Сайтқа кіру Тіркелу

Жылқының терісімен бұлап емдеу

Жылқының терісімен бұлап емдеу
Жақында бір келіншекпен кездейсоқ танысып қалдым. Әңгіме арасында ол тұрмыс құрғанына үш жылдан асса да әлі күнге құрсақ көтере алмай жүргенін айтып, мұңайып қалды. Мен оған анамнан естіген әңгімемді айтып беріп, бұлауға түсуге кеңес бердім. Бұл жаңа сойылған жылқы терісіне оранып, бұлау болатын.
Бүгінде көпшіліктің халық еміне ден қоя бастағаны рас. Алайда жылқының терісіне орап, бұлауға түсіру сияқты емдердің ел есінен шығып бара жатқаны жасырын емес. Сондықтан мен анам қолданған осы емді білімсайттың оқырмандарына арнап жазып отырмын. Мүмкін бұл ем біреудің бір кәдесіне жарап қалар. Өйткені дәл қазір жылқы терісін табу қиын емес қой.
* Мен ата - анамның тұңғыш перзентімін. Анам босағадан аттағанына төрт жылдан асқанша құрсақ көтере қоймапты. Келінінің бала көтермей жүруі қай енеге жаққан дейсіз? Немере аңсаған әжем анамды дәрігерге апарыпты. Тексеріп қараған дәрігерлер анамның денсаулығында кінәрат жоғын айтып шығарып салған. Олардың сөзіне қанағаттанбаған әжем: «Денсаулығы жақсы дейді ғой. Жақсы болса тумай ма?» – деп біраз ашуланыпты. Сөйтіп дәрігерлерден көңілі қалған ол кісі келініне түрлі халық емдерін қолдана бастапты. Алғашында бірнеше күн бойы анамды ыстық кірпіш үстіне отырғызған көрінеді. Кейін біреулерден құрсақ көтермеген әйелді жаңа сойылған жылқының терісіне жылыдай орап, бұлауға түсіру керек дегенді естіген. Осы әңгімені естіген күннен бастап анам мен әжем ауылдағы жылқы бағатын кісілердің үйін «аңдуға» көшіпті.
*«Сол кезде бізге ерегіскендей ешкімнің жылқы соймай қоймасы бар ма? – деп еске алушы еді анам. – Айналадағы көршілерден: «Ешкім жылқы соймайды ма?» – деп сұрап қоямыз. Олар біздің не үшін сұрап жүргенімізді қайдан білсін, таңырқай қарап: «Соғым союға әлі ерте емес пе? Күздің түскені енді ғой» – дейді. Сөйтіп жүргенде іргелес көршіміздің ұлы үйленді де, тойға тай соятын болды. Мен қуанғанымнан атамның аты Қаратай екенін ұмытып кетіп: «Апа, мына үй қара тайын соятын болыпты», – деп сүйінші сұрап келдім. Атам жарықтық момын кісі еді, маған күле қарап: «Қандай тайын дейсің?» – деп қайталай сұрады. Балалы болуды армандап жүргенімде атамның атын көзінше атап қойып, ұялғаным бар. Ал енем марқұм қуанғанынан орнынан ұшып тұрып, сол үйге қарай жүгіріп кетті. Ертесіне тайды сойып болған соң апам теріні жылуы кетіп қалмас үшін жылдамдата орап, үйге әкелді. Мен апамның айтуымен киімдерімді шешіп, жайылған терінің үстіне жаттым. Ал апам денемнің бір жерін ашық қалдырмастан түгелдей орап тастады. Біраздан соң терлей бастадым. Қанша уақыт жатқаным есімде жоқ, теріден шыққан соң апам жылы төсекке жатқызып, үстіме қалың көрпе жауып тастады. Осыдан кейін енем мені қашан құрсақ көтергенімше жас баладай әлдилеп күтті. Салқын суға қолымды салдырған жоқ, жеміс - жидек, көкөністерді жел болады деп жегізбеді. Тек қайнатылған сорпа ішкізіп, терлете берді. Осы емнен кейін арада көп уақыт өтпей - ақ менің аяғым ауырлады».
Бүгінде атам да, әжем де марқұм болған. Бала күнімізде сол кісілерді есіне алғанда анам ылғи да осы әңгімені айтып беріп отыратын. Мүмкін әжемнің жылқының терісіне бұлауға түсіргені әсер етті ме, мүмкін сәті солай келіп тұр ма, әйтеуір сол емнен кейін дүниеге мен келіппін.
*Естуімше, бұл ем бүйрек, бауыр, суықтау сынды сырқаттарда да шипа болады екен. Қазір жер - жерде жылқы сойылып, соғымның саудасы жүріп тұрған кез. Сондықтан жылқы терісін табу қиындық тудырмайтыны анық. Ендеше сәтті пайдаланып, бұлауға түсіп көріңіздер.
«Ауырмаңыз!» газетінен алынды.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×