Сайтқа кіру Тіркелу

Қош келдің Наурыз көктемім!

Қош келдің, Наурыз көктемім!

Мақсаты: Оқушыларды «Наурыз» мерекесінің шығу тарихымен таныстыру, ұлттық салт - дәстүрді, әдет - ғұрыпты дәріптеу.
Тәрбиелік: Оқушыларды ұлттық салт - дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер, суреттер, плакаттар, ұлттық қолөнер бұйымдары, бесік, киіз үй жабдықтары, төрт түлік мал мүсіндері көрпе - көпшік, ұлттық тағамдар, наурыз көже, қазы - қарта, тары - талқан, бешбармақ, қуырдақ, бауырсақ т. б.
Жүру барысы:
1 - жүргізуші:
Көз жүгіртем мынау байтақ көгіме
Көк тәңірі бақыт сыйла еліме
Ақ қар еріп, қыраттарға гүл шығып
Наурыз келді, наурыз келді еліме
Наурыз көже таратылсын бәріңе,
Қыдыр келіп қонақ болсын төріңе
Қозы - лағың ойнақ салып, қырларда
Жылқы ауылда құлын байлап желіге
Ассалаумағалайкум! Арайлап атқан ақ таңнан жағымды жаңалық күтетін, айға қарап табиғатты болжайтын, өзге елге намысы барда бодан болмайтын арда қазақ. Қыс болса жазды аңсап, жаз болса қысты аңсайтын арманына арғымақ жете алмайтын ағайын, төл мерекеміз Наурыз мерекесіне қош келдіңіздер. Жаңа келген жылқы жылы отбасыларыңызға ырзық, несібе берекесімен, бақыт қуанышымен келсін ағайын.
2 - Жүргізуші:
Құт - береке Наурыз айым келді деп
Жер түледі жасыл желек желбіреп,
Айналайын атамекен, кең далам
Толықсиды жырға бөлеп, елжіреп
Аспанымда ақша бұлттар аунайды
Наурыз тойы көңілімді баурайды.
Тебіренген табиғатта мәз мейрам
Аңқылдаған қазағымнан аумайды
Армысыздар алты алаштың айбынды ұрпағы! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Күн мен түн теңеліп жер анаға жылу сыйлаған Наурыз мерекесі құтты болсын. Әз наурыз еліміздің керегесі кең тереземізді өзгелермен тең етсін. Наурыз мерекесіне арналған «Қош келдің, наурыз, көктемім» атты тәрбие сағатымызды бастаймыз.
Жаршы:
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Той дабылын қағып тұрған мұнда біз бар!
Наурыз тойы басталды! Бір орында тұрмаңыздар!
Естімегендер естіңдер!
Тыңдамағандар тыңдаңдар!
Наурыз тойын бастаймыз!
2. Келіңдер, Наурыз тойға бәрің бүгін,
Аямай өнерпаздар ән мен жырын!
Тойлайық халық тойын Наурызымның,
Шуағын жерге төккен бақыт күнін!
3. Келіңдер, Наурыз күнін қарсы алайық
Билейік, жыр жарлайық, ән салайық.
Қаһарлы қыстан өтіп, Наурыз келді,
Арқаңды кеңге созшы, уа, халайық!
Ал, кәнеки, халайық,
Асқақ әнге салайық,
Басы болсын бұл тойдың
Шырқап - шырқап алайық!
4. Той кезінде жас құрбым,
Жалтақтама, тойынба,
Тартқан күйің тамылжып,
Тіл бітірсін қайыңға,
Ән кезегі келеді,
Әндеріңді дайында!
Ән: « Наурыз біздің әніміз»
1 - жүргізуші: Бүгін ұлыстың ұлы күні! Ата бабаларымыздың сөзімен айтсақ «Ақ түйенің қарны жарылған күн». Ендеше, Наурыз мейрамына арналған салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймын!
2 - жүргізуші:
Ал енді ортаға бүгінгі ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне сонау алыстан ат арылтып келіп отырған қадірменді қонақтарымызды шақырайық!
Қыздар тобы:
Ау, аман ба жарандар,
Келе жатыр жылымыз.
Мейрамдаймыз мұны біз,
Жас балаша нұрланып.
Жадырайды күніміз
Күннің жаңа нұры бар,
Мұның ғажап сыры бар,
Халық сүйген мейрам бұл,
Қарсы алайық, тұрыңдар.
Алтын күн: Сәлем, ана, ұстаздар,
Айналайын балалар,
Қызыр баба аман ба?
Жаса жайлы заманда
Уақыт іздеп келдім мен
Бақыт тілеп адамға,
Наурыз айы туыпты,
Әне Наурыз келеді,
Әсемдеңдер жер енді!
Наурыз: Сәлем анам алтын күн,
Сәлем қарты халқымның,
Уақытыма риза боп,
Бақытыма шалқыдым!
Қыздар тобы:
Қош келіпсің аманбыз,
Арман тойы анамның,
Қуанышы ғаламның,
Құтты болсын қадамың,
Сені тойлап қарсы алып,
Бар әлемге жар салып,
Бейбітшілік тойы деп,
Қол соғады барша жұрт!
Наурыз Ару:
Ашық болсын күніміз,
Ашылады нұрымыз,
Бай тұлғалы өңірде,
Айтылады жырымыз.
Алтын күн:
Күн мен түн тең келеді,
Күнде ұзарып мен енді,
Гүл мен жерді жайнатып,
Гүлден, Наурыз, сен енді.
Наурыз Ару:
Жайнатамын гүл гүлде,
Сайратамын бұлбұлды.
Мерейлі жұрт тойласын,
Мейрам етіп бұл күнді.
Жүргізуші: Рахмет, Наурыз Ару, Күн ана тойымызға келген қадамдарыңызға нұр жаусын!
Жүргізуші: Алдарыңызда сыныбымыздың өнерпаз оқушылары дайындаған шағын көрініс:
Қыдыр ата: Уа, ағайын! Бүгінгі күн мен түн, жарлы мен бай, хан мен қара теңескен қасиетті Наурыз мерекесі баршаңызға құт әкелсін!
Төле би: Беу, халайық! Жер ананы мекен еткен күллі адамзаттың үштен бірі - барша мұсылмандардың қасиетті мейрамы - Әз Наурыз әр отбасына береке әкелсін!
Қазыбек би: Жыл, 12ай, 365 күн асыға, аңсай күткен, жер жүзі мейірге, жылулыққа шомылған, қыз - бозбала құлпырған киелі наурыз сендерді шаттыққа бөлесін!

Жиренше шешен:
Наурыз тойға жиналған халқым менің,
Бәріңнің ойға алғаның жарқын сенім.
Бүгінгі той, ертеңгі ардақты ісің.
Ғажап болсын аппайтын тепе - теңін.
Алдар Көсе:
Келді наурыз бұла күш, тасқынменен,
Құлпырып, қайта өзгеріп жастығымен.
Жер иіп, тамыр тал бүршік жарып,
Табиғат ықыласына тас жібіген.
Жиренше шешен:
Жүргізіңдер наурыз тойға басып аяқ,
Қалыс адам болмасын некен - саяқ.
Ән шырқап, би билейік қауым болып,
Тұрмайтын уақыт келді өнерді аяп.
Жүргізуші: Ендігі кезек бүгінгі дүбірлі тойға өз өлең шашуын арқалай келген ақындарымызға берсек.
Армысың, Қызыр күнім, қызық күнім,
Жайнапты рахман нұрдан жүзің бүгін.
Ырыс боп, ынтымақ боп, игілік боп,
Жер - көкке жүре берсін құзырлығың!
Наурыз қайта оралды, аты да аңыз,
Сұрамаймыз алғыс та, ақы да біз.
Кең дастархан, даламыз, сахнамыз,
Ұлы мейрам Наурызға шақырамыз!
Наурыз - шыр айналған жылдың басы,
Адамның өлшенеді өмір жасы,
Қазақтың пейіліне жарасады,
Әр үйде дастарханға толған асы.
Ән: Наурыз - жыл басы.
2 - жүргізуші: Бүгінгі дүбірлі аламан тойымыз да өз мәресіне жеткен тәрізді. Сондықтан ата салтын сақтай отырып, арамыздағы ел ішіне сыйлы, құрметті ақсақалымыз - Қыдыр атадан бата сұрасақ! Ата, бүгнгі думанға сонау алыстан ат арылтып келгеніңізге орай, ала келген ақ батаңыз да бар болар?
Қыдыр ата:
Елдеріңнің іргесі берік болсын,
Жасқа құрмет, кәріге күтім болсын,
Сөздерің серттей берік болсын,
Ісің ілгері, ақылың серік болсын,
Еккендерің өнімді болсын,
Өмірлерің көңілді болсын
Төрт түлік төлді болсын,
Баққандарың шелді болсын,
Ақ көп болсын,
Қайғы жоқ болсын,
Пейілдерің кең болсын,
Сапарларың оң болсын,
Мына ұлыстың ұлы күні әрбір отбасына бақыт әкелсін!
Ұлыс оң болсын! Әумин!
1 - жүргізуші:
Құрметті халайық! Сіздердің алдарыңызға келін түсіру рәсімін көрсетеміз.
Қыз бен жігіттің «Жар - Жар» айтысы:
Алып келген базардан
Қара насыр жар - жар,
Қара мақпал сәукеле
Шашың басар жар - жар,
Мұнда әкем қалды деп
Қам жемеңіз жар - жар
Жақсы болса қайын атаң,
Орнын басар жар - жар
Есік алды қара су
Майдан болсын жар - жар
Ақ жүзіңді көргендей
Айнам болсын жар - жар,
Қайын атасы бар дейді - ау
Осы қазақ жар - жар
Айналайын әкемдей
Қайдан болсын жар - жар.
Бүгінгі Наурыз мерекесіндегі келін түсіру рәсімі бойынша беташар айту алыстан ат арылтып келген әнші Мұхтар ағамызға береміз.
жүргізуші: келін түскенде, жас отау шаңырағы көтерілгенде жасалатын жақсы ырымдардың бірі - отпен аластау. Ол халық зердесінде қасиетті ұғым. Отпен аластау «Отана», «Отың өшпесін», «ошақтан от кетпесін» деген тілек пен ырым сабақтастығы ертеден келе жатқан ғұрып.
«Отпен аластау» рәсімі көрсетіледі.
Жүргізуші:
Шапағатын аямай бұл жақта аспан,
Жадырайды әр адам мұң шақпастан.
О, ағайын, келіңдер! Бүгін бізде -
Наурыз көже құрт - қатық, тары қосқан.
«Қонақтарға Наурыз көже таратылады.» Наурыз мерекесі әр қайысыңызға көтеріңкі көңіл күй, қажымас қайрат, өшпес үміт пен шексіз махаббат әкелсін. Өмірлеріңіз шаттық пен қуанышқа толсын. Бүгінгі тәрбие сағатымыз аяқталды, көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×