Автор: Ермекова Алма Темирболатовна
Балалар ұлттық ойындары
Мазмұны
1. Тақия тастамақ
2. Көтеріспек
3. Тоғызқұмалақ
4. Айгөлек
5. Аңшылар.
6. Хан алшы.
7. Ақсүйек.
8. Орныңды тап.
9. Тұтқынға алу.
10. Кім түртті?
11. Түйілген орамал.
12. Теңге алу.
13. Соқыр теке.
14. Жаяу тартыс.
15. Омпы.
16. Атбақыл.
17. Сақина салу.
18. Белбеу тастау.
19. Аларман.
20. Кезекшілер.
21. Ұшты - ұшты.
22. Итеріспек.
23. Оқтау тартыс.
24. Арқан тарту.
25. Білектесу.
Ұлттық ойындар - асыл қазына
Балалар ұлттық ойындары
Ұлт ойындарын тек ойын деп қарамай, халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы деп қараған жөн.
Мақсаты: Балаларды ұлттық ойындар арқылы қабілетті, шапшаң, қажыр - қайратты, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
• Міндеттері: Балаларды шапшаңдыққа тәрбиелеу
• Баланың ойын үстіндегі өзін - өзі жаттықтыруы.
• Ұлттық ойындарды жеке басын тәрбиелеуде. Олардың адамгершілік қасиетін, адалдығын, тәртіптілік сезімін дамыту.
Алғы сөз.
Ойын – баланың білім - білік дағдысын қалыптастыратын тәрбие құралы.
Мектеп оқушылары болашақ иесі болғандықтан дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары білікті болуы міндетті. Ата - бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым - қатынасын, мінез - құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты.
Бастауыш сыныпта адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс - әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір - біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында өлі - тірі табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады.
Қазақ ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – балалар ойыны. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалған болар еді» деп К. Чуковский бала денесінің дамуы мен ой - дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен.
Күтілетін нәтиже: Ұлттық ойын арқылы жеке тұлғалар қалыптасады. Бұл ойындар арқылы балалар шыңдалады, өмірге жаңа көзқараспен қарайтын болады.
Тақия тастамақ
Тәрбиелік мәні:
Барысы: Ойынға бірнеше бала қатысады. Балалар шеңбер жасап отырады. Жүргізуші шеңбердің сыртын айнала жүгіріп жүріп, біреулерінің артына білдіртпей тақияны тастап кетеді. Егер сезіп қойса, жүргізушіні қуып жету керек. Ал, жүргізуші қуған баланың орныны келіп тұра қалуға тырысады. Жүргізушіге жете алмаған бала айыбын төлейді, өнер көрсетеді
Көтермек
Тәрбиелік мәні: Ойын шапшаңдықты, жылдамдықты талап етеді.
Ортаға екі бала шығындар. Бір - біріңе арқаларыңды тіреп тұрып қолдарыңды шынтақтастырыңдар. Жүргізушінің белгісінен кейін жерден қайсысың бұрын екіншіңді көтеріп алсаңдар, ұтқан болып есептелесіңдер. Жеңіске жеткендердің ортада қалып, келесі баламен сайысқа түсесіңдер. Соңғы жеңімпаз анықталғанша, ойын осылай жалғаса береді.
Тоғызқұмалақ
Тәрбиелік мәні: Қырағылықты, ой ұшқырлығын талап етеді.
Өзінің ойнайтын құралы бар. Екі жақтан тоғыз ұяшықтан болады. Ойын оннан солға қарай басталады. Әр ұяшыққа 9 құмалақтан салынады. Соңғы тоқтаған ұяшықтағы құмалақтарды өз қазанына салады. Қазанына көп құмалақ жинаған оқушы жеңеді.
Айгөлек
Тәрбиелік мәні: Ойын шапшаңдықты, жылдамдықты жетілдіруге баулиды.
Балалар теңдей екі топқа бөлініп тұрады. Аралары 20 - 30 қадамдай аралықта бір - бірлеріне қарап, қол ұстасып тұрады. Бірінші топ:
Айгөлек - ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Ақ терек пен көк терек.
Шауып алдым көктерек.
Ақ терек көк терек,
Бізден сізге кім керек? –
Деп хормен сұрайды.
Екінші топ:
Айгөлек - ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Ақ терек пен көк терек.
Шауып алдым көктерек
Ақ терек пен көк терек
Анау тұрған... (бір баланың аты) керек
- деп хормен жауап береді. Аты аталған бала жүгірген күйі барып, қарсы топтың ұстап тұрған қолдарын үзіп өтуі керек. Егер үзіп өтсе, сол балалардың бірін өзімен бірге алып қайтады, үзе алмаса, өзі сол топта қалады. Ойынның соңында қай топтың балалары көп болса, осы топ жеңімпаз аталады.
Аңшылар
Тәрбиелік мәні: Ойын күшті, ептілікті, лақтыру техникасын жетілдіреді.
Оқушылар аңшылар мен қасқырлар болып екі топқа бөлінеді. Диаметрі 4 - 6 м шеңбер сызылып қасқырлар соның ішіне орналасады. Басқарушының белгісімен аңшылар сырттан қасқырларды атқылайды. Аңшыларға әр тигізгені үшін, ал қасқырларға әр қағып алған допқа бір ұпайдан қарсыластарынан шегеріледі. Соңынан ұпай саны есептеліп, екі топ орындарымен ауысады.
Хан алшы
Тәрбиелік мәні: тапқырлықты, ойлы болуды талап етеді
Ойынға 5 - 10 балаға дейін қатыса береді. Асық көп болу керек. Көп асықтың ішінен үлкенірек біреуін қызыл түске бояйды. Осы асық « хан» болады. Алдымен санамақ арқылы ойын бастаушыны тағайындап алады. Осы бала асықтың бәрін уысына жиып алып, отырған балалардың алдына шашып жібереді. Балалар ханның қалай түскенін байқап отырады. Егер хан бүк, шік, тәйкі түссе, ойын бастаушы бала ханның түсуіне қарай жақын жатқан асықтарды бас бармақтың көмегі арқылы сұқ саусағымен итере - ыршытып біріне - бірін дәлдеп отырып тигізеді. Тигізген асықтарды өзіне алады.
Ақсүйек
Тәрбиелік мәні: Ойын төзімділікке, шыдамдылыққа, қырағылыққа баулиды.
Ақсүйек ұлттық топтық ойын. Оны ұлдар мен қыздар ашық алаңда ойнайды. Ойын үшін әбден кеуіп қалған сүйекті пайдаланады. Қатысушылар екі топқа бөлінеді. Бір ойыншы әдейі сызылып қойылған шеңбердің ішіне кіріп тұрады. Қалған ойыншылар теріс бұрылғанда ол сүйекті әрі қарай лақтырып жібереді. Барлық қатысушылар сүйекті іздейді. Тауып алған оқушы: Ақсүйек! Ақсүйек! – деп айқайлап белгіленген жерге жүгіреді
Қарсы топ оны алып қою керек. Ол үшін ол сүйекті тапқан адамды ұстау керек Сүйекті ұстаған бала оны өз тобының баласына лақтырады. Осылайша мәреге жетеді. Ең көп ұпай жинаған топ жеңімпаз аталады.
Орныңды тап
Тәрбиелік мәні: Ойын тез қимылдауға, сақтыққа тәрбиелейді.
Оқушылар санамақ арқылы қос - қостан бөлінеді. Бірінің артына бірі тұрып үлкен шеңбер құрады. Аралары 2 - 3 адым.
Ойынды жалғыз қалған адам бастайды. артық қалған адам қашады ойыншы қуады. Артықтың мақсаты бір жұптың алдына тұра қалу. егер қуып келе жатқан адам жете алмай, ол тұрып үлгерсе алдында тұрған адам қаша жөнеледі.
Орныңды тап!
Тұтқынға алу
Тәрбиелік мәні: Ойын алғырлықты, шапшаңдықты талап етеді.
Бұл ойын көп уақыт алмайды, сондықтан да үзілісте ойнауға болады.
Екі топқа бөлініп бір - біріне қарама - қарсы сызықтың екі жағына тұрады. енді бір - бірінің қолынан тартып өз жағына сызықтан өткізіп алу керек
Кімнің тобы күшті? Кім жеңеді?
Кім түртті?
Тәрбиелік мәні: Ойын төзімділікке, шыдамдылыққа, қырағылыққа баулиды.
Ойынға қатысушыларға шек қойылмайды. Ортаға бір ойыншы таңдап шығарылады. Ол сол қолының алақанының сырты оң жақ шекесіне ұстап, оң қолымен сол жақ шынтағынан ұстап сапқа теріс қарап тұрады, сапқа тұрған ойыншылар кезекпен келіп оның алақанынан түртеді. Кімнің ұрғанын дәл тапса, сонымен орын ауыстырады.
Түйілген орамал
Тәрбиелік мәні: Ойын төзімділікке, шыдамдылыққа, қырағылыққа баулиды.
Алдымен кез - келген орамалды түйіп - түйіп доп тәріздес етіп алыңдар. Бір бала ортада тұрады, қалғандары, оны қоршап тұрады. Сыртта тұрған біреуінің қолында түйілген орамал болады. Берілген белгіден кейін ортада тұрған бала осы орамалды сендердің қолдарынан алып қоюға әрекеттенеді. Ал, сендер бір - біріне лақтырып, қашып, ортадағы балаға түйілген орамалды бермеуге тырысуларың керек.
Теңге ілу.
Тәрбиелік мәні: шапшаңдықты, ептілікті, жүгіруді жетілдіреді.
Сөре мен мәре сызығының ортасына күмістер, тастар, асықтар шашылып тасталады. Ойнаушылар басқарушының белгісімен мәреге қарай жүгіре жөнеледі, жолда тоқтамай өтіп күміс жинап алуға тиіс. Кім көп жинап мәреге бірінші болып жетсе, сол жеңеді.
Соқыр теке
Тәрбиелік мәні: ойын жылдамдықты, шапшаңдықты жетілдіреді.
Ойынға диаметрі 10 - 15 метр шеңбер сызылады. Көзі байланған ойыншы шеңбердің ішінде қозғалып жүріп, кез келген ойыншыны ұстап алуға тырысады. Егер ұстап алса, оның кім екенің айтуға тиіс. Дұрыс таныса екеуі орын ауыстырады, ал егер тани алмаса қайтадан өзі ойынды жалғастырады.
Жаяу тартыс
Тәрбиелік мәні: ойын күшті жетілдіреді, жеңіске деген ынтасын арттырады.
Ойда кез - келген ойын сауықтарда өткізуге болады.
Ойыншылар екі - екіден ортаға шығады да, арқанды екеуі бірдей екі жағынан мойындарына іліп, екі қолтығының астынан жібереді де, екеуі екі жаққа қарай еңбектеп, күні бұрын белгілеген жерге дейін бірін - бірі тартып жеткізулері керек.
Омпы
Тәрбиелік мәні: Ойын ептілікке, сақтыққа тәрбиелейді.
Асықты мұртынан немесе жамбасынан тұрғызуды Омпы дейміз. Омпы ойынына 2 - 10 балаға дейін қатыса берулеріне болады. Ара қашықтығы 10 - 20 адым ( қараулары бойынша) жерге екі көмбе сызыңдар. Әрқайсысың көмбенің тең ортасына белгіленген сызық бойындағы көнге екі асықтан тігеді.
Атбақыл
Тәрбиелік мәні: Жылдамдықты, шапшаңдықты, ептілікті талап етеді.
Ойынға екі бала қатысады. Біреуі сақанды иіріп, екінші сол сақаны атады. Егер сақаға тигізсеңдер, атқан бала сол жерден сақасы жатқан жерге дейін екінші баланы көтеріп апарады. Біріңнің сақасын бірі атып, екеуі алға қарата жылжи береді. Ойынды қанша ойнаса да өз еріктері
Сақина салу
Тәрбиелік мәні: Ойын туған күндерде, тойларда ойналады.
Ойыншылар екі алақанын беттестіріп, қысыңқырап, қолдарын алға соза отырады. Ортаға қолында сақинасы бар ойыншы шығады, білдірместен біреудің қолына сақина салады. Тегіс айналып өткен соң ортаға шығып тұр, сақина тұр деп дауыстайды
Белбеу тастау
Тәрбиелік мәні: Ойын шапшаңдыққа, жылдамдықты жетілдіруге баулиды.
Ойнаушылар бір - біріне жақын дөңгелекке шеңбер бойымен отырады. Орталарынан бір ойыншы шеңбердің сыртында белбеуді қолына ұстап айнала жүріп кез - келген ойыншының артына білдірмей белбеуді тастап кетуге тиіс. Ол қайта айналып келіп белбеуді алады да, артында белбеу қалған ойыншыны Орныңды тап деп белбеумен ұрғылай шеңберді айналып қуады. Сөйтіп қайта орныны келгенше ұрғылайды. Содан кейін қайта орын айырбастайды.
Егер ойыншы белбеуді артына тастап кеткенін сезіп қалса, белбеуді ала сала ойын жүргізушіні өз орнына дейін қуады.
Аларман
Тәрбиелік мәні: Ойын жылдамдықты, шапшаңдықты, күшті жетілдіреді.
Ойнаушылар бірінің белінен бірі ұстап, тізбек құрап тұрады. Бір ойыншы аларман болып, тізбектің басындағы ойыншымен қарама - қарсы тұрады. Аларман тізбектің біресе оң жағына шығып ең соңғы ойыншыны ұстауға тырысады. Ал тізбектің басындағы ойыншы аларманның бағытымен бірге қозғалып тұрады. Аларман соңғы ойыншыны ұстаған кезде өзі тізбектің басына тұрады да, ұсталған ойыншы аларман болады. Ойын жалғаса береді.
Кезекшілер
Тәрбиелік мәні: Ойын жылдамдықты, ептілікті жетілдіреді, өз денесін еркін игеруге бейімдейді.
Ойынға қатысушылардың арасынан екі ойыншы шығарып, байлап біріне - бірін қарама - қарсы бір метр қашықтықта тұрғызып, қолдарын жоғары ұстатып тұрғызады. Қалған ойыншылар осы екі ойыншының арасынан өтіп кетуге тырысады. Ұсталған ойыншы көзі байланған ойыншымен орын ауыстырады. Кімде - кім үш рет өтіп кетсе жеңімпаз атанады.
Ұшты - ұшты.
Тәрбиелік мәні: Ойын тез қимылдауға сақтыққа тәрбиелейді.
Мұғалім немесе ойын басқарушы ұша алатын затты атап, «ұшты - ұшты» деп қолын көтергенде оқушылар да «ұшты - ұшты» деп орындарынан тұрады. Енді ойын жүргізуші ойыншыларды жаңылдыру үшін ұйқастырып ұша алмайтын заттарды атау керек. Мысалы: «ұшты - ұшты, тырна ұшты»
«ұшты - ұшты тырма ұшты.»
Итеріспек
Тәрбиелік мәні: ойында күш, шыдамдылық, секірушілік жетіледі.
Диаметрі 3 - 4 метр шеңбер сызылады. Ортаға екі ойыншы шығарып жіберу тиіс. Кімде - кім бір аяққа тұра алмай, екінші аяғымен жер басса, болмаса аяғы ауыстырса жеңілген болып саналады.
Оқтау тартыс
Тәрбиелік мәні: Ойын жылдамдықты, шапшаңдықты, күшті жетілдіреді.
Бұл ойынды ойнау үшін ортаға екі бала шығады. Алдымен жерге сызық сызылады және сол сызықтың екі жағына тұрады. Енді оқтаудың екі ұшынан ұстап тартады. Қайсы сызықтан өтсе, жеңіледі. Ал күші басып тартып алғаны жеңіске жетеді.
Арқан тарту
Тәрбиелік мәні: Ойын жылдамдықты, шапшаңдықты, күшті жетілдіреді.
Арқан тарту - ежелгі және белгілі ойын. Дәстүр бойынша онда ұл балалар қатыса алады. Ашық алаңға шекара белгіленеді. Екі жақтан бірдей арақашықтықта сызық белгіленеді. Ойынға міндетті түрле арқан қажет.
Екі ойыншы ортаға шығып арқанда мойнына айналдырып екі қолтығынан тартып ұстайды. Ысқырықтың даусы естілген соң арқан тартыс басталады. Кім шекарадан асырып тартса сол жеңеді.
Білектесу
Тәрбиелік мәні: қол күшін жетілдіреді. Күштілікке, шыдамдылыққа тәрбиелейді.
Ойынға екі немесе одан да көп бала қатыса алады. Үстелдің екі жағына қарама - қарсы 2 ойыншы оң қолдарының шынтағын үстелге тіреп, бірінің қолын бірі алақандастыра мықтап ұстайды. Сол қолдарын үстел үстіне бос қояды. Төрешінің белгісімен шынтақтарын сол орнынан қозғамай, қарсыласының тіреулі қолын шалқасынан түсіруге ұмтылады, Білегі тайып жантайған адам жеңіледі.
Пайдаланған әдебиеттер:
М. Әлімбаев. Балдаурен, шіркін балалық. Алматы.
Б. Төтенаев. Қазақтың ұлттық ойындары.
Ш. Ыбраев. Соқыр теке.
Жасырынбақ (балалар ойыны.)
Молдагаринов. А Ұлттық ойындар
Ұлттық ойын - асыл қазына
- alma_1979
- 5 сәуір 2016
- 7234
- 0
- 0
Ілмек сөздер: ұлттық ойындар, ұлттық ойын асыл қазына
Ұқсас жаңалықтар:
Ұлттық ойындар
Ойын – мектеп жасына дейінгі балалар іс - әрекеттерінің негізгі түрі. Ойын – баланың, бүкіл балалар коллективінің дамуында басты роль атқарады....Көңілді мәре ойыны
Мақсаты: Ойын түрлерін, мазмұнын, ережелерін түсіндіру, ерекшеліктерін ескерту; Сонымен бірге қабілетті балаларды анықтап, олардың спорттық ойындарда...Ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні
Қарағанды қаласы, №8 Негізгі орта мектеп жанындағы шағын орталығының тәрбиешісі Заида Есмаганбетова...Көңілді старттар
Степногорск қаласы, №2 Ақсу орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Акназарова Ф. Е....Ұлттық ойындар
Сабақтың тақырыбы: «Ұлттық ойындар»...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.