Сайтқа кіру Тіркелу

Төрт түлігіміз сай болсын

Ұлы Дала елі
ТӨРТ ТҮЛІГІМІЗ САЙ БОЛСЫН
Кең пейілді қазақ ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық қой. Ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірибесі бар олар мал өрісін, тіршілік табиғатын, қадыр - қасиетін әбден білген. Тіпті малдың айрықша қасиетін, ерекшелігін танитын Толыбай сияқты сыншылар да шыққан. Сөйтіп халқымыз өздерінің тіршілік, шаруашылық өмірін осы мал өсірумен байланыстыра жасаған. Оның өнімдерін тіршілік құралы етіп оңтайлы пайдалануды шебер игерген. Малдың еті, сүті, жүні, түбіті, қылы, шудасы, терісі, тіпті мүйізіне, сүйегіне дейін өз қажетіне жаратып, ұқсатып отырған. Мінсе – көлігі, ішсе – сусыны, жесе – тамағы, кисе – киімі, тұтынса – бұйымы да, байлық, мақтан, салтанаты да осы мал болған.
Мал өсіруге аса қолайлы Қазақстан жерін малсыз елестету мүмкін емес. Мал біздің еліміз үшін бұдан былай да аса маңызды шаруашылық болып қала бермек. Олай болса, кейінгі жастарымыз қасиетті төрт түлікке қатысты ұлтымыздың ұғымдары һәм бай тәжірибесін ұмытпауға тиіс. Әрине, олардың бәрі бірдей малды бағар, бақпас, бірақ аталарымыз қадір тұтқан мұраларымыздың ерекшеліктерін жадында сақтағаны жөн.
Міне, осы жайларды жас ұрпаққа оқытып, үйрету олардың ой - өрісінің өсуіне де, малға деген ынта - ықыласына да жақсы әсер ететіні сөзсіз. Төрт түлікке қатысты этнографиялық қызықты атаулар өте көп. Айталық, түйе, оның өсу жолымен аталуы бота, тайлвқ, буыршын, буырлыш, науша, бұзбаша, інген, атан, бура... деп аталады.
Түйені қасиетіне қарай: біртуған, беқпатша, мая, желмая, құлпатша, нар, аруана, жампоз, қоспақ, балқоспақ, мырзақоспақ, үлек деп бөледі. «Айырдан туған жампоз бар. Нарға жүгін салғысыз» (Шалкиіз жырау). «Қомын кессең былқ етпес, Бекпатша қызыл нар еді» (Н. Ахметбеков). түйенің азғын түрлерін көрт, көйін дейді. «Түйе жаманы – көрт, шөп жаманы – керт» (Мақал).
Қазақ үшін ең құнды, қасиетті мал – жылқы, ол: құлын, жабағы, тай, құнан, байтал, сойтал, дөнен, қулық, бесті, бие, ат, сәурік, айғыр деп жасына, түріне қарай ажыратады. «Ат, айғырлар, биелер, Бүйірі шығып ыңқылдап» (Абай). Бұрынғы ел қорғаған ерлер жылқы ішіндегі таңдаулыларын жорға, сужорға, жүйрік, тұлпар, қазанат, сәйгүлік, наз бедеу, дүлдүл, арғымақ... деп сипаттап ерекше дәріптеп бағалаған. «Көз салдым жүйрігі мен жорғасына» (Н. Ахметбеков). айт, ас, тойларда аттың бас бәйгесіне мол дүние, жиһаз тігілетін болған. «Тігіпті бас бәйгеге елу бие, өлі отау, бір бас тоғыз, тоғыз түйе, Жабулы қара нарға қалы кілем, Аты озған олжаға болады ие» (Н. Ахметбеков). жалпы халық жылқыны жоғары бағалап һәм оны көп өсірген. Тіпті оның жүрісіне дейін жіктеп: аяң, жорға, жортақ, бүлкек, бөкен желіс, сар желіс, текірек, шоқыту, шабыс деп түрге бөлген. Басқа малға қарағанда жылқы түсі де көп. Торы, күрең, жирен, шабдар, ақбоз, боз, көк, қызыл, қара, шұбар, теңбіл, теңбіл көк, баран, бурыл, қылаң, ала, сұр, кер, құла, құлагер, қарагер. Жылқының жаманын мәстек, тулақ дейді.
Жылқы – қазақтың кәделі, бағалы, орны бөлек қымбат қазынасы. Сый - сияпат, кәделі жерлерде халық ер - азаматтарға ат мінгізіп, шапан жапқан. Демек, ол құрмет белгісі ретінде ұсынылатын үлкен сый орнына жүреді.
Сиыр жасына қарай былай аталады: бұзау, баспақ, торпақ, тана, тайынша, қашар, құнажын, дөнежін, сиыр, өгіз, бұқа. «Пұл жібердім қалаға, Бұзау баспақ, танаға» («Қобыланды батыр»).
Қой: қозы, марқа, тоқты, бағылан, тұсақ, азбан, ісек, ақауыз қой, қошқар, саулық... деп жіктеледі.
Ешкі былай жіктеледі: лақ, туша, бөрте, шыбыш, серке.
Малдың қадірін біліп, қасиетті бағалаған бабаларымыз адам есіміне де мал атауларын қосуды әдетке айналдырған. Айталық, Ботагөз, Нартай, атанбай, Бурабай, Жылқыайдар, Түйебай, Қошқар, Қозы, Серке, Қойшыбай, Құнанбай. Қазақ халқы балалаларын ботам, құлыным, қошақаным деп еркелетіп, әлпештеуінде де терең мән бар. Тіпті, ертедегі халықтық жыр, әңгіме, ертегілерінде де мал қасиетті түлік есебінде батыр, ер, сұлулармен қоса дәріптеліп айтылып жүреді. Мұның бәрі халықтың малсақтық, малжанды ерекшеліктері һәм ұғымынан туған.
Мал сүтінен жасалатын тағам түрлері өте көп. Түйе сүті – шұбат, жылқының қымызы денсаулыққа аса пайдалы шипалы сусын. Сиыр мен қой сүтінен айран, қатық, қаймақ, май, сүзбе, ірімшік, құрт, ежігей, тағы басқа көптеген ұлттық тағам жасалады.
Халық ұғымында әр малдың иесі, пірі бар деп түсіндіріледі. Айталық, түйенің пірі – Ойсылқара, жылқының пірі – Қамбар ата, сиырдың пірі – Зеңгі баба, қойдың пірі – Шопан ата, ешкінің пірі – Шекшек ата. Әр малдың өзіне түсінікті «тілдері» де бар. Түйені «көс - көс», жылқыны «құрау - құрау», сиырды «әукім - әукім», қойды «пұшайт - пұшайт», ешкіні «шөре - шөре» деп шақырады.
Өріске шығарғанда: түйені «арай - арай» деп, жылқыны «құрай - құрай» деп, сиырды «шуу - шуу», «өк» деп, қойды «шәй - шәй» деп, ешкіні «шек - шек» деп қайырады, жылқыны «құр - құр» деп тоқтатады, түйені «шөк - шөк» деп шөгереді, «шуу» деп тұрғызады, өргізеді, айдайды.
Сондай - ақ әр малдың үні де бар. Түйе боздайды, жылқы кісіейді, сиыр мөңірейді, қой, ешкі маңырайды...
Малдың негізгі ауруларының аттары мынадай: түйеде – ақшелек, қатпа; жылқыда – жамандату, шеміршек, маңқа; сиырда – аусыл, қарасан; қой, ешкіде – топалаң, кебенек т. б. (жалғасы бар)

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×