Сайтқа кіру Тіркелу

Өмір қымбатсың маған

Тақырыбы: Өмір,қымбатсың маған!
Мақсаты: оқушылардың өмір құндылығы туралы түсініктерін одан әрі тереңдету.
Міндеттері:
- оқушыларға өмір құндылығы туралы тереңірек білім беру;
- өмірге құштарлықтарын дамыту;
- өмірдің мәнін түсінуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: суреттер, слайдтар, аудио кассета.
Шаттық шеңбері «Өмір жыры» Сөзі Т.Молдағалиевтікі
Әні Ә. Бейсеуовтікі

1.Өмір деген ойын да емес,той да емес,
Басқалардан биік тұрар бой да емес.
Өмір деген шахмат емес шатасқан,
Өмір деген ұта қояр дойбы емес.
Қайырмасы:
Өмір –қатаң емтихан,
Өтпейтіндер құлайды.
Қадіріне жетпейтіндер
Өмір бойы жылайды.

2.Өмір оны келе жатыр дәлелдеп,
Өмір деген - еңбек, еңбек және еңбек.
Өмір деген бақыттың да құсы емес,
Қарап жатсаң,қона қалар саған кеп.
Сұрақ-жауап: - Өмір дегенді қалай түсінесіңдер ?
Өмір сөзін тағы қалай айтуға болады?(тағдыр,тіршілік,махаббат)
Сәттілік сәті. Бір - біріне тілек айту арқылы жүрекшелерді сыйлау.

Мәтінмен жұмыс.Ш.Сариевтің өлеңімен таныстыру.Өмір тек бақыт,қуаныш,шаттықтан ғана емес,оның көлеңкелі жақтары да болатындығын ұғындыру.
Өмір деген тұрмайды қап - қарадан

Ш. Сариев
Өмір деген тұрады:таң мен кештен,
Ғұмырлы екі араны жанмен кешкен.
Құпия,жұмбақ,сырлы дүниеге,
Адамдар Армен келіп,Армен көшкен.
Өмір деген екі өзен: Мұң - қуаныш,
Толқыны: Шындық - Жалған, Күлкі - Намыс.
Бір таяздап өмірде,бір тереңдеп,
Бір лайланып,өмірде бір тұнамыз.
Күн десең де,тірлікті түн десең де,
Өмірде өсімдіктей бүрлесеңдер,
Жолында жолығатын қос тағдыр бар:
Жусан - Жантақ, гүл - Тікен,гүл мен Шеңгел.
Өмір дәмі,екі дәм: Ащы - Тәтті,
Таңдайыңа тиеді: Жұмсақ - Қатты.
Жолында жолығатын екі тағдыр,
Күтеді Адам үшін сын сағатты.
Өмір дәмі - екі дәм: улы – усыз,
Тірлік татып жатады шулы - шусыз.
Кез келіп тағдырына келеді Адам,
Жұмыр Жер құрлығында сулы - сусыз.
Қолға түспес дүние жұрт таласқан,
Кітап - Өмір парағын құнттап ашқан.
Сезінер жүрегімен,жаныменен,
Өмір әр кез ашық Күн,Бұлт та басқан.
Өмір деген тұрмайды: қап - қарадан.
Өмір деген тұрады:ақ - қарадан,
Ақ - Қара,екі арасын ашып өтіп,
Арымен өз бақытын тапқан Адам!
Ақын «АҚ»және «ҚАРА»деп нені меңзеп отыр?
Қай уақытта адам өмірі «аққа»толы болады?
Адам өз бақытын табу үшін не істеу керек?
Адам баласы не үшін өмір сүреді?
Өмір деген несімен қымбат?
Сенің өмірдегі мақсатың қандай?
Өмірдің мәнін түсінуге ұмтылу қаншалықты қажет?

Оқу ақпаратын оқыту,әр ойды тиянақтау,мысал келтіру
Адам өмір бойы өзін-өзі тану,құндылықтарды пайымдау,жақсы қасиеттерді өз бойына дарыту арқылы кемелденуге талпынады.
Халқымыз:
«Жақсының жақсылығын айт - нұры тасысын,
Жаманның жамандығын айт - құты қашсын» - дейді.
Адам жаман - жақсыны ажырата біліп,жаманнан бойын аулақ ұстап, бойына жақсы қасиеттерді дарыта алғанда ғана дұрыс өмірлік айқындамасын таба алады.
Тапсырма.І. Есенберлин мен Б.Бұлқышевтың өмір туралы толғанысын оқу. Оқушыларды екі топқа бөліп,тапсырманы топпен бірлесіп,өз ойларын пайымдау.
1.Өмір жолы көшкен керуен соқпағы тәрізді.Оның бұлтарысы да,жазығы да көп.Асуы қиын асқарымен қатар,төмен қарай құлдырап өтер ылдиы да болады. Керуен жолы кейде ұзақ,кейде қысқа келеді.Бірақ қауіп-қатерсіз,қиындықсыз болмайды.Ойламаған жерден жел тұрып,сұрапыл дауыл соғады,қалың жауын нөсерлей құйып,бұрын суы толарсақтан келер тайыз жыра,кенет сарылдай аққан,өткел бермес,долы өзенге айналады,көшті бөгейді.Бұндай бөгеттен тек шаршамайтын,талмайтын керуен ғана өте алады.Тоқтамай көшіп,өзінің деген жеріне жетеді.
І.Есенберлин.
Міне,мен кішкене өмірімді тағы бір тексеріп,әр күнімнің ізіне түсіп отырмын,алыстан бастап дәл бүгінгі күнге жеттім.
Көз алдымнан өзіме сонша таныс жиырма жылдық өмірім өтті. Біріне-бірі жалғасып келіп,біріне-бірі айқасып жатқан әдемі шақ,қымбат күндер жүрегіңді жүз бұрап,сол күйінде қайтадан есіңе түседі.Бір тізбегі - сегіз жылдық бақытты шағың,бала кезің;одан соң оқумен өткен он жылың,одан кейін - армия, майдан. Шынын айтқанда менің өмірім,- қазақтың жас жігітінің өмірі жаңа ғана басталды.
Міне,тап бүгінгі түнде,таңертеңгі ұрыс алдында,туған елім мен барлық халқыма,тіпті барлық адам баласына: «Мен өмірден алатын еншімді алғаным жоқ әлі,мен өмірімді қатты сүйемін,менің өмір сүргім келеді!» - деп бар дауысыммен айқайлағым келеді.

Әңгімелесу.Өмір тек бақытты кездерден тұра ма?
Дәйексөз.
Адам боп оңай туғанмен,
Адам боп қалу көп қиын.
«Елім үшін жаным құрбан» деген мақалды қалай түсінесіңдер?
Бейбіт заманда елі үшін жанын пида еткен қандай ерлерді білесіңдер?
Дәптермен жұмыс.1-тапсырма.І.Есенберлиннің өмір туралы толғанысын оқып шығыңдар.Болашаққа өз күштеріңмен қол жеткіземін деген жоспарлары туралы жазуды ұсыну. Шығармашылықпен жұмыс.
Өмір туралы слайдтарды көрсету. Өмірдің әр сәтін өзіне түртіп алып, соның біреуіне өлең, мақал, ой толғау жазу немесе сурет арқылы бейнелеу. Өмірдің әр сәтінен ләззат алу.
Жүректен жүрекке. «Өміріңе немқұрайлы қарама» әнін бірге орындау.

Қорытындылау.
Ең бастысы - жүрегің таза болсын;
Өмір - сенің мүмкіндігің,пайдалана біл;
Өмір - сұлулық,сүйсіне біл;
Өмір - арман,жүзеге асыр;
Өмір - парыз,орындай біл;
Өмір - ойын,ойнай біл;
Өмір - байлық,бағалай біл;
Өмір - махаббат,ләззат ала біл;
Өмір - құпия,сырын аш;
Өмір - қайғы,көтере біл;
Өмір - күрес,жеңе біл;
Өмір - бақыт,баянды ете біл.
Бағалау.

Өмірді аяла
Өзіңе сен,өзіңнің күшіңе сен,
Қос қолыңмен істелген ісіңе сен.
Алысыңда сыйлайды, жақыныңда,
Өзіңді өзің төменге түсірмесең.

Өз қайығың, бар болса өз ескегің,
Өмірде мен сені осал десем едім.
Қимылдай бер, тарта бер ескегіңді,
Шыдады алдан жап-жарық келешегің.

Қозғалмасаң, тоңазыр көлеңкең де,
Ескегіңді ес, бір мезет тоқтай көрме.
Өз қайығың болғаны қандай жақсы,
Қашан, қайда барсаң да өз еркінде.

Өкінсең де өткенің оралмайды,
Өшкен отың қайтадан жана алмайды.
Сен жасаған күнәні бір досың да
Бөліп-жарып өзіне ала алмайды.

Сенім
Еңбек етсем,ертеңгі
Бақытыма сенемін!
Мақсатыма жеткізер,
Уақытыма сенемін!

Достық іспен қасты да,
Жеңеріме сенемін!
Ақыл сана білім мен
Өнеріме сенемін!

Арым таза, ақ көңіл,
Адалдыққа сенемін!
Абыройлы ақ ниет
Адамдыққа сенемін!

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×