Сайтқа кіру Тіркелу

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1893-1938)

Әділеттілікті, еңбекті, ізгі қасиеттерді ту еткен кеңес заманының өркені өсу кезінде, қоғам жақсаруы, қайта құру, өткенді марксистік-лениндік методология тұрғысынан объективті ғылыми, терең зерттеуге мүмкіндік ашылған жағдайда ақын Шәкәрім Құдайбердиев мұрасы халық қазынасына қайта айналды. Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бюросында
«Ақын Шәкәрімнің творчестволық мұрасы жөнінде» мәселе қаралып, құптау хабар жариялануын қалың жұртшылық аса ризашылықпен қарсы алды. Мән-маңызы ерекше осы документте былай делінген:

«Шәкәрімнің әдеби творчествосы идеялық-тақырыптық мазмұнының ауқымдылығымен, әсерлі де көркемдік қуатының молдығымен ерекшеленеді. Жалпы алғанда, оның творчестоволық мұрасы мол да, мағыналы және ол ХІХ және ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен ерекше орын алады. Бұл мұра ұзақ жылдарғы «үнсіздік» пен нақақ жалдан кейін халыққа оралуы тиіс».

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросы ұлы Абайдың талантты шәкірті және оның реалистік дәстүрін жалғастырушы Шәкәрімнің шығармаларын сыншылдық тұрғыдан қарай отырып игеру, сөйтіп оларды халыққа жеткізу жөнінде, оның «Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі» және «Мұсылмандық шарты» аталатын кітапшаларына басқа барлық шығармалары еңбекшілер тәрбиесіне зардап тигізерлік зиянды идеялардан мүлдем ада екені өз алдына, олардың қоғамымызды рухани байыту ісіне, оның гуманистік және адамгершілік мұраттарын бекітуге қызмет ететіндігі туралы комиссия ұсынған тұжырымдар мен ұсыныстарға келісті. Ақынның уақытша жаңылысуы мен қателесуіне келсек, бұл оның дүние танымындағы белгілі бір шектеуліктің көрінісі ретінде бағалануы керек еді. Өткенде қиын жағдайларда өмір сүріп, халыққа аянбай еңбек еткен бірсыпыра асыл адамдардың қатарында енді Шәкәрім Құдайбердиевтің де жарқын бейнесі биіктей бермек.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, қазақтың қоғамдық, әлеуметтік, рухани, мәдени, әдеби өміріне кейде айтарлықтай белсене араласып, гуманистік, адамгершілік, демократтық, ағартушылық идеяларды уағыздаған, мол көркем мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердиев еді. Ол - әрі ақын, әрі прозаик, әрі аудармашы, философ, тарихшы, біршама журналистикаға да араласты.

Шәкәрімнің бай әдеби мұрасында өзі өмір сүрген дәуірдің қоғамдық көріністері, ақыл-ой ізденістері, толғамды тұжырымдары із қалдырды. Оның 73 жас өмірінің көбі – 60 жылы Қазан революциясынан бұрын, ол 13 жылы кеңес дәуірінде өтті. Шәкәрім өмірінің алғашқы он бес-жиырма жылы саналы өмірге дайындық кезі деп есептелсе, оның қоғамдық өмірге араласуы рухани шыңдалып, әдебиетке ден қоюы өткен ғасырдың 80-90 жылдары басталған болатын. ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде қазақ қоғам дамуының ішкі заңдылықтарына қарай әлеуметтік, таптық қайшылық, қақтығыстар, күрес-тартыстар шиеленісте, бұрын қалыптасқан қоғамдық ой-сана тынымсыз ізденісте болып көркем сөз салмағы мен ықпалы да молая түскен шақта Шәкәрім әдеби өмірге құлшына араласып, ұлт әдебиетінде Шоқан, Абай, Ыбырай сияқты үш алып орнықтырған арна-дәстүрді өнімді жалғастырушы бола алды.

Шәкәрім шығармаларының дені Қазан революциясына дейін жазылып, біразы баспада жарияланып, көпшілік назарына іліккен, жоғары бағаланған.
Қазан революциясына дейін оның бірнеше кітаптары жарық көрді: «Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі» және «Мұсылмандық шарты» Орынборда 1911 жылы басылды, «Қазақ айнасы» өлеңдер жинағы, «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік - Кебек» поэмалары Семейде 1912 жылы жарияланды. Осы жылдары Шәкәрім «Айқап» журналымен «Қазақ» газетінде көтерілген мәселелерге белсене араласып, бірнеше мақалалар жазды. Оның «Білімділерден бес түрлі нәрсенің шешуін сұраймын», «Біздің мұқтаждарымыз» мақалалары «Айқап» журналының 1912 жылы 3-4 сандарында басылды. «Жазу мәселесі», «Барша қырғыз білімділеріне ашық хат» - бұлар 1913, 1914, 1915 жылдары «Қазақ» газетінде жарияланған еді. Бұл туындыларды зиялы қауым қалай қабылдағаны, Шәкәрімге қандай үміт артқаны туралы да деректер сақталған.
Қазан революциясы әкелген жаңа дәуірдің жаңалықтары, дүрілдей келген өзгерістер, бірі қирап, бірі түзіліс тауып жатқан құбылыстар аясында Шәкәрім әлдебір себептермен ауытқулар ықпалында бола тұрса да негізінен бұрын қалыптасқан гуманистік, демократтық, ағартушылық көзқарасына, прогресс жолына қызмет ету мақсатына берілгендік, бекемдік танытты.

Кеңес дәуірінде Шәкәрімнің бірсыпыра шығармалары жарық көрді. «Абай» журналының 1918 жылғы 3-4 санында екі мақала, «Хафизден аударма», Физулидің «Ләйлі – Мәжнүн» поэмасынан еркін аударған нұсқасы алғашқыда «Шолпан» журналының 1922-1923 жылғы 2-8 сандарында, кейін жеке кітап болып С. Сейфуллиннің алғы сөзімен Алматыда 1935 жылы шықты. Соңғы жылдары Шәкәрімнің бір топ өлеңдері 1959 жылы «Қазақ әдебиеті»газетінде және Ленинградта шығатын «Ақын кітапханасы» сериясының «Қазақстан ақындары» жинағында 1978 жылы алғаш рет орысша аударылып басылды.

Ш. Құдайбердиевтің бұрын жарық көрген шығармаларының Қазақ ССР академиясының ғылыми кітапхана қорында сақтаулы қолжазбалары мен оның баласы Ахат жинаған материалдардың негізінде М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының әдебиет тарихы бөлімі ақынның таңдамалы шығармалар жинағын баспаға дайындады.
Шәкәрім Құдайбердиев мұрасын зерттегенде бұл қазынаға марксизм-ленинизм ілімі тұрғысынан қарау қажеттілігі ерекше ескерілуі керек. Біріңғай мадақтаушылыққа, сыңаржақ даттаушылыққа салынбай, ақын мұрасына объективті, ғылыми талдау жүргізіп, әдебиет тарихынан өзіне лайықты орын алтындай шын баға берілуі қажет. Ондай зерттеуге ақынның көркем туындылары, революциядан бұрын және кейін басылған шығармалары мен Қазақ ССР Ғылыми академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қорында сақтаулы бірен-саран қолжазбалары негіз болады.
Шәкәрім революциядан бұрын сыншыл реалист ақын ретінде қалыптасы, ой-өрісі, идеялық мақсат-мұраттары жағынан демократтық-халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытты өмірінің соңына дейін ұстанды. Шәкәрім творчестволық қызметінің бірнеше саласында – поэзияда, прозада, аудармада, трактат жазуда, журналистикада үлкен мұра қалдырды. Ш.Құдайбердиевтің бай әдеби, тарихи мұрасы марксистік-лениндік методологиялық тұрғыда жан-жақты объективті, ғылыми терең зерттелуі қажеттілігі аян.

Шәкәрім Құдайбердиевтің өмірбаянындағы ұтымды ерекшеліктердің бірі – ол ұлы Абай Құнанбаевтың ең жақын адамдарының қатарында екендігі, тікелей тәрбие, әсері, ықпал алуы.
Шәкәрім Құдайбердиев 1958 жылы 11 шілдеде ескі стиль бойынша Шыңғыс тауы бөктерінде қазіргі Семей облысының Абай ауданында туған. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған, Шәкәрім олардың немересі, яғни Абайдың немере інісі. Шәкәрімнің туған әке-шешесі туралы деректер әзірше бізге беймәлім. Әзірше дейтініміз кейін ізденістер жүргізілгенде ақынның әке-шешесі туралы да деректер кездесіп қалуы мүмкін, өйткені Құнанбай балаларына, немерелеріне мықтап көңіл бөлуді ұмытпаған, тіпті фамилияларын анықтауға дейін мұқият болғаны туралы мәліметтер сақталған ғой.

Құнанбай өз балаларына бірде өз әкесі Өскенбайдың атын, бірде өз атын фамилия еткен. Мысалы, Құнанбай Айғыздан туған
Халиолла деген баласына Өскенбаев деп жаздырғаны туралы дерек қағаз (свидетельство)сақталған.
Сол сияқты Құдайберді туралы да деректер қалуы мүмкін. М.О.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында Құдайберді мен Абай арасындағы жылы қарым-қатынас суреттелген. Онда Құдайбердінің ауырып, төсек тартып жатқан кезі, оның көңілін сұрап Абай келуі, ағалық-інілік көңіл-күй көріністері, қадірлес қимас ағаның шиеттей балаларына Абай қамқор болатыны бейнеленген. М.О.Әуезов: «Қарашоқыдағы қыстауға келген соң, Абай ең әуелі әкесіне бармай, Күнкенің үйіне кірді. Мұнда Абайдың ең жақын көретін туысқаны Құдайберді көптен бері науқас болатын. Алдымен соған амандасып, жайын білмек» - деп жазды. М. Әуезов суреттеуіне қарағанда, Құдайберді ұстамды, сабырлы, ойлы, әкесі Құнанбайдың ел билеу ісіне сын көзбен қарайтын, жас інісі – Абай тартыс, жала, сұмдықтарға ілігіп кетпесе екен деген қамқор көңілді, ізгі жүректі адам болған. М.О.Әуезов: «Құдайберді өлерде Абай оған: «Балаларыңды әке орнына бағу қарызым болар», - деп «жетімдік көрсетпеспін» деп ант еткендей болатын. Айтқанындай, Абай содан бері Құдайберді балаларын өзімен туысқан Оспаннан да, өз балаларынан да қатты еркелететін» - деп жазды. Шәкәрімнің анасы Дәметкен туралы да мәлімет аз. М.Әуезовтің

«Абай жолы» романындағы деректерге қарағанда, ол Құдайбердінің бәйбішесі, Дәметкеннің басқа да ұлдары болған.
Құдайберді 1866 жылы 37 жасында дүниеден өткен. Құнанбай үлкен ұлы Құдайбердінің аты өшпесін деп оның баласы Шәкәрімге фамилия ретінде жаздыруы мүмкін. Немесе, Шәкәрім жеті жасында әкеден айырылғанда оның бейнесін жазында сақтап, есейгенде әкесінің атын фамилия етіп алды ма, әлде Абай кеңес берді ме ол арасы беймәлім. өзі тірі кезінде жарияланған еңбектері мен кейбір мақалаларында «Құдайбердіұлы Шәкәрім» немесе «Құдайбердин» деп қол қойылған, Құдайбердиев болып қашаннан жазылғаны, кім жазғаны да белгісіз. Бұл, әрине, кіші-гірім ғана мәселе болып көрінгенмен ғылым, тарих, әдебиет өкілдерінің өмірбаяны мен қызметіне қатысы бар әр дерек, мәлімет дәлділік, бірыңғайлық қажет ететіні ескерілуі шарт.
Шәкәрім өмірінің біраз жайы өз шығармаларында, әсіресе, «Мұтылғанның өмірі» деген поэмасында жазылған.

«Бесімде оқу білсін деп,
Ата-анам берді сабаққа.
Жеті жаста жетім боп
Түскендей болдым абаққа.
Ардақты кенже жетім деп
Әлпештеді мені көп,
Надандыққа болды сеп
Қақпай ешкім қабаққа, -

деп бастайды ақын осы өлеңін. Шәкәрім «Түрік, қырғыз, қазақ, һәм ханлар шежіресінде» былай деп жазды: «Мен пақыр өз әкем өлген соң ұлық атамыз хажы марқұмның тәрбиесінде қалсам да, бұрыннан ауылымыз, қыстауымыз бөлек болғанда хажы марқұм мені «жетім» деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау қылып, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім. Әйтсе де түрік танып, орысша хат танып қалдым». Шәкәрім біраз уақыт жастық қызығына түсіп, ойын-сауыққа, серілікке үйір болған, домбыра, гармон тартатын өнері де бар, саяттық та қызықтырған. Жастық кездің желіктерін ол кейін өкіне еске алады. Алайда, ол білім-ғылымның қадір-қасиетін кештеу білсе да терең түсініп, өз бетімен оқып, үйреніп, рухани қазыналарға көп үңілген. Өз елінің сөз мұрасына қоса, басқа жұрт асылдарын меңгерген Шәкәрім Абай мектебінен өтеді, оның кеңес-ақылымен өлеңдер шығара бастайды, поэмалар жазады. Оның жетімдік, жоқшылық көрмей, сауатты да сергек өсуіне ұлы Абай қамқорында болуы қатты әсер еткен. Шәкәрім Абай аясында саналы, талантты ақын болып қалыптасты. Ол Абайдың көзі тірісінде-ақ оның, данышпан ақын екендігін алғаш танып, өлең өрнектерін арнады:

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық.
Ал, енді олай болса, кімді алалық,
Қазақта қай жақсы бар, көз саларлық.
Шын іздесек – табармыз шыны ғалым!
Жалыналық Абайға, жүр баралық.

Ол қазақ қоғамының рухани өсуіне көмектесуді, жастарды ғылым-білім, өнер-өнегеге баулуды мұрат тұтады. Қырық жасқа таянған шақта ол поэзиямен бірыңғай шұғылданып, «Қазақ айнасындағы» көптеген өлеңдерін шығарады, поэмалар жазады, олардың көпшілігі әлеуметтік, гуманистік, ағартушылық арнадағы туындылар еді.

Шәкәрім өмірінің есею жылдарында қалыптасқан қасиеттерінің бірі - өз бетімен білім өрісін кеңейтуі, бірнеше тілдерді: араб, парсы, түрік, орыс тілдерін меңгеріп, қазына қорына еркін бойлап, осы тілдердегі шығармалардың кейбірін қазақ тіліне аудару өнерін игеру екенін айтқанбыз. Адамдардың сана-сезімі мәдениетін көтеру, оқу-өнерге ынталандыру мақсатымен Шәкәрім талай төл шығармаларымен қоса, басқа халықтар рухани байлығына бойлағанда олардан адамзаттық ортақ, ұқсас ой жүйелеріне қанықты, дүниетанымы кеңейе түсті.

Өлеңдері

Өкінішті өмір
Махаббат пен құмарлық
Кәрілік туралы
Адамдық борышың
Дүние мен өмір
Жастарға
Қалқаман-Мамыр поэмасы
Бостандық таңы атты
Ызақорлар
Епті тышқан бидайды таси берген
Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Иман туралы ұлағатты сөздер

Иман туралы ұлағатты сөздер

Имансыздың сыртын қанша жусаң да, іші оңбайды. Абай Құнанбайұлы...
Қалқаман - Мамыр поэмасы

Қалқаман - Мамыр поэмасы

Шәкәрім шығармашылығымен таныстыру, поэманың мазмұнын ұғындыру арқылы кейіпкерлерге мінездеме беру, шығарманы композициялық құрылымына талдау....
Жамбылдың өмірі, шығармашылығы

Жамбылдың өмірі, шығармашылығы

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, «Н. Нысанбайұлы атындағы жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қазақ тілі және әдебиеті...
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Адамдық борышың » өлеңі

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Адамдық борышың » өлеңі

Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы ОМ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Муканова...
Шәкәрім Құдайбердіұлы. Жолама қулар маңайға, Адамдық борышың өлеңдері

Шәкәрім Құдайбердіұлы. Жолама қулар маңайға, Адамдық борышың өлеңдері

Шәкәрімнің өскен ортасы, шығармашылығы туралы терең білім беру, өлеңдерін мәнерлеп оқуға, жатқа айтуға баулу, әндерін үйрету. Оқушылардың Шәкәрім...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×