Тақырыбы: «Ең бірінші бақытым – тілім менің» (мәнерлеп оқу сайысы)
Мақсаты:
Білімділік: оқушыларды туған халқының тілін қастерлейтін саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеу. Оқушыларға мемлекеттік тілді білудің маңызы жайлы айту және оны құрметтеуге үйрету.
Тәрбиелік: оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырып, тілді құрметтеуге, тіл байлығын, маңызын түсіне білуге баулу.
Дамытушылық: тіл туралы өлең, тақпақ, нақыл сөздер айту арқылы оқушының сөздік қорын молайтып, тіл байлығын дамыту.
Барысы:
Кіріспе бөлім (мұғалім сөзі).
Ана тілі - адам болып жаралғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп - өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Ана тілі жүректінің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, жанның барлық толқындарын ұрпақтан - ұрпаққа сақтап отыратын қазына. Қазақ тілі аса бай, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрымын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады - ау. Бұл тілден май тамады десе де сыяр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, небір алуа - шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне... Осындай майса, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады.
Тіл дегеніміз – адаммен бірге пайда болып, қатар жасасып келе жатқан қоғамдық құбылыс. Бұдан біз тілдің адамнан айырылмас серігі екенін көреміз. Тіл арқылы адамдар бір - бірімен пікір алысып, өзара түсінісіп, оны қатынас құралы ретінде пайдаланып отырады. Әр адам өз ойын басқа біреуге тіл арқылы жеткізсе, біреудің ойын тіл арқылы түсінеді. Тіл халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін келбеті, болмысы деуге болады. Халықтың тарихта қалуы тіліне, тілінің сақталуына байланысты. Мағжан атамыздың: «Жан көріністерінің ең қымбаты - ой, ой тілі - сөз. Тіл адам жанының тілмашы. Тілі кем болса, адамның қор болғаны…» деген сөзі дәлел деуге болады.
Сол секілді, қазіргі таңда еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі болып бекітілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» күшіне енді. Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз - тіліміз.
«Адамға екі нәрсе тірек тегі,
Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», –
деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай кез - келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ. Біздің ана тіліміз - қазақ тілі. Біздің Отанымыз - Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз Елтаңбасы, Әнұраны, Туы бар. Сонымен қатар өз тілі бар.
Тіл – халық тарихы, тіл – ұлттық қазына, тіл – біздің намысыз, арымыз, байлығымыз, барымыз. 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңы қабылданды. Ол 1997 жылы қайта өңделіп шығарылды. Ол 6 тарау, 22 баптан тұрады. Оның 4 - ші бабында Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі делінген.
Біз енді, туған еліміздің тілін ардақтап, сол тілде сауатты жазып, ойымызды жеткізе білсек нұр үстіне нұр емес пе? Бүгін тіл мерекесіне орай 4 – сыныптар арасында мәнерлеп оқу сайысы өткізілмек. Ендігі кезекті 4 - сынып оқушыларына берелік. Өздерінің тіл мерекесіне арнайы дайындаған тақпақтарын тамашалайық.
1 – оқушы:
Тілмен ғана қызық менің тірлігім,
Тату еткен ел мен елдің бірлігін.
Туған тілмен асқақ шығып ізгі үнім,
Туған тілде алып жүрміз біз білім.
Тілсіз жұртым шөптей қурап азады - ау,
Туған тілді қорғап бақшы қазақ - ау!
Сарқылмайтын қуатпенен күш берген.
Туған тілдің қасиеті ғажап - ау!
2 – оқушы:
Жылаған алғашқы іңгә үннен тілім,
Жөргекте былдыр қағып күлген тілім.
Жағымды ана әлдиі, ақ сүтімен,
Жүрегіме, қаныма сіңген тілім.
Жанымды жадыратқан бала тілім,
Жыр - ертек жаттаттырған сана тілім,
Жаралып жермен бірге, күн көзімен,
Жасасқан қазақ тілі – ана тілім.
Жырлатқан қазақтардың қазақтығын,
Жырлатқан ерлік, елдік азаттығын.
Жұлдызды құдіреттің туы болған,
Жауынгер ана тілім - қазақ тілім
3 – оқушы:
Қуан, далам! Қуанатын күн бүгін!
Серпіп таста мұңды жүрек түндігін.
Тіл туралы Заңым енді күшіне,
Паш еткендей кескен жаңа кіндігін.
Қуан, бабам! Қуанышты күн бүгін!
Деген едің «Тіл бар жерде өмір бар!»
«Халық жауы» атандың - ау сол үшін,
Ғұмырыңды құрбан етіп жолында.
4 – оқушы:
Бәлкім, дарыр жаныңа сенің де өнер,
Сонда ғана бір жүгім жеңілденер.
Қара бұлттар айығып аспанымнан,
Күңгірт тартқан жан дүнием көңілденер.
Ана тілмен сомдалар тыныстағы үн,
Ана тілді мен дәйім пір ұстадым.
Ана тілдің жолында ұғын, балам,
Садақа ғой
Даңқ пенен күміс тағың!
5 – оқушы:
Сәлем саған, жас буын жалғастырам,
Болашақта сендермен жалғасамын.
Тек жалғасам қазақтың тілі арқылы,
Ана тілін ауадай ардақтағын!
Сақтар болсаң халқыңды – тілді сақта,
Баға жетпес мұра жоқ тілден басқа!
Тілден өзге жиһаздың бәрін түгел,
Базарлайсың қалтаңда ақшаң жатса!
6 – оқушы:
Сол тілменен дүниені аттадым,
Таптым бүкіл тіршіліктің атауын.
Жатты онда уыз сүті ананың,
Жатты онда аманаты атаның.
Сол тілменен махаббатқа тіл қаттым,
Сол тілменен талай гүлді жырлаттым.
Сол тілменен сәбилерді сөйлетіп,
Талайлардың көз жастарын құрғаттым.
Сол тілменен аспан көрдім, жер көрдім
Сол тілменен көгершінге жем бердім.
Сол тілменен дүниеден кетемін,
Сол тілменен дүниеге мен келдім.
7 – оқушы:
Ей, туған тіл! Ата - анамның бал тілі!
Көп нәрсе ұқтым дүниеден туған тілім арқылы.
Анам алғаш осы тілде бесік жырын жырлаған,
Ұзақ түндер анам айтқан ертегілер тыңдағам.
Ей, туған тіл! Ертелі - кеш қуатыңмен өзіңнің,
Қаршадан шаттығымды, қайғымды да сезіндім.
Ей, туған тіл! Туған тілде тілек айттым мың рет,
Ата - анамды, мен пақырды жарылқа деп, құдірет!
Қорытынды.
Осымен бүгінгі сайысымыз да өз мәресіне жетті. Біздің өнерлі оқушыларымыз бүгінгі сайысты тартысты өткізді деген ойдамыз. Олай болса, бүгінгі сайысты таразылап, әділ бағасын береді деген оймен сөз кезегін әділқазы алқаларына береміз.
Қалың елім қазағыңа қорған бол!
Жеткіншегім жайқала өсіп орман бол,
Шет тілі мен компьютерді меңгеріп,
Елге тірек, нағыз ұлттық тұлға бол!
Осымен бүгінгі сайысымыз аяқталды. Уақыттарыңызды бөліп, тамашалағандарыңызға рахмет. Келесі кездескенше аман - сау болыңыздар!
Ең бірінші бақытым - тілім менің
- Arailym Gabdizhalel
- 9 қазан 2015
- 4562
- 0
- 0
Ілмек сөздер: тіл, бақытым, Ең бірінші бақытым тілім менің атты тәрбие сағаты
Ұқсас жаңалықтар:
Тіл - тірегім, соғып тұрған жүрегім
БҚО, Атырау облысы, Атырау қаласы, №17 мектеп - лицейінің бастауыш сыныптарындағы қазақ тілі пәні мұғалімі Габдижалел Арайлым Габдижалеловна...Тіл - тірегім, соғып тұрған жүрегім
Тақырыбы: «Тіл - тірегім, соғып тұрған жүрегім». Мақсаты: оқушыларды өз халқын, тілін, туған жерін сүюге, қадірлеуге, бағалап мақтан етуге тәрбиелеу....Ең бірінші бақытым - тілім менің
Мақсаты: Білімділік: оқушыларды туған халқының тілін қастерлейтін саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеу. Оқушыларға мемлекеттік тілді білудің...Тілім барда білмеймін мен қайғыны
Атырау қаласы №35 мектеп-гимназиясының мұғалімі Құбиева Нұргүл Паңгерейқызы...Тіл тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз (тәрбие сағаты)
«Тіл - тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» Мақсаты: Оқушыларды туған халқының тілін қастерлейтін саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеу....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.