Сайтқа кіру Тіркелу

Жүзден жүйрік

Сабақтың тақырыбы: «Жүзден жүйрік»
Мақсаты: Білімділік: Оқушыларға мемлекеттік тілдің өркендеп, оянуына, мемлекеттік тілімізді сүюге, мемлекеттік тілді аяққа баспай, мәртебесін биік ұстау жөнінде, әр ұлтты өзіндік ерекшеліктері, салт - дәстүрлері, діні тіл ерекшелігі болатынын түсіндіру.
Дамытушылық: Оқушылардың ой - өрісін, дүние танымын кеңейту, сөздік қорын молайту, жұрт алдында еркін ауыз екі сөйлеуге баулу.
Тәрбиелік: мемлекеттік тілді құрметтеуге үйрету.
Көрнекіліктер: плакаттар, мақал - мәтелдер, нақыл сөздер.
Сабақ түрі: сайыс сабақ.
Сабақтың барысы: I. Ұйымдастыру кезеңі:
Мұғалім: Армысыздар ма, құрметті ұстаздар, тәрбие сағатымыздың аса қадірменді қонақтары! Бүгінгі «Жүзден жүйрік» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Тәрбие сағатымыз оқушылардың ана тіліне деген құрметін, Отанымызға деген патриоттық сезімін арттыру мақсатында екі топтың жарысы түрінде өтпек.
Бүгінгі сайысымыз:
1. « Мақал сөздің мәйегі»
2. «Бәйге»
3. «Сөзжұмбақ» шешу
4. «Жорға» атты төрт бөлімнен тұрмақ.
Мұғалім: Шын жүйрік шабысынан танылады
Қатты білім, терең ой саналады
Баға берер әділ қазы ортамызда
Сіздерге қошеметпен қол соғады.
Әділдікті қақ жарар әділ қазылар алқасымен таныс болайық.
(Әділ қазы мүшелерін таныстырып өту.)
Мұғалім: Беташарын сайысымыздан бастайық
Көрерменді бір сәт серпілтіп тастайық.
Таныстырсын сайыскерлер өздерін,
Өнеріне ду қол соғып алайық.
дей келе сайыскерлеріміздің «Таныстыру» сәтін бастауға рұқсат етіңіздер.
I топ: «Жасқыран»
Қалықтап көкте жас қыран
Халықпыз сөзге тоқтаған
Тілімен топты жаратын
Тобымыз біздің « Жасқыран»
II топ: «Топжарған»
Шығарар намысты топты алдан
Дуалы ауыз тілге арман
Сайысқа келдік біліммен
Тобымыз біздің «Топжарған»

Мұғалім: Әрбір тілде сөйле әлемді таңдандырып,
Ана тілін білмеу қандай заңдылық?
Өсер балаң, байтақ далаң тұрғанда
Қазақ тілі жасау керек мәңгілік.
Қазақ тілі жасау керек мәңгілік.
Ал ендігі кезекті «Мақал сөздің мәйегі» атты сайысымызды бастайық. Бұл сайыста «Сиқырлы қалпақтың» көмегімен мұғалім мақалдың басын айтады да, топтың ішіндегі бір сайыскердің басына бас киімді кигізе қояды. Басына «сиқырлы қалпақ» киген сайыскер ол мақалды аяқтайды. Мақалды дұрыс аяқтаса, сол топқа 5 ұпай беріледі, ал мақалды жалғастырып айта алмаса, жауап беру құқығы екінші топқа беріледі. Ал екінші топ мұқият болулары керек, «Қарсыластар» деген сөзден кейін ғана қарсы топ жауап беруге құқылы.
I топ:
1. Отан (отбасынан басталады)
2. Тұз астын дәмін келтіреді, мақал (сөздің сәнін келтіреді)
3. Ине көзінен сыналады, шешен (сөзінен сыналады)
4. Оқу білім бұлағы, (білім өмір шырағы)
5. Сөз тапқанға (қолқа жоқ)
6. Жеті жұрттың тілін біл, жеті (түрлі ілім біл)
7. Шебердің қолы ортақ, шешеннің (тілі ортақ)
8. Ақыл - тозбайтын тон, (білім – таусылмайтын кен)
9. Ас атасы - (нан)
10. Айтылған сөз (атылған оқ)
II топ:
1. Білгенің бір тоғыз, (білмегенің тоқсан тоғыз)
2. Еңбектің наны тәтті, (жалқаудың жаны тәтті.)
3. Өнерлінің қолы алтын, (өлеңшінің сөзі алтын)
4. Жақсы байқап сөйлер, жаман (шайқап сөйлер)
5. Қына тасқа бітеді, (білім басқа бітеді)
6. Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ( ой өсіреді)
7. Жақсыдан үйрен, (жаманнан жирен)
8. Көре – көре көсем боласың, сөйлей – сөйлей (шешен боларсың)
9. Әдепті бала - арлы бала,(әдепсіз бала – сорлы бала.)
10. Оқусыз білім жоқ, білімсіз (күнің жоқ)
Мұғалім: Бәйгеге түсіп жарыспай,
Жүйріктің бағы жана ма?
Біліммен өнер жұптаспай,
Тәлім, тәрбие алар ма?
Бұл бәйге ойдың бәйгесі.
Кім жүйрік болса сол алда.
- дей отыра келесі сайысымыз «Бәйге!». Бұл сайыста әр топқа сұрақтар қойылады, топпен ақылдасып жауап беріледі. «Қарсыластар» деген сөзден кейін ғана қарсы топ жауап беруге құқылы.
«Бәйге» сайысы
I топ сұрақтары:
1. ҚР өз тәуелсіздігін қашан жариялады? ( 1991 ж 16 желтоқсан)
2. Қазақтың тұңғыш ғарышкері кім? (Тоқтар Әубәкіров)
3. Абайдың анасының есімі (Ұлжан)
4. Ы. Алтынсариннің балаларды оқуға шақырған өлеңі қалай аталады? (Кел, балалар, оқылық)
5. Әнұранның авторлары кімдер? (сөзі: Ж. Нәжімеденов, Н. Назарбаев.
әні: Ш. Қалдаяқов)
6. Күй атасы кім? (Құрманғазы)
7. «Отамалы» қай мезгілде және қай күндері болады? (көктем, 11 - 17 сәуір)
8. Орнынан қозғалмайды, бірақ жүреді. (сағат)
9. Көкжиек тұстарын анықтайтын құрал қалай аталады? (тұсбағар, компас)
10. Бір қариядан қанша балаңыз бар деп сұрағанда, берген жауабы мынадай: «Ұл мен қыздарымның саны бірдей, әр ұлымның 3 қарындасы бар.» Қарияның неше ұлы, неше қызы бар? (3 ұл, 3 қыз)

II топ сұрақтары:
1. ҚР Рәміздерін атаңдар (Мемлекеттік рәміздер - Елтаңба, Ту, Әнұран )
2. Қазақтың жүз жас жасаған ақыны кім? (Жамбыл Жабаев)
3. Елтаңбаның авторы кім? (Шот - Аман Уәлиханов және Жандарбек Мәлібеков)
4. Ұя салмайтын құс? (көкек)
5. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев қай жылы дүниеге келген? (1845 ж)
6. Қазақтың атақты үш биін атаңдар? (Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би)
7. Аяғын жаңа басып жүрген балаға жасалатын қазақ халқының салт – дәстүрі (тұсау кесу)
8. Бір заттың көлемін кішірейтіп көсету қалай аталады? (масштаб)
9. Қай кезде аспан жерден төмен тұрады? (аспан суреті судан көрінген кезде)
10. Інісінің 14 асығы бар, ағасының одан 5 асығы артық. Екеуінің неше асығы бар? (33 асық)

Мұғалім: Ойланайық азырақ, уақытымызды үнемдеп,
Кім шығады кәнекей, жауабын мен білем деп, - дей отыра келесі сайысымыз «Сөзжұмбақ» шешу. Бұл сайыста әр топқа сөзжұмбақ тапсырмасы беріледі. Әр дұрыс жауапқа 5 ұпайдан беріліп, жеңімпаз топ анықталады.
«Сөзжұмбақ» сайысы
І топ «Сөзжұмбақ» тапсырмасы:
а) су көлігі /қасық/
ә) баста орналасқан дене мүшесі /құлақ/
б) үйге шақырылған сыйлы адам /қонақ/
в) балықшының құралы /қармақ/
г) ұннан жасалып, майға пісірілген тағам /құймақ/
ғ) сужүрек адамды қалай атайды? /қорқақ/
д) көкөніс түрі /қызанақ/
ІІ топ «Сөзжұмбақ» шешу тапсырмасы:
а) сұйық тамақ ішетін ыдыс /қасық/
ә) 4 ондықтан құралған сан /қырық/
б) сызық түрі /қисық/
в) бас киім /қалпақ/
г) сүттен жасалған тағам /қаймақ/
ғ) пышақты өткірлейтін құрал /қайрақ/
д) гүлдің аты /қызғалдақ/
Ендігі кезекте осы сайыс бойынша ұпай сандарына назар аударсақ. «Сөзжұмбақ» сайысының ұпай сандарын санап, қорытынды шығару.
Мұғалім: Шабыт тасып шалқысын,
Көңілді кеш жасайық.
Мұнда қызық табылар,
Жұмбақ, сұрақ бәрі бар,
Білімдіні сынайық.
Соңғы сайысымыз « Жорға». Бұл сайыста 10, 20, 30 ұяшықтары беріледі, деңгей бойынша яғни, «Қазақтың салт - дәстүрлері», «Ұлы Отан соғысы батырлары», «Сен білесің бе?» деп аталады. Осы деңгей бойынша әр топқа бір сұрақ беріліп, оған жауап бересіздер. Егер сұрақ қойылған топ жауап бере алмаса «қарсыластар» деген сөзден кейін ғана қарсы топ жауап беруге құқылы.
«Жорға» сайысы
Қазақтың салт - дәстүрі
І топ
10. Наурыз көжеге неше тағам түрі қосылып жасалады? (7 түрлі тағамнан жасалады)
20. «Бесік тойы» дәстүрі кімге жасалады? «Бесік тойын» кім және қашан жасайды? (жаңа туған нәрестені 5 күннен кейін ауылдың сыйлы әжелері мен аналарын жинап солардың ішінен бірі кішкентай нәрестені бесікке салады)
30. «Тоқымқағар» дәстүрі деген не? (баланың үйден алғаш рет алыс сапарға аман - есен барып келгеніне орай ұйымдастырылатын мерекелік дастарқан)
ІІ топ
10. Қуанышты хабар жеткізген адамға қандай кәде жасалады? (сүйінші)
20. Баланың нағашыларына алғаш барғанына орай берілетін үлкен сыйлық қалай аталады? (бәсіре)
30. «Ашамай» дегенді қалай түсінесіңдер? (5 - 6 жасқа келген ұлға арналып жасалған ер)
Сен білесің бе?
І топ
10. Алмұрт алмадан ауыр, ал алма шабдалыдан ауыр. Қайсысы ауыр – алмұрт па әлде шабдалы ма? (алмұрт)
20. Данияр бір сан ойлады. Егер ол санды 3 есе көбейтсе 270 ге тең болады. Данияр қандай сан ойлады? (90)
30. Алпыс төрт бөлмеде
Отыз екі тұрғын бар.
Ақ, қара қып бөлгенде
Бірін - бірі қуғандар
Жаны үшін де, саны үшін де
Бермейді олар намысын. (шахмат).
ІІ топ
10. Қаламсап дәптерден қымбат, ал қарындаш қаламсаптан арзан. Қайсысы қымбат – қарындаш па әлде дәптер ме? (қарындаш)
20. Жылқы 3 шелек су ішті, бұл түйе ішкен суға қарағанда 2 шелекке аз. Түйе қанша шелек су ішті? Есептің өрнегін көрсетіңіз.
30. Бір ағаштың он екі бұтағы бар,
Әр бұтағында отыздан жапырағы бар.
Жапырақтың бір жағы ақ,
бір жағы қара. (жыл, ай, тәулік, күн мен түн).
Ұлы Отан соғысы батырлары
І топ
10. Ұлы Отан соғысы қашан басталып, қашан аяқталды? (1941 жыл 22 маусымда басталды, 1945 жыл 9 мамырда аяқталды)
20. Ұлы Отан соғысының батыр - жазушысы, біздің жерлесіміздің аты - жөні кім? Көкшетау қаласында қай мектепке осы батыр есімі берілген? (Мәлік Ғабдуллин)
30. Ұлы Отан соғысында Мәскеу түбінде фашистермен болған сұрапыл майданда Отанымызды қорғауда ерен ерлік көрсетіп, есімдері аңызға айналған Кеңестер Одағының батырлары қалай аталады? (28 гвардияшы - панфиловшылар)
ІІ топ
10. Ұлы Отан соғысында шығыстың «қос шынары» атанған қазақ батыр қыздары кімдер? (Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова)
20. Ұлы Отан соғысының қазақ батырларының есімін ата (Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Рақымжан Қошқарбаев және т. б.)
30. Ұлы Отан соғысының соңғы күндерінде Берлинді шабуылдап, Рейхстагқа Кеңестер Одағының туын тіккен қазақ батыры кім? (Рақымжан Қошқарбаев Жеңіс туын 1945 жылы 30 сәуірде тікті.)
Қорытынды
Мұғалім: Жарыс заңы ежелден,
Жеңімпазды анықтау.
Жеңімпаз болу шарты сол,
Еңбектену жалықпау – дей келе сайысымыздың қорытындысын жариялап, жеңімпаз топты анықтау үшін әділ - қазыларға сөз кезегін береміз.
Сонымен бүгінгі сайысымыз аяқталды, жақсы күндерде жолыққанша күн жақсы болсын!
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×