Тұлғаға бағытталған білім – білім беруді жаңартудың басты бағыты
Бүгінгі күні жеке тұлғаны дамытуға бағдарланған, ізгілікті, шынайы демократиялық нышандағы бүкіл адамзаттық құндылықтарды алға шығаратын білім беру жүйесін қалыптастыруда ірі-ірі қадам жасалынуда. Есімі баршамызға белгілі «аққан жұлдыз» атанған Ш.Уәлиханов «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген болатын. Қазір біз азаттық алған, Тәуелсіздігімізге 20 жыл толған егемен елміз.
Ал Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған келесі мәселе – білім беру, ғылымды дамыту, өркениет біткеннің өзегі – білім, ғылым, тәрбие екеніне ешкімнің таласы жоқ. Осы орайда білім ордасы мектеп екендігі баршаға мәлім.
Қазақстандық мектептерді жаңарту тұжырымдамасы жалпы бiлiм берудің басым бағыттарын, оқушы мен мұғалімнің өзара ынтымақтастығы үлгiсiн білім беру үрдісінде қалыптастыру мен әртүрлі оқу - iс-әрекетін қамтитын оқыту әдiстерiнiң үйлесiмдiлiгi негiзiнде жүзеге асырылуы тиіс екендiгiн анықтап беріп отыр. Бұл басым бағыттар мектепте бiлiм беруді дамытуға негіз болады. Осыған орай мектептің әр сатысында оқыту мен тәрбие берудің мақсаты, бiлiм мазмұнын iрiктеу ұстанымдары, сондай-ақ, оқушылардың дайындық сапасын бағалау тәсiлдерi нақтыланады.
Қаламыздағы білім ошақтарының бірі - 91-орамда орналасқан №10 орта мектебі. Бүгінгі таңда мектептің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады.
Мектепте қазіргі кезде 425 бала білім алып, 3 жаспен 5 жас аралығындағы балаларға арналған «Балдәурен» шағын орталығында 25 бала тәрбиеленуде.
Бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру – педагогикалық ұжымның барлық мүшелерінің бірігуін талап етеді. Тұлғаға бағытталған білім - оқушылардың тұлғалық ерекшеліктері ашылатын, қасиеттері қалыптасатын, мүмкіндіктері жүзеге асырылатын оқыту жағдайы. Әр оқушының болмысы арқылы дамытушылық, шығармашылық ойлау, өз бетінше шешім қабылдау қабілетінің қалыптасуы тиіс.
Осы орайда мектептің бүгінгі бет бейнесін жаңа қырынан көрсетіп келе жатқан №10 орта мектеп ұжымының өткен оқу жылында жеткен жетістіктері аз емес. Білім шаңырағындағы әлеуметі мықты, интеллектуалдық қабілеті, кәсіби білігі жоғары ұстаздар ұжымның 51 %-ын құрайды.
Мектепте оқушылардың ғылыми зерттеуге қызығушылығын қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін таныту және дамыту, шығармашылық сипаттағы жеке тұлғаларды тәрбиелеу жұмыстарын жүргізу мақсатында «Жас өркен» оқушылар ғылыми қоғамы жұмыс жасайды. Осы ғылыми-ізденіс қоғамы мүшелерінің, 10А сынып оқушысы Әлішерова Ақеркенің «Ұлытау жер-су аттарының қойылу ерекшеліктері», 6А сынып оқушысы Есенгалиева Гулімнің «Фразеологизмы русского языка», 9В сынып оқушысы Сейтбатталова Назираның Стиль «РЕТРО» тақырыптарындағы ғылыми - ізденіс жұмыстары ҚР кіші ғылым академиясында Алматы облыстық 20-шы ғылыми-практикалық конференциясында қорғалып, арнайы жинаққа енгізілді. 13 оқушы республикалық «Русский медвежонок» зияткерлік сайысында жүлделі 1,2 – орындарға, 5 оқушы қалалық пән олимпиадасында жүлделі 1, 2 орындарға ие болса,
Жас музыканттардың 45 Облыстық конкурсында 3Б сынып оқушысы (скрипкашы) Мурзатова Лейла І орынды, ІІ облыстық Махамбет оқуларында «Ұлы арман» номинациясы бойынша 9А сынып оқушысы Тоқтамысова Қуаныш ІІ орынды, «Шағын қалалардың қолдауына мемлекет арнайы саясат қолдануы қажет» тақырыбында өткізілген «Дебат-2010» аймақтық пікірталас сайысында мектеп оқушыларынан құрылған «Ақиқат тобы» ІІ орынды, Қарағанды қаласында өткізілген «Көшбасшы заңгер» зияткерлік ойынына қатысқан 11А сынып оқушысы Жаңабай Айдана 2 дәрежелі дипломды, 5А сынып оқушысы Қалжанов Ораз Болгария және Түркия мемлекеттерінде өткен халықаралық таэквандо байқауында І орынды қанжығасына байлады.
«Дидар» телеарнасының ұйымдастыруымен өткізілген Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Батырлар жырын жатқа айтам…» бағдарламасына 5Б сынып оқушысы Зейнел Нұрсұлтан жыл бойы қатысып, телеарнаның Алғыс хатымен марапатталды.
Облыстық ғылыми жоба, республикалық, халықаралық спорттық іс-шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған 5А сынып оқушысы Қалжанов Ораз бен 6А сынып оқушысы Есенгалиева Гүлім «Ғылым» баспасынан шығатын «Надежды Казахстана. Лучшие учащиеся республики Казахстан 2010-2011г.г.» кітабына енгізілді. 10А сынып оқушысы Байзақова Інжутастың «Жобалар жәрмеңкесі» атты ғылыми жобасы «Ғылым және білім ғасыры» атты Республикалық (№1-3 қаңтар-наурыз 2011жыл) ғылыми журналға жарияланды.
Дамыта - түзету сыныбындағы оқушыларға инклюзивті білім беру балалардың денсаулығын ескере отырып әзірленген арнайы бағдарламалар бойынша жүзеге асырылады.
Тұлғаға бағытталған білім – білім беруді жаңартудың басты бағыты.Тұлғаға берілген білім нәтижесін Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысынан да байқауға болады:
ҰБТ пәндері
Оқу жылы
қазақ тілі
2008-2009-----83,3
2009-2010-----83,3
2010-2011------100
орыс тілі
2008-2009-----58,3
2009-2010-----66,6
2010-2011-----68,4
Қазақстан тарихы
2008-2009-----75
2009-2010-----72,2
2010-2011-----78,9
Математика
2008-2009-----33,3
2009-2010-----38,8
2010-2011-----84,2
ағылшын тілі
2008-2009-----100
2009-201-
дүниежүзі тарихы
2008-2009 -
2009-2010-----83,3
2010-2011-----71,4
физика
2008-2009-----66,6
2009-2010-----50
2010-2011-----100
География
2008-2009------80
2009-2010------33,3
2010-2011------100
Биология
2010-2011------100
Биылғы оқу жылындағы ҰБТ бойынша сапа 84,2; 82,3 орташа балды көрсетіп, қала мектептері арасында 3-орынға ие болдық.
Мектепте ғылым негіздерін тереңдетіп оқытатын сыныптарда: ағылшын тілі, қазақ тілі мен әдебиеті, география пәндері бойынша мемлекеттік стандарт деңгейінен жоғары көлемде білім беріледі.
Қазіргі таңдағы ағылшын тіліне деген оқушылардың қызығушылығы мен ата-аналардың сұранысын ескере отырып, оқу жоспарының жылжымалы бөлігі есебінен 3,4-сыныптарда «Ағылшынша сөйлесейік», «Happy English» бейіналды курстары жүргізіледі. Ал жаңа, 2011-2012 оқу жылында ағылшын тілі, информатика пәндерін тереңдетілген түрде оқитын жаңа сыныптар ашу жоспарлануда.
«Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» - деген Н.Ә.Назарбаевтің сөзі жай айтыла салған жоқ. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен өлшенеді. Өркениет өзегі – білім, ғылым, тәрбие екендігінде ешкімнің таласы жоқ. Осы орайда жас ұрпақты білімге құштар, өмірге, өнерге құмар, адал, батыл да жігерлі етіп тәрбиелеуде ұстаз еңбегі өлшеусіз. Білім беру саласында аянбай еңбек етіп, жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беріп жүрген, қай істе де нұсқау беріп, көмек көрсетуден жалықпайтын ұстаздарымызды мақтан тұтамыз. Атап айтсақ, 2010-2011 оқу жылында қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинеті ұйымдастырған орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында өткізілген «Педагогикалық жекпе-жекте» орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Оспанова Гулнар Ашмуханова жүлделі ІІІ орынды, «Ең үздік флипчарт» байқауында ІІ орынды иеленді. 9 мұғалім (Жолдыбаева К.Р, Досмағанбетова Ж.А., Омарова А.Б., Қазанғапова В.О., Алданазарова К.А., Оразалина А.Б, Шалмағанбетова Г.М, Дөңгелекова Б.А., Батаева З.Қ) облыстық, республикалық деңгейде өткізілген ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, жұмыстары арнайы жинаққа енгізілді.
Бүгінгі күні әлемдік кеңістікте барлық мектептердің білім деңгейлерін арттыру үшін негізгі бір жол бар екені белгілі. Ол жол – білім сапасын ақпараттандыру.
Мектептің ақпараттандыру жағдайына тоқталсақ, информатика кабинеттері компьютерлермен жабдықталған, 16 ноутбук, 76 компьютер (оқушы санына шаққанда 6 балаға 1 компьютерден келеді). Компьютерлер интернет желісіне қосылған. Интернет желісімен жұмыс кестесі құрылып, оқушылар мен мұғалімдер сабақтан тыс уақытта интернет желісін мүмкіндігінше пайдалана алады.
Оқушыларды ақпараттандыру, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға бағытталған вариативті (қолданбалы, таңдау) курстар: 10-сыныпта «Компьютерлік графика», 11-сыныпта «Turbo Pascal –бағдарламалау тілі», 8-сыныпта «Интернет және телекоммуникация», 5-6-сыныптарда «Ақпараттық технология» курстары жүргізіледі. Бұл аталған курстардан оқушылар компьютерлік сауаттылықтарын толық дамытып, кәсіби бағдар алады.
Білім беру саласына инновациялар енгізуді ақпараттық-коммуникациялық қамтамасыз ету – сапалы оқытудың кепілі.
Алдағы уақытта мектептегі оқу-тәрбие үрдісін облыстық білім басқармасының жоспарына сәйкес «электронды мектеп» жобасына енгізу көзделіп отыр.
Жаңалықтың жаршысы болып көзге түсіп жүрген қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ташетова Гулбаршын Бактиярқызы қалалық деңгейде, информатика пәні мұғалімі Оразбаева Бақытжан Мухамедияновна облыстық деңгейде «Он лайн» жүйесінде сабақ беріп, әріптестерімен тәжірибе бөлісті. Осындай білікті маман, білімді жас барда елімнің ертеңінің айқын болары анық.
Ата-ана және әлеуметтік ортаның серіктестігін қамтамасыз ету арқылы тұлғаны әлеуметтендіру, білім алушылардың рухани және адамгершілік құндылықтарын дамыту, өзіндік таңдау жасауына ықпал ету – мектеп ұжымының басты ұстанымы. Осы ұстанымды жүзеге асыру мақсатында мектеп өмірінде жас жеткіншек ұрпақтар бойына халқымыздың тілін, тарихын, салт-дәстүрін жаңғырту, өз елінің ұлттық байлығын қадірлеп қастерлейтін білімді, интеллектуалды, саналы азамат болуға тәрбиелеу, рухани мәдениетін дамыту бағытындағы іс-шаралар жүргізу дәстүрлі үрдіске айналды. Биылғы оқу жылында өткізілген таным - тағылымы мол тәрбиелік іс-шаралардың, «Менің елім - менің болашығым» тақырыбындағы ашық есік күні, «Елтаңба – елдігімнің айшығы », «Егемен елдің болашағы жарқын», «Дәстүр мен мәдениет сабақтастығы» т.б. тақырыптардағы шығармалар байқауы, тәрбие сағаттары, «Тәуелсіз елім - тірегім» атты онкүндіктің ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізілгенін тілге тиек етеміз.
«Ел санатымен танылады, өнерімен теңеседі, ұрпағымен жалғасады» дейтін қағиданың негізінде мектеп дәліздері жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берерлік бұрыштармен безендірілген. Атап айтар болсақ, жол қауіпсіздігін сақтау, жол ережелерін оқушыларға үйрету мақсатында «Көшеде жүру» бұрышы ұйымдастырылған. Оқушыларға сыныптан тыс тәжірибелік сабақтар осы жерде жүргізіліп, жолда жүру тәртібінің қыр-сыры түсіндіріледі. Жыл сайын өткізілетін «Жас жол инспекторлары» байқауына мектеп оқушылары белсене қатысып, қалалық байқауда І орынды, облыстық байқаудың «Жас тілші»кезеңінде І орынды, «Үздік топ басшы» кезеңінде ІІІ орындарды иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды... Сондай-ақ, он саусағынан өнер тамған сегіз қырлы, бір сырлы өрендердің ұлттық қолөнерді дәріптеу мақсатында жасаған бұйымдары 1-қабаттағы «Қолөнер» көрмесінен орын алған. Осы көрмедегі жұмыстар қалалық “Сиқырлы саусақ -2011” байқауында ІІ орынды иеленді.
Ал «Жасыл ел» бағдарламасы негізінде безендірілген «Қысқы бақта» түрлі өсімдік түрлері өсіріліп, зертханалық жұмыстар жасалынады. Биология пәні бойынша жоба - байқауларға қатысатын оқушылар тәжірибелік жұмыстарын да осы бақта жасайды.
Ел президентінің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» тақырыбындағы Қазақстан халқына жолдауында - Жұлдызымызды жарқыратқан мерейлі биіктеріміз - білім беру ісін дамытуда 129 елдің арасында көш бастаушылар қатарында болуы еліміздің әрбір азаматының мақтанышы екендігі даусыз...
Халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар.
Біз, №10 орта мектеп ұжымы жыл бойы атқарған істерімізді қорытындылап, болашаққа бағдар жасаған елбасымыздың істерін қолдаймыз.
Жезқазған қаласындағы
№ 10 орта мектебінің директоры
Жолдыбаева Куляш Рахимовна
Тұлғаға бағытталған білім – білім беруді жаңартудың басты бағыты
- РахимовнаК
- 2 мам 2012
- 16536
- 0
- 0
Ілмек сөздер: мектеп, тұлғаға бағытталған білім
Ұқсас жаңалықтар:
Білім мен тәрбие берудегі мониторингтік қызмет
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, ММ "Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығының" мониторинг бойынша әдіскері Райымберді Әселжан Райымбердіқызы...Қазанбай Ғалия Тілектесқызы
Қызылорда обл, Қазалы ауд., Бекарыстан би ауылы Орыс тілі және әдебиеті мұғалімі Қазанбай Ғалия Тілектесқызы...Ағылшын тілін дамыту (бастауыш сыныптарға арналған таңдау курс бағдарлама)
Ағылшын тілін дамыту (бастауыш сыныптарға арналған таңдау курс бағдарлама)...Математика пәнінен тақырыптық - күнтізбелік жоспар. 11 сыныптар үшін
Математика пәнінен тақырыптық - күнтізбелік жоспар.11 сыныптар үшін Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті №249 мектеп-лицейдің математика...Кемел келешек кілті - білімде
Жезқазған қаласындағы №10 орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Досмаганбетова Жумакул Абсаматовна...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.