Сайтқа кіру Тіркелу
загрузка...

Қара сөздер. Абайдың жетінші қара сөзі

Абайдың жетінші қара сөзі
ЖЕТІНШІ СӨЗ
Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр - жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай - керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.

Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?

Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге - ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Ой, тәңірі - ай, кімнен кім артық дейсің!» - дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз.

Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер - тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.
Абайдың басқа да қара сөздері
Кері қайту
Загрузка...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
загрузка...
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мұқағали Мақатаев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ашық тәрбие сағаты, ағылшын тілі, ағылшын тілінен сабақ жоспары, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, математика, математикадан сабақ жоспары, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету