Сайтқа кіру Тіркелу

Арал теңізіне Сібір суларын жеткізу жобасы

Арал теңізіне Сібір суларын жеткізу жобасы
Тарих ағымының заңдылықтары туралы ілімдер жүйелі сөз айтады. Өткен кезеңдер құбылыстарының өмір диалектикасы қайта оралып соғып отыруы да сол ілімдер сөзінде ескеріледі. Қайта оралып соғатын құбылыстардың, әрине, озығы да, тозығы да болмақ. Өткеннің бүгінімен үндесіп, болашақпен қолдасатын кей жәдігерін сол, озық нәміндегі игі құндылықтар деу - қисын реті. Оларды уақыт талабында түстеп – тану, бағамдап – ұқсату біздің парасат - пайымызға байланысты.

Алдыңғы ғасырда солтүстік іргеміздегі Сібір суларының бір бөлігін Орта Азияға жеткізу мәселесі байыпты сөз болған. Ал өткен ғасыр сол жобасына түрен саларға ниет етіп еді. Аяқ астынан, уақыт желі өзгерді. Және бір жайты: дана табиғат, тарихи тұрғыдан « күні кеше» ғана, сонау Азау – Каспий арасын Маныш – Шоғырай жүлгесіндегі бұғазбен жалғап жатты. Уақыт ағымында ол арнаны жер қыртысының
қозғалысы бітеп тастады. Осынау, бірі - болмыс ұйғарымды, бірі - адам әрекеті нысанындағы екі мәселе, араға ғасырлар салып, біздің болашақ мүдделі, ізденіс - ынталы назарымызға тағы қайтып оралды.

Алып ауқымды идеялар кешені алға тартылды. Егемен ел сипаты біздің ақиқатымызға айналды.
Сібір өзендері суларының бір бөлігін бұрып, Орталық Азияға жеткізу адамдардың ғасырлар бойғы арманы десек, артық айтпағандаймыз. Бұл тек инженерлік, техникалық идеялардың кереметтей жүзеге асуын мұрат еткен тар мақсатты ұмтылыс емес, Еуразияның даңғайыр кеңістігінде тарихи, яғни адамзатқа айта қаларлықтай экономикалық, әлеуметтік, экологиялық игіліктер мен оң өзгерістер әкелуі пайымдалған алып жоба болатын. Бірақ осынау талпыныстардың талабы әр кезеңде әртүрлі тығырықтарға маңдай соғумен келеді. Заманалар бастан кешкен көп оқиғаларды айтпағанда алдыңғы ғасырдың техникалық мүмкіндіктері « ой жеткен жерге қол жетпестей» төмен болады. Өткен ғасырдың тарихи, саяси оқиғалары бұл талаптың жолын әлденеше рет кесті. Мұның соңғы мысалы: КСРО атты, көп халықты одақтастырған алып мемлекет тарады. Және, сонымен қатар, сол кездегі Ресей зиялыларының да осыған біраз себебі болды.

Кешегі ғасырдың 80 - ші жылдары орыс жазушы – қайраткерлері әбден зерттеп, негізделген, басталуы әне - міне күн тәртібінде тұрған Сібірдің бір үлес суын Оңтүстікке бұру ісіне қарсы үн көтерді. Ол қозғалыстың басында В. Распутин, С. Залыгин секілді танымал қаламгерлер тұрды. Олардың басты уәждері Сібірдің орман - тоғайлы, өзен көлінің ықтимал зардап шегу қаупі болды (Одақтастық қауымындағы қызық ұстаным: қасірет шегіп жатқан Арал жайы мәнсіз, ал болуы - болмауы белгісіз қауіп үшін сондай келісімді сөз айтуға болады. Арал, ең алдымен, сол бауырластар үшін барын берді; экологиялық қасіретті де сол үшін кешіп жатты емес пе?...) Оңтүстіктегі бір қауым елдің, әлгі, одақтық, ағайындық, шаруашылық дәстүрде үміт артып отырған күтулі жолы солай кесілді.

Әміршіл, әкімшіл, бәлкім, империялық астам психологияның дегдар руханият саласын да дендеп кеткен сәті еді.
Дүние жаңғырды. Әлемнің алтыдан бір бөлігі аса жаңа тарихқа қадам басты. Егемен еліміз мүддесі біздің ізденіс көкжиегімізге айта қаларлықтай кеңейтті. Сол ауанда шұрайлы өлкелеріміз бен шөлейт жерлер үшін мол су қажеттілігі өткір көтеріле бастады. Әрине, суға қатысты жайттарды, төңіректегі үрдістер ретімен, өз қом суларымызды - мысалы, Ертіс ағынан - шетін шығармай, өзімізде қалдыру әрекетіне баруға болар еді. Бірақ бұл биік өркениет мұратты ел үшін әлемдік қауымдастық контексіндегі шалағай шешім көрінері сөзсіз. Бізге парасат тұғырындағы көшелілік жолы керек. Сірә, осы реттен, солтүстік көршіміз де Сібір суы мәселесіндегі бүгін енді өзі ынталылық таныта бастады.

Ең алдымен, теріскей беттен су келсе, оңтүстіктің су сұрап, тусырап жатқан жерлері абаттанып - шұраттанып, исініп, береке көзін ашады. Солтүстік дүниесі үшін жай ғана ылғал массасы түрінде кетіп жатқан ағынның әр тамшысы бұл бетте алтыннан қымбат құндылық пен мәнділікке ие болады. Молаятын астық, мақта, жеміс, бақша дақылы, мал басы, аймақтарға түсетін су қатынасы, су электр стансалары дейік. Аясы кеңейетін жасыл аймақ, солтүстік - оңтүстік арасына тартылатын әлемдік маңызы зор экологиялық дәліз, толысқан өзен - көл, жұмсаратын ауа - райы - экологтар мен табиғат сейістерінің саласы.

Аса зор ғаламдық проблема - әл үстіндегі Арал үшін де үлкен үміт көзі ашылады. Даусыз шындық - күтулі игілік дегеніңіз шаш – етектен
болмақ. Жобаның техникалық шешімі, бұрылатын су көлемі, сонау, өткен ізденістерде мейлінше нақтыланған еді. Әйтсе де, іс ауқымын жаңаша белгілеу - уақыт талабы. Оңтүстік қанаттағы күтулі игіліктерді нобайлағанда, нәтижелер бір жақты ғана болады екен деген ой тумаса керек. Негізгі Ресей жері боп табылатын солтүстік қанат тек су өткізіп беруді ғана қанағат тұтпайды. Батыс Сібірдің ну тайгасы мен қорыс батпағы астында мол байлық жатыр. Көршіміз құрғақтан жер тасып, тым ылғалды өлкеде жасанды тұғыр - аралдар жасап, мәңгілік тоң қабатын жібітіп, сол кеніштерді біраз қиындықтармен игеруге мәжбүр екені ешкімге құпия емес. Сібір табиғатын, орман - тундра шырқын бұзбай, мейлінше икемді түрде бір үлес су алу, жылда дерлік көктемгі жайлылма басатын, шексіз батпағы жыл - он екі ай бойы жол бермейтін аймақта көршінің шаруашылық жұмыстарын ұтымды жүргізуін сәл де болса септесері сөзсіз.

Мұның сыртында, Ресейдің Тюмень, Свердлов, Қорған, Челябі облыстарының біршама су проблемасы осы арнаның келуін күтуде. Және де Ертіс суын біздің Керекуде « бұғалақтап қалмай», Ресейдің табиғат, су қатынасына қызмет етуі үшін Обьке дейін біраз « жұмыс істеуге» бере тұру - екі жаққа да тиімді, көреген саясат болмақ. Батыс Сібірдің ауқымды аумағы өмірін Ертіссіз көзге елестету қиын. Демек, Сібірден келетін су – біз сұрап, не сатып алатын сыбаға емес, « еңбек өтеуін» алып, яғни үстеуленіп, қайта оралатын өз игілігіміз деуге толық негіз бар.

Солтүстік мұзды мұхиттың тұзы артып, мұзы еру процесіне алынатын аз үлес судың көп әсері болмаса керек. Шындығында, оңтүстіктен бастау алып баратын жылы ағын мұхит мұзын тұзданудан гөрі көбірек орасан зор факторын әлі еш ілім нақтылай алған жоқ. Соларды солтүстіктен келетін салқын су массасы басып, пәтін қайтарса, бұл тіпті, планетарлық елеулі жеңіс деуге болады. Демек, кешегі прагматикалық ұстанымда « Сібір арнасында» сыбағасы ауызға да алынбаған Аралдың, енді, жаңа имандылық, экологиялық мағына негізде үлесі көрсетілуі керек. Арналы ағынның, тіпті, танаптарда суарып - ақ қайтқан, 50 пайыз қайтарым суы болса да, Аралға жарап жатыр. Кешегі есеп бойынша, сонау Сібірдегі Ханты – Манси қаласынан бері бұрылатын су - Обь - Ертіс алабының 15 пайызы еді. 380 млрд. текше метр Обь ағынының, шамамен, 57 миллиарды. Ежелгі Әму - Сырдың Аралға құйғанына да мол су. Солтүстік үшін – тамшы, оңтүстік үшін - ырғын молшылық. Және осыған тек Ресей – Қазақстан ғана емес, оңтүстіктегі біраз ағайынның да мүдделі екені даусыз. Ендеше, кешегіден бүгіннің техникалық әлеуеті, мүмкіндіктер жоғары десек те, жұмыла көтерген жүк жеңіл келері анық. Батыс Сібір – Орталық Азия арнасы біздің оңтүстік дарияларға дәстүрлі суымыздың үлесін ешбір кемітуге негіз болмауы тиіс. Идеяның ғылыми және техникалық іргетасы көтерілген. Жаңа ұстаным үдесінен мәселенің әлеуметтік, экологиялық, экономикалық тиімділігін зерделеу – уақыт талабы. «Сабақты ине - сәтімен» дейді көненің көзі. Ендеше, есік қағып тұрған бұл бастамаға қауымдаса бет бұратын кез - келген сыңайлы.

2007 жылы Санкт - Петербургте өткен ТМД елдері экономикалық форумында Елбасымыз Каспийден Қара теңізге «Еуразия»су жолын тарту туралы ой айтқанын осы жерде айтуымызға болар еді. Әлемдік айдындар қисыннан ынта аясында сыйғыза зерделеп көрелік. Солай болса, Жер ғаламшарының көк кемері - Жерорта теңізі, Қара теңіз, Каспий, Арал, Балқаш суларының келісті тізбегі көзге ерекше түсер еді. Осы тізбекті « Планетаның көк алқасы» деп атауды ұсынар едім. Кемеңгер Табиғат Еуразия бай тағында тіршілік мәні, өмір сәні миллиондардың салауатты ой куменде кепілі үшін солай ұйғарып жаратқан керемет ол. (Осы Көк алқадан алып континенттің ең қатал климаты төріндегі Аралдың зүбәржат « моншағы» үзіліп кетуі – орны толмас өкінішті те, салдары ғалам және ғасырларды шалатын қатерлі құбылыс болуы да мүмкін.) Сонау ұлы тізбектің Азов Каспий аралығындағы маң дала бауырында бір жұмбақ басып жатқан секілді көрінеді. Бүгін міне айтар болсақ: Солтүстік Кавказ алды мен Шығыс Еуропа жазығы түйіскен бұл өлкеде ауқымды идеяның кілті, әлемдік мәні бар игі істің шешім өрісі жатыр.

Планетамыз тарихының бір кезеңі осыны ашуға септеседі. Азов Каспий арасы, бір кездері ( энциклопедия тілімен,«күні кеше ғана») өзекпен жалғасып жатқан. Сірә, бұл жерлерде, шартты түрде, « Маныш – Кума» деп атауға болатын, арналы бұғаз жатқан. Бұл – антропоген дәуірі деп аталатын кезеңнің ақиқаты. Сонан бергі кезеңде, Кавказ тауларының Шығыс Еуропа жазығына «ентелеуі» бұл арнаны қысып, ақыры, жауып тынған. Қазір осы ойыста Кума - Маныч жүлгесі жатыр. Орта тұсында, не Азовқа, не Каспийге аунап кетерін білмей тұйықталып қалған, ұзыны 100 шақырымнан асатын Маныш - Гудило көлі, жаратылыс заңына сәйкес тұзданып үлгерген.

Міне, осы шындықты жаңа кезең, жаңарған ұлыстар мүддесінде қайта тірілту, бізге, біздің ұрпаққа жүктелетін зор миссия болғалы тұр. Азов (Қара ) теңізінен Каспийге су қатынасын түсіру керек. Осы идея, ең алдымен, ғалами болмысқа, сосын әлеуметтік, экономикалық, саяси ізгі ниетті ұстанымдарға кереғар шықпайтынына сенім бар. Бүгінгі жаңа көзқарас талап ететін экология, табиғат мүддесін айтсақ, осыдан мыңдаған жыл бұрынғы су жолын қайта тірілту - бұл аумақ - өлкеге жат, жасанды, антропогендік әрекет болмас. Солтүстік Кавказ алды алабы, Каспий теңізінің жағалаулары мұндай тарихи факторды « біледі». Кезінде бұл жерлерде сондай арнамен мол су болған
Ал енді, тізгіні адамдар қолында болатын ендігі есепті су себебінен, сонау, Саратов, Орынбор қалалары қайтадан теңіз жағасында қалады ( яғни Каспий маңы ойпаты суға набыт болады ) деу - еш қисынға келмейтін уәж. « Еуразияның» алып арнасы түгелімен Ресей жеріне түседі.

Нұрман Лаура
№ 266 мектеп - лицейдің 10 сынып оқушысы
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×