Сайтқа кіру Тіркелу

«Желтоқсан жаңғырығы»

Жүргізуші:
Армысыздар құрметті ұстаздар, оқушылар және ата - аналар!
Бүгін біз еліміздің сан мың жылдар бойы армандаған, сол жолда ғасырлар бойы найзаның ұшымен, ерлеріміздің ерен ісімен, кешегі дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасымен келе, тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалатын Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған
«Желтоқсан жаңғырығы» атты тарихи - әдеби кешімізді назарларыңызға ұсынамыз.
1 - жүргізуші:

Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның
Айналайын, айналайын, жас өркені халқымның
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның
Айналайын, айналайын, жас өркені халқымның!, -
деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай дүниені дүр сілкіндіріп, Қазақ елінің бостандық туын көтерген ерлеріміз мәңгі есте қалары сөзсіз.

2 - жүргізуші:
Бізге тәуелсіздік туын, қазақтың көк байрағын биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, дүние жүзіне танылуымызға себеп болған және дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына биыл 32 жыл толып отыр.
«Мен - қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «Алаш» деген атты аламын» - деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын – сүргінге ұшырап, Сталиндік қызыл террордың құрбандары болды. Сол алаш қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен арыстардың аманатын арқалаған кейінгі толқын іні – қарындастары 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді.

1 - жүргізуші:
Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмас. «Түбін білмеген тексіз» деген қазақтың ғажап сөзі осындайдан шықса керек. Себебі, тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар ар – намысынан туындап жатқан жоқ па? Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмса, аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың қызығын көруде. Уақыт емші деп өзімізді жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде жан – жарасы жаңғырып, қайғының айықпас дертіне шалдыққаныңды терең сезіне түсесің. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды қандастарымызды естен шығару мүмкін бе?

Осы желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастарымыздың рухына бас иіп, орынымыздан тұрып бір минут еске алайық!
Бір минут үнсіздік.

2 - жүргізуші:
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым
Бет бағдарын бақиға бұрғандарым,
Қаралы жылдардай боп қарауытып,
Халқымның мәңгі есінде тұрғандарым
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым,
Кеудемдегі жанымды қоздатқаным
Тұншықса да түрмеде тозбапты әнім.
Жазықсыз жапа шегіп бұл жалғаннан,
Жалтақтап кете барған боздақтарым.

Көрініс: «Көңіл толқыны» күйі жәймен орындалып, ортада Ана отырады.
Сахна сыртынан Қайраттың рухы:
Елбең, елбең жүгірген
Ебелек отқа семірген
Арғымақ мінген жаратып
Ақсауыт киген темірден
Алатаудай бабалар
Аруағыңмен жебей көр! – деген Қайраттың дауысы естілді.
Ана: Ойпырмай, биіктен құлаған тау суындай буырқанған тасқынды бұл
үн кімдікі өзі? Жас тұлпар тұяғының дүбірі естілгендей ме өзінен?
Оқыстан шыққан айқай – шуды, сол шуға бүйірі қызған дара боздың шабысындай мына үнді қайдан естіген едім? Ойпырмай, ия, ия, сол дауыс қой мынау, Қайраттың дауысы ғой, таныдым. Тоқыраудың тоғышарлары тобықтан қағып құлатқан Қайратымыздың үні ғой бұл. Ия, ия, дәл сол! Қалай болып еді өзі?!
1 - жүргізуші: Ия, ол күн тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген әйгілі 86 - ның
16 желтоқсаны еді. Таңертеңгілі сағат 10 - да бар - жоғы 18 минутта 26 жыл Қазақстанды үздіксіз басқарып келген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев орнынан түсіріліп, орнына Генадий Васильевич Колбин ешкімнің пікірінсіз тағайындалған еді.

(Ана ортадан ақырындап кетеді)
КӨРІНІС: Слайд
2 - жүргізуші: Ия, тарихта «Құйын - 86» деген атпен мәңгі қалатын бұл жойқын шабуылдың құрбаны болып Қазақ қыздары мен жігіттері біздің арамыздан кете барды. Көрініс: «Қазақ жастарының алаңға шығуы» Ортаға дабырлай басып бір топ жастар шығады. Барлығы дабырласа:
Бір топ:
Естідіңдер ме?
Бұл не масқара!
Неге халықпен санаспайды?
Қашанғы шыдаймыз?
Ең болмаса өз ішімізден неге сайламаған?
Ел қамын біз ойламағанда, кім ойлайды.
1 - жігіт: Дүр сілкінді қайдан да қоңыр аймақ,
Бағы жана ма қала ма соры қайнап
Ұран жазып қып - қызыл ту көтерген
Бізде шықтық алаңға «Елім - ай – лап»
2 - жігіт: Ербол Сыпатаев: демократияны бұғаудан босатыңдар, әр халыққа өзінің көсемі керек.
1 - қыз: Сәбира Мұхамеджанова: бұл дегенің ҚКП - да беделдің қалмағаны,
құрып барады емес пе?
3 - жігіт:
Ескерусіз дін жатыр сүресінде
Қақпақ қойып ауызға, көзді байлап.
Санаспайды - әй, бұлар тегі ешкіммен
Жариялылық дегенің елес, білем.
2 - қыз:
Сүрмейтұғын болдық қой күймей ғұмыр
Көлеңке күннен де тимейді нұр.
Колбин деген кім екен, қайдан келген,
Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл?

3 - қыз:
Өгей қозы біз болдық енемізге
Келімсектер шықты ғой төбемізге
Ақиқат жоқ маңайың толған аңыз
Жүр екенбіз тұманды жолда нағыз.

Осы кезде жан - жақтан милиция, солдаттар қоршай бір дөкей шығады.

- Тараңдар әйтпесе күш қолданамыз.

(Ешкім қозғалмайды, осы кезде жаңағы дөкей қолын сілтеп қалады. Сойылмен соғу, қыздардың шашынан сүйреу, тепкілеу, айқай шу, қызыл қанға боялады)

ЖҮРГІЗУШІ:- Ия, бұл жазықсыз құрбан болған Қайраттың соңғы күні.
Ол 1987 жылдың 1 - қаңтар күні үйінде жаңа жылды тойлау үстінде тұтқындалған еді.

2 - жүргізуші:
Бұрқ етті қазақ баласы
Кеудеде өршіп наласы
Алаңға қарай ағылды
Таусылмас барлық шарасы.

Иә, аңғал сеніммен алаңға шыққан бейкүнә қыз - жігіттер «контреволюционерлер емес» - еді.
Тәуелсіз мемлекет болуымызға шырылдап жанын қиған Сабира Мұхамеджанова, Лаззат Асанова, Ербол Спатаев, Қайрат Рысқұлбековтар еді.
Көрініс: «Қайраттың жауабы»
(Түрме іші, қолында қағазы бар Қайрат отыр. Қинала отырып, түрме жыры өлеңін оқып
шығады. Содан кейін қатты шаршап, былай дейді.)
Қайрат: Уһ, әбден шаршадым ау, жүйке тамырым жұқарды ғой! Қайран бостандық!
Кезекші: Заключенный Рысқұлбеков на допрос! Қайратты алдына салып, тергеу бөлмесіне әкелді.
Тергеуші: Айыпкер Рысқұлбеков! Сен Мир мен Сәтбаев көшелерінде жасақшыларды көрдің бе?
Қайрат: Егер ол көшеге бармасам, оларды қайдан көрейін?
Тергеуші: Сенің ұрып жатқаныңды біреу көріпті ғой.
Қайрат: Олай болса мені сол адаммен беттестір. Бұл өтірік жала!
Тергеуші: Ах, ты декабрист несчастный! Я тебя покожу өтірікті жала дейді еще. (Ұрып соғады. Есінен танған Қайраттың бетіне су шашады)
Тергеуші: Әй Рысқұлбеков! Сен Савицкиді өлтірдім деп мойныңа ала сал. Сонда сенің жазаң жеңілденеді. Егер сен Савицкиді өлтіргеніңді мойындасаң әкеңе тиіспейміз. Әйтпесе әкеңді де.
Қайрат: Жолдас тергеуші! Бұл жала ғой! Өлтірген адамды өтірік өлтірдім деп қалай мойындаймын? Туған адам түгіл, тышқан да өлтіріп көргенім жоқ қой.
Тергеуші: Заключенный Рысқұлбеков! Сен ақымақ болма! өлтірдім деп мойында. Бұл бір. Сен әкеңнен 4000 сом алып, мына менің жұмсақ алақаныма сал, бұл екі. Түсіндің бе мақұлық?
Қайрат: Жолдас тергеуші! Ауылда өз күнін әзер көріп отырған ата - анамды ақша деп қинағым келмейді және не үшін төлеуім керек? Не үшін? Ешқандай қылмысым жоқ қой.
Күнәдан таза басым бар
Жиырма бесте жасым бар
Қасқалдақтай қаным бар
Бозторғайдай жаным бар
Алам десең алыңдар
Қайрат деген атым бар
Қазақ деген затым бар
Еркек тоқты құрбандық
Атам десең атыңдар.

Ортаға Сәбира, Ләззат, Қайрат, Ерболдың суреттерін ұстаған төрт оқушы шығады.
Желтоқсаншылардың бәрі де батыр еді. Олар қара бастарының қамын ойлаған жоқ. Оларды «Мұзда жанған алауға теңейтіндігіміз де осыдан шығар. Кезінде белгілі қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев: «Егер қазақ Желтоқсан оқиғасын ұмытса, өзін ұмытқаны» - деп жазған екен. Азаттық, Теңдік, Тәуелсіздік! Осы бір ұлы үш ұғымның салтанат құруы үшін шейіт болған боздақтарымыз көзден кеткенмен, көңілден кетер ме?!
1 - оқушы:
19 - желтоқсан. Ауруханаға бас сүйегі мен миынан жарақаттанған энергетика институтының екінші курс студенті Ербол Сыпатаев әкелінді. 23 - желтоқсанда есін жимастан қайтыс болды. Ербол біреудің жалғыз баласы еді. «Құйын - 86» операциясының құрбаны болды.
2 - оқушы: Сол бір ерте түскен қыс тоқырау жанжалының табанында аяусыз, армансыз тапталған ар - намыстың ышқынған дауысы құлағымызда әлі шыңылдап тұрғандай. Бұл дауыстың ішінен қызғалдақтай Ләззат сенің де ләззат үнің талып естіледі. Сен тірі болсаң, қазағыңның мәдениетін дамытуда үлкен үлес қосар едің - ау.

Еліңнің сен намысы үшін
Құрбан еттің жаныңды
Мазақ етіп қорлай алмас
Ешкім сенің арыңды.
3 - оқушы:
Сәбира Мұхамеджанова бар жоғы 16 жаста еді. 26 - желтоқсан күні Астанадағы дүрбелеңге үн қосқаны үшін өзінің ар - намысына, анасына, атасына масқара сөздер айтып, балағаттағанына училищеден жазықсыз шығарылғаны үшін шыдай алмай, Өскемен педучилищесінің 1 - курс студенті Сәбира Мұхамеджанова жатақхананың 5 - ші қабатынан құлап өлді.
1 - жүргізуші:
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың
Айналайын, айналайын, жас өркені халқымның
Ерте айтылды, сондықтан да келте айтылды бұл әнің.

Ән «Желтоқсан желі»

1 - жүргізуші: Президенттің жарлығымен 1996 жылы 9 желтоқсанда Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке “Халық қаһарманы” атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі мен “Алтын жұлдыз” тапсырылды. Сабира, Ләззат, Ерболға “Ақтау жөніндегі анықтама” қағаздары берілді. Халқымыздың егемендігі жолында құрбан болғандарын дәлелдеп, оларды барынша, ақтау үшін барынша күрескен қайсар азаматтарымыз: Мұхтар Шаханов, Хасен Қожа - Ахмет сынды ағаларымды көп еңбек етті.
2 - жүргізуші:
Атыңнан айналайын егемен ел,
Тәуелсіз күнің туды кенеле бер.
Мерейің құтты болсын Қазақстан
Ғасырлар тойы болшы келе берер!
1 - жүргізуші:
Мерекең құтты болсын егемен ел,
Терезең барлық елмен тең ерен ел.
Бабалар мәңгі бақи арман еткен,
Теңдікті, бостандықты иеленгендер.
2 - жүргізуші:
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің

Күй, сені тәтті көрем, жаным сүйіп,
Күй «Ерке сылқым» орындайтын
Ән: «Туған жер» Нұрмағамбет Мөлдір
Тәуелсіз Қазақстан - ұлы Отаным,
Көк туымды қалайша құлатармын.
Тып - тыныш тұрып жатқан жайымыз бар,
Бәріміз баласындай бір атаның.
Елімізде бақ - береке, ырыс болсын,
Қызыл тілім қанжардай қылыш болсын.
Халқымның ахуалы дұрыс болсын,
Еліміз әрқашанда тыныш болсын - дей келе бүгінгі ашық тәрбие сағатымызды осымен аяқтаймыз.
2 жүргізуші: Жолдарың ашық, жарқын болсын, Тәуелсіз елдің ұрпақтары.

Тәуелсіздік туралы өлеңдер:

Тәуелсіздік

Ата - бабам аңсаған тәуелсіздік

Желтоқсан. Тәуелсіздік

Тәуелсіздік

Еркіндігім қасиетім

Тәуелсіздік – тірегім

Желтоқсанның қанды суық ызғары
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×