Атбегілік арналары: Жүйрік баптаудың негіздері
Жүйріктің алғашқы тынысын ашу
Байырғы атбегілер ұғымында:
«Жүйріктің ішін тарғаяқтатып (жеңіл шабыс) тарттыр, терін желдіріп ал, тезегін шоқырақтатып түсір, көңілін сылаңдатып сергіт» дейтін көнеден келе жатқан қағида бар.
Үйірден алғаш рет ұстаған жүйрікті кермеге алып келіп, қаңтарып байлай салмайды. Әуелі, бойын жаздырып, тынысын ашады. Алдымен аяңдатып, бусантып тоқ терін алады. Қара сорпа, қанды көбігін шығармайды. Нақтырақ айтқанда, баптауға бейімдейді. Бұл іс дұрыс атқарылмаса, кейінгі баптау жұмыстары да ойдағыдай болмайды.
Жүйрік әбден тойынып, қазысы толған кезде ұстап байлап, баптайды. Жүйріктің алғашқы тынысын ашу үшін оны жылқыдан ұстағаннан кейін ақ пен қара түс ажыратылатындай көзкөрім қашықтыққа жіберіп, бір дүркін қинамай еркін шаптырады. Шабыс екпінін әуелі, жайлап бастап, бара - бара күшейтеді.
Яғни, ақжіліктенген жүйрікті үйірден ұстап әкеліп, желе - жортып жүргізіп, ішіндегі ара боғын түсіреді.
Алғашқы тыныс ашу немесе кеңейту кезінде жүйрікті тым алысқа шаптыруға болмайды. Сондай - ақ, көп жылқымен бірге жарыстырып, еліктірмеген дұрыс. Егер де, алғашқы тыныс аштыру ісі ойдағыдай болмаса жылқы ентікпеге ұшырап, бұқпантайлайды және қол - аяғында діріл пайда болады.
Байлауға ұстаған жүйріктің жілік майы толып, ақ сүйектенген қазысына май жинап, семірген болса, алғашқы тыныс аштырған соң таңасырып байлап қояды. Ертеңінде 6 - 8 шақырым қашықтыққа салт мініп тапырақтатып, етін суытады. Кешке қарай атты жақсылап жабулап алып 6 шақырым қашыққа желе жортып, көбік терін шығарады.
Көбік терін шығарған соң екі күн дем алдырып, үшінші күні 20 - 30 шақырымға сейіл - сылаң жүріспен аяңдатып келіп, тағы да таңасырады.
Келесі күні түске таман салқын суға жуындырып жүніне жабысқан тердің арам кірінен арылтады да, қайтадан үйіріне жібереді.
Арада 10 - 15 күн өткен соң ұстап, нағыз жаратуға байлайды. Бұлай жасаудың маңызы. Жүйріктің топтасқан қазы майына салмақ түсірмей бабымен ыдыратып, табиғи күш - қуатын бойына сақтап қалуын қамтамасыз ету.
Жүйріктің ұйқысын қандырады, тек таза су ішкізеді, таза жердің шөбін жегізеді. Сиыр су ішкен ыдыспен жүйрік атқа су ішкізбейді сиырдың сілекейі жұққан жылқы: шабан, бойкүйез, жайбасар болады.
Атбегілер үшін ескеретін жайт:
Тыныс ашу жұмысы ауыздық таластыра шаптыратын қысқа шапқынды бір күні қатар жасауға болмайды. Алма - кезек күн аралатып өткізген дұрыс.
Тыныс ашу барысында ат шаптыратын қысқа қашықтық үш оқ бойынан (300 м) кем болмауы тиіс.
жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Атбегілік арналары: Жүйрік баптаудың негіздері
- ramuk_b
- 24 қыркүйек 2024
- 138
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Жүйрік баптау, атбегілік арналары, жүйріктің алғашқы тынысын ашу
Ұқсас жаңалықтар:
Он бесінші сын. Ахмет Тоқтабайдың жазғаны
Байлаулы тұрған жүйрік жұлдызға қарап, киіз үйдің белдеуінен басын жоғары ұстап, басы уық пен керегенің қосылатын жерінен асып тұрады. Мамағашқа,...Жүйрік жылқының сипаттары
Жылқының түбір сипаты дегеніміз – оның табиғи жаратылысын тану ілімі. Яғни, жылқының табиғи бейімділігін тап басу арқылы қолданыс қажеттілігін...Күй аңызы: Телқоңыр
Дәулеті шалқыған, елге беделі артқан бір ұлықтың төскейді жайлаған қаптаған қалың жылқысының ішінде мәпелеген қоңыр тұлпары болыпты....Атбегілік арналары: Биенің сыны
Қазақ жұртында: «Құлын жатырына, бала нағашысына тартады» немесе «Алып анадан, ат биеден туады» дейтін тәмсіл бар. Демек, жүйрік құлынның тууы –...Жүйрік жылқының сипаттары
Бұл жүйрікте бөрі сипатына тән белгілердің барлығы бар. Оның сыртында жалпы тұлғасы төртбақ....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.