Сайтқа кіру Тіркелу

Бір кем дүние, Шерхан Мұртаза

Ұятсыз болма
Адамға бала жастан ең керегі — Ұят деген қасиет. Ол туа бітеді. Бірақ кейбіреуі өсе келе, үлкейе келе ұяттан жұрдай болады.
Бір кем дүние.

Имансыз болма
Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу - маржан — бәрі бар. Төрт құбыласы сай.
Бірақ Иман жоқ.
Ең сорлы адам сол.
Бір кем дүние.

Жеңешемнің жауабы
Менің аталас ағам майдангер Мақанбет Дембайұлы Роза (Разия) деген татар қызына үйленді. Разия жеңгеміз тоғыз (9) бала тапты.
Абысындары:
— Байғұс - ау, тағы біреуін тусаңшы, сонда «Батыр Ана» атанар едің, – дейді ғой.
Разия:
— Құдай берсе, тастамаймыз, Бермесе қақсамаймыз, – дейді.
Құдай бергенде тағы біреуін табар ма еді, бірақ Алла Тағала Разияның өзін ертерек алып кетті. Асығыс алып кетті.
Абайсызда тағы біреуін туып қоя ма деп асықты ма, кім білсін.
Бір кем дүние.

Дуананың жирен қасқасы
Қасиеттi қарт Қаратаудың қойнында, Қарағай деген байдың тоқсан тоғыз (99) жирен қасқа тұлпарлары болыпты. "Қанша дәулет бiтсе де, бай қуанар егiзге" дегендей, байекем сол сәйгүлiк жирен қасқалар жүзге жетсе екен деп армандапты.
Бiрақ, Құдайдың құдiретi, биелерi қайтып жирен қасқа құлын тумай қойыпты.
Сондай күндердiң бiрiнде бай ауылына ел кезген бiр дуана келе қалады. Қараса, астындағы аты Жирен қасқа! Бай жiгiттерiн жұмсап, дуананың атын тартып алады. Бұдан асқан қорлық, бұдан асқан зорақылық бола ма?! Сөйтсе, дуана жай дуана емес, қызыр шалған әулие кiсi екен, таудан арқырап аққан асау өзендi бөгеп тастап, Жирен қасқамен өрге шапшып, бай ауылын қарғап кетiптi. Бай дәулеттен айрылып, қайтып мал - мүлiк құтаймай қойыпты. Тоқсан тоғыз Жирен қасқа хикаясын айтқан Өмiрбек Байгелдi. Бiреуi - ақ жетпеген. Дуананың қарғысынан Қарағай елi, Еңбек Ерi Байгелдiнiң тұсында ғана арылған.

Нысап
Кедей — бай, бай Құдай болсам дейді.
Нысапсыздық жаман.
Бір кем дүние.

Құдірет
Бидайын алып, сабанын қойған Құдай,
Жақсысын алып, жаманын қойған Құдай...
Бір кем дүние.

Қайдан...
Кедейді бай, азды көп қылған патша данышпан.
Бір кем дүние.

Қалтай айтқан
Журналист — это Қаранар,
Но мизерный гонорар.
Бір кем дүние.

Асқанға – тосқан
Толдым деген төгіледі,
Жеттім деген жығылады.
Бір кем дүние.

Құнықпа
Алтын өзі тотықпайды,
Адамдардың жанын тотықтырады.
Бір кем дүние.

Тым... тым...
Патшаға тым жақындама,
Тым алыстап та кетпе.
Ол да от сияқты:
Тым жақындасаң — күйіп өлесің,
Тым алыстасаң — үсіп өлесің.
Бір кем дүние.

Маймыл құрлы жоқсың ба?
Жазушы Дидахмет Қалтайға:
— Машина сатып алайын десем, айдай білмеймін. Правам жоқ, – дейді.
Сонда Қалтай:
— Ей, циркте маймыл да велосипед теуіп жүр ғой. Маймыл құрлы жоқсың ба?! – деген ғой.

Дәнек
Кейбір бастар ішінде дәнегі жоқ жаңғаққа ұқсайды.
Ондайлар көп қой.
Бір кем дүние.

Өгей шеше
Краткость – сестра таланта, мачеха гонорара.

Ойшыл қарға
Түнімен — жаңбыр.
Таңертең — қар.
Жалаңаш ағаш мүлгіп тұр.
Төбесінде — қарға. Ойланып отыр. Не ойлайды?
Қарғаның тілін білмеймін. Әйтпесе сұрар едім:
— Оу, Қареке, ертең не болады? — деп.
Ол көп біледі. Жүз жасаған ғой. Ол Мұсаның оқыстан өлетінін білген. Көп шуылдап, көп қарқылдаған.
Оны біз түсінбедік.
Бір кем дүние.

Өлтіру оңай, тірілту қиын
Соттар қателесіп, кінәсіздерді өлімге бұйырады. Кінәсіз екені анықталғанда қайтадан тірілте алмайды. Не істеу керек?
Бір кем дүние.
«Халық жаулары» дегендердің көбі солай өлтірілді.

Әңгі есек

Алтын артқан есектің шықпайтын шыңы жоқ.
Кейбір әкімдер, байлар сондай.
Бір кем дүние.

Ақымаққа — шапалақ
Серік Үмбетов Жамбыл облысының жаңа әкімі болып келгенде, ең алдымен Қарахан күмбезіне барып, дұға оқытты.
Содан кейін Мыңбұлақтағы Бауыржан Момышұлының музейіне барып, тағзым етті.
Ауыл әкімі:
— Мен Бауыржанның туысымын, — деп таныстырды өзін. Сонда:
— Туысы болсаң, мына музейдің төбесінен неге тамшы ағып тұр?
— Айналасы неге лас? — деді облыс әкімі.
Бір кем дүние.

Дауыл
Астананың желі күшті. Біз тұрған он алты қабат үйдің шатырын дауыл ұшырып әкетіп жатыр.
Ең сапалы деген үй.
Бір кем дүние.

Аңсау
— Ах - ау, Гүлдерайым, Күн мен Айым, ұшуға қанатым жоқ, неғылайын...
— Қос қанат құсқа біткен, маған бітсе, бармас па ем қалқатайға әлденеше...
Бір кем дүние.

Сталинге не жетпеді
Басқа — басқа, Сталинге не жетпеді десеңші, Жоғары Кеңеске сайлау кезінде ылғи да 99, 09% дауыс алушы еді, 100% - ға жетпей - ақ қойды.
Бір кем дүние.

Хрущевтің екі беті
Сталиннің көзі тірісінде оған бір ауыз қарсы сөз айта алмаған Хрущев ұлы көсем өлгеннен кейін оны жерден алып, жерге салды.
Сөйтіп, Хрущев өлген соң Неизвестный деген суретші оның моласының басына қойған ескерткішті бір беті ақ, бір беті қара бояумен бояпты.
Бір кем дүние.

Сарыала қаз
Жазушы Оралхан Бөкей:
— Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз
Жайлаған алты ай жазға сарыала қаз.
Шолпандай таң алдында туып батқан,
Қайтейін, о, дүние, ғұмырым аз,
— деп ән салушы еді.
Бір кем дүние.

Қисық заң
Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді.
Бір кем дүние.

Жоғалған тіл
«Болашақ» деген шығып, бай балалары шет елде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді.
Қазақшасы жоқ.
Бір кем дүние.

Ақсақ Темірдің аманаты
Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемді жаулаған Әмір Темір жанындағыларға аманат айтты:
— Мен өлген соң жылап - сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті жоқ. Ажалды біреу айқайлап, қорқытып қуады ма екен? Киімдеріңді жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі Алладан «Аллаһу акбар» деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін «Фатиханы» оқыңдар.
Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж.
Бір кем дүние...

Құр алақан
Жарты әлемдi жаулаған тағы бiр жаһангер — Александр Македонский — Ескендiр Зұлқарнайын өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға берiптi.
Бiр данышпан алақанына бiр шөкiм топырақ салған соң ғана қолы сылқ етiп табытқа түсiптi.
Сөйтсе, Ескендiр тiрiлерге:
— Ей, жарандар, мен дүниенiң жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Мiне, қараңдар, — деп алақан ашып көрсеткенi екен.
Қайран дүние, тiршiлiкте кiм тойған...
Адамның ашқарақ көзi топыраққа ғана тояды.
Бiр кем дүние...

Мұрагерсіз патша
Баяғыда бір патша, өзі Құдай емес, Құдайдан былай емес бола тұрса да, бір ұл балаға зар болыпты.
— Ұлым болса, мұрагерім болар еді - ау, — деп армандайды.
Сонда бір уәзірі ақыл айтады.
— Бұл өмірде армансыз әйел болса, сол әйелдің дамбалын өз жұбайыңызға кигізсеңіз, Құдай бұйыртса, ұл бала табады, — дейді.
Содан соң патша жер - жерге шабармандар шаптырады.
Бірақ еш жерден армансыз әйел табылмайды. Бәрінің әйтеуір бір арманы бар.
Шабармандар салдары суға кетіп, бастары салбырап қайтып келе жатса, әріректе бір қатын отын арқалап бара жатыр екен. Шабармандар:
— Бұл байқұста арман жоқ деймісің, – деп бұрылғысы келмесе де, – кім біледі, мүмкін, жолымыз болар, – деп әлгі әйелді атқа мінгестіріп ала кетеді.
Патша алдына келгенде, патша сұрайды:
— Шыннан арманың жоқ па? — деп. Сонда әлгі отын арқалаған қатын:
— Е, арманым да жоқ, дамбалым да жоқ, қараң қалғыр! — деп қойып қалыпты.
Бұл да бір кем дүние.

Ай мен Күн туралы
Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен. Ол да біреуден естіген.
Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды жазамыз.
Аспанда Ай мен Күн бір - бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?!
Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш — Баян сұлу, Ләйлі — Мәжнүн, Жүсіп — Зылиха, Сейпілмәлік — Жамал — қайсы бірін айтасың, бір - біріне қосыла алмай кеткен, шын ғашықтар ғой.
Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді. Олар о басында ерлі - зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған. Әзәзіл ажыратқан.
Бір - біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы.
Қанағат қарын тойдырады...
Араны ашылған, ашқарақ тойымсыздар — адалдықтың қазығынан ажырап қалғандар.
Адалдықтың қазығы — қанағат.
Бір кем дүние — зор кем дүние.

Жекеннің орманы
Журналшылар да түйе сияқты: арқалағаны — алтын, жегені тікен.
Газетте істеп жүргенде ЦК - дан талай таяқ жедік.
«СҚ» - да Жекен Жұмақанов деген жазушының қарамағында біраз болдым.
Жарықтық, газеттің келесі нөміріне кезекші болғанда, бетті оқып отырып:
— Шіркін, бір асыранды ақ тышқан болса, газеттің бетіне жүгіртіп жібергенде иіскеп - иіскеп, қатесі бар жерде екі аяғын көтеріп, шыңғырып - шыңғырып жіберсе, қатені түзетіп, редактордан сөгіс алмас едік, – деп армандап отырар еді. Әлі күнге дейін ақ тышқан жоқ.
Бір кем дүние.

Жарық астау
Араб нәсілді Александр Пушкиинің Алтын балық туралы інжу - маржандай әдемі ертегі бар. Балықшының ауына Алтын балық түспей ме. сөйтсе, Алтын балыққа тіл бітіп, балықшы шалға:
— Мені босат, не тілейсің, соның бәрін орындаймын, — дейді ғой.
Балықшы:
— Кемпірімнің кір жуатын ағаш астауы жарылып қалып еді... — дейді.
Алтын балық:
— Үйіңе қайта бер, тілегін орындалады, — дейді ғой.
Кемпір шалына риза болудың орнына, бас салып ұрсады. Араны ашылып кетеді. Жердің бетін қойып, су астының патшасы болғысы келеді. Ең соңында баяғы жарық астаудың қасында қалады.
Тойымсыздық.
Бұл да бір кем дүние.

Шөлдеген жұлдыз
Шілде айында Қазан шаһарда да күн ысиды. Сондай бір кезде атақты ақын Ғабдолла Тоқай қатты шөлдесе керек. Сыраханаға кіріп, бір кружка сыра сұраса, сатушы:
— Отыз бес тиын, — депті.
— Сонда Тоқай қалтасын қағып, тиын санап тұрып:
— Пиво тура отыз бес тиын, қалғаны тура бес тиын, и - и, дүние - ай... — деп қиналса керек.
Өзін Пушкин, Лермонтов сияқты алыптардың қатарына қосып:
«Три звезды в небе — Пушкин, Лермонтов и Токай», — деп жүрген Тоқайдың қалтасы тесік екен.
Бір кем дүние...

Жүзді азырқанған жазушы
Ертеректе, Жазушылар одағының үйінде бір жазушының мерейтойы өтіп жатты. 90 жасқа толған той иесі көпшілікке алғыс айтып, мінберде сөз сөйлеп тұрғанда, арт жақтан біреу:
— Әлеке, Әлеке! Жүзге жет! Жүзге жет! — деп айқайлады.
Той иесі қаһарланып:
— Ей, найсап! Жүзден артық сан білмейсің бе?! — деп ренжіді.
Сөйткен Әлекең жүзді азырқанып жүргенде, тоқсан алтыға келіп, дүниеден өтті.
Бұл да бір кем дүние.

Әттең, қанаттың келтесі - ай
Құладын деген құс бар. Жыртқыштар әулетіне жатады. Бірақ өзінің аталас туыстарына қарағанда салақтау ма, әлде олақтау ма, әйтеуір, қопал құс. Оның қасында кішкентай тұрымтай, жағалтайлар әлдеқайда пысық. Қырғи, қаршыға, лашынның шаңына да ілесе алмайды.
Бірақ Құдайдың оған шақтап берген несібесі бар. Сонымен күнелтеді. Тышқан аулайды, күзде, тары піскенде, бөдене аулайды. Тіпті кейде асыранды тауықтардың балапандарына да түсетін кездері бар.
Сондай бір мезгілде үйдің маңайында балапандарын ертіп, құрқылдап, балақайларын шегіртке, шыбын - шіркейлерді ұстауға баулып жүрген шұбар тауық байқамай қалып, бір балапанын құладын іліп алып кетеді. Шұбар тауық байқұс бар даусымен ойбай салып, әлгі құладынды қуып жетпекші болып, аспанға атылып барып, қайтадан қара жерге топ ете түскен. Қанаттары қысқа, ұшуға жаратылмаған. Әттең, қанаттың келтесі - ай...
Бір кем дүние.
Мұндайда:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер,
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер, —
деген мұңды өлең еске түседі.
Бұл да бір кем дүние.

Шыңғыс ханның моласы қайда
Жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан Таңғұт елінде әлдеқандай жұмбақ ажалдан кеткен дейді тарих.
Ең жақын адамдары Шыңғыс ханның денесін қара жерге көміп, үстінен мың жылқы айдатып, таптап тастаған дейді. Оны көміскен адамдардан тірі куә қалдырмай, бәрін өлтіріп тастаған.
Бұл, сірә, Бұрхан тауының бір сілемі көрінеді.
Енді бір аңызда Орхон өзенін басқа арнаға бұрып жіберіп, соның табанына терең қазып, Шыңғыс ханның сүйегін тоғыз қабат табытқа салып, Орхонды қайтадан өз арнасына бұрып жіберген.
Шыңғыс ханның сүйегі өзеннің табанында жатыр деседі.
Таяуда бір «көріпкел» қазақ Шыңғыс ханның қай жерде жатқанын мен білемін деп, баспасөз арқылы бөсіп еді. Әлі ештеңе жоқ.
Шыңғыс хан бұл фәниден өткелі мың жыл болайын деп қалды.
Жаңа техникамен қаруланған жапондар да іздеп жүр. Нәтиже жоқ.
Бір кем дүние деген осы.

Кенесарының басы қайда
Сөйткен Шыңғыс ханның көкжал ұрпағы — Кенесары хан Астананың қақ ортасында, Есіл өзеннің жағасында оңтүстік - батысқа қарап, алмауыт аттың үстінде шіреніп отыр.
Скульптура авторы — Нұрлан Далбай деген азамат.
Тұғыр салғыш — кәдімгі өзіміздің Шота Уәлихан.
Кенесары ханның басында айырқалпақ. Қалпаққа кейде шымшық қонып отырады.
Ал шын өмірде Кенесары өз жасақтарымен Ақмола атты патша қамалына қарсы беттен, яғни, оңтүстік - батыстан солтүстік бетке қарай шабуыл жасаған.
Сөйтіп, патшаның зеңбірекпен, мылтықпен мұздай қаруланған қорғаныс қамалына найзамен, қылышпен, дойыр қамшымен, шоқпармен қаруланған қолды бастап, Ақмола қамалын басып алған.
Бәрі дұрыс. Бірақ кейін - кейін патшаның сансыз әскеріне, зеңбірегіне қарсы тұра алмай, оңтүстікке, Қырғызияға қарай бет алды. Қырғыздың шонжарларымен мәмілеге келіп, патшаға қарсы одақ құрмақшы еді. Бірақ патша губернаторлары қарап жатпай, қамданып, қырғыз манаптарының аузын алып, зеңбірекпен, мылтықпен қаруландырып, Кенесары қолына қарсы шығуға дайындап қойған екен.
Келелі істің аяғы кері кетіп, Кекілік таудың тұсында, хан Кене қолға түсіп, жауыздар оның басын кесіп алып, патшаға тарту ретінде Омбыға, одан соң Петербургке жіберген дейді. Бірақ сол бас әлі табылмайды.
Ал Астана қаласының қақ ортасында, Есіл өзені жағасында алмауыт атқа мінген Кене хан шіреніп отыр. Басында айыр қалпақ. Бұл тас бейне.
Ары - бері ағылып өтіп жатқан адамдар. Ескерткішті айнала қойылған скамейкаларда отырғандар.
Көбісі хан Кененің өз басы әлі табылмағанын білмейді.
Бұл да бір кем дүние.
Өкінішті дүние.

Соғыс жетімі
1998 жыл. 9 май еді. Жеңіс күні. Алматы. Панфилов паркіндеміз. Мереке күнімен бір - бірімізді құттықтап жатырмыз. Өзі бір «кампанбыз». Қалың қарағай түбіне шағын дастархан жайылды.
Әсіресе жазушы Бек (Совхозбек) Тоғысбаев көңілділеу. Мен сөз кезегінде Бекке қарата:
— Әкең сенің осындай азамат, жақсы жазушы болғаныңды көрмей,
— Майданда қаза тапты, әттең... – деп едім, Бек кенет еңкілдеп жылады. Алпыстан асты ғой. Әлі бала. Әке үшін. Ес білмей, жастай қалған жетім, соғыс жетімі жылады. Міне, бұл ұлы сезім, жүрегі жібіп, елжіреді. Жүрегі елжіремейтіндерден қорқу керек. Ондайлар жазушы бола алмайды.
Алпыс жылдан кейін әкесі есіне түсіп жылаған жетім.
Соғыстан қалған жетім.
Бұл да бір кем дүние...

Ауыл иттері
Ахмет Байтұрсынов:
— Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрiнен өз ауылымның иттерi үрiп, қапқаны, — деп едi - ау.
Әттең, дүние - ай, 1937 жылы бiздiң әкейдi де өз ауылымыздың шолақ белсендiлерi нақақтан жала жауып, ұстатып жiбердi де, жоқ қылды ғой. Обалы кiмге? Қорлықты көп көрдiк қой.
1937 жылы "халық жауы" деп ұсталып, атылған, айдалған, асылғандардың бәрi кейiн ақталды.
Бiрақ жазықсыз жапа шеккендер қайта тiрiлген жоқ.
Бiр кем ғана дүние ме екен? Орны толмас орасан обал дүние.
Баукең солақай емес
Тараздағы драма театрының жанында Бауыржан Момышұлына ескерткіш қойылған.
Бұл өте бір Иманды іс болды.
Тұла бойы сыйдиған еңселі ескерткіш.
Бәукеңдей батырды алмауыт тұлпарға мінгізіп қойса да болар еді, бірақ бір бастық ескерткіштің бәрі аттылы болып бара жатыр депті.
Мейлі ғой. Бірақ мына тұла бойы тік тұрған Баукеңнің қылышы оң қол жағына тағылыпты. Оны суырып алатын Бауыржан солақай емес еді ғой!..
Сызып тастап түзететін жазу емес, қисық - қыңырын түзете салатын бояулы сурет емес, шойыннан құйылған ескерткіш.
Әттең, бір кем дүние.

Тасбақаның көз жасы
Дүниеде бір армансыз, қамсыз, уайымсыз жан иесі бар болса, ол Тасбақа шығар деп ойлаушы едім. Мейір шөпті тауып алып, соны тістеп жатып, жүз жыл жасай беретін, Құдайдың сүйген бір мақұлығы сияқты көрінуші еді.
Сөйтсем, кинодан көрдім, Тасбақадан қасіретті жәндік жоқ екен. Теңіз тасбақасын айтамын.
Теңіз тасбақасы баласын жұмыртқадан шығарады. Бірақ жұмыртқаны суда туа алмайды. Теңізден шығып, жағалаудағы құмды қазып, жұмыртқаны туып, құмға көміп кетеді екен.
Кетерінде көз жасы көл болып, іштен шыққан тұқымды қия алмай, құрлықта ұзақ уақыт қала алмай, амалсыз теңізге оралады. Міне, сұмдық сол сәттен басталады. Тасбақа жұмыртқасына алдымен адамдар әуес, тіпті жерік десе де болады.
Адам сондай болғанда, басқа жыртқыштарға не жорық? Олар да жұмыртқа жегіш.
Ал енді жегіштерден аман қалған жұмыртқалар құмның қызуымен ай - күніне жетіп, балақай болып, жарық дүниеге шығады ғой. Әне, содар сойқан сонда басталады. Енді оларды аулауға аспандағы жыртқыш құстар да шүйлігеді.
Тумай жатып, жарық дүниеге келмей жатып, ажал аранына түсетінін Жаратқанның берген түйсігі арқылы сезетін балақайлар сол сезім жетектеп, дереу теңізге жетуге асығады.
Теңізге жеткені – жетті, жетпегені желкесі үзіліп, қорқаулардың құлқынына түседі.
Бұл да бір кем дүние, арпалыс әлемі.

Оспанханның «ңөңі»
Баяғыда Оспанхан марқұмның бір әңгімесін жариялап едік. Ұмытпасам, әңгіменің аты «Ңөң» болатын.
Содан, енді ойлаймын жарықтық Осекем әулие екен - ау деп.
Қазіргі мына заманда «ң»- ға тілі келмейтіндер көбейді. Теледидарды тыңдап, қарап отырсаң, «жанағы, жанағы» деп сөз арасына «арам» сөз қосып сөйлейтіндер жиіледі.
Басқаны былай қойғанда, осы замандағы қоғадай көп партиялардың дөкейі «ң» - ға тілі келмейді екен. «Жанағы, жанағы» дейді. Және екі сөзінің бірі «жанағы».
Ерте - ерте большевиктер көсемі Ленин жарықтықтың «р»- ға тілі келіңкіремеуші еді. Бірақ оған бұл сақаулық біртүрлі жарасып тұратын.
Енді қазіргі көсемдердің бірі: «Жанағы женістен женіске жете берейік!» — деп соғады.
Бір кем дүние деген осы.

Жамбылдың жолбарысы
Жарықтық Жамбыл — Жәкеміздің жолбарысы бар екені рас - ау. Оны бұл дүниеден өтерінде өзі де айтқан ғой. Үлкен баласына:
— Тезекбай, қамдана бер, менің жолбарысым маған қарамай, тау жаққа кетіп қалды. Кешікпей мен де кететін шығармын, — деп еді - ау.
Тоқсан асқанда Сталинді мақтау керек болды. Жағдай солай еді. Тапсырма солай еді.
Мақтауын мақтады. Шын түсінген адамға ол мақтау емес еді. «Күндіз бар да, түнде жоқ» күн де орнында. «Түнде бар да, күндіз жоқ» ай да баяғыдай.
Ал Сталин баяғыда өлген. Лениннің қасына қатар жатқызып еді. Хрущев оны сүйретіп алғызып тастады.
Бір кем емес, орасан кем дүние.

Итаяқтың кесірі
Шiлденiң шықылдаған ыстығында күншығыстан қарасаң, күнбатыс жақта Келiншектау ағып жатқан асау алтын өзен сияқты.
Күннiң аптабы қайтып, кешкi салқын түсе Келiншектау анық көрiне бастайды.
Сонда Келiншектау туралы ерте - ерте ертедегi аңыз еске түседi.
Отыз күн ойын, қырық күн тойы болып, байдың қызы ұзатылады. Қырық түйеге артылған жасаудың бәрi алтын, күмiс, гауһардан екен дейдi.
Ұзыннан ұзақ созылған дәулетжар көштiң алдында келе жатқан қыз әкесi қызынан:
— Қалай қызым, жасауыңа көңiлiң тола ма? — деп сұрапты.
Сонда ұзатылып бара жатқан қыз:
— Ризамын, әке, тек итаяғым алтыннан болмады - ау, — дептi.
Мұндай тойымсыздыққа не айтарын бiлмеген әке байғұс қос қолын терiс қарата жайып жiберiп:
— О, қанағатсыз мұндар, қаратас болып қатып қал! – деп, қатты қарғапты. Қарғыс Құдайдың құлағына шалынып, бүкiл асыл көш лезде қаратас болып қатыпты да қалыпты.
Қанағатсыздыққа, тойымсыздыққа Құдайдың қаһары осылай тиiптi.
Қарап тұрсаң, мына қазiргi заманда да, сол бейшара қыздың абайсызда айтып қалған айып сөзiн кешпеген Жаратқан ие мына қазiргi заманда түйенi түгiмен, кеменi жүгiмен жұтып жатқандарды қалай көрмейдi — ғажап!
Бiрақ Құдай асықпайды: бұл дүние болмаса, о дүние бар; зауал әйтеуiр бiр соғар.
Бұл тек бiр кем дүние емес, екi дүниеде де кешiрiлмес мол кем дүние.

Бір тал шаш
Шіркін, қазақтың қара өлеңі! Неге бірақ «қара өлең»? «Қара» деген сөздің әртүрлі мағынасы бар. Мысалы, қара мал – ірі мал, Қаратау – ұлы тау, Қара хан — атақты хан, қара жер, т. б.
Қара өлең де сондай шығар. Ірі шығар.
Сонау соғыс жылдарында азынаған аштықта, күннің шуағы тым сирек кезде, қақаған қыста, анда - санда адамдар бір бас қосқанда, майданға ондап кеткен азаматтардан ілуде біреу жараланып қайтқанда жетім ауылда бір азғантай той - мереке болар еді.
Сол тойда екеу - екеу ән салып, сағынышты әуендер айтатын. Әсіресе есімде қалғаны, көкірегімде өшпестей жатталғаны, әрдайым қырау шалған жүрегімді жылытатыны екі - ақ ауыз мына шумақтар:
Ауылыңнан ары да өттім,
Бері де өттім - оу,
Үкіңді шекеңдегі бермей кеттің - оу.
Сол үкің, көп болғанда,
Жүз теңгелік - оу,
Қалдырдың көңілімді
Мың теңгелік ай...
Қара көз қарай берді дүркін - дүркін - ай,
Көзімді қарықтырды сенің көркің - ай.
Шашыңнан бір - бір талдап сүйер едім - ау,
Қайтейін, жетпейді ғой өмір шіркін - ай...
Қазір бір - бір талдап сүйетін шаш қайда? Ондай сүюдің қадірін білетін бас қайда?
Әттең, бір кем дүние!..

Има Сумак
Сонау жиырмасыншы ғасырдағы алпысыншы жылдардың басы еді. Мен «Социалистік Қазақстан» газетіндегі әдеби қызметкермін. Бөлім бастығы айтулы әңгімеші, шешен Жекен Жұмақанов.
Жаздың бір айында Алматыға Има Сумак келді. Оның отаны — жердің арғы бетінде жатқан Перу деген ел. Има Сумак — көне «қызыл терілі» кечуа тілінде «Сұлу келді» дегенді білдіреді.
Он жасында керемет әнші атанған осы ғажайып қыз той - томалақта жиналған көпшіліктің арасында келе жатқанда жұрттың бәрі:
— Има Сумак! Има Сумак! — деп аса зор құрметпен қарсы алады екен.
Американы бұдан бес жүз жыл бұрын жаулап алған еуропалық басқыншылардан аман қалған инктер тұқымынан тараған тұяқ.
Оның дауысы әлемде сирек кездесетін ерекше дауыс екен. Яғни ол төрт дауыспен ән сала алады: колоратура, меццо - сопрано, сопрано, тенор.
Ал «Күнге табын» атты кереметті орындағанда Има Сумак көмейінен «бас» дейтін дауыс та шығады - ау деп қалдым.
Алматыда Има Сумакка жолығып, сұхбаттасқан жалғыз мен болды десем, мақтаншақ демеңдер.
Есікті оның күйеуі, продюссер Мойзес Биванко ашты.
— Сіз біздің кечуа - индеецтерге ұқсайды екенсіз, — деді сонда маған ғажайып Има Сумак, — басқа ешкімді қабылдамаймын.
Сөйтіп, Има Сумак концерті туралы «Социалистік Қазақстан» менің айқара қос бет очеркімді басты. Содан кейін Има Сумак туралы хабар зым - зия. Арғы тағдыры, өмірі не болды – ары - бері сұрастырып, іздестіріп, ешқандай дерек таппадым.
Кім біледі, «Күнге табыну» әнін айтқанда ол қос қолын көк аспанға қарай созып жіберіп, шырқау биікке самғап ұшқандай көрінуші еді, Күн көзіне қарай ұшып кетті ме... Әлде колонизаторлардан көп қорлық, зорлық - зомбылық көрген өз нәсілінің, қырылған - жойылған өз ұлтының әруақтарына барып қосылды ма...
Бір кем дүние.

Нағыз Төлеген осы еді
Жуырда ғана қорапта жатқан қағаздарды ақтарып отырып, «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 31 мамырда шыққан нөмірі көзіме түсті.
Тақырыбы — «Сембин», авторы Қали Сәрсенбай екен. Тор көз сауыт сияқты тоқыма жемпір киген сұлу жігіт — сол Сембиннің өзі, қырын қараған сұлу сурет.
Қали Сәрсенбай менің Амангелді Сембин туралы кезінде жазған бір ауыз сөзімді келтіре кетіпті.
Мен: «Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз», — деп жазыппын.
Енді арада жылдар өтіп кеткен соң ойлап қарасам, дұрыс айтқан екенмін.
Мұны Қали Сәрсенбай мына «Егемен Қазақстандағы» көлемді мақаласында, мақала емес - ау, аса ірі дарынды жоқтау - эссесінде еске сала кетіпті. Рахмет. Иә, менің Амангелді Сембинді Алматыдағы Опера және балет театрында «Қыз Жібек» спектаклінде көргенім рас.
Сол спектакльде Сембин Төлеген рөлін ойнады. «Қыз Жібек» операсын сан рет көріп жүріп, осы жолғыдай тебіренген емеспін.
Төлеген болып ойнаған басқа мықтыларды мансұқтағым келмейді. Қанабек Байсейітов, әрине, классик! Ешқандай талас жоқ. Бірақ ол кейін - кейін жуан тартып, егде болған кісі еді.
Ал мына Төлеген ғасырлардың тіріліп келген, әлі өлмеген, Бекежан жауыздың қанды қанжары да жүрегіне дарымаған, өмірдегі Төлегеннің дәл өзі сияқты еді - ақ.
Тұла бойы тұнып тұрған талантпен қоса жаратылыстан бірге жаралған бекзаттық қасиет оның бар болмысын асқақтатып тұратын.
Қали Сәрсенбай жазады: «АҚШ - та талантты қорғайтын этикалық бас басқарма бар екен», — деп.
Ондай мекеме бізде әлі күнге дейін жоқ. Ондай мекеме болса немесе аса дарынды адамдарды ала көзден, бәле көзден, сұқ көзден, театрдағы, өмірдегі дарынсыз Қотыраш, Батыраштардан, өзге де жақтың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорларынан қорғайтын заң болса, кім біледі, Сембин бәйшешектей ерте солмас еді.
Бәйшешек байғұс қаһарлы қыс шығар - шықпастан, көктем әлі келер - келместен, күнәсіз пәк періштедей күлімсіреп шыға келеді де, жер бетінен лезде көшіп кетеді.
Қали Сәрсенбай Сембиннің анасының сөзін келтіреді: «Дүниеге сыймай кеттің - ау, құлыным», — депті анасы.
Дүниеге Сембин сыймай кеткен жоқ, қотырғыштар сыйдырмады ғой. Бірақ ақпейіл ана ешкімді кінәламайды.
Күншіл қотыраштар таспаға жазылған даусына дейін қалдырмауға тырысқан.
Сембиндей асыл талант теңіз түбіндегі інжу - маржандай ғасырларда ғана бір - ақ кездесетін сирек қазына.
Жүз жылда бір - ақ туатыны өкінішті.
Босқа қоразданба
Айғыр кісінегенмен, байтал буаз болмайды.
Бір кем дүние.

Жалғыз
Атадан алтау тусаң да — бір жалғыздық.
Бұ да кемшілік.
Неге алдайды
Ұлытау орталығына барар жолда, жартаста шамамен:
«Бұл жерде қасиетті Ұлытау бауырында халық бірлігі мен мемлекет тұтастығын айғақтайтын ескерткіш орнатылады», — деп жазылғалы талай таң атып, талай күн батты. Жылжып жылдар өтті. Жазу өше бастады.
Уәде орындалмайтын ретте тасқа қашап жазбау керек еді ғой.
Бір кем дүние.

Сорлы
Өзгенің көлеңкесінде тұрғанның өз көлеңкесі болмайды.
Өз көлеңкесі болмаса — өлгені.
Күн - құдірет
Егер адамның жүрегіне мұз қатып қалса, көркем кітап соны жібітуге тиіс. Егер еріте алмаса, ол осал шығарма.
Бір кем дүние.

Әулие құс
Тұмаудан құлантаза айыға алмасам да, бүгін далаға шығып... О, жарықтық! Жақсылықтың жаршысындай болып көзге оттай басылған көгілдір Наурызкөкті көрдім. Ол жылда мені көктемнен көктемге дейін жетектеп келе жатқан әулие құс. Көрісер көктеміміз көп болсын, әулие Наурызкөк!
Сен көрінбей қалсаң — сол қиын.
Нағыз кем дүние сол болар.

Көреген көсем
Мен енді Астанада, Әлихан Бөкейхан көшесінде тұрамын. Үйдің бірінші қабатындағы магазин «Алтын Орда» аталады. Іргемізде – Конгресс - холл, алдымызда — түрік шайханасы.
Түстікте бір үйден кейін — Есіл - өзен. Оған төніп тұрған — Кенесары ескерткіші.
Әлихан Бөкейхан — Алашорда көсемі. Соның атындағы көше — айбын.
Сонау 1910 жылдың өзінде Петроградта басылып шыққан «Қазақтар» деген еңбегінде Әлихан Бөкейхан былай дейді:
«Крестьяндарды қазақ даласына үйіп - төгіп қоныстандыра берсе, тың жердің түгел жыртылары хақ. Ал қазақ даласы тыңынан айрылған соң, тұлдырсыз бедеу қалады да, егін өспейтін болады... Қазақ даласының тамаша шүйгін жайылымдарының топырағы көкке ұшқан соң, дала шөлге айналады, сөйтіп, крестьян айтақырға отырып қалады, ал жайылымнан айрылған қазақ әбден азып - тозып, ақыры жаңа тұрмыстың жағдайымен пролетариат қамытын киіп, тау - кен заводтарына, қалаға кетеді».
Арада елу жыл өткеннен кейін орыс жазушысы Чивилихин «Земля в беде» деген шығармасында Әлихан Бөкейханның көріпкелдігін растап берді.
Сөйткен көсем Әлихан Бөкейханды Сталин жауыздары атып тастады.
Имансыз жауыз заман, залым дүние.

Алла жар
Патшалар заманынан бастап қазақтарды өз жерінен бірте - бірте ығыстырып, шұрайлы жерлерді иемдене беруге құмарлықтың сыры неде? Мұны 1907 жылы ІІ Думаның депутаты Марков деген ашықтан ашық былай деп жайып салды:
"Киргизы (қазақтар дегені - Ш. М) потомки орд Чингизхана и Тамерлана и что с ними надо поступать так, как поступали с краснокожими в Америке".
Жағына жылан жұмыртқалағыр Марковтың айтқаны келе жаздап барып, қазақтарға Алла жар болып, әйтеуір, мемлекеттілігін сақтап қалды.
Бірақ толық тәуелсіздік әлі де түгел емес.
Бір кем дүние.

Бір уыс топырақ
Смағұл Сәдуақасов ерен ақыл - ойдың және батыл әрекеттердің иесі болған екен. Туған халқы үшін, өз ұлты үшін шын күрескер. Мұндай адам сол кездегі Мәскеуге ұнамайды - ақ. Ақыры Сталин өкіметі оны Ростов на Дону деген жаққа жұмысқа жіберіп, сол жақта белгісіз жұмбақ өлімге тап болады. Мәйітін Мәскеуге жеткізіп, крематорий дегенге салған ғой, күлі ғана қалды.
Смағұл әйгілі Әлихан Бөкейханның күйеу баласы еді. Әлекеңді сол жолы крематорийден Тұрар Рысқұлов, тағы бір қазақ, сірә, Нұрмақов, сүйеп алып шығады.
Сөйткен Тұрардың өзі де 1938 жылы көктемде Сталин тізімімен атылды.
Әлихан Бөкейханға да Сталин оғы атылды. Сүйегі қайда қалғанын білмеймін.
Есіл ерлерге, сөйтіп, туған жерден топырақ та бұйырмаған ғой.
Әттең, бір кем дүние.
Өз үйіңді қорлама
Адам да құстар сияқты өмірбақи алып бәйтеректің бір бұтағын паналап тіршілік етеді. Сөйте тұра, сорлылар, сол өзі паналайтын бұтақты балталап шаба береді.
Бұтақ құласа, өзі де құлайтынын сезбейтін қандай мақұлық?!
Кейде адамдар жасампаз бола тұра, өркениеттене келе өз құйрығын өзі жалмайтын айдаһар сияқтанады - ау деймін.
Құмырсқа екеш құмырсқа да өз илеуін қорғайды. Ал адамдар өз үйін (табиғатты) қорлайды.
Ойсыраған орны толмас бір кем дүние.

Дүлей күш
Карл Маркс, әрине, ақылдан кенде емес. Кейбір айтқандары — шын данышпандық. Мысалы, оның: "Надандық — дүлей күш. Сол надандық әлі талай сойқанның сойылы бола ма деп қорқамын" дегені — көрегендік. Содан бері де талай қырғын болып, талай қан төгілді. Надандықтан.
Орасан кем дүние.

Инкубатор балапаны
Біздің ауылдың жаңа салынған жап - жақсы мешітінің азан шақырғаны — инкубатордан шыққан бала қораздың дауысындай жарықшақ әрі беймезгіл.
Діни мектептердің шалағайлығы. Дүмбіл молдалар дайындайды.
Бір кем дүние.

Матриархат деген не
Қайран қазақтың қара өлеңі!
Керегенің басында оймақ тұрар,
Кедейшілік жігітке қой бақтырар.
Алған жары жігіттің жақсы болса,
Атын байлап, алдында жайнап тұрар...
Ондайлар қазір бар болса, бар шығар. Әй, бірақ көбісі сол күйеуінің өзін ерттеп мініп алып, басына жүген салып, екі тізгін, бір шылбырды қолға алып, қалаған жағына қарай бұрып отырар.
Әйелдер қауымының қатын бастығы қоқаңдап:
— Гендерлік саясат!
— Гендерлік билік! — деп қақсап жүр ғой. Көресіні сонда көрерсің.
— Наступает матриархат!

Бүкір дүние
Бiрiншi Петр патша солтүстiктiң Балтық дейтiн теңiзiнiң бiр қолтығына, батпақтың үстiне қала салдырды. Сол қала батпаққа батып өлген мыңдаған адамдардың сүйегiнiң үстiне салынды. Атын Санкт - Петербург деп қойды.
Кейiн ол ат лезде өзгерiп, Ленинград болып шыға келдi.
Опасыз дүние. Жетпiс жылдан кейiн Ленинград аты өшiп, бұрынғы есiмi қайта оралды.
Сталинград Волгоград болды.
Қаланың, елдi мекендердiң әуелгi атын өзгерте берген жақсы емес.
Ақмола едi... Целиноград болды... Астана болды... Әлдекiмдер шошаңдап, тағы да өзгертемiз деп жүр.
Кешегi Кеңес өкiметi тұсында жер - су аттары қопарыла өзгерiп: Андреевка, Алексеевка, т. б. толып жатқан колонизаторлар атымен тоғытылды.
Содан не береке шықты? Қайтадан Күреңбел, Қызтоған, Қошқар - Ата, Түктiбай, Сұрым, Кәрi - Қорған болып, баяғы қалпына келдi.
Бiрақ, әсiресе, бiр кезде Хрущев пен оның губернаторлары Соколов, Бородин, Демиденко дегендер "Целинный край" деп өзгерткен Солтүстiк Қазақстан тарапы сол патша заманынан, Хрущев дәуiрiнен қалған аттарға тұнып тұр: Киевка, Малиновка, Александровка, т. т.
Киевка дегенi Нұра өзенi бойындағы елдi мекен. Әйгiлi ғалым, халқының ардагер азаматы Кәрiм Мыңбаев туған жер. Киевканы қойып, Кәрiм Мыңбаев қояйық десең көнбейдi. Баяғы отаршылдық қамшысы қарғыс таңбасындай басылып қалған байғұстар, "Киевка" атынан айрылса, арам өлетiндей өзеурейдi.
Мiне, бұл бүкiр дүние.

Баласағұн дауы
Ерте, ерте, ертеде Баласағұн шаһары болғаны рас. Ол Шу өзенінің бойында тұрған екен.
Ал дауласып жүрген қазақ пен қырғыз оқымыстылары.
Қырғыздар айтады: "Баласағұн қаласы біздің жерде", — дейді. Қазақтар: "Жоқ, біздің жерімізде", — дейді.
Шу өзені екеуінің де аумағында жатыр.
Сонда Баласағұн сол Шудың қай тұсында тұрған?
Қырғыздар айтады: "Шудың бойында Тоқмақтың тұсында Бурана деген мұнара тұр. Әне, сол Баласағұн", — дейді.
Оны да көрдік. Мұнара бар екені рас. Бірақ Баласағұн егер де кәдімгідей қала болса, қала тұрмақ, кішігірім ауыл сиятын жер жоқ. Бір жағы – жар, бір жағы – Шу.
Ал профессор Шалакенов айтатын Баласағұн Ақсу дейтін өзеннің Шуға құятын қиылысында құладала жерді алып жатыр. Айналасы ат аптырым қазылған ордың сұлбасы да көрінеді.
Қазақтың әл - Фараби атындағы мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенттері жылда жазда осында қазба жұмыстарын жүргізеді. Көне қаланың толып жатқан белгілері табылған.
Бұл жайдың басы қашан ашылады?
Бір кем дүние.

Намыс қайда
"Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл - ойымызбен, іс - әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн" (Ататүрік).
Ал бізде, қазақтарда қалай? Басқа - басқа, тіпті Парламенттің өзінде, Сенаты бар, Мәжілісі бар, дауысқа салғанда тоқсан пайызға жуығы қазақ тіліне қарсы дауыс берді.
Ал дәл осы Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп шешім қабылдаған болатын.
Бұл толқу сонда не толқу? Депутаттардың басым көпшілігі кешегі өз шешіміне қарсы шыққаны қалай?
Жоғарыда Ататүрік айтқан ұлттық қасиеттердің мүлде ада болғаны ғой. Ұлттық қасиет, ұлттық намыс өлген ғой.
Міне, бұл нағыз қасірет!
Бір кем дүние.

Ойлан, қазақ
... Түрік ұлтының мінезі асқақ. Түрік халқы еңбекқор. Түрік халқы зерек халық. Өйткені, түрік халқы ұлттық тұтастықтың және бірліктің арқасында басқа күштерді жеңе білді.
"Мен – түрікпін! " деген адам қандай бақытты (Ататүрік).
Ал бізде, қазақтарда қалай? "Мен — қазақпын! " деп бәрі де қасқайып тұрып мақтанышпен масаттана айта ала ма? Ай, білмеймін. Қазақтардың жартысына жуығы өз ана тілінде сөйлей алмайды деп жазып жүр ғой газеттер. Ол рас шығар. Оған өзім депутат ретінде Парламентте жүргенде көзім жеткен. Қазақша сөйлейтіндер некен - саяқ болатын.
Президентіміз Нұрсұлтан мырза: "Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін", – деп айтқан.
Бірақ...
Зор кем дүние. Амал қанша?!

Ұмытпа
9 мамыр — Жеңіс күні. Жылда тойланады. Газеттер N - лерін осы Жеңіске арнайды. Өте дұрыс. Ал осы Жеңіс тек әскер күшімен келген жоқ. Ауыл, қала еңбекшілерінің де үлкен үлесі болды ғой. Бірақ Жеңіс күніне арналған TV хабарларында не газеттерде тыл ерлері туралы ештеңе айтылмайды.
Әділетсіз әлем.
Тылсыз Жеңіс келер ме ед? Ұмытшақ заман.
Бұл бір кем дүние. Сол жаман.
Қанатты адам
Соғыс жылдарының бірі. Жазғы шілде еді. Жұмыстан келе сала Айша қатты құлады. Тек үрейлене қорыққан маған қарлыққан дауыспен:
— Аққыз... Аққыз апаңа жет... — деді.
Түсіне қойдым. Біздің үйден кейін екі сайдың ар жағында әскерге кеткен Поштақұлдың үйінде... егер басқа жаққа кетіп қалмаса, Аққыз әпкеміз сол үйде. Есіктен кіре бере:
— Айша... апам, — деп демім жетпей, әйтеуір, ишара беруім сол екен...
Аққыз әпкем көз алдымда лезде жоқ болды. Сірә, терезеден ұшып шығып кетті ме, білмеймін.
Мен үйге қайтып келсем, Айшаны айнала зікір салып жүр екен.
Аққыз әпкеміз мүлде өзгеріп кеткен, нағыз бақсы, баяғы шамандықтан қалған шын сарқыт осы болар. Аққыз дүниеден өткен соң біздің Мыңбұлақта бақсы болған емес. Аққыздың орны ойсырап қалды.
Бір кем дүние.

Бір кем дүние, Шерхан Мұртаза, толық нұсқасын жүктеп алу
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×