«Гай Го Сай» мерекесі
- ramuk_b
- 29 қараша 2019
- 902
- 0
«Гай Го Сай» мерекесі
Еліміздегі Ұлы тұлғаларды, тарихи - мәдени ескерткіштерді халыққа, шетелдіктерге таныту, оларды насихаттау, тарихын жете зерделеу, жаңғырту, сақтау, дамыту - ұлттық бірегейліктің басты тірегі болып табылады.
Қазақстанда және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (www. kaznu. kz) жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында оқу үдерісінің дұрыс жүргізілуін, инновациялық дамудың әдіс - тәсілдерін жетік меңгерген, педагогикалық қабілеттілік пен ұстаздық өрелігі биік оқытушылар әлемнің Қытай, Корея, Жапония, АҚШ, Испания, Дания, Иран, Австралия елдерінен келген шетелдік студенттерге тіл меңгертіп, қазақ халқының салт - дәстүрін, тарихын үйретуде. Білім беру әлемінде 35 жылдан бері аянбай еңбек етіп келе жатқан кафедрада шетелден келген студенттер білімнің бастауын осы ұстаздардан алып, биік белестерге көтерілуде.
Міне, осындай кәсіби әрі жоғары деңгейде берілген білімнің нәтижесінің көрінісі ретінде осы біздің кафедрамызда өткен оқу жылы мобильды ауысыммен келіп, жыл бойы қазақ тілін үйреніп, еліне барып оқуын жалғастырып жатқан жапондық студент Токура Токио шет тілдері университетінде «Гай Го Сай» атты мерекенің өтіп жатқаны жайында жазып жіберіпті.
Бұл мерекеде Қазақстанда әл - Фараби атындағы ҚазҰУ - да оқып кеткен бір топ студенттер арнайы Қазақ елінен сатып алып кеткен қазақтың киіз үйін құрып, оның ішін көз жауын алатын ою - өрнек пен қолдан тоқылған кілем, сырылған сырмақ, көрпе - жастық тағы басқа жабдықтармен толтырып, қазақтың дастарқанын жайып, қасиетті домбырасымен күй тартып, әнін шырқап, қазақ елі жайында көрген білгендерін ортаға салып жатқанын көргенімізде көңіліміз тасып, жүрегімізді мақтаныш сезімі биледі.
Токура Жапонияда жүріп қазақ эпостарымен жапон тілінде танысып, қазақ жырларына деген қызығушылығы оянып, қазақ тілінде оқып әрі зерттеу үшін қазақ тілін үйреніп жатса, басқа да жапондық студенттер қазақ тілін жапон тілімен салыстыра зерттеуді мақсат етіп, қазақтың салт - дәстүріне, тарихы мен мәдениетіне, өнеріне қызығып, қазақ күйлерін, қол өнерін, салт - дәстүрі мен тарихын зерттеуге талпынған жапон елінің студенттеріне алғысымыз шексіз. Болашақта екі елдің арасына, ғылымына, мәдениетіне алтын көпір салатын білімді, білікті, парасатты азаматтар болатынына сеніміміз мол.
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының заманауи қазақстандық мəдениетті əлемге танытып, ұлттық мəдениетті, қасиетті рухани құндылықтарды, білім мен ғылым саласында жеткен жетістіктерін дәріптеп, шетелдік азаматтарға кеңінен таныстыруда үлесі зор деп есептеуге болады.
Р. И. Дүйсенбаева., А. Е. Саденова.
Әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім
беру дайындығы кафедрасының оқытушылары