Сайтқа кіру Тіркелу

Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары

Мақсаты: Алаш партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш зиялылары туралы мәліметтер және олардың тарихта алатын орны туралы баяндау. Қазақ халқының ғасырлар бойы басынан өткен қиыншылықтарын айта келіп, осы зұлмат жылдары елінің азаттығын аңсаған ұлт зиялыларына тоқтала отырып, өз елін, жерін қорғайтын, тарихын қадірлейтін, ұлы тұлғаларын қадірлейтін ұрпақ тәрбиелеу.

2-жүргізуші:
Армысыздар, құрметті ұстаздар және оқушылар! Қазақ тілі мен әдебиеті пәні онкүндігі аясында 9-сыныптар арасында өткізілгелі отырған «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» әдеби-танымдық кешімізге қош келдіңіздер!

Өнердегі ең қадірлі - би дейді,
Қайталауды, көшіруді білмейді.
Сахнада биші қыздар бұрала,
«Қазақ» биін сіздер үшін билейді.

Би: «Қазақ биі»

1-жүргізуші:
«XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани - зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді.
Өткен ХХ ғасыр қазақ халқының тарихында ұлы оқиғалармен есте қалады. Сол оқиғалардың ішінде «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың басынан өткен 1930 - 1938 жылдар ауыр да азапты кезең болды.

2-жүргізуші:
«Алаш» партиясы - қазақтың тұңғыш ұлттық демократиялық партиясы. 1917 жылы шілдеде Орынбордағы бүкілқазақ съезінде құрылды. Көп ұзамай он тараудан тұратын партия бағдарламасының жобасы жасалды. Алаш партиясын ұйымдастырушы - Әлихан Бөкейханов. Негізгі мақсаты Алашорда үкіметін құру. Ұлт кеңесі құрамына 25 адам кірді. Алаш астанасы Семей қаласы еді.

2-жүргізуші:
Сахналық көрініс (№1)

1-жүргізуші:
1917 жылдың жазында Алаш партиясы құрылды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты қазақтың либералды демократиялық интеллегенциясының көсемдері басқарған Алаш партиясының құрамына ғылыми және шығармашылық зиялылардың белгілі өкілдері, ел қамын ойлаған қайраткерлері кірді. Қазақ қоғамында құрылған ұлттық саяси ұйым жалпы ұлттық мүддені ту етіп, қалың жұрттың Ресей империясының қанды шеңгелінен жұлып шығу қамын ойластыра бастады.

-Жүсіпбек А.: Әлихан аға, Алаштың бастаған ісін жарты жолда
қалдыруға болмайды. Бізді күшпен таратса да, рухымыз бен сана сезімімізге тиісе алмас.

- Әлихан Б: Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден. Мінезді болыңдар! Жер, Отан... Сол жер үшін әр қазақтың қаны мен тері төгілген. Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың көңіліне түймедей қадалуы керек. Отанды сату, ұлтты сатқанмен бірдей. Басымызға қандай да күн туса, қазақ еліне қызмет етуге ант етемін!
- Ант етемін!
- Ант етемін!
- Ант етемін!
- Ант етемін!

Ахмет Байтұрсынұлы:
Әдебиетті ешкім мақтан үшін жазбайды, ол мінезден туады. Ұлтының қажетін өтейді сөйтіп.

Жүсіпбек Аймауытов:
Оқу, білім - жанған шырақ ойласаң,
Үйренерсің, іздеп көрсең - қалмасаң.
Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал,
Пайда аларсың, қаужанарасың, тоймасаң.

Міржақып Дулатұлы:
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты.

Мағжан Жұмабаев:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты -
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!

2-жүргізуші:
Қазағым, қақтықпа, қамалма,
Ел болар халыңды амалда!
Кетті түн, атып таң, шығып күн,
Сал малды, сал жанды, аянба!

Ұраным, қорғаным - сен, Алаш!
Жолыңа құрмалдық мал мен бас!
Өнер тап, өрге шап, қару ат,
Аллалап алға бас, ал, Алаш!

1-жүргізуші:
Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін».

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты -
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!

Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!

Жас қырандар - балапан,
Жайып қанат ұмтылған.
Көздегенi көк аспан.
Мен жастарға сенемiн!

Жұмсақ мiнез жiбектер.
Сүттей таза жүректер.
Қасиеттi тiлектер –
Мен жастарға сенемiн!

Тау суындай гүрiлдер,
Айбынды алаш елiм дер,
Алтын Арқа жерiм дер,
Мен жастарға сенемiн!

Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күштi оларда,
Мен жастарға сенемiн!...

Алаш айбынды ұраны,
Қасиеттi құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемiн!

Мен сенемiн жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бiр таңда,
Мен жастарға сенемiн!

2-жүргізуші:
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді алашты ешкімнің
Қорлығына бермейміз.
Өлер жерден кеттік біз,
Жасайды Алаш, өлмейміз.
Жасасын Алаш, жасасын!

1-жүргізуші:
Міржақып Дулатұлы «Алашқа».

1-оқушы:
Көк майса бетегелі жерің қайда?
Күмістей толқындаған көлің қайда?
Ың-жың боп жер қайысқан төрт түлікпен,
Жөңкіліп, көшіп қонған елің қайда?

2-оқушы:
Көтерген ақ киізге ханың қайда?
Қиғаш қас, бидай өңді ханым қайда?
Түнерген сыртқа айбынды іргең бүтін,
Бір кезде басқа қонған бағың қайда?

1-оқушы:
Қақ жарған қара қылды биің қайда?
Ақ орда би түсетін үйің қайда?
Салтанат Сарыарқада құрған қазақ,
Толықсып жүрген кеше күнің қайда?

2-оқушы:
Шаң жұтқан текежәуміт атың қайда?
Қалдырмас жауға тастап жақын қайда?
Ұшқыр ат, түзу мылтық, болат найза,
Киінген көк дулыға батыр қайда?

1-оқушы:
Бермейтін ел намысын ерің қайда?
Сүйенер қысылғанда белің қайда?
Өйткені айтқаны екі болмайтұғын,
Асыл зат артық туған бегің қайда?

2-оқушы:
Сөйткенмен, қазақ көшін оңға бастап,
Жүруді өздігінен тағы білмес.
Мейлің көн, мейлің, жыла соңғыларға,
Қайтсын-ай, қамықты-ау деп, көзіне ілмес.

Бірге:
Алашым, айтқанды алсаң, без бұлардан:
Еш нәрсе тәуіп бермес, білгенге ермес.
Қой бағып қасқыр қашан опа қылған,
Көре бер өз бетіңмен күніңді өлмес.
Қайраған қолдан келмес іске әуре боп,
Қорлыққа, тілімді алсаң, болма кездес!

2-жүргізуші:
Күй «Алаш аманаты»

1-жүргізуші:
Қапияда
Қауып алар қармақтар,
Ойды орап,
Қырды жапқан Карлагтар.
Қайда барсаң,
Қан сасыған іргелер,
Тірі өлікке толған іші түрмелер.

1-жүргізуші:
Міржақып Дулатұлы «Қайда едің?».

Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде,
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып алаш жүргенде,
Бұл күнгі көп көсемдер,
Сұраймын, сонда қайда едің?

Ақыл таппай дағдарып,
Жан ашыр таппай сандалып,
Барарын қайда біле алмай,
Жүрген бір күнде сан ғарып -
Есепсіз көп шешендер,
Жөніңді айтшы қайда едің?

Сарыарқа сайран жерлерім,
Көк орай шалғын көлдерім,
Бәрін жауға алдырып,
Асқар тау - биік белдерім.
Қысылып қазақ тұрғанда,
Данышпандар, қайда едің?

Атадан бала айрылып,
Қанаты сынып қайрылып,
Қасірет толып жүрекке,
Тұрған бір кезде қайғырып,
Толып жатқан қамқорлар,
Елде жоқ едің, қайда едің?

Құландай үркіп елдерің,
Қалдырып мекен жерлерін,
Жаяу, жалпы, жалаңаш,
Қатын, бала, ерлерің
Аштықтан кырғын тапқанда,
Сыпыра жомарт, қайда едің?

Кедейдің сорын қайнатып,
Майданға жасын айдатып,
Тіл жоқ, кез жоқ, басшы жоқ,
Өлімге басын байлатып -
Жіберерде, жаным-ау,
Жан ашыр, жақын, қайда едің?

Енді бүгін кім жаман?
Данышпан емес, кім надан?
Қамқор емес, кім жауыз?
Жомарт емес, кім сараң?
Көсем емес, кім жалтақ?
Шешен емес жоқ адам.
Бәрі білгіш, бәрі де ер,
Жеткіздің, Алла тағалам.

2-жүргізуші:
Қазақстанда 101 мың адам репрессияға ұшырады, қазір олардың барлығы ақталды.
Енді бізге қайта оралды заңғарлар,
Сталиндік тозақтарда жанғандар.
Ахметтер, Жүсіпбектер, Сәкендер,
Ілиястар, Бейімбеттер, Мағжандар.

Алаш зиялыларын еске алу: 1 минут үнсіздік.

1-жүргізуші:
Бет бағдарын бақиға бұрғандарым,
Қаралы жылдардай боп қарауытып,
Халқымның мәңгі есінде тұрғандарым.
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым...

2-жүргізуші:
Қазақстан картасында ерекше режимді Қарағанды еңбекпен түзеу лагері пайда болды. Оның бірі Отанға опасыздық жасағандар отбасыларының мүшелеріне арналған лагерь» деп аталды. Ол «Алжир» деген атаумен кеңінен мәлім. Бұл азап лагерінде әр түрлі ұлт өкілдерінен шыққан атақты ғалымдар, ақындар, өнер адамдары ұзақ жылдар бойы қамауда болып азап шекті.

2-жүргізуші:
Сахналық көрініс: «Ұлт мүддесі жолында»

1-жүргізуші:
Түрменің қапас бөлмесі. Бір орыс, бір қазақ тергеушісі Әлихан Бөкейхановтан жауап алып отыр.

Қазақ тергеушісі: Қалай Бөкейханов мырза, Қазақстанды Ресейден бөліп алмақ болған әрекетініңізді мойындайсыз ба?
Бөкейханов: Әрине, мойындаймын. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құруға әрекеттену қылмыс емес шығар....
Орыс тергеушісі: Қылмыс емес?! (Столды періп періп қалды). Қалай қылмыс емес?! Егер Ресейге бағынып келген әрбір халық өз алдына мемлекет болып бөлініп шыға берсе, Ресейде не қалады?! Жо-оқ. Бұл тек жаудың әрекеті.
Қазақ тергеушісі: Мә, мойындаңыз да қолыңызды қойыңыз. (қағаз қалам ұсынады)
Бөкейханов: (қағазға үңіліп) Мына қағазда халыққа қарсы әрекет етті делінген ғой. Бұған қол қоя алмаймын.
Орыс тергеушісі: «Жә, жетеді! Мен қазір басшыларға барып баяндаймын. Жендетке тапсыр керек. Мықты болса шыдап көрсін. Мен қазір келемін.
Қазақ тергеушісі: (Есікті барып қарап келеді) Ағатай-ай, мен сізге не жақсылық жасай алам? Сізді қашыруға да шамам жетпейді. Бар билік осылардың қолында. Бізге де сенбейтінін сеземіз.
Бөкейханов: Сен қуыршақсың ғой, шырағым. Мен де бәрін түсінем.
Қазақ тергеушісі: Ағатай-а,й бәрібір де мойындатпай қоймайды ғой. Азап шегіп қайтесіз. Одан да қол қоя салмайсыз ба?
Бөкейханов: Ей, шырағым ай, артымда маған қарап қара орманым - халқым тұрған жоқ па? Мен өзімді алдасам да оны алдай алмаймын.
Қазақ тергеушісі: Сізді Ленинмен, Мұстафа Шоқаймен кездескен дейді, сол рас па?
Бөкейханов: Ол түрменің әңгімесі емес шырағым, қайтесің?
Қазақ тергеушісі: «Ағатай, мен де еліме, халқыма пайдамды тигізсем деймін. Бірақ қалай? Білмеймін...
Бөкейханов: (күбірлеп) Бәрі алдамшы, бәрі жалған болғаны ма?
Қазақ тергеушісі: Ағай, сізге не болған? Мә, су ішіп жіберіңіз. Қазір жаңағы жан алғышта келіп қалар... Құдайым-ай, соншама дәрменсіз етіп жаратармысың?! Келіп қалды, бекем болыңыз.
Бөкейханов: Рахмет, мен үшін қам жеме, бауырым. (бөлмеге орыс тергеуші және жендет келеді)
Қазақ тергеушісі: (ұшып тұрып) Жолдас капитан айтқанынан қайтар емес.
Орыс тергеушісі: (мырс мырс күліп) Онда өз обалы өзіне. (Қасындағы жендетке алып кет деп белгі берді. Жендет сүйрей бастаған кезде Бөкейханов жендетті итеріп жібереді де былай дейді)

1-жүргізуші:
Ей, халқым,
Еліміз үшін,
Етегімізді түрген екенбіз,
Бар Алашқа ұран сап,
Елдікке шақырып жүрген екенбіз.
Шешінген судан тайынбас,
Ойымыз бір, мақсат бір,
Сорлы елімнің шіркін-ай...

2-жүргізуші:
Ахмет Байтұрсынұлы «Анама хат».

Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам!

Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!

«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам.
Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.

Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!

Көп айтпай, қысқасынан сездіретін -
Балаңның мінезі бар сөзге сараң:
Кетер деп «суға құлап, отқа түсіп»,
Қайғы жеп, менің үшін болма алаң!

Отырмын абақтының бөлмесінде,
Бұйрықсыз көз жетеді өлмесіме.
Есіктің құлпы мықты, күзетші кеп,
Ажалдан басқа ешкім келмесіне.

Қоршаулы айналасы, биік қорған,
Берік қып салған темір терезесіне.
Қалайша мұны көріп көңіл сенбес
Аттанып жау келсе де бермесіне.

Тайпалған талай жорға, талай тұлпар
Тағдырдың кез болып тұр кермесіне.
Солардан жаным, тәнім ардақты емес,
Орынсыз күйзелейін мен несіне!

1-жүргізуші:
Өткен ғасырдың басында жеке ел, мемлекет боламыз деген Алаш зиялылары аңсаған армандарына жете алмай арманда кетті. Алаш зиялылары тұңғыш ұлттық идея көтеріп, тұңғыш партия, үкімет құрып мемлекеттіліктің алғы шартын жасап кетті.
Қазақстан бүгінде егеменді ел болып дүние жүзіне танылуда. Біздің отанымыз егеменді тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Тарих бізге тәуелсіздікті тарту етті. Енді біздің парызымыз - ұлттық рәміздерді қастерлеу, тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елдер қатарына қосу, мәдениеттің биік шыңына көтерілу. Кешімізді Әлихан Бөкейхановтың мына сөзімен аяқтағымыз келеді: «Әр ұрпақ өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек».

2-жүргізуші:
Алаш десе, рухың сілкініп, ұлттық «менің» оянып, мақтаныш сезім билейді. Осы сезімді аспан астын Алаш атымен тұндырып, ән салғың келеді. Ал, Алаштан қалған ән бар ма осы?

Хор: «Мен қазақпын»

Атырау қаласы, №17 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Габдижалел Арайлым Габдижалеловна
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×