Поэзия кешінің тақырыбы: «Ғасыр ақыны - Мұқағали»
Мақсаты: Оқушыларға ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірімен таныстыру, ақындық өнерін насихаттау. Өлеңдерін мәнерлеп оқуға дағдыландыру. Поэзия әлеміне, сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Көрнекілігі: слайдтар, буклет, кітаптары
Поэзия кешінің барысы: 1. Ұйымдастыру.
2. Кіріспе бөлім: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Ақпанның тоғызы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың дүниеге келген күні. Тума талант бұл күнде өмірден өтсе де барша қазақтың жүрегінде берік орныққан. Осыған орай бүкіл елімізде, сонымен қатар біздің мектебімізде де ақын шығармашылығына орай «Ғасыр ақыны – Мұқағали» атты поэзия кешін ұйымдастырып отырмыз.
Табиғат, жанымды алсаң, алшы менің,
Бір түйір жерге түскен тамшың едім.
Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,
Артымда қалсын жерім, қалсын елім.
Кім білсін қаншама әлі шырқарымды,
Кім білсін қай күні сенің қырқарыңды.
Мұқағали жоғалса, қайтер дейсің,
Жоғалтпаса болғаны ұрпағымды,- деген екен.
Ақынның жырлап отырғаны ұрпағы – мына біздерміз. Мәңгілікке тот баспайтын асыл жырларын келер ұрпаққа жеткізетін де өзіміз. Ендеше кезек өздеріңізде.
3. Негізгі бөлім.
І жүргізуші: Туған жерің?
ІІ жүргізуші: Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.
І жүргізуші: Туған жылың?
ІІ Жүргізуші: 1931. Құрдасымын Шәмілдің.
І жүргізуші: Жынысың кім?
ІІ жүргізуші: Еркекпін ғой, еркекпін!
Және дағы тәуірмін...
І. Партияда барсың ба?
ІІ. Жоқпын.
Бірақ, коммунистік көзқараспен қараймын.
І. Шыққан тегің?
ІІ. Шаруамын.
Бар тірліктен бағалы оны санаймын.
І. Білімің ше?
ІІ. Орташа ғой.
Алайда оны жоғарыға балаймын.
І. Ана тілің?
ІІ. Қазақша.
Қысылғанда орысша да, немісше де тағы бар.
І. Қайда істедің?
ІІ. Мынау «Еңбек кітапшамнан» тауып ал.
Оқымаған дипломсыз демесең.
Бір басымнан бар мамандық табылар.
І. Міндеттісің бе әскерге?
ІІ. Міндеттімін.
Біздің әлі жас кеуде..
Жауынгердің ұлымын ғой, Жанын қиған Мәскеуге.
І. Сөгіс алып көрдің бе?
ІІ. Ол жағынан періште едім дей алмаймын
Мен мүлде.
Ойлы – қырлы бұл өмірде болады ғой мүлт кету,
Ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де...
І. Шетелдерде болдың ба?
ІІ. Болғаным жоқ.
Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап.
Қалсам болды, өлсем болды жәйіммен.
Осы отырған орнымда – ақ.
І. Мекен – жәйің?
ІІ. Мекен – жәйім – жер менің,
Жерде өскен ақын деген пендемін.
Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгенмін!
І жүргізуші: Кеш жарық! Құрметті ұстаздар, оқушылар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық – шынымен бақытты халық.
ІІ жүргізуші: Иә, Мұқағали – ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол – бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатын жұмбақ ақын.
Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.
ІІ жүргізуші: «Арыз жазып кетейін» - оқитын Ызғалиев Қайсар
Ақынның әкесі, анасы, әжесі мен атасы қандай адамдар болған. Соған тоқталайық.
І жүргізуші: Мұқағалидың атасы Мақатай момын, өз бейнетімен өмір сүрген, шағын шаруасы бар адам болған. Ал әжесі Тиын қатал, айбынды, шешен, қолынан іс те, адамды сыйлау да, түсінісу де келетін, денесі зор, қайратты адам болған. Айтқанды қостай салмай -
тын, өзінше пікірі, дәлелі бар адам. Келіндері ол кісіні «Мысқал апа»деп атаған екен.
ІІ жүргізуші: Мұқағалидың әкесі Сүлеймен осы өмірде тұңғыш колхоз құрылысын жолға қойып, шағын шаруашылықты басқарған. 1941 жылы соғыс басталғанда өзі сұранып қараша айында соғысқа аттанған. Кейіннен Калининград майданында ерлікпен қаза тапты
деген қара қағаз келген. Анасы Нағиман Балпанқызы ақкөңіл, өте жұмсақ, аңқылдаған момын кісі болған. Сол жылдарда бала - шағасын ауылға тастап, абысыны Дәмешпен колхоздың бір отар қойын баққан. Мұқағали ол кісіні «Нақа» дейтін.
І жүргізуші: Мұқағали негізінен әжесінің тәрбиесінде болған. Әжесі туралы Мұқағали
«Мені сөзге, жырға үйреткен - әжем»дейді екен. Мұқағалидың Тоқтарбай, Көрпеш деген екі інісі болған.
ІІ жүргізуші: «Тоқта ботам, атаң келеді артыңда» - оқитын Сағынтаев Нұрдәулет
«Әке» өлеңін оқитын Талапов Бүркіт.
«Ақ кимешек көрінсе...» оқитын Оразов Жанболат
«Шеше, сен бақыттысың» оқитын Таңатжан Бақдәулет
І жүргізуші: 1949 жылы көктемде Мұқағали өз отбасын құрды. Оның Майгүл деген қызы он жасында қайтыс болды. Қазір Мұқағалидың Жұлдыз, Айбар деген екі ұлы, Алмагүл, Шолпан атты екі қызы бар.
ІІ жүргізуші: - Сүйікті балаларым менің! – дейді ақын өз күнделігінде,- Ақылсыз болмаңдар! Өмір тола қауіп, абай болыңдар! Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар. Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар. Өмір бар жерде жауыздық та бар.
Мейірбандықпен, жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болмайды. Бір сөзбен айтқанда, сүйе де, жек көре де біліңдер, бірақ әрқашанда адам қалыптарыңда қалыңдар. Әрдайым сақ болыңдар, әрдайым өздеріңді қорғай біліңдер. Балаларым менің! Егер мені сендер
түсінсеңдер ғой...»деген екен.
І жүргізуші: Балаларына, жалпы жас ұрпаққа арнаған өлеңдері көп – ақ. Соның бірі «Барлығы да сендердікі» өлеңі. Асылбекова Гүлжанат
ІІ жүргізуші: Мектеп қабырғасында жүргенде ақынға бірде мұғалима бақыт туралы шығарма жаздыртыпты. «Бақыт деген не екенін мен қайдан білейін...»дейді ақын.
Ақынның «Бақыт деген» өлеңін бізге Бисенбай Айсұлу оқиды.
І жүргізуші: Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып өзіне қайтарамын.
ІІ жүргізуші: Иә, осынау қарапайым қара өлеңде қанша құндылық, қанша ұлылық жатыр десеңізші! Сірә, Мұқаң «Елім маған не береді деп емес, мен не беремін»деп өмір сүрген сияқты.
«Елім барда» - оқитын Бірімжарова Камила
«Үш бақытым» - Оразова Жұлдыз
І жүргізуші: Мұқағали қойнауына талай сыр бүккен сайын далаға, оның сылдырап аққан суына, самал желіне, мақпал түніне бала кезден ғашық боп өссе керек. Алған әсерін өлеңіне өре де білген.
ІІ жүргізуші: «Түсіме тау кіреді» - Таңатжанова Перизат
І жүргізуші: Мұқағали – табиғатты сүйе білген, табиғатпен сырласа білген ақын.
Ендеше ақынның табиғат туралы өлеңдеріне кезек берейік.
«Көлің қайда, туған елім» - Халы Файзолла
«Сәуір айы» - Қайырғалиева Ерке
«Суық күз» - Мұратова Асылай
ІІ жүргізуші: Мұқағали жыр жазғанда ұлы ақын Абайды пір тұтқан. Өлең жазуға отырғанда Абайдың кішкентай мүсінін алдына қойып қойған екен. Ақынның Абайға арнаған «Мен дағы өлең жазбаймын» өлеңін Тақанов Медет оқып береді.
І жүргізуші: Өмірінің соңғы күндері қайта - қайта ауруханаға түсе бергенін күнделігінен оқып білуге болады. Өмір бойы «Поэзия мен үшін жанымның шырылы»деп өткен ақынның өмірінің соңғы жылдары ел аман, жұрт тынышта қуғын - сүргінмен өткен. Соның нәтижесі ауруына әкеп соғады. Аурухана керуетінде жатып жазған өлеңдеріне кезек берейік.
«Дәрігеріме» - Ғұмарова Ақтілек
І жүргізуші: Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауратқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім...
« Музаға» - Оралбекова Айкөркем.
ІІ жүргізуші: Біз Мұқағалиды «Поэзия патшасы» десек артық айтпағандық болар. Ақынның қаламынан туған біраз дүниелерімен таныс болдық. Ақын қазынасының бір асылы – «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы. Ендеше осы шығармасынан көріністі тамашалайық.
Көрініс: « Аққулар ұйықтағанда» (видео)
І жүрізуші: Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.
... Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім.
Иә, өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді. Олай болса, Мұқағали Мақатаев та көз жұмған жоқ.
ІІ жүргізуші: Мына күн де, мына аспан да, дала анау,
Бәрі бізден, бәрі бізден қалады – ау!
Өмір дейтін тағатсыз бір қозғалыс,
Өмір дейтін - өлемін деп қарамау.
Қазақ халқының бір ғана Абайы болса, Мұқағалиы да жалғыз. Сол шындықты шын жүректен түсінсек қана тарлан талант, жыр жампозы Мұқағали Мақатаевтың ұлттық мақтанышымыз екенін мойындаймыз.
«Есіңе мені алғайсың» әнімен жыр кешін аяқтау.
Ғасыр ақыны - Мұқағали
- Cаламатова Рашида
- 13 наурыз 2015
- 6291
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған кеш сценариі
Ұқсас жаңалықтар:
Бала Мұхаметқалидан ақын Мұқағалиға дейін
Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы, жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқанындай жарқырай түсуде....Бүгін менің туған күнім, ой пәлі - ай әдеби – композициялық кеш
Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, әндері мен поэмаларымен танысу. Ақынның өлеңдері мен поэмалары арқылы жасөспірімдерді...Жүрегі - жыр, пейілі - поэзия
Қазақ поэзиясында ерекше нұрланып, жұлдыздай жарқырап өткен, Хантәңіріндей асқақ тұлғалы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай жатақхана...Есіңе мені алғайсың... (сыныптан тыс жұмыс)
Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Бабатай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ақбисенова Жанаргүл Мусабекқызы...«ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК»
Алматы облысы, Сарқан ауданы, Қойлық ауылы Мараимова Шарбану Укметовна...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.