Науан Наурыз, армысың!
Сағынғали Сейітов
Наурыз келді, көктем келді ағайын,
Жадырайды, жаңғырады маңайым.
Назды, сазды науан Наурыз, армысың?
Сұлу мүсін саған біткен бар мүсін.
Қайнарындай қалың қуат, қайраттың,
Сен келдің де ғаламшарды жайнаттың.
Тіршілікке тіл бітіріп өзгеше,
Дүниенің бұлбұлдарын сайраттың.
Наурыз
Мақтымұлы
Аударған Дүйсенбек Қанатбаев
Жеткен кезде наурызымыз жапан біткен жаңғырар,
Тұман орнап, тау басын аспан үрпі салбырар.
Жансыздарға жан бітіп, әуен билеп маңды бар,
Жер көгеріп, шөп қаулап, мерейін бір қандырар.
Күнге тосып арқасын жан - жануар албырар,
Аунап - қунап барлығы жерге түгін қалдырар.
Келе сала наурызым жоқ нәрсені бар қылар!
Жапан шөлін қандырып, нұр тарайды қуысқа,
Тақырларда қақ тұрып, су толады ыдысқа.
Қозғалғанның бәрі де бірі шебер, бірі ұста,
Бұлбұл салса әніне, илеу салды құмырсқа.
Өз дауысын біреуі естіртуге тырысса,
Тумай жатып біреуі шығар сынды ұрысқа,
Келе сала наурызым өмір заңын жар қылар.
Бар тіршілік осылай жатқан кезде жаңғырып,
Мен отырмын оңаша, көңіл жүдеп, әл құрып.
Ақиқатқа табынған өмір сүрер мәңгілік,
Махаббаттан ада жан – қалар түбі қаңғырып.
Көктем баста тұрғанда бәрі де бір әңгүдік,
Ертең көктем кеткен соң қаламыз ба санды ұрып,
Келе сала наурызым тәттіні де зәр қылар.
Мақтұмқұлы, мұқалма, бұл фәнидің мақамы,
Бәрі-бәрі баянсыз, сол жаныма батады.
Көншімейді көңілім, көкірегім қапалы,
Таусылғанмен төзімім, сөзім болғай опалы.
Қолды жайып, телміріп кімге берем батаны,
Аман болсын кейінгі, аман болсын Отаны,
Келген наурызым адам басын даң қылар.
Наурыз сыйы тыныштық
Әли Ысқақбай
Жадырап күннің жанары,
Бетті өпсе жылы самалы.
Сай-сайға ақса жылғалар,
Бұл Наурыз хабары.
Ашылып аспан шүмегі,
Жауынмен құм да түледі.
Көкмайса жұмсақ құлпырған,
Бұл Наурыз кілемі.
Бусанып тарғыл атырап,
Нәрленіп торғын топырақ.
Жауқазын өссе күнеске,
Бұл Наурыз – жапырақ.
Көз тігіп Күнге барлығы,
Бүршігін жарса әр гүлі.
Халыққа бақыт тілеген,
Бұл Наурыздың жарлығы
Бөктіріп көктем жаңбыры,
Тіріліп шөптің тамыры.
Бүрленсе жусан бұрқырап,
Бұл Наурыздың таң нұры.
Қауымға қалың дүр болған,
Шаттыққа бөлер жыр болған.
Шапағат төккен мейірлі,
Бұл Наурыз ғой нұр болған.
Себелеп жаңбыр жауып тұр,
Емшегін бұлттың сауып тұр.
Жақсылық нәрін мол сепкен,
Бұл Наурыз сауық-жыр.
Тілегін айтып ұнаған,
Арылса туыс күнәдан.
Көңілде күдік қалдырмас,
Бұл Наурыз – шын адам.
Тұқымын сеуіп ырыс-құт,
Дем алса диқан тыныс қып.
Тірлік пен байлық бастауы,
Наурыз сыйы тыныштық.
Тәуелсіз елдің адамы,
Бейбіт күн берік қамалы.
Құт болсын дейік ағайын,
Жаңа күн Наурыз қадамы
Жасыл нұрға бөленіп төңірегім
Марфуға Бектемирова
Қырға көшіп келеді елім менің,
Малын жайып, салатын төріне егін.
Наурыз туып, жан бітті дүниеге,
Жасыл нұрға малынып төңірегім.
Түйе өткен жұп-жұмсақ жерді басам,
Бақыт құсым кеудеме қондың қашан?
Сүйіп тұрып Наурыздың атқан таңын,
Қуаныштан көңілім болды масаң
Ән айтамын ақырын тұнық таңда,
Қазақ қызы ән-жырын ұмытқан ба?
Көңіл шіркін қарлығаш ұшып шыққан,
Жатқандай бір қапаста, құлыптауда.
Елең қылмай, сап-салқын түн ызғарын,
Тыңдап тұрмын құстардың сыбызғы әнін.
Ерте көктем жұтқызар жұпар ауа,
Таңдайыма әкелді қымыз дәмін.
Кеш оралған көктемнің ерке құсы,
Осы екен ғой көктемнің еркелісі.
Осы екен ғой атамның аманаты,
Осы екен ғой әжемнің ертегісі.
Щолпы тақты алтын күн қайыңға әсем,
Ән айтады бұлақтар, уайым бәсең.
Тек асығып барасың, алтын айым,
Не айтасың ақын қыз жайында сен?
Наурыз
Бейімбет Майлин
Біреуім екеу болды - мал қосылды,
Қораға бұзау, лақ, қозы толды.
Ызғарлы суық қыстың кәрі кеміп,
Аспаннан күн күлімдеп, шырай оңды.
Ұзамай қарда кетер, жаз да болар,
Сай-сала гүрілдесіп суға толар.
Бөленіп жер жібекке, мың құлпырып,
Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.
Жаз иісі бүгін келді, жан жайланды,
Кешегі көрген бейнет артта қалды.
Өмірге жаңа жолдар ашатұғын,
Жаңа жыл - бүгінгі күн, жаздың алды.
Келдің бе, Әз Наурызым – Жаңа күнім!
Оятып бәйшешекті – дала күн.
Көп болса қандай жақсы болар еді,
Жүректі жадыратар жаңалығың.
Әз Наурыз келген болсаң төкші нұрды,
Естіртпе сен әзірше әнді мұңды.
Бағзыдан әдетіміз бойға сіңген,
Күтетін зор үміттен Жаңа жылды.
Сен бізге құт болып кел, бақ болып кел,
Адалға ақиқатқа жақ болып кел.
Жамандық, қасіреттен ауылы алыс,
Жыл болшы бетегіне шаттық ерер.
Сәулеңді, шуағыңды аямашы,
Сәбидей жас-кәрімді аялашы.
Құтты қонақ секілді емін-еркін,
Даламды, тау-тасымды аралашы.
Кел, Наурыз! Құшағымды ашып тұрмын,
Қуанып сен келген соң тасып тұрмын.
Жылуды, жылылықты сағындым ба,
Әйтеуір, ғашық қылдың, ғашық қылдың...
Кел, Наурызым!
Орынбек Жолдыбай
Кел, наурызым, шық төріме думандат,
Жұрт қарасын бейнетіңе қайран қап.
Табиғаттың тұмса шағы тамсантып,
Халқым да бір жадырасын сайрандап.
Кел, наурызым, самалыңмен еркелет,
Қырға шығар, жамағатты жетелет.
Бала біткен болып жүр ғой мәз-мәйрам,
Наурыз келген, көктем келген екен деп.
Кел, наурызым, берекелі жыл басым,
Мәңгілікке замананың құрдасы
Жылда мені қуанышқа бөлейсің,
Ғасырлардың және менің сырласым.
Кел, наурызым, бұла күшім, балғыным,
Сен келгенде қашар менен қайғы-мұң.
Құдіретің бар жаңғыратын ғаламда,
Сондықтан да асқақ сенің айбының.
Кел, наурызым, көргенің көп көнесің,
Жия алмаған кездер болды ел есін.
Бұқпантайлап қарсы алатын өзіңді,
Кездер болды, ұмытпайсың, білесің.
Кел, наурызым, ортаймайтын ырысың,
Тәуелсіздік және өзің тынысым.
Жалғастырып ұрпақтарды ұрпаққа,
Аралай бер сәнге бөлеп ел ішін.
Музафар Әлімбаев
Сен ортақ дастарқансың бәрімізге,
Татырған сары уыздың нәрін бізге.
Наурыз, сен көктемдегі үмітіміз,
Жарылқар берекеміз сары күзде.
Наурыз – ол емес әсте дырду-думан,
Киік емес қиқулап бір күн туған.
Ол – қыздың кісілікпен көшеленіп,
Рухани есеюі ұлдың туған.
Наурыз – ол ұсақтықтан арылуың,
Халықтың бірлігінің мығымдығы.
Күдіктің безбеніне тартылмайтын,
Қазақи Ата дәстүр Ұлылығы.
Наурыз
Несібелі Иманқызы
Қыр төсін жауқазындай өрнектеді.
Тіршілік тамырына нәр жүгіріп,
Жадырады адамдардың келбеттері.
Наурыз, жыл он екі ай елдің жүгін,
Арқалап арамызға келдің бүгін.
Дамытып бейбіт елдің еркіндігін,
Жайлауын жарастырдың елдігімнің.
Наурыз түріп тастап жер түндігін,
Айығып ақ күмістей серпілді күн.
Сұлудай сылаңдаған мөлдір сулар,
Жылғамен ағып жатыр еркін бүгін.
Халқымыз қастерлеген ежелден-ақ,
Келе бер аттың басын тежемей-ақ.
Наурыз көжемізден қанып ішкін,
Ұлыстың ұлы күні тұрма қарап.
Шуағы жер әлімді жандандырып,
Өріске барады өріп алуан түлік.
Дән сеуіп молшылықты жасаймын деп,
Барады диқан жігіт таңнан тұрып.
Бақыттың тігілген соң көк байрағы,
Шарықтап көңіл құсым көкте ойнады.
Нақышын Наурыздың арқау етіп,
Жырларын ақындар да төкті ойдағы.
Наурыз мерекесіне арналған тақпақтар
- ramuk_b
- 11 наурыз 2024
- 13962
- 0
- 100
Ілмек сөздер: Наурыз мерекесіне арналған тақпақтар, өлең, тақпақ, 22 наурызға арналған
Ұқсас жаңалықтар:
Науыз туралы өлең шумақтар
Ұлы күнде тауып мезгіл бір ретін, Атқарғандай қасиетті міндетін. Жаратылыс нұрын бөліп Жаратқан, Жылына бір теңелген сәт Күн мен Түн....Наурыз мейрамына арналған тақпақтар
Кел, наурызым, берекелі жыл басым, Мәңгілікке замананың құрдасы. Жылда мені қуанышқа бөлейсің, Ғасырлардың және менің сырласым. Кел, наурызым, бұла...Наурыз мерекесі
Шамиганова Алмагуль...Көктем
1«б» сынып оқушысы: Саматқызы Аида...Көктем неткен керемет!
1«б» сынып оқушысы: Искаков Ақбар...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.