген тіршіліктің тірегі,
Армысыздар, қасиетті аналар!
Кеш жарық, қымбатты ұстаздар, аналар, арулар! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, тағы да 8 наурыз халықаралық әйелдер күні келді. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналармен ажарлы. Бүгінгі арайлап атқан нұрлы таңмен бірге әрбір сәби жүрегі өзің деп соқса, бүгінгі мерекелік «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» атты кешімізді ашық деп жариялаймын! Қош келіпсіздер!
2 - жүргізуші:
Десек те уақытпенен жарыспайды,
Қияға қиялменен қарыштайды.
Шәкірттер шын жүректен тебіреніп
Өнерлерін анаға бағыштайды, - дей келе ортаға... сынып оқушыларының сіздерге арналған тартуларын қабыл алыңыздар. Барлығы хормен «Мерекелеріңізбен» деп айтады.
1 - жүргізуші:
Ақ тілекті ағытып бір тастайық,
Аналардың мерекесін бастайық.
Көздеріңнен көрем шаттық арайын,
Өтсін солай әрбір күнің, әр айың, – дей келе құттықтау сөз кезегі мектеп директоры (апайға немесе ағайға) беріледі.
2 - жүргізуші:
Көңілің Алатаудың ақ қарындай,
Мейірімің күннің шуақ шақтарындай.
Қалайша аяулы ана тына алармын,
Ән болып сағыныштан ақтарылмай, - деп абзал аналарымыз бен қырмызы қыздарымыздың құрметіне «Анашым» атты әнін қабыл алыңыздар!
1 - жүргізуші:
Әлемдегі ең ақылды, дана боп,
Нұрын шашар жақсыларға пана боп.
Кім - кім болсын сені алақанында,
Мейірлене ешкім сүймес ана боп.
2 - жүргізуші: Алақаны жылылықтан балқыған,
Бір күлкісі бар әлемді шарпыған.
Бұл сезімге ие болған барша жұрт,
Әрқашан да мол байлықта шалқыған, – дей отырып ұл - қыздарыңыздың жүрекжарды тілектерін қабыл алыңыздар!
1 - оқушы: Жарты жанын бөліп беріп балаға,
Ақ сүтімен әлдилеген бар ана.
Қиын күндер кешсе дағы басынан,
Міндет етпей жүрген адам сол ғана.

2 - оқушы: Қасиетті жұмақ кілті табылар,
Алыс кетсең алаңдар да сағынар.
Аналарын сыйламаған адамдар,
Қашан болсын өз ісінен жаңылар.
3 - оқушы: Анасыздар, әр үйге панасыздар,
Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.
Анасыздар — Ақ Еділ, Жайықсыздар -
Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.
Маздататын, жүректе от лаулататын,
Әр үйдің Күні десе, лайықсыздар.
4 - оқушы: Аналық алтын борышың,
Жүр әлі менің арқамда.
Көтеріп сізді сол үшін,
Меккеге күнде барсам ба?!
Ақ маңдайыңның әжімі,
Жылдардың ізі шуақты.
Омырауыңның ақ сүті –
Өтелмес қарыз сияқты.
5 - оқушы: Аппақ қар болып шашың да,
Ағарып кетті - ау, жан анам.
Ақындығым да, даңқым да,
Қормалым сенің садағаң.
Өсіру мені о бастан,
Машақат еді не деген.
Ақ армандарды қууға,
Ақ тілегің ғой жебеген.
6 - оқушы: "Əке, əке, сен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Айтшы енді, ана жайлы ең жақсы сөз не?" деді,
Ана жайлы...
Ана жайлы пайғамбарлар сəлемі,
Ана жайлы ақындардың өлеңі.
Ана жайлы - қара жердің төзгені,
Ана жайлы - уақыттың безбені,
Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса əлемде,
Ол да ананың айта алмаған сөздері.
Ана жайлы жақсы сөзді есту үшін тыңда, ұлым,
Тыныштықты, Тауды, Көлді, Ай сəулесін, Күн нұрын,
Ана жайлы сенің тəтті қиялдарың, арманың,
Ана жайлы менің барлық шындығым.
Мен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Мен де анамды жақсы көрем, себебі!
Білесің бе, бұл əлемге адамдар,
Ана жайлы айту үшін келеді!
Адамзаттың ең бір асқақ бар əні,
Жыр еткемен, пір еткенмен ананы,
Бұл өмірді қалай сүріп өткені -
Ана жайлы айтқан сөзі болады.
Ана жайлы - кең дүние - бесігің,
Ана жайлы аманат пен кешірім,
Анаң үшін ең жақсы сөз дүниеде -
Ұлым, сенің есімің!.. (Ерлан Жүніс)
1 - жүргізуші:
Теңіздей тербетіліп көл бетінде,
Бишілер билеп кетті тербетіле.
Аққудай қалықтаған теңіздегі,
Бишілер өнерлерін көрсетуде, - дей отырып келесі кезекті мың бұралған бишілерге береміз.
2 - жүргізуші:
Ана деген – бастауы ұлылықтың
Ана деген - рәмізі сұлулықтың
Ана деген - бір жыр бар шырқалатын
Асқақтатар биікке ұрпақ атын
Олай болса қарсы алайық
Дауысына сүйсініп тамсанайық
Ерке ұлдың талантына тәнті болып,
Уа, халайық, жұмыла қол соғайық!
Ән: Орындайтын:
1 - жүргізуші:
Әркімнің де өмірден аласы бар,
Аласы бар адамның анасы бар.
Мерекесін құттықтап аналардың,
Өнерлерін жолдайтын апалардың баласы бар деп «Жеті жұлдыз» КВН командасын ортаға шақырамыз. (Жігіттерден құралған топ аналар, ұстаздар, қыз - келіншектер жайында қызықты әзілдер айтады).

2 - жүргізуші:
Домбыра, күмбірлеші күніндей боп қазақтың
Өзіңменен бірге жүргем ұзақ жолында азаптың
Үніңменен жазылады жарасы
Үніңменен жалғанады ұрпағым, – деп ақын ағаларымыз жырлағандай «Адай» күйі.
1 - жүргізуші:
Ару - Ана өмірдің асылдары,
Жайнасын көңілімнің жасыл бағы.
Сендер үшін ән мен жыр шырқалуда,
Сендер үшін мереке шашулары, - дей отырып тамаша әнді қабыл алыңыздар.
2 - жүргізуші:
«Бала, бала, бала» деп,
Бізді өсірген анашым.
Гүлге толып, құшағың,
Бақытты бол, анашым.
1 - жүргізуші:
Қамымды ойлар күн - түні,
Анам - менің көктемім.
Ақтай алсам, үмітін,
Арманыма жеткенім, – дей отырып... сынып ұлдарының ұстаздар мен аналарға арнап жасаған шағын дүниелерін қабыл алыңыздар! (Сынып ұлдары аналары мен ұстаздарының қызықты суреттері мен даналы сөздер арқылы слайд жасап, көрсетеді).
2 - жүргізуші:
Күнінде гүл көктемнің нұрын шашып,
Жасқанбай әр қадамын нық - нық басып,
Биімен көрерменді тәнті ететін
Арулар келді міне толқып, тасып. Ортада «Қазақ» биі қарсы алыңыздар!
1 - жүргізуші:
Аналарды сүйеміз,
Ақылын ойға түйеміз.
Аналарды ардақтап,
Әдеппен бас иеміз!
2 - жүргізуші:
Ана деген жан екен,
Ана деген ән екен.
Ұстаз - ана, әжелер,
Үстем болсын мерейің, – деп ортаға... сынып оқушыларының аналарын шақырып, келесі кезекті «Тапқыр бала» ойынына береміз. (Оқушылар көзін орамалмен байлаймыз. Өз аналарын табуы керек).
1 - жүргізуші: Ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тіршіліктің қайнар бұлағы. қазақ әйелінің дастарханы тоқ, қонағы ырза, дүниесі түгел. Олар үшін бірінші орында отбасының берекесі тұрады. Бөбегін бесікке бөлеп, әлдилеп аялаған ана бақыт құшағында емес пе?!
2 - жүргізуші: Жанұяның жылуын суытпай, тал бесікті тербей отырып, тебірене толғар бесік жыры арқылы аңыз ертегілері мен жақұт жырлары арқылы ұрпағының бойына адамдық қасиеттерді дарытып отырған аналардың құдіретті сезімдеріне арналған әсем әнді қабыл алыңыздар. «Анамызға мың алғыс» әні.
1 - жүргізуші:
Бір өзіңнен бастап өмір жолдарын,
Жүрегіңе, жүрегімді жалғадым.
Өзің мына сыйға берген өмірде
Ақ сүтіңді ақтап өту - арманым.
2 - жүргізуші:
Барша ана, құтты болсын мерекеңіз
Әрқашанда ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам.
Сонда біз кісілікке теңесеміз, – деп келесі кезекті оқушылар арнауына береміз. (Үш оқушы шығып, анаға, ұстазға, қыздарға арнауын немесе шығарма оқиды).
1 - жүргізуші:
Кең кеудеңе гүл болып тағыламын,
Жұлдызындай көгінде жағыламын.
Алыс кетсем аңсаймын сағынамын,
Анам менің, асылым, лағыл әнім. Алдарыңызға әнші қыздарыңыз «Ана» атты әнін қол соғып қошеметтеп қарсы алыңыздар!
2 - жүргізуші:
Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың
Өміріме нәрін берді ақ сүтің,
Кең құшағың аясындай гүл бақтың.
Ер жеткізіп елге берген баласын,
Ақылдысың, ардақтысың, данасың!
Қарайтыным қас - қабағың бір сенің,
Қайратыңнан қайта көрме, анашым!
1 - жүргізуші:
Дүниедегі ең кемеңгер дананы
Ана табады, аялайды, бағады.
Сол үшін де құдіретіне бас иіп,
Құрметтейік қасиетті ананы, – деп көрермендеріміз аналар жайлы даналық сөздерді қаншалықты біледі екен? Байқап көрейік? Ойын шарты: Біз мақалдың басын айтамыз, сіздер жалғасын табуларыңыз керек. Ең көп тапқан көрерменімізге сыйлығымыз бар.
1. Алып анадан туады,
Ат биеден туады.
2. Ананың алақаны – балаға айдынды қоныс.
3. Ана сүтін ақтамағанды ешкім жақтамайды.
4. Атыңа ауыр жүк артпа,
Анаңа ауыр сөз айтпа.
5. Анасын сыйламағанды адал деме,
Ұстазын сыйламағанды адам деме.
6. Тапқан ана емес, баққан ана.
7. Анаңа рақым етпесең,
Балаңнан рақым күтпе.
8. Анаға баланың алалығы жоқ.
9. Ердің анасы – елдің анасы.
10. Ананың ізін қыз басар,
Әкенің ізін ұл басар.
11. Анасын сүйгеннің баласын сүй.
12. Анасын көріп қызын ал,
Аяғын көріп асын іш.
1 - жүргізуші:
Аяулысың, ауылымның асылдары,
Жайнасын көңілдердің жасыл бағы.
Сендер үшін ән менен күй, өлең мен би,
Сендер үшін мереке шашулары,- деп алдарыңызда «Үнді» биі.
2 - жүргізуші:
Көңілің Алатаудың ақ қарындай,
Мейірімің күннің шуақ шақтарындай.
Қалайша аяулы ана тына алармын
Ән болып сағыныштан ақтарылмай,- деп абзал аналарымыз бен ардақты ұстаздарымызға арнап «Ана туралы жыр» әні. (Осы уақытта оқушылар аналар мен ұстаздарға гүл шоқтарын ұсынады).
1 - жүргізуші: Осы айтылғандардың бәрі шындық, бәрі шын, аналар ажалдан күштірек, жапанға бір тоқтамсыз данышпандарды, ақындарды, ерлерді тауып беретін аналар. Барлық жақсылықты себетін де аналар. Ендеше сол аналар алдында бас иелік!
Мерекелік кешімізді қорытындылау үшін сөз кезегін директорға береміз.
2 - жүргізуші: Қайран ана, өз перзентін әдемі не ұсқынсыз, ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір - қырсық болса да бәрібір шексіз сүйеді. Дүниеде ананың көз жасынан салмақты, одан ауыр таразы басын басатын ештеңе жоқ. Өйткені ананың көз жасы өзінің киесімен ауыр.
1 - жүргізуші: Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды, оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызады. Өмір есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылуын тарататын ана. Ана баланың амандығын, бақытты, абыройлы болуын тілейді. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Ендеше, анамызды сыйлап, құрметтейікші! Осымен бүгінгі «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» атты мерекелік кешіміз аяқталды. Көңіл қойып тамашалағандарыңызға көп - көп рахмет! Келесі кездескенше аман – сау болыңыздар! 8 наурыз құтты болсын! Тағы да мерекелеріңізбен!
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:

"Жүректің жылуын сыйлайыншы анама"

Мақсаты: Ана жайлы тамаша сөздер, өлеңдер, әндер арқылы ардагер, ұстаз - аналар мен аруларды мерекемен құттықтау, оқушыларды мейірімділікке,...
Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды

Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Онды орта мектебі, тарих пәні мұғалімі Саламатова Алтынгүл...
Анасы бар адамдар ешқашан картаймайды

Анасы бар адамдар ешқашан картаймайды

Тақырыбы: Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды. Мақсаты: Анаға деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, Ананы құрметтеу, сыйлай білуге, оқушылар...
Шуағын шашқан -

Шуағын шашқан - "Аялы алақан"

Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы, "№21 жалпы білім беретін орта мектебі"КММ директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Кокенова Еркежан Тлеутаиевна...

"Сыйынар ем Ана деген тәңірге" (8 наурыз сценариі)

Сыйынар ем Ана деген тәңірге (8 наурыз!) Мақсаты: Ана жайлы тамаша сөздер, өлеңдер, әндер арқылы ардагер, ұстаз-аналар мен аруларды мерекемен...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
загрузка...
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Күнделікті сабақ жоспары, Мұқағали Мақатаев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ашық тәрбие сағаты, ағылшын тілі, ағылшын тілінен сабақ жоспары, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, математика, математикадан сабақ жоспары, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар

Барлық тегтерді көрсету