Сайтқа кіру Тіркелу
загрузка...

Қорқыт атаның ұлағатты сөздері

Қорқыт атаның кеңестері далалықтардың қоғамдық өмірінде үлкен рөл атқарды, олар күні бүгінге дейін халық даналығы шоғырланған мақал мен мәтелдер ретінде қабылданады. Оның қанатты сөзге айналған нақыл сөзі мынадай: «Қар қалың жауса да, көктемге дейін қалмайды, жайқалып өскен көк майса күзге дейін қалмайды. Ескі мақта мата болмас, ескі жауың дос болмас. Сулар тарам - тарам болып, қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды. Менмен, тәкәппар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді. Қара есектің басына жүген таққанмен тұлпар болмас. Қар қаншама қалың жауғанмен - жазға бармас, гүлденіп өскен бәйшешек күзге бармас. Тозған мақта бөз болмас, ежелгі жау ел болмас болмас. Қайыспас қара балтасыз жау алынбас. Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағлым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге жарамайды».

Осындай қанатты сөздерін қазақ мақал - мәтелдеріне ұқсатып мазмұнына қарай тақырыптарға бөлдім:

Қорқыт атаның тұрмыстық қажеттіліктерге байланысты нақыл сөздері:

Ер жігітке қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес

Мыңғырған мал жиғанмен адам жомарт атанбас,
Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды
Алла, алла демейінше іс өнбес, қадір тәңірі демейінше ер байымас
Баба малынан не пайда, баста дәулет болмаса
Қонақ келмеген қара үйдің құлағаны игі
Шабуын білмеген оқалы (үкілі) қылыштан шоқпар артық
Жалған сөз бұл дүниеде болмаса игі
Күн жадында жұма көрікті
Жол қиындығын көрмеген, жабы мінген жігітке Қап тауының арғымағын мінгізуден пайда жоқ
Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді
Есекке қанша жүген салғанмен ат болмас
Тәкаппарды тәңір сүймес
Ат тұяқты келеді, ақын тілді келеді
Өтірік сөз өрге баспайды
Қорқыт атаның ана туралы нақыл сөздері:
Ана — ердің серігі, батырдың бағдаршысы, ұрпақтың ұлы анасы
Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман
Анасыз қыз ақылға жарымас, әкесіз ұл сыйға жарымас
Ниеті құрыған әйел, нысапсыз әйел, кесір әйел
Ананың көңілі балада болар
Ақ сүтін тоя емізсе, ана көрікті
Ұлдың кімнен туғанын ана білер
Қыз анадан көрмейінше үгіт алмас
Тәлім - тәрбиеге байланысты қанатты сөздері:
Қыз ақылды ескермес - ана үлгісін көрмесе
Ұл жарылқап ас бермес - әке үлгісін көрмесе.

Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басы құрап, үйінен дәм беруге де жарымайды.
Ақылсыз баладан ата дәулетінен қайран жоқ.
Өзіңнен тумаса ұл өгей: қаншама бағып, қаққанмен ол саған ұл болмайды. Ер жетіп, ат жалын тартып мінген соң өз жөніне кетеді, бәлки ол тәрбиелеген адамға көрдім - білдім деген де сөзді айтпас.
Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып, тумағаны жақсы.

Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді.
Өтірік сөз өрге баспайды, өтірікші болғаннан, жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық.
Құл – төбе болмас, күйеу бала – ұл болмас.
Жігіт тірісінде қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жияды, байды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді.
Көңілі пасық ерде дәулет болмас
Өмір мен өлім туралы қанатты сөздері:
Өмір барда өлім бар, өзгеру бар.
Өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады.
Ажал уақыты жетпейінше, ешкім де өлмес.
Өлген адам тірілмес.
Мәңгі - бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе – адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі.
Өлген адам тірілмес, шыққан жан қайта келмес.
Әзелден жазылмаса, құл басына қаза келмес, ажал уақыты жетпейінше, ешкім өлмес.
Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп, өлмейді.
Өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейді.
Жігіт тірісінде қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жияды, байды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді.
Өлімді тоқтатса, тек өнер ғана тоқтатар
Туған жер, елге арналған қанатты сөздері:
Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі
Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды
Ат қиналмай жол шалмас
Қар қаншама қалың жауғанмен — жазға бармас
Қарлы таулар қартайса, шөп бітпес,
Арналы өзендер қартайса, су келмес
Шолақ сулар тасыса да, теңіз болмас
Опа, опа қар жауса да жазға жетпес, гүлді көгал күзге жетпес.
Ат жемеген ащы шөптің біткенінен, бітпегені игі.
Отты жерді жергілікті түз құстары білер, тегіс жердің көгалын құлан білер. Айыр, ауыр жолдар ізін түйе білер. Жеті сала иісін түлкі білер.
Адам ішпес ащы судың жылға қуып ақпағаны жақсы
Жердің соны шөбін киік білер, Жайылым жердің көкорай шалғынын жылқы білер
Су тарам - тарам болып қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды
Қанша қалың жауғанмен, Қар көктемде қалмайды. Гүл жайнаған қалың да, Қара күзге қалмайды.
Құстың қонар жерін су білер, Малдың барар жерін ну білер

Мен мақал - мәтел ретінде оқып қарап жүрген кейбір мақал мәтелдердің Қорқыт атаның сөздері екенін білдім. Атап айтқанда:

Қыз ақылды ескермес — ана үлгісін көрмесе
Ұл жарылқап ас бермес — әке үлгісін көрмесе

Адам баласы керуен сияқты: тоқтады, көшті де кетті.
Өлгендер қайтып келмейді, Шыққан жан қайтып енбейді.
Құстың қонар жерін су білер, Малдың барар жерін ну білер.
Топырақ тау болмайды.
Ескі киімнің биті ащы, Жетім баланың тілі ащы.
Ана көңілі балада, баланың көңілі далада.
Өмір барда өлім бар
Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман
Ат тұяқты келеді, ақын тілді келеді
Өтірік сөз өрге баспайды
Көк шүйгінін киік білер.
Бас аман болса бөрік табылады.
Дәулетті ұл – ошақтың қоры,
Дәулетсіз ұл – атаның соры.
Ұлдың күні күн емес – атадан мал қалмаса,
Ата малы пұл емес – баста ақыл болмаса.

Міне «Қорқыт ата кітабы», «Бес ғасыр жырлайды», «Қорқыт ата кітабы. Жырлар», «Қорқыт ата: Оғыздардың батырлық эпосы» кітаптарындағы қанатты сөздерді теріп жазып, оларды мазмұны бойынша саралағанымда, Қорқыт мұраларының ақыл - нақылға құралған шешендік нақыл сөздерінің аз кездеспейтінін байқадым. Нақыл сөздерінде ырғақ, ұйқасқа құралған мазмұны терең ұшқыр да ұтымды ой анық аңғарылып, бүгінгі күнде де өз тәрбиелік мәнін жоғалтпаған. Ғасырлар сынынан өтіп, бізге жеткен Қорқыт ата қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі және ол тудырған «Қорқыт ата кітабы» бүгінгі жастар үшін оғыз, қыпшақ дәуірінің ұлы мұрасы қазақ эпикалық дәстүрінің алғашқы баспалдағы ретінде жасай бермек. Қорқыттың пайымдауынша, адамдар адамилық қасиеттерін сақтап қалу керек. Адам үшін ең қауіптісі - адамилықты жоғалту. Қорқыт көтерген мәңгілік мәселесі - өмірсүйгіштікке шақыру және өмірді сүйген адам ғана өз ұрпағын адамгершілік негізінде тәрбиелейді, сол арқылы жалпы халықтың болашағы алдында өзінің жауапкершілігін түсінеді және перзенттік борышын барынша парасаттылықпен, ыждағатты түрде орындауға тырысады. Адамның тектілігі де, намысының негізгі кейпі де осында жатыр. Тектілікке, атаққа іліну немесе байлық пен мансап құру жатпайды, керісінше, дүниенің сырын, оның терең мәнін жүрегіңмен түсініп, ақылыңмен екшеп, айналаңа жылуыңды шаша жарқын өмір сүруді жатқызуға болады. Адам жақсы істің жалғасын біліп, дүниені көркейтуге өз үлесін қосуы, дарынын шабытпен шалқытып, адамдарды біріктіре білсе тектілік танытқаны. Бұл болмыста өмір сүре білу дегеніміз әлеуметтік шындықтағы қиындықтарды белсенді түрде жеңе білу, мүмкіндігінше тіршілікпен үйлесімділікті орнатуға атсалысуы. Бұл іс - әрекеттегі ұқыптылық - адамның үлкен өмірдің алдындағы жауапкершілігі. Қорқыт жырларындағы отаншылдық пен ерлік, ізгілік пен әдептілік, сабырлылық пен төзімділік - біздің бәріміздің ата - бабаларымызды қандай қиын сыннан да алып шыққан түркілік қанымызда бар қасиеттер.
Кері қайту
Загрузка...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
загрузка...
Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Күнделікті сабақ жоспары, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, ана тілі, ашық тәрбие сағаты, ағылшын тілі, ағылшын тілінен сабақ жоспары, бала бақша, бала-бақша, балабақша, балабақшаға арналған, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертеңгілік, математика, математикадан сабақ жоспары, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, технология, тәрбие, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, әдебиет, әдебиеттік оқу

Барлық тегтерді көрсету