Сайтқа кіру Тіркелу

загрузка...

Оралхан – Алтайдың Кербұғысы

Оралхан – Алтайдың Кербұғысы
Мақсаты: оқушылардың жазушы жайлы ұғымдарын қалыптастыру, көркем сөз оқу шеберліктерін дамыту, әдебиет өнерін қадірлеуге баулу.

Әдеби кеш барысы:
1 - жүргізуші: - Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, оқушылар!
2 - жүргізуші: - Жазушы, драматург, публицист, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Н. Островский атындағы бүкілодақтық әдеби сыйлықтың, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Оралхан Бөкейге арналған «Оралхан – Алтайдың Кербұғысы» атты әдеби - сазды кешімізге қош келдіңіздер!

1 - жүргізуші: - Көрінуші ең көнелердің көзіндей,
Жазғандарың қара өлеңнің сөзіндей.
Асқақ едің, атақты едің, нар едің,
Туған өлкең – өр Алтайдың өзіндей!

2 - жүргізуші: - Бүгін, міне, жиырма үшке толыппын,
Талай жырға, талай сырға жолықтым.
Шыным осы, ақ тілеуші достарым,
Мен анамның жалғыз ұлы болыппын.
Дастарханым тарлау болса, құрбылар,
Пейілімнің кең екенін ұғыңдар.
Ақ жүректің ақ батасы секілді,
Махаббатым сендерменен туғандар.
Сондықтан да, уа, достарым, түсінші,
Осы кештің мәңгіліктік құны бар! – деп осыдан 47 жыл бұрын Оралхан Бөкей ағамыз жырлағандай биыл жазушымыздың туғанына 70 жыл толды!
1 - жүргізуші: - Қазақтың көрнекті қаламгері, сырлы сөздің сардары атанған
Оралхан Бөкейге өзінің жыр - шашуын арнаған 11 - сынып оқушысы Болат Ақтолқынды арнау өлеңімен ортаға шақырамыз.

2 - жүргізуші: - Жазушы, драматург Дулат Исабеков: «Оралхан – бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер» деп жазушы шығармашылығына жоғары баға берген.
1 - жүргізуші: - Ал, Қазақстанның Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов: «Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар шыңдарындай биік еді. Заңғар таулардан құлап аққан өзендердей тасқын еді. Таулардың сілемдерін жайлаған ерке еліктеріндей елгезек еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді» деген екен.
2 - жүргізуші: - Оралхан Бөкейдің өмір жолының тарихи тізбесін дайындап келген 11 - сынып оқушысы Есенғалиева Айымның «Оралхан – Алтайдың ақиығы» атты баяндамасын назарларыңызға ұсынамыз.
1 - жүргізуші: - Оралхан ағамыздың естіген құлаққа жағымды, әдемі, қоңыр даусы болған екен, сонымен қатар гармонда жақсы ойнаған. Балетті өте қатты ұнатқандығы сонша, «Би тілі», «Шара» атты мақала жазған екен. Көңілденген кезінде, әсіресе, үйінде туыстары бас қосқанда ән айтады екен. Ағамыздың «Бесқарагер», «Ағажан, Алтайдай жер қайда», «Қайықта», «Құстар қайтқанда», «Жастық вальсі» сияқты жақсы көрген әндері болған.

2 - жүргізуші: - Олай болса, ағамыздың сүйікті әндерінің бірі «Құстар қайтқанда» әнімен ортаға 8 - сынып оқушысы Зейнолла Нұржанды шақырамыз.
1 - жүргізуші: - Оралхан Бөкей – азғантай ғұмырында асқаралы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгерген жазушы.

2 - жүргізуші: - Оралхан Бөкей – қазақ әдебиетіндегі, қазақ журналистикасындағы, қазақ публицистикасындағы қайталанбас құбылыс. Қазақ көркемсөзінің көкжиегін кеңейткен, аспанын биіктеткен қаламгер. Оның өзіне ғана тән ерекшеліктерінің күшті болғаны соншалықты, кезінде көп жастар Оралхан Бөкейге еліктеп, қалам тербеген екен. Әлі де еліктегісі, ұқсағысы келетіндер аз емес. Ең басты ерекшелігі – кербез еркіндігі мен оралхандық ой құнарлығы.
1 - жүргізуші: - Ағамыздың шығармашылығымен толық танысу үшін сөз 10 - сынып оқушысы Мұратханова Махаббатқа беріледі.

2 - жүргізуші: - Оралхан ағамыздың тағы бір ерекшелігі – сөзге шешендігі. Қара сөзбен сөйлесе де төгіп - төгіп салған сөйлемдері өлең секілді ұйқасқа толы болған деп еске алады танымал жазушы Дидахмет Әшімханұлы.
1 - жүргізуші: - Төрт аяғы тең жорғадай көсілген жазушының ауызекі сөйлегеннің өзінде де бұрын естіп - білмеген көптеген образды сөздерді жиі пайдаланған екен. Ағамыздың өзі де «Мен – журналистпін, одан кейін ғана жазушымын» дейді. Соның бір дәлелі ретінде ағамыздың күнделігінен алынған үзінділерді назарларыңызға ұсынайық. (10 - сынып оқушылары күнделіктен үзінді оқиды)

2 - жүргізуші: - Оралхан Бөкей 70 - жылдары драматургияға да қадам басқан. Драматург пьесаларына өз заманының шындығын, жастардың ішкі жан - дүниесін, замандастарының адамдық қасиеттерін, арман - қиялы мен ұмтылыс - құлшыныстарын арқау етті.
1 - жүргізуші: - 1974 жылдың күзінде М. Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында режиссер Қадыр Жетпісбаевтың сахналауымен «Құлыным менің» атты спектаклінің премьерасы өтіпті. Сондай - ақ, «Қар қызы», «Текетірес», «Зымырайды поездар», «Жау тылындағы бала», «Мен сізден қорқамын» т. б. пьесалары бар.

2 - жүргізуші: - Ендігі кезекте Оралхан ағамыздың «Тортай мінер ақ боз ат» шығармасынан оқушыларымыз дайындап келген көріністі тамашалаңыздар.
1 - жүргізуші: - Тағы да бір ағамыздың айта кететін ерекшелігі – бойында баяғы би - шешендерден қалған арқалы болмыстың бар болуы.

2 - жүргізуші: - Иә, ағамыз көркемсөз оқығанда тыңдап отырған ортаны жандырып жібереді екен. Әсіресе, Бейімбет Майлиннің «Шұғасын» оқығанда арқасы ұстап, әруақ қысқандай орнынан атып тұрады екен.
1 - жүргізуші: - Біздің бүгінгі кешімізге Оралхан ағамыздың осы бір қасиетін жалғастырушы мектебіміздің көркем сөз шеберлері келіп отыр.

2 - жүргізуші: - Олай болса, 11 - сынып оқушысы Мұхтар мен 10 - сынып оқушысы Талшынға сөз кезегін берейік.
1 - жүргізуші: - Өр едің, өр Алтайдың, тірегім ең,
Айрылды қазақ сендей түлегінен.
Өзіңді қастерлеген туған елдің,
Жатырсың орын алып жүрегінен.

2 - жүргізуші: - Жататын араласып үміт - қайғы,
Қапыда тағдыр жолы тұйықталды.
Оралхан деген аттың орны бөлек,
Ел - Ана! Сені ешқашан ұмытпайды!

1 - жүргізуші: - Осыменен бүгінгі кешіміз өз мәресіне жетті. Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп - көп рахмет!
2 - жүргізуші: - Келесі кеште кездескенше сау - сәлемет болыңыздар!
Кері қайту
Загрузка...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
загрузка...
Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Күнделікті сабақ жоспары, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, ана тілі, ашық тәрбие сағаты, ағылшын тілі, бала бақша, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертеңгілік, математика, орыс тілі, презентация, сабақ, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, технология, тәрбие, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, әдебиет, әдебиеттік оқу

Барлық тегтерді көрсету